Header Banner
Жексенбі, 15 Наурыз 2026
831 0 пікір 15 Наурыз, 2026 сағат 18:05

Белсенділік жоғары, атмосфера мерекелік: Қырғызстан ОСК төрағасы Астанадағы референдум туралы

Сурет: ҚР ОСК сайтынан алынды.

Астана қаласындағы №117 сайлау учаскесіне Қырғыз Республикасының Сайлау және референдум өткізу жөніндегі орталық комиссиясының төрағасы Тынчтык Шайназаров келіп, конституциялық референдумның өту барысымен танысты.

Сарапшының айтуынша, кез келген елде биліктің негізгі көзі – халық. Ал халық өз билігін сайлау мен референдум арқылы жүзеге асырады. Мұндай саяси науқандарда азаматтар өз елінің болашақтағы даму бағытын қалай көретінін білдіреді.

Тынчтык Шайназаров Қазақстанда өтіп жатқан референдумның маңыздылығына тоқталып, бұл бастама елдің алдағы дамуына әсер ететін маңызды қадам екенін айтты. Оның сөзінше, былтырғы жылдың қыркүйегінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдау жасап, конституциялық өзгерістер мәселесін көтерді. Бүгінде сол бастаманың жалғасы ретінде референдум өтіп жатыр.

Сарапшы сайлау учаскесіндегі жағдайды оң бағалады. Айтуынша, дауыс беруге келген азаматтардың белсенділігі жақсы, адамдардың көңіл күйі көтеріңкі.

«Учаске маңында біраз уақыт бақылап тұрдым. Қазірдің өзінде келушілердің қарасы жақсы. Нақты қанша пайыз екенін айту қиын, бірақ халықтың белсенділігі байқалады. Ең бастысы – адамдардың көңіл күйі жақсы, мерекелік атмосфера сезіледі. Кешке дейін күтіп, қорытынды нәтижелерге қарай тиісті бағасын беруге болады», – деді ол.

Айта кетейік, Қырғызстаннан референдумды бақылау үшін арнайы делегация келген. Тынчтык Шайназаровтың айтуынша, Қазақстанға барлығы 18 байқаушы жіберілген. Оның алтауы Астанаға келсе, қалған 12-сі Қырғызстанмен шектесетін Қазақстан өңірлеріндегі учаскелерде бақылау жүргізіп жатыр.

Сонымен қатар ол сайлау учаскесінің техникалық және ұйымдастырушылық деңгейіне де тоқталды.

«Әр мемлекеттің өз тәсілі бар. Техникалық жабдықталу әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ ең маңыздысы – азаматтардың еркін дауыс беруіне мүмкіндік беру. Бүгін бұл жерде құпия дауыс беру толық қамтамасыз етілгенін көрдік. Адамдардың шоғырлануы, ретсіздік жоқ, бәрі жақсы ұйымдастырылған», – деді .

Сарапшының айтуынша, бұл оның Астанаға алғаш рет келуі. Ол Қазақстанға сапары барысында референдумның өту барысын бақылап, тәжірибе алмасуға мүмкіндік туғанын атап өтті.

Abai.kz

0 пікір