«Химия қақпасы». Ауыл мұғалімінің жаңалығы қолдауға лайық
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің назарына!
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің назарына!
Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданының ауылдарындағы орта мектептерде 40 жылдай химия пәнінен сабақ бере жүріп, «Химия қақпасы» кестелер кешенін жасаумен шұғылданып, оны өлеңмен оқытудың оңтайлы әдісін тапқан Қазақстан Республикасы оқу ісінің үздігі, жоғары санатты мұғалім Жұбайбек Жұмахан биыл 80 жасқа толады. Оның бұл әдістемесі химия пәнін оқыту бағдарламасы бойынша өзге оқулықтарға және оқу құралдарына қарағанда ондаған есе ауқымды әрі терең, әрі оңай меңгерудің төте жолы екені жөнінде аудандық, облыстық, республикалық педагогикалық оқуларда үнемі жоғары бағаланып, баспасөзде шәкірттерінің, мұғалімдер мен ғалымдардың 500-ден астам мақалалары, пікірлері, лебіздері жарияланған.
1973 жылы «Мектеп» баспасынан Ж.Жұмаханның әдістемесі «Химия қақпасы» кестесі мен оны өлеңмен оқыту әдісі шағын кітап болып шыққан. Сондай-ақ облыстарда озық тәжірибе ретінде бет-плакат болып басылып таратылған. 2004 жылы Ж.Жұмаханның «Атамұра» баспасынан қазақша және орысша 8-сыныпқа арналған балама оқулығы және «Химия қақпасы» кестесі көрнекі құрал ретінде көлемді плакат болып басылып шыққан.
Көптеген ғалымдар мен мұғалімдердің пікіріне қарағанда, химияның бастапқы курсын меңгеруге арналған «Химия қақпасы» кестесі мен оны оқытудың әдістемесі Д.И.Менделеев кестесі сияқты шет жұрттардағы барша мектептерге де ортақ айтарлықтай әлемдік маңызы бар жаңалық деуге болады. Солай болса да, қазіргі қолданыстағы негізгі оқулықтар авторлары тарапынан бұл еңбекті мектепте оқытуға кедергі жасау тиылар емес. Тіпті өрши түсуде. Сондықтан да Жұбайбек Жұмаханның 60 жыл бойғы жанкешті еңбегі мен ашқан жаңалығы лайықты бағаланып, есімі құрметтеліп, «Химия қақпасы» әдістемесі мектептердің игілігіне айналуына септесін болсақ деген оймен осы мақаланы жариялап отырмыз.
Біз химия пәнін қалай оқыдық?
Жуықта Өскемен қаласындағы бір мектепте химия пәні оқытушысымен әңгімелесіп тұрып, сөз арасында Жұбайбек Жұмаханның «Химия қақпасын» қалай пайдаланып жүргені жөнінде сұрастырып едім:
- «Химия қақпасы» туралы естіп жүрмін. Алайда «Химия қақпасы» кестесін де, оның оқулығын да пайдаланбаңдар» деген нұсқау бар болса керек. Сауда орындарынан ондай кестені де, оқулықты да көре алған жоқпын, - деп жауап қатты оқытушы.
- Неге бұлай? - деп қазбалап сұрастыра бастап едім:
- Пайдасынан зияны көп деп естимін, - деді ол жайбарақат қана.
«Көрмес түйені де көрмес» деген осы екен-ау! Бұған таңданғаным сондай, қолыма қалам алуға тура келді. Есіме Зайсан ауданындағы Дайыр ауылындағы орта мектепте оқып жүрген кезім орала берді. Содан бері 40 жылдан астам уақыт өтсе де сондағы оқиғалар бүгін ғана болғандай көз алдыма елестеумен болды. 1970 жылдары бастауыш сыныпта оқып жүрген кезде жоғары сынып оқушылары химия сабағында «Калий, натрий, бір валент, кальций, магний, қос валент» деп басталатын тақпақты жаттап жүргенін еститінбіз. Сыныпта бірге оқитын досым Заманбек Әбдешов екеуміз қиссаларды, өлең-жырларды жарыса жаттайтынбыз. Бір күні Заманбек химияның тақпақтарын жатқа айтып, бізге қоқиланып мақтанумен болды. Одан қалуды намыс көріп, біз де жаттай бастадық. Сөз мәнін түсінбесек те зуылдатып, тіпті әндетіп айтатын болдық. Әкеміз Құран аяттарын жаттатқанда сөз мәнін түсінбесек те тез жаттаған едік. Осы кезде химия пәні 7-сыныптан бастап оқытылатын. Ақыры біз де 7-сыныпқа көштік. Оқу басталды. Бәрімізді ынтықтырған химия сабағы. Ондағы өлеңді жаттатып жүрген Жұбайбек Жұмаханов деген мұғалім бізге сабақ бере бастады. Химия ғылымы туралы түсіндірме сабақтарынан кейін ақыры әлгі тақпақтардың сырын ұғатын кез де келді. Жұбайбек ағай беті таңбаларға толы түрлі-түсті бояумен жасалған есіктің көлемді суретін тақтаға іліп қойып, сабақ жүргізе бастады.
- Ағай, мына қақпаның арғы жағында не бар? - деп сұрайды қушыкеш оқушылардың бірі.
- Мына жазулардың құпиясын түгелдей білсеңдер қақпа ашылады. Бұл қақпаның арғы жағында химия ғылымы бар. Соны емін-еркін оқып ұғына бересіңдер. Мәселен, 1-сыныпта әріптерді танып, сосын сөздерді құрастырып, кітаптарды оқып жүрсіңдер ғой. Бұл да сол секілді. Яғни бұл - химияның әліппесі, - деп химия ғылымы туралы қызықты әңгімелер айтатын. Содан біз химия пәнін қызыға оқитын болдық. Металдар мен валенттілік туралы тақырыптарды оқығанда өзімізге бұрыннан таныс жаттап алған өлеңнің мәнін түсіне бастадық. Сондағы тақпақтардың көптеген жолдары, міне 40 жыл өтсе де зердемнен өшкен жоқ. Н.Бекетовтың металдардың белсендік қатары туралы жазған ағайдың мына өлеңін қазір де есіме түсіріп, жазып отырмын. Ол мынандай:
Калий, натрий бір валент.
Кальций, магний қос валент.
Алюминий үш валент.
Марганец жұптар, жетіден.
Мырышта валент екіден.
Екі де үш темірде.
Никель ұқсас темірге.
Қалайы мен қорғасын.
Екі де төрт тегінде.
Қатарда металл сутегі
Бір валентпен түзілген.
Бір де екі валентпен
Мыс пен сынап тізілген.
Күміс болса бір валент
Бір де үш валентпен
Платина көрінген
Бір де үш валентпен
Аяқтан алтын ерінген.
Жұбайбек ағай кейін бұл өлеңнің мәтінін басқаша жазыпты. Ал бұл өлеңді жаттап алған бала Бекетов жасаған металдардың белсенділік қатарындағы элементтерді ретімен шатыстырмай жазып, әрі олардың валенттерін түгелдей еске сақтайды. Тіпті ғұмыр бойы ұмытпайды екен. Мәселен, марганецтің валенттігі қанша деп сұраса, өлең жолдарын айтып «марганец жұптар, жетіден» яғни жұп сандар - 2-4-6 және 7 деп тақылдап тұрамыз. Бекетовтің осынау металдардың белсенділік қатары «Химия қақпасының» сол жақ босағасы болып орналасса, Америка химигі Полинг жасаған металл емес элементтер қақпаның оң жағындағы босағасы болып тізіліпті. Ал қақпаның ортасында әрі металл әрі металл емес, яғни қос қасиетті, амфотерлі элементтердің қатарын Жұбайбек ағай өзі іріктеп құрастырыпты. Бұларды да өлеңмен қызыға жаттап алдық. Сондай-ақ «Қарасаң химияның қақпасына, неліктен сутегі тұр тақ басында» деп басталатын өлең жолдарына сәйкес қақпаның маңдайшасында түрлі-түсті бояулармен табиғатта газ күйінде кездесетін 11 элемент таңбалары түсіне сәйкес боялып жазылса, қақпаның табалдырығы табиғатта қатты күйде кездесетін элементтер қаттылық қасиеті бойынша ретімен орналасқан. Бұлар туралы өлеңді жаттаған соң ретімен шатастырмай жазу қиын болмады.
Ал осы мектепте мұғалім болған әуесқой сазгер Зейнолла Ілдербаев бұл өлеңдерге ән шығарған соң біз тақпақтарды тек жатқа айтпай, әндетіп айтатын болдық. Сонан кейін қақпаның екі жағындағы кестелер арқылы химиялық қосылыстарды оқып үйрендік. Кейінгі сабақтарда Менделеевтің кестесін, атом, электрон терорияларын оқығанда да «Химия қақпасының» пайдасы зор болды. Жұбайбек ағай зейнетке шыққан соң да «Химия қақпасын» жетілдіріп жүргенін еститінмін. Ол кісіні қашан көрсең де қолынан үлкен қара дипломат түспейтін. «Ағай, мына сөмкеңізде не бар?» деп әзілдеп сұрасақ, «бұның ішінде химия бар» деп дипломатты ашып, қағаздарын көрсетіп, ізденістерін әңгімелей жөнелетін. Жалпы Жұбайбек ағайдың саналы ғұмыры, яғни 60 жылдай уақыты осы әдістемесін жасауға арналып келеді деуге болады. Ал одан оқып шыққан шәкірттерінің көбі химияға байланысты жоғары оқу орындарына түсетін еді. Егер ақын, журналист болмағанда мен де химия ғылымына байланысты оқуға түскен болар едім. Өйткені өзге мектеп түлектерін былай қойып, тіпті химия пәні оқытушыларынан да біз химия пәнін жақсы меңгергенімізге кейін көзіміз жетті.
Мектеп оқулықтарында Д.И.Менделеевтің периодтық кестесін оқығанға дейін оншақты элемент пен қосылыстары туралы қысқаша мағлұмат берілсе, «Химия қақпасы» кестесі бойынша 40-50 элемент пен қосылыстары ортақ қасиеттеріне орай жіктеліп ұғынуға жеңіл, әрі ретімен есте сақтау тәсілі қолданылған.
«Химия қақпасындағы» есіктің екі қапталында химиялық формулаларды жазудың, тұздардың, негіздердің, қышқылдардың, тотықтардың әрбіреуінің ортақ қасиеттеріне орай реакцияны жазу үлгілерінің кестелері орналасқан. Мұның бәрін оқып, меңгерген бала тіпті жоғары оқу орнына арналған химия оқулығын қиналмай оқып ұғына бермек. Бейнелеп айтқанда, «Химия қақпасы» химия пәнінің «әліппесі» деген пікірді жиі естимін. Ал меніңше «Химия қақпасы» химияның «әліппесі» ғана емес, химияның «грамматикасы». Бұлай дейтінім, қазақ тілі грамматикасында сөз таптарын, септеулерді оқып ұғынған соң сөйлемдерді қатесіз құрастырып жазасыз. Сол секілді «Химия қақпасын» оқып, меңгерген соң химия ғылымын тіпті өз бетіңмен қиналмай еркін оқып ұғына бересің.
«Химия қақпасы»
қалай таралды?
Біз мектепте оқып жүрген кезде-ақ Жұбайбек ағайдың облыстық, республикалық педагогикалық оқуларда өзінің ғажайып әдістері туралы баяндама жасап, бірінші орын алып, еңбегі кеңінен таныла бастаған еді. Оған республиканың түкпір-түкпірінен хаттар жиі келетін. Тіпті Ресей, Өзбекстан қалаларынан да хат жазып «Химия қақпасын» сұрататын. Журналист болып қызмет етіп жүрген кезімде бірде жолым түсіп ауылға бардым. Әдеттегідей өзге шәкірттері секілді мен де сүйікті ұстазым Жұбайбек ағайға сәлем беру үшін үйіне бардым.
Өзі жоқ екен. Ұлдары Әлембек, Ғаламбек, Жанарбек және 3-4 оқушы бірнеше қапқа салынған қағаздарды реттеп, ағайдың жазған жауаптарын конвертке салып жатыр екен. Жұбайбек ағайға осыншама көп хат келетініне таңданып, балалардан не істеп жатқанын сұрап едім, ағайдың әзілқой кенже ұлы Жанарбек:
- Мың-мыңдап ақша жіберген екен, соларға рахмет айтып, хат жазып жатырмыз, - деп отырғандарды күлдіріп, әзілдей жауап қатты. Конверттердегі хаттарды оқып көрсем, бәрі «Химия қақпасын» және өлеңдерін сұратқан екен.
Кеңес заманында химия, физика, математика, биология оқулықтары тек Мәскеуде шығатын да, қазақша аударылып оқытылатын. Содан болар, 1973 жылы «Мектеп» баспасынан «Химия қақпасы» әдістемелік құрал ретінде ғана аз таралыммен кітап болып басылып шықты. Химия пәнін жедел оқып білуге арналған бұл кітапты сұрастырған хаттар газет редакциясына да жиі келетін. Ал Жұбайбек ағайға келетін хаттар тасқыны одан бетер үдей түскенін естіп жүрдік. Сондықтан оның тәжірибесі сан мәрте жергілікті баспаханалардан бет-плакат болып басылып, таратылды.
Оның осындай ғажайып әдістемесі туралы аудандық, облыстық, республикалық баспасөзде мұғалімдердің, әдіскерлердің, ғалымдардың мақалалары, мектеп түлектерінің лебіздері жиі жарияланды. Өзге басылымдарды айтпағанда, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің 1988 жылғы 3 қаңтардағы санында «Химия қақпасына» кім қақпа ашады?», «Егемен Қазақстан» газетінің 1992 жылғы 22 тамыздағы санында «Химия қақпасы» қашан ашылады?» деген химия пәнінің мұғалімі Қасымхан Мұхаметқалиевтің мақалалары жарияланған болатын. Бұл мақалаларды газеттен қиып алып сақтап қойған едім. Бірде Жұбайбек ағайдың үйіне барғанымда ол баспасөзде жарияланған мақалаларды реттеп, жинап отыр екен. Мөлшері 500-дей мақала жарияланыпты. Оның қай-қайсысын оқысаң да «Химия қақпасы» кестесінің де, өлеңмен оқытатын әдістемесінің де маңызы өте зор тиімді екенін ұғына түсесіз. Кейбір мақалалардағы шын мәнінде Жұбайбек ағай ғылымда тұңғыш рет химияның грамматикасын жасаған дегендей пікірді жоққа шығару қиын.
«Біз мектепте ғылым
докторынан оқыппыз»
Жұбайбек ағай зейнетке шыққанға дейін, 40 жылдай одан дәріс алған жүздеген, тіпті мыңдаған шәкірттерінің қай-қайсысы болсын оған деген сүйіспеншілігін, ризашылығын білдіре, есімін құрметтеп, өздерінің өзге мектеп түлектеріне қарағанда химия пәнін терең меңгергендерін мақтанышпен айтады. Шәкірттері ризашылық лебіздерін газеттерге де жолдайтын. Әрине оның бәрін тізбелеп айту мүмкін емес. Дәлел ретінде бір шәкіртінің мақаласынан үзінді келтіре кетейін. Облыстық газетте Семей медицина академиясының профессоры, медицина ғылымының докторы Ахметқали Дүсіповтың «Біз мектепте ғылым докторынан оқыппыз» деген мақаласы былай басталыпты:
«1966 жылы ауылдан шыққан көп абитуриенттің бірі болып Семейдің дәрігерлік институтына келіп түстім. Бұл оқу орнына республиканың көп қалаларынан оқуға үміткерлер ағылып келетін. Тіпті Ресей мен басқа да республикадан келгендермен бірге оқыдық. Дәрігерлер институтына оқуға түсіп, әрі қарай үлгерімің дұрыс болу үшін, әрине, химия пәнін үздік білуің керек екен. Ауылдан барған біздер сол химиядан емтиханды «беске» тапсырғанбыз. Кейін де өз курстарымның арасында бұл пәнді үздік білетініміз байқалып жүрді. Содан болар, химияның қыр-сырын түсіну ауыр соққан өзге студенттер бізді жағалап жүретін. Осылайша өз курстастарымыздың ұстазы болып жүргенде 1969 жылы ауылдан осы пәннен сабақ берген сүйікті ұстазымыз зайсандық Жұбайбек Жұмаханов республикалық дәрежеде өткен педагогикалық оқуға өзінің «Химия қақпасы» деген еңбегі бойынша баяндама жасауға келді.
Ұстазымыздың республиканың түкпір-түкпірінен жиналған мұғалімдердің алдында түрлі сурет, түрлі кестелерді пайдалана отырып жасаған баяндамасы жиналғандарды таңғалдырды. Тіпті орыстілді мұғалімдер баяндама қазақша жасалса да: «мұны түсіну үшін ешқандай аударманың қажеті жоқ екен!» десіп жатты. «Это удивительно чудесная методика!» деп таңдай қаққан орыс мұғалімдері «Химия қақпасының» өлеңдерін орыс тіліне жедел аударылуын қалаған пікірлерін білдірді...
...Осы саланың білікті ғалым-мамандары бұл оқулық туралы «Таза докторлық еңбекке лайық жұмыс екен» деген тұжырым жасады. Содан бері көп жылдар өтті. Жұбайбек ақсақалдың жасы да біразға келіп қалды, бірақ кейін білгенімдей, ол кісі әлгі еңбегін әлі жетілдіріп келеді екен. Қазір ойлаймын: біздер сол 60-шы жылдардың өзінде мектепте ғылым докторынан дәріс алған екенбіз-ау!»
(«Семей таңы» газеті, 26.06.2000 ж.).
Иә, шынында да «Химия қақпасы» кестесі бойынша бір емес, бірнеше докторлық диссертация қорғауға болады дегендей де пікірлер бекер емес. Тіпті орыс химигі Бекетов металдардың белсенділік қатарын жасағаны үшін, ал Америка химигі металл емес элементтер тізбесін жасағаны үшін химия пәні оқулықтарынан ойып тұрып орын алды емес пе? Ал Жұбайбек ағай осы секілді бір емес, ондаған кестені ойлап тапқан. Оларды жасау үшін, сондай-ақ формулалар мен реакциялардың ортақ үлгілерін жасау үшін жарты ғасырдан астам уақытта қаншама зерттеулер мен ізденістерге бойлады десеңізші! Ойлана қарасақ, бұлардың әрбірі бір-бір диссертацияның арқауына лайық қой. Бұл үшін ол докторлық та, профессорлық та, тіпті академик атағына да лайық десек жаңсақ айтқандық болмас. Жарты ғасырдан астам ауылда бала оқытып жүріп-ақ, жеке-дара жанкештілікпен осындай жаңалық ашуы ғылымда аз ұшырасады ғой. Өз басым Жұбайбек ағайдың тағдырын орыстың ұлы ғалымы, академик И.В.Мичуринге ұқсатамын. Ол да жалғыз өзі өмір бойы жанкештілікпен алманың жаңа сорттарын шығарумен шұғылданған ғой. Оның еңбегін қартайғанша ешкім, тіпті ғалымдар да елеп-ескермеген. Тек Кеңес өкіметі орнаған соң ғылымдағы зор жаңалық деп танылып, академик дәрежесі беріліп, жаңалығы кеңінен қолдау тапқан.
Ал Жұбайбек ағай да тек ғылыми дәрежелерге ғана емес, мемлекеттік сый-құрметке де, жоғары абырой атағына да лайық қой. Тіпті оған Астанадан немесе Өскеменнен, не Алматыдан арнайы жайлы пәтер беруге де болар еді. Өйткені ол студенттермен, мұғалімдермен, әдіскерлермен кездесуге жиі баратынын естиміз. Тіпті бірқатар облыстардағы аудандарға дейін шақырумен барып, кездесулер өткізіп жүреді. Осындайда жол жүруге қаржысы жетпеген соң, Зайсан ауданы, Дайыр ауылындағы сәулетті үйін де сатуға мәжбүр болыпты.
Оқулық кімдерге
жақпай қалды?
