Сенбі, 23 Қараша 2024
Көршінің көлеңкесі 6347 15 пікір 18 Қазан, 2021 сағат 18:23

«Пайғамбар» – Путин. Қос азаматтық һәм Лавровтың ұсынысы

Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров әлгінде шет елдегі Ресей азаматтарының (ресейліктердің) бүкіл әлемдік VII форумында бір күпті ұсыныс жасап, Ресей азаматтығын беру тәртібін жеңілдету керектігін айтты.

Дәлірек айтсақ, аралас некеден туған балаларға автоматты түрде Ресей азаматтығын беру керек деп сөйледі.

«Аралас некедегілердің баласына қай жерде туғанына қарамастан, Ресей азаматтығы берілуі керек. Мейлі ол Ресей территориясында туылсын, мейлі шет мемлекетте туылсын, Конституцияға сай, автоматты түрде азаматтық беру керек», - деді Лавров.

Секең, Сергей Лавров сол жиында әлемнің әр түкпіріндегі орыс тілділердің құқын қорғау деген ескі сөзін және бір қайталап, Батыс саясатын тағы айыптады.

«Балтық елдері, Украина мен Гүржістанда орыс тілінің алалаушылыққа ұшырауына Батыс елдері ықпал етті. Пост кеңестік кеңістіктегі бұл мемлекеттерде орыстар этномәдени сипатына қарай да алалаушылыққа ұшырап жатыр», - деді Ресейдің Сыртқы істер министрі.

Лавровтың лепірме сөздері Кремль мен оның айналасына топталған саяси элита арасында қызу талқыланып, қолдау тауып жатыр.

Мысалы, Ресейдің Мемлекеттік Думасының вице-спикері Анна Кузнецова: «Көптеген отбасы үшін автоматты түрде Ресей азаматтығын алу пайдалы болып, мәселелерін шешу жеңілдемек»,- депті.

Ал РФ Федерация кеңесінің мүшесі, сенатор Сергей Цеков: «Аралас некеден туған балаларға автоматты түрде азаматтық беру туралы ұсыныс өте дұрыс. Жаңа туылған бала бірден мемлекет қамқорлығына алынады», - депті де: «әсіресе Украина мен Беларусьтегі отандастарымызға азаматтық беру тәртібін жеңілдету керек», - деп жалғапты.

Ресейдегі қолданыстағы Заңға сәйкес, аралас некеден туған балалар қазірдің өзінде қай жерде туғанына қарамастан Ресей азаматтығын ала алады екен. Тек бұл процес автоматты түрде жүргізілмейді. Түсінікті болуы үшін таратып айтсақ, әке-шешесінің біреуі орыс азаматы, екіншісі шетел азаматы болса, баласына орыс азаматтығын алуына болады. Ол үшін жаңа туған баланың ана-анасы тиісті мекемелерге өтініш жазуы керек.

Ресей ІІМ дерегінше, жыл басынан бері Ресей азаматтығын алғандар саны жарты миллионан асқан. Олардың 50 пайызы Украинаның оңтүстік-шығыс бөлігінің тумалары екен.

2020 жылдың шілдесінен бері Ресей азаматтығын алу тәртібі де жеңілдетілген (Путиннің бастамасы). Ол бойынша, «шетелдік тұлғалар Ресей азаматтығын алу үшін өздері тіркелген өзге елдің азаматтығынан шығуға міндетті емес».  Ал бұрынғы КСРО құрамында болған елдерден келіп, Ресей азаматтығын сұрайтындарға тіпті, жеңілдік жасалған. Олар «3 жыл Ресей аумағында тұрақтап тұруы керек», - деген талаптан босатылған, яғни, оларға аталған талап қолданылмайды. Ол аз десеңіз, ондай азаматтардан кіріс туралы анықтама да сұралмайтын болған. Анығында бұл - сигнал!

Шындығы сол, солтүстіктегі сойы бөлек, салты басқа көрші елдің өзі көлеңкесінен үлкен боп тұр. Орталық Азияда орыс десе жақтас көңіл екі ел болса, соның бірі һәм біріншісі Қазақстан (Қазақстан билігі). Соңғы кезде бұрын сөз етілмеген жаңа гәп шықты. Сізбен біздің шошынатынымыз да сол – ол қос азаматтық мәселесі. Әрине, республика азаматтарына қос азаматтық алуына Ата Заңымызда рұқсат берілмеген.

Ал «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» 1991 жылғы 20 желтоқсандағы № 1017-XII Заңының «Азаматтықты тоқтату» туралы 3 тарауының 21 бабында: «Егер адам басқа мемлекеттің азаматтығын алған болса, ҚР Азаматтығынан шығарылатыны» тайға таңба басқандай жазылған. Десе де, еліміздің кей азаматтарының амалын тауып, әрі РФ, әрі ҚР азаматы атанып жүргендігі соңғы жылдары жиі әшкереленіп жатыр. Қараңыз, биыл 6 қазанда шыққан ақпарат: «Жыл басынан бері ШҚО аумағында тәртіп сақшылары 60-тан астам «қос азаматтығы» барларды анықтаған».

Немесе биыл қыркүйектегі ақпарат: «Павлодар облысында жыл басыгнан бері 1726 адам ҚР Азаматтығын жоғалтқан». Оның ішінде 160-ына әкімшілік жаза қолданылып, 32-сін ел аумағынан шығарып жіберген.

