Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)
ІІ
«Кері төңкерістік Тұрсын-Шәкен шайкасы» туралы үкім сол күні жарияланып, Тарбағатай газетіне «кері төңкерісшілерді аяусыз жанышталық» деген тақырыпта мақала шықты. Жарқынбаевтің алды-артында жазаланған атақты помещиктердің де, Шәкеннің алды-артында жазаланған шатақты помещиктердің де жан түршігерлік жауыздықтары тізілді. Ал, Тұрсын мен Шәкеннен олардікіндей жауыздық шықпаса да солардікіндей күп-күрең қан шықты ғой, демек олар да жауыз, сол себептің үстіне мол себеп «нақтылы кері төңкерісші» аталып атылуы, тіпті, «асқан жауыз» екендіктерін дәлелдегендей. «Олай болса солай болған-ақ шығар» дегізгендей, халық сезіміне секемсіз сіңгендей, олар туралы ешкім ақтау айта алмайтын болып қалды.
ІІ
«Кері төңкерістік Тұрсын-Шәкен шайкасы» туралы үкім сол күні жарияланып, Тарбағатай газетіне «кері төңкерісшілерді аяусыз жанышталық» деген тақырыпта мақала шықты. Жарқынбаевтің алды-артында жазаланған атақты помещиктердің де, Шәкеннің алды-артында жазаланған шатақты помещиктердің де жан түршігерлік жауыздықтары тізілді. Ал, Тұрсын мен Шәкеннен олардікіндей жауыздық шықпаса да солардікіндей күп-күрең қан шықты ғой, демек олар да жауыз, сол себептің үстіне мол себеп «нақтылы кері төңкерісші» аталып атылуы, тіпті, «асқан жауыз» екендіктерін дәлелдегендей. «Олай болса солай болған-ақ шығар» дегізгендей, халық сезіміне секемсіз сіңгендей, олар туралы ешкім ақтау айта алмайтын болып қалды.
Әйтеуір, қанқұйлы помещиктердің бірнешеуінен таптық кек алынғаны рас қой, мен қайтып келген күннің ертеңіне Дөрбілжінде Митингі мен көше ереуілі ұйымдастырылды. Парткомның үгіт бөлімі сөйлеушілер қатарына мені де қосып қойған екен. Митингіде сөйлеуге бір күн бұрын дайындалған әкімдер сөйлеп болысымен мінбеге шығу кезегі маған тие қалды. Атақты «шайкаға» ақтаушы болғанымды естіп, позиция байқамақ шығар деген оймен сақтана шықсам да, өз білгенімнен бөгде, реалдан сырт түсінік қоспауға тырыстым. Жаңа жылдан бері жазаланғандарға «Тұрсын алашордасы», «Шәкен фащизмі», шайкалы қарақшылық дегендердің ешқайсысын қоспай, таптық тонаушылықты, феодал қандықолдарды, гоминдаң қалдықтарын, зорекер қарақшылықты жоюдың қажеттігін сөйледім де, бұл жөніндегі бастаманы «қызу қарсы алатындығымды» білдіре, сол жауларға қарсы ұрандап түстім.
Жұртшылық бұл сөзімді қызу қолшапалақпен қарсы алса да, сөзге менің соңымнан шақырылған Сәрсен, «қызу қарсы алмайтындығын» сездіре сөйледі: сөзінің барлығында «төңкеріске қарсы саяси шайка» Тұрсын-Шәкендердің жанышталуын қызу қолдайтындығын қосып, «олардың қалдықтарын» соғуға «жан-тәнімен» көмектесетіндігін білдіріп түсіп еді. Тыңдаушы жұртшылықтан «қызу қарсы алатын» бірде қолшапалақ естімей түсті.
Мұнан соңғы сөзге шақырылушылардың көпшілігі менің орталыққа жолдаған арызыма қол қоюшылар екен. Бұдан сол "шайка" туралы саяси орындардың іздейтін мәселесі бар екендігін де айқын сезгендей болдым. Ақтаушылардан бұл митингіде, әйтеуір, Тұрсын-Шәкендерді қаралап тілге алған ешкім болмады. Жұртшылықтың да сондай райда екендіктірі байқалды.
Осы қызумен көше ереуіліне шықтық. Алдымызда биші қыздар тобы жүрді. Ең алдыдан әрине Әлия көрінбес пе. Басқа қыздар оқалы камзол, қос етек көйлекпен өздерінің ұлттық өнер көркемдігін меңгере билесе, ол таңқы құйрық, тарбалақ сыммен бөксесін төңкере қылмыңдап, таңғаларлық «қызғындықпен» құйқылжыды. Халық тек сол мол құйрыққа жиналатындай, жиналған сайын жымыңдап, көпшіліктің қарқ-қарқ күлкісіне «бөлене» бұлтыңдатады онысын. «Нағыз төңкеріс деген осы!» -деп Сәрсен жырғайды. - Бұл пәле қыз «жаңа мәдениетті» қалай тез игеріп үлгерген!» - Әлияның өнері жиған халыққа өзі де алдымен үлгере сөйлеп, «Тұрсын-Шәкен шайкасын» нығыта соққылап жүрді.
Сол ереуілден екі-үш күн өткенде аупартком шақыртты мені. Шақыртқан Лиң секретардың өзі екен. Бөлімінде жалғыз отыр. Түрегеліп, қолымды қыса шұлғып амандасып отырғызды. «Бір мәселе жайында қысқа ғана пікірлесуге» шақырыпты. Қысқа ғана дегені бойынша аударушы керек етпеп едім. Қойған сұрауы ұзақ жауап беруге тиісті сұрау болып шықты.
- «Тұрсын-Шәкен шайкасы» туралы қандай позицияда болдың? -деп сұрады.
- Ол туралы үкімге бүтіндей қарсы позицияда болдым! -дей салдым да себебін түсіндіруге ханзуша тілім жетпейтіндігін айтып, Сәрсен мен Мұқаннан басқа тілмәш өтіндім. Секретар аудандық үкіметтегі дос хұйзуымның атын атап телефонмен шақырды да, уақытының тым аз екендігін айтып, неғұрлым қысқаша тұжырып сөйлеуімді сұрады. Алғашқы келгендегі аққұба толықша жүзі солғын сұрыға айналып, жағы сорайып қалыпты. Міндетіне аса жауапкерлікпен ауыр қарап, тым аз ұйықтап жүрген кісі сияқты, солып ішіне отырып кеткен кем көзі ғана емес, екі көздің міндетін жалғыз атқаруға дағдыланып - бадырайып алған сау көзінің шанағы ойыстанып қалған екен.
- Жергілікті тұрмыс сауатымыз аз, бізге көбірек тыңдау өте қажет. Бірақ, амал жоқ, уақытымыз жетіспей жүр! -деп әлгі қысқа сөйлеу талабын тағы да ескерткендей болды шужи. Тілмаш келіп отырысымен сол «кері төңкерістік шайка» дегеннің мүлде нақақтығын айтып, себеп дәлелдерімді тұжырып-тұжырып сөйлеп бердім. Соңында дәл осы мазмұнда ең жоғары сотқа арыз жазғаным да айтылды.
- Оған қол қойғандар кімдер? -деп сұрады секретар.
- Қол қоюшылар көп, есіме түгел сақтай алмадым. Әйтеуір қалашығымыздағы еңбекшілер табынан шыққан, компартияға сарайы түзу сауатты азаматтардың бәрі бар, өздіктерінен өшіретке тұрып қол қойды. Компартияға жау жақтан, дұспан тараптан, жалған жағымпаздықпен күле кіріп жүргендердің еш қайсысын қоспадым. Мәселен, Сәрсен мен Мұқандар жоқ. Олар қол қоймақ болса да, тілегімізді былғатпау үшін қойғызбайтын позиция көрсеттім.
Лиң Дәйшің секретар қарқылдап күлді бұл сөзіме. Изектеп біраз ойланып қалды. Қол қоюшылардың есімде барларын қазбалап сұрар ма екен деп дайындалып едім, оны да қойып, басқаша сұрау сұрады.
- Ең жоғарыға секірмей-ақ өлкелік үкіметтің жоғары сотына не себепті жазбадыңыз?
- Ең мықты панамыз орталық болған соң, ең қатты қысылғанымыз да сол адрес қана есімізге түсіпті.
Лиң секретар Үрімжідегі қолбасшы секретарының бұл мәселедегі позициясын білетін сияқты, «орталықтың Шинжаңдағы өкілі Уаң секретар естеріңе қалай түспеген?» дегенді ашып сұрамай жымиып, орағыта ескертіп қана өтті:
- Арыздарыңды орталықтың ең жақын жердегі - Үрімжідегі өкіліне жазбайсыңдар, Бижіннен жауап келгенше үкім орындалып болыпты.... Енді не істейсіңдер?
- Не істейміз, атылғандары кетті қайтып келмейді. Қалғандарына қамқорлық келер, нақақ делоны қайта тексертер, қандықол жалақорларға тиым салар!
- Дұрыс-дұрыс, солай болады. Егер қателік болса, орталық комитеттің түзететіні сөзсіз! Осылай үміт күткенің жақсы, Биғабили мырза! Шындықты іс жүзінен іздеу жөніндегі жаңағы сенің түсінігің өте толық. Партия сөзсіз солай қарайды! -деп сағатына қараған секретар, айтпақ негізгі пікіріне келгендей, ырғалып қойып жалғастырды сөзін. - Ал, арыздарыңа жауап ретінде орталықтан нұсқау келгенше бұл үкімді ешкім бұза алмайды. Бұзу түгіл, аздап түзету туралы пікір ұсынғандар идея жағынан өздерін тексеруге тиісті болып тұр. Үкімді қаралайтын мұндай сөзді мұнан соң басқа ешкімге сөйлемей күт, өзіңе үлкен мәселе болып қалмасын! Ертеңнен бастап, Маужушидың «жаңа демократизм» туралы шығармасын негіз етіп кадрларға үйрену жүзргізіледі. Дос пен қасты айыру туралы осы үкімдер де ісжүзіндік мисалға алынуы мүмкін. Егер сен айтқандай бірер қателігі болып табылған күнде де мұнда жазаланушылардың көпшілігіне қолданған шара дұрыс қой, істі негізгі үлкен жағынан қарап бағалауың керек. Әрекетті қаралап қоюшы болма, жалпы төңкеріс жолымыз негізгі жағынан дұрыс