2005 жылы «Атамұра» баспасынан Жұбайбек Жұмаханның 8-сыныпқа арналған балама оқулығы мен «Химия қақпасы» кестесі бет-плакат болып басылып шыққаны республикамыздың білім беру саласындағы айтарлықтай жаңалық болды. Сөйтіп, ешбір елдің оқулығына ұқсамаған мүлде тың оқулық ақыры мектепке жол тартты. Жұбайбек ағайдың шәкірттерімен жүздесе қалғанда сүйінші сұрағандай бұл жаңалықты қуана айтатын болдық. Алайда біздің қуанышымыз ұзаққа созылмады. Кітап дүкендерінен бұл оқулықты да, «Химия қақпасы» кестесін де таба алмадық. Біз секілді бұл оқулықты сарсыла іздеп жүрген мұғалімдерді де жиі ұшырастырдық. Бір күні Өскеменде Жұбайбек ағайды ұшырастырдым. Өзге шәкірттері секілді мен де бірден үйіме дәм татуға шақырдым. Әңгіме барысында оқулығы жөнінде сұрап едім, өзі қолынан тастамайтын үлкен дипломатын ашып қағаздарды ақтарыстыра бастады.
- Мына газетті оқысаң, бәрін де түсінесің. Қазіргі заманда ақша үшін, атақ үшін бәсекелестер тіпті бірін-бірі өлтіретін де болды ғой. Қазіргі қолданыстағы негізгі химия пәні оқулығы авторларының мен қас-дұшпанына айналғандаймын, - деп қынжыла әңгімесін сабақтады.
«Ақжол Қазақстан» газетінің 2005 жылғы 3 маусым күнгі санында «Балама оқулыққа басымдық берілсе, өйткені профессор жазған құрал оқушы ұғымына ауыр» деген мақаланы оқып біраз мәселені түсінгендей болдым. Оқырмандарға да ұғынықты болу үшін осы мақаладан үзінді келтірейін.
«Рас, министрлік тарапынан ізденістер жоқ деуге болмайды. Былтыр Шымкентте, Таразда балама оқулықтар жасау жөнінде семинар өткізілді. Алайда оңтайлы жол табыла қоймады. Әлі де табылмайтынға ұқсайды. Жуықта 18-19 мамырда Алматыда, Республикалық мұғалімдер білімін жетілдіру институтында «Балама оқулықтардың сапасы мен оларды жасау, іріктеу мүмкіншілігін арттыру» деген тақырыпта өткізілген республикалық семинардың нәтижесі де осындай жайтты аңғарта түсті. Семинарға қатысқан республиканың түкпір-түкпірінен келген оқулық авторларының, мұғалімдердің, жергілікті білім беру саласы мамандарының және жоғары оқу орындары ғалымдарының пікірлерінің бір арнаға тоғыспай, қайшыласып, кереғар сипат алуы балама оқулықтар жасауда кедергілердің жойылмағанын көрсетті...
...Сауалдар мен қынжылыстар семинарда толассыз айтылғанымен негізгі оқулық авторлары өздерінің оқулықтарына шаң жуытпай, керісінше, балама оқулықтарды сынаумен болды. Мәселен, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры, химия ғылымының докторы Н.Нұрахметов өзі автор болып қатысқан бұл күндері 8-сыныптың негізгі оқулығы болып оқытылып жүрген химия пәні оқулығын мақтап, ауыл мұғалімі Ж.Жұмаханның балама оқулығын барынша қаралап бақты. Тіпті «бұл оқулық зиянды, оны мектепке мүлде жолатпау керек» деп айтудан да қымсынбады. Оның бұлай пайымдауының себебі де айқындалды. Н.Нұрахметов қыза келе балама оқулықтардың зияны болмаса, пайдасы жоқ екенін дәлелдеуге тырысты.
...Жергілікті білім беру саласының мамандары болса профессор Н.Нұрахметовтың кемшілігін бетіне басып, ауыл мұғалімі Ж.Жұмаханның 8-сыныпқа арналған химия пәні оқулығының артықшылығын дәлелдеумен болды.
Н.Нұрахметов: «былтыр біздің оқулығымызды оқытпау туралы жоғары жақтан нұсқау беріліп, барлық мектепті Ж.Жұмаханның оқулығын оқытуға мәжбүрлеген. Сондықтан маған қарсы шығып тұрсыңдар» деп ақталғандай болды. Жергілікті білім беру саласының әдіскерлері болса профессордың бұл сөзінің жала екенін, жоғары жақтан қысым керісінше Ж.Жұмаханның оқулығына жасалғандықтан көп жерлерде сатудан алынып, «Атамұра» баспасына кері қайтарылғанын, тіпті оны балама оқулықтар тізімінен шығарып тастап, кей жерлерде қосымша құрал ретінде ғана пайдалануға нұсқау берілгенін, ал барлық мектептерде Н.Нұрахметовтің оқулығы ғана оқытылғанын айтумен болды.
Сөйтіп, олар Ж.Жұмаханның оқулығына мұғалімдердің ықыласы ерекше, «Оны пайдалануға тыйым салу дегеніміз сорақылық» дегендей пікірлерін ашық айтты. Жамбыл облысы білім беру саласының мамандары «Ж.Жұмаханның оқулығын оқытуға қатысты мұғалімдер арнайы семинарлар өткізу жөнінде тілектерін білдіруде. Алайда мұндай шаралар жасауға батпай отырмыз. Өйткені былтырғыдай бұл оқулыққа тағы да тыйым салынуы мүмкін. Осы мәселені министрлік түбегейлі шешіп берсе» деген тілегін білдірді...
...Н.Нұрахметовтің балама оқулыққа жол бергісі келмеуінің себебін Қостанай облысы Рудный қаласындағы №17 мектептің химия пәнінің жоғары категориялы оқытушысы Элизавета Анатольевна Уланова былай пайымдап, профессордың бетіне ашып айтты:
- Құрметті профессор, сіздің ғалым екеніңізге күмән келтіруден аулақпын. Алайда шындықты айту - менің педагогтық парызым. Сізге Ж.Жұмаханның оқулығы неге ұнамайды? Себебі ол заман талабына орай жазылған, жаңалығы мол. Сіздер жазып жүрген таптаурын оқулықтарға ол мүлде ұқсамайды. Сондықтан сізге ұнамайды. Сіздердің оқулығыңыздың, тіпті Ресей оқулықтарынан алынғаны да байқалады. Қазақстанға байланысты мағлұмат мүлде жұтаң. Оқулықтарыңыз балаға емес, ғылыми диссертация жазып жүргендерге арналған секілді. Оқушылардың өз бетімен ұғынуы былай тұрсын, мұғалімдердің өзі әзер игереді. Биыл Америкаға барғанымда ондағы білім беру мамандары оқулықты баланың өзі қалап, өзі таңдап оқуына баса мән беретінін айтты. Міне, сіз зиянды деп жамандап жүрген Ж.Жұмаханның оқулығы осындай талапқа толық жауап береді. Осы оқулық бойынша үстіміздегі оқу жылында сабақ жүргізіп, тәжірибе жасап көрген едім, күткендегіден де тамаша нәтиже берді. Сіздердің оқулықтарыңыз бойынша оқушылар аптасына екі сағатқа әзер шыдайтын. Химия пәні өте қиын, түсініксіз деген ұғым осындайдан қалыптасқан ғой. Ал Ж.Жұмаханның оқулығы бойынша химия пәнін оқушылар екі сағат емес, тіпті 4-5 сағат өткізуді қалайтын болды. Өйткені ол өте қызғылықты, мағлұматқа бай, химия ғылымының, Қазақстанның шежіресі де қамтылған. Әсіресе, «Химия қақпасы» кестелерін қызыға оқып, өлеңдерін жаттап алып, сандарды еске сақтап, химиялық формулалар мен реакцияларды өз бетімен еркін жазатын болды. Мен химия пәнінен 32 жыл сабақ бергелі мұндай тамаша оқулықты ұшырастырмаппын».
Министрлік мұндай пікірлерді ескерудің орнына бұл оқулықты балама болудан шеттетіп, қосымша құрал ретінде ғана қалдырып, оны шығарғаны үшін «Атамұра» баспасын біраз қыспаққа алыпты. Ал бұған баспаның еш жазығы жоқ екенін ойласақ министрлікке Н.Нұрахметов бастаған топтың ықпал еткенін аңғару қиын емес. Өйткені бұл оқулық Ы.Алтынсарин атындағы Білім академиясынан сараптаудан өтіп, министрліктің тікелей өзі балама оқулық ретінде басып шығаруды мақұлдаған еді. Сөйте тұра, министрлік арқылы облыстарға тапсырыстан бас тартқызуға дейін кімдердің әрекет жасағанын айтпай-ақ түсінуге болады.
Мен газетті оқып шыққан соң Жұбайбек ағай әңгімесін одан әрі жалғастырды:
- Оқулығымды «Атамұра» баспасынан шығаруға дейінгі қиындықтар мен кедергілер өз алдына бір төбе әңгіме. Оқулықты орысшаға аудару үшін химияны жақсы білетін аудармашы қажет болды. Сөйтіп, іздестіре келгенде өзімнің талантты шәкіртім, мектепті алтын медальмен, жоғары оқу орнын қызыл дипломмен бітіріп, Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданында химия пәнінен менің тәжірибем бойынша мұғалім болып жүрген Қалиева Күлзипа аудармашы болды. Қазақ мектебін бітірсе де, орысшаға жүйрік оның аудармасын мамандар жоғары бағалады. Солай болса да, негізгі оқулық авторлары мұғалімдердің оқулық жазуына жол берместей амалдарды да ойлап тауыпты. Нақты айтсам, ғылыми дәрежесі болмаған мұғалімдердің оқулығы басылмайды екен. Сөйтіп, маған баспаның басшылары «автор ретінде өзіңізбен қатар бір ғалымның аты-жөнін қосақтағаныңыз жөн» дегендей ұсыныс білдірді. Талап солай екен. Алайда мен өмір бойы шұғылданған еңбегімді кіммен бөлісе қоймақпын. Мейлі оқулығым шықпай-ақ қойсын. Менің дәлелдерімді баспа басшылары да түсіністікпен қабылдап, біраз қиналды. Сонымен, ақыры оқулыққа жекелей өзім автор болып басылып шықты. Бұл үшін де баспа басшыларына ризалығым шексіз. Олар да жоғарыдағы талаптың мәнсіз екенін сезініп, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың мектеп оқулықтарының сапасы мен білім беру ауқымын кеңейту туралы ұлағатын басшылыққа алса керек. Алайда, негізгі оқулық авторлары менің оқулығымды қайталап басудың жолын кесу амалдарын жасап министрлік арқылы балама оқулықтан шеттетіп тастап, облыстардан тапсырыс бергізбей қойды. Содан бері 5-6 жыл өтсе де бұған ешкім қозғау салар емес. Болашақта, мейлі жүз жылдан кейін болса да «Химия қақпасы» ұрпақтар қажетіне жарайтынына сенемін.
Әрине, мектеп бағдарламасынан кең көлемде білім беруге болмайды деген заң болмағаны баршаға түсінікті. Керісінше оқу орындарында білім беру кемшін болғандықтан оны кеңейту, деңгейін көтеру мақсатында реформалар жасалып жатыр емес пе. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев осындай реформалар жасауға ұйтқы болып, Жолдауларында, жиындарда мектепте білім берудің деңгейін көтеруді үнемі қадап айтып-ақ келеді ғой. Елбасының осынау көрегендік саясатына сүйеніп, еңбегімнің болашақта өлмейтініне сенімімді арттырып, рухтана түсемін.
Менделеев талабына сай...
Жұбайбек ағай оқулықты қалай жазғаны, оның ерекшелігі қандай екені жөнінде де әңгімелейтін. Осы оқулықтың ерекшелігі жөнінде айтқан пікірі де есімде жатталып қалыпты. Д.И.Менделеевтің 1871 жылы басылған «Химия негіздері» деген кітабында «Химия дегеніміз - элементтер және олардың қосылыстары туралы ілім» деген тұжырымдамасына, өкінішке қарай, күні бүгінге дейін оқулық жасаушылар мән бермей келеді екен.
- Менделеевтің еңбектерін оқып зерделеген сайын ізденістерімнің дұрыстығына көзім жете түскен еді, - дейді ағай. - Химия пәнінің бастапқы курсында (бұрын 7-сыныптан, қазір 8-сыныптан бастап оқытылады) небәрі 10-15 элемент пен оның қосылыстары үстірт оқытылады. 1-сынып оқушысына әуелі әліппені емес, 41 әріпті түгел жаздырып үйрету емес, сөздер мен сөйлем құратып, өзге әріптерді мүлде оқытпасаң қалай болар еді?! Міне, «химия, қонбайды менің миыма» деген сөз осындайдан айтылған ғой.
Жұбайбек ағай өткен ғасырда Ресейде және өзге елдерде, сондай-ақ қазіргі шыққан оқулықтарды зерттей келгенде химия оқулығын жазғандар Менделеевтің талабын ескермегенін, тіпті бізге сабақ беріп жүрген кездерде-ақ аңғара бастапты. Сөйтіп, сол кездің өзінде оқулық жазуды ойластырыпты. Өзге оқулықтарда Менделеевтің кестесін оқығанға дейін оншақты элементті ғана үстірт таныстырады. Бұл өткен ғасырдың басынан бастап бүгінге дейін барлық оқулықтарда қайталанып келеді екен. Сондықтан да ағайдың бұл оқулығын мұғалімдер қауымы қуана құптап, тіпті, негізгі оқулық ретінде қолдануды да тиісті орындарға ұсына бастапты.
- Мен атақ, дәреже иеленуді мақсат еткен жоқпын. Оқулығымды да ақша үшін, атақ үшін жазған жоқпын. Еңбегім тек шәкірттерімнің ғана емес, барша ұрпақтың игілігі болсын дегеннен өзге ниет менде болған емес. Алайда, негізгі оқулық авторларының қитұрқы әрекетінен облыстардан тапсырыс берілер емес. Тапсырыс болса «Атамұра» баспасы қайталап басуға әзір отыр.
Сонымен қатар, соңғы бес-алты жыл бойы мен «Химия қақпасын» арқау етіп, тағы да бір оқулық жаздым. Оның еркшелігі орта мектепке де, гимназияға да, лицей, колледждерге де ортақ химия пәнінің алғашқы курсы - бейорганикалық химия оқулығы болды. Бұл еңбегімнің толық нұсқасын «Республика ұстаздары» газетіне жарияладым. Бұл оқулығым биыл бір баспадан басылып шығып мектептерге таратылатын болып жоспарға енгізілген еді. Жуықта осы баспаға барсам, ол да жоспардан түсіп қалыпты. Бұл да бүгін ескерілмесе де келер ұрпақ кәдесіне жаратады деген ойдамын.
Иә, Жұбайбек ағайдың еңбегі, әдістері түптің-түбінде барлық оқу орындарының, әсіресе мектептер үшін қажеттілікке айналатынын бағамдауға болады.
Ғалым Байбатыров,
Қазақстан Журналистер
одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан
Жазушылар одағының мүшесі
Шығыс Қазақстан облысы
Бейорганикалық химияны жан-жақты қарастыратын, түсіндіретін әртүрлі оқулықтардың болғаны дұрыс. Осындай оқулықтардың бірі Ж.Жұмаханның 8-сыныпқа арналған «Химия» пәнінің оқулығы болып табылады. Оқулықтың құрылымы дәстүрлі. Алдымен химияның негізгі түсініктері талқыланады: элемент, атом, молекула, салыстырмалы атомдық масса, салыстырмалы молекулалық масса, моль. Содан соң химиялық қосылыстардың түзілуі және реакциялардың заңдылықтары, заттардың химиялық қасиеттері қарастырылады. Екінші бөлім - атом құрылысы, химиялық байланыс, бос күйіндегі атомдар және элемент ұғымындағы жай зат пен элементтердің сипаттамалары беріледі.
Оқулықта әр түрлі есеп шығару үлгілері және жаттығу есептері, ал оқулықтың қосымшасында ғалымдар туралы қысқаша мағлұматтар, күнтізбелік жоспар, өлеңдер мен диалогтар берілген. Олар оқушылардың білімін жетілдіреді деп есептеуге болады, ал күнтізбелік жоспардың жобасы мұғалімдерге де, оқушыларға да қосымша көмек ретінде келтірілген.
Жоғарыда айтылғанды ескеріп, Ж.Жұмаханның жалпы білім беретін мектептердің 8-сыныбына арналған «Химия» пәнінің оқулығын басқа оқулықтармен қатар қолдануға болады.
Г.Тажекенова,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті химия кафедрасының доценті,
химия ғылымдарының кандидаты
* * *
Ж. Жұмаханның әдістемесін бүкіл Шығыс Қазақстан өңірінің, Зайсан ауданы Мүкәрама, Гагарин, Алматы қаласының №159 мектептері қолданып, жақсы нәтижеге жетті. «Қазақстан мектебі», «Химия мектепте» журналдары арқылы барлық республикаға тарады.
Бұл еңбектің жекеленген бөлімдерімен ертеден барлық пединституттар және барлык мұғалімдер білімін жетілдіру институттары және көптеген мұғалімдер таныс болған. Осылардың барлығының да пікірлері - бұл еңбектің мектепте оқушыларды оқытуда пайдасы зор деп есептейді.
С. Жайлау,
педагогика ғылымының докторы, профессор
***
Ж. Жұмаханның 8-сыныпқа арнап жазған химия оқулығы 7 тараудан тұрады, негізінен бағдарламаны толық қамтыған, материал қарапайым мысалдармен түсіндіріліп, оқушыға түсінікті жазылған. Оқулықта негізінен материалдар халықтық педагогикаға сүйеніп, қосымша материалдар молырақ берілген. Диалогты, «Химия қақпасы» кестесін жүйелі пайдалану оқушының химия тілінде сөйлеуге, есте сақтауына көмегін тигізері сөзсіз.
Жалпы Ж.Жұмаханның практик ретінде жазған кітабын балама оқулық ретінде шығарылғаны дұрыс деп ойлаймын. Оқушыларға жан-жақты білім беруде факультатив, үйірме жұмыстарына пайдалануға болады.
Неге, біз, химия пәнінің мұғалімдері тек бір ғана оқулықпен оқуға тиіспіз. Мұғалімдердің қосымша материалдарды ізденуге де уақыты жете бермейді. Ал ол кісі өзінің өмір бойы жинаған, түйген ойларын кітап бетіне түсіріп отыр. Химия жұмыс дәптері орта деңгейдегі оқушының ойлау логикасын дамытып, саралап жұмыс істеуге қолайлы. Сондықтан, мен оқулықтың пайдасы болмаса, зияны тиеді деп ойламаймын. Оқулықтың балама ретінде шығуын қолдаймын.
Б. Әбішева,
Алматы қаласы Медеу ауданына қарасты №159 гимназия химия пәнінің мұғалімі
***
Авторлары Рудзитс, Фельдман болып табылатын Ресейдің 8-сыныпқа арналған оқулығынан өзгешілігі - химиялық тақырыптар сатылы логикалық ретпен берілген. Берілген тақырыптардың көлемі оқушының меңгеруіне оңай, мәтіні ықшам әрі қызықты. Бұл көңілге қонымды екені рас. Зертханалық тәжірбиелер, практикалық жақтар, сараптамалық жұмыстар да мақсаты айқындалып, жүйелі, нақты берілген. Осы «Химия қақпасы» оқушылардың химия пәніне қызығушылығын арттырып, химия пәнінен дәріс беріп жүрген ұстаздардың да көңілінен шығады деп есептеймін.
А.Бекниязова,
Ақтөбе қаласындағы №30 орта мектептің химия пәнінің мұғалімі, директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары
***
Мен қазір мектепте химия пәнінен сабақ беретін, дарынды балалармен жұмыс жүргізіп жүрген ұстаз ретінде бұл оқулықтың жаңа заман талабына сай жазылғанына сүйсіндім. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев білім беру саласы қызметкерлерінің алдына білім беру ісін дамыту үшін қазіргі республикамыздың мектептептеріне арналған оқулықтардың сапасын арттыру, білім ауқымын кеңейту қажеттігін атап көрсеткені белгілі. Сондықтан да жаңа талап тұрғысынан балама оқулықтар жасау қолға алынған болатын. Солардың ішінде Ж.Жұмаханның оқулығын ерекше айтуға болады. Химия ғажаптары - «Химия қақпасында».
С.Әйтімбетова,
Алматы облысы, Үшқоңыр ауылы, Қарасай батыр атындағы
орта мектептің химия пәнінің мұғалімі
«Ана тілі» газеті