Мұндай бірлі-жарым деректер өте көп. Бәрін бірдей тізімдей алмаспыз. Десе де, қос азаматтық алып, үнсіз жүргендердің ішінде елішілік сөзталқыға ең көп түскені - Олег Почивалов дейтін Шымкенттік экс-шенді болды.

Өткен жылдың желтоқсан айының ортасында бірқатар әлеуметтік желі парақшаларында шымкенттік шенеунік Олег Почиваловтың Ресей елінің азаматы екені туралы ақпарат тарап, тіпті кейбір құжатының көшірмесі жария етілді.

Кейін сот болды. Үкім шығарған сот төрағасы: «2005 жылы Почивалов Ресей Федерациясының азаматтығын алған, 2007 жылы паспортын алған. Сол құжаттардың барлығы Ресей Федерациясы Ішкі істер министрлігінің хаттарымен өз дәлелін тапты. Екі азаматтықтың анықталуына байланысты Почиваловқа қатысты ҚР-ның азаматтығынан айыру жөнінде мәселе қойылған»,- деген еді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы қыркүйек айындағы Қазақстан халқына Жолдауында: «егер мемлекеттік қызметші немесе квазимемлекеттік мекеменің басшысы қос азаматтық алса, олар қызметінен босатылады», - деп мәлімдеген.

Қос азаматтық елге төнген тікелей қауіп. Мемлекеттік мүдде мен аумақтық тұтастыққа қатер әкелетін құбылыс. Сепаратизм әрекеттеріне итермелейтін тенденция. Анығында бұл осы кезге дейін жасырылып-жабылып келген тақырыптардың бірі болған. Ал қос азаматтық арқылы өзге елдің тұтастығына қауіп төндіріп, агрессиялық әрекетін ақтап алушылардың бірі Ресей. 2014 жылы Ресей Украинаға шабуыл жасап, гибридтік соғыс бастады. Әлемдік қауымдастықпен мойындалған Қырымды оккупациялап, бауырлас елдің шығысын қызыл қанға бояды. Артынша Ресей Украина шығысындағы азаматтарға Ресей паспорттарын тарата бастады.

Путиннің 3 пайыз қолдаушылары

Нұрлан Жұмақанов, журналист:

- Грузияның экс-президенті Михаил Саакашвили Батысқа бет бұрған сәтте Путин Осетия мен Абхазияны басып алғанын білеміз. Сол кезде абхаздар мен осетиндердің Кремльдің басқыншылық әрекетін қаншалықты қолдағанын білмедік. Грузияға маңдай тірегенімізде жергілікті халықтан осы мәселені сұрадық. Сондағы жергілікті халықтың айтқан әңгімесі мынау:

- Путин басқыншылық әрекетін жүзеге асырғанда Осетия мен Абхазияда тұратын халықтың 3 пайызы ғана орыстарды қолдады. Ал қалғандары Грузияның тұтастығын жақтады. Өз кезегінде орыстар осы жағдайды ескеріп, әскери операциясын жүзеге асырғанда әскери әуе күштерін пайдаланды. Абхаздар мен осетиндер орыс әскерімен тізе қосып, Грузияға қарсы соғысқан жоқ. Қазір абхаздар мен осетиндердің әлеуметтік жағдайы өте нашар. Грузияға қосылғысы келеді. Бірақ Кремль оларға ондай мүмкіндік бермеуде, – деді жергілікті тұрғындар.

Көпшіліктің абхаздар мен осетиндерге қарсы анау айтқандай өкпе-ренішін байқамадық. Байқағанымыз, империялық дерті қозған Путин халықтың өте аз бөлігі орысты қолдаса (бар болғаны 3 пайыз), соны желеу қылып кез келген елге әскер кіргізуге арланбайтынын ұдай есте ұстауымыз керек екен.

Соңғы уақыттары Путиннің бұл дерті асқынып тұр. Бүгінде әрбір басқыншылық әрекеті оның саяси мансабын ұзартатын әдіс-амалға айналғаны жасырын емес. Қырым мен Донбаста да осы үшін басып кергені анық.

Ертеңгі күні Жириновскийлер мен Федровтардың сөзін шындыққа айналдыру үшін Путин атқа қонса, таңқалмаңыз. Егер Путин Қазақстаннан өзінің 3 пайыз қолдаушылар іздеп жатса, Тайшыбеков сынды орысқұл қазақтардың өзідері 3 пайыздық межені әп-сәтте толтыра салуы мүмкін. Сондықтан Ресейдің Грузия мен Украинаға басып кіруінен билік те, халық та сабақ алу керек.

Қазақстанмен бірге ядролық қарудан бас тартқан «Будапешт келсіміне» қол қойған Украинаға қандай сойқан салғанын білесіз. Ал мұндайда қазақтарды аяиды дейсіз ба?

Түйін. Айтпақшы, біз бұл мақаланы жазып отырғанда Ресейлік ақпарат президент Путинді «Пайғамбарға» теңеп те жіберіпті. Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков айтқаны айдай келетін әулиелігін айтып, сұхбат беріпті. «Москва. Кремль. Путин» дейтін «Россия 1» арнасындағы бағдарламада айтыпты.

«Президент путин осымен бірнеше рет «пайғамбарлық» мәлімдемелер жасаған. Оның қарусыздандыру, қауіпсіздік, климаттың өзгеруі туралы айтқандары дәл келетін. Президент кейде перспективаларды суреттейді. Кейбірі оны тыңдамаса да, кейін жағдай дәл солай болып жатқанын түсінеді, - депті.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

15 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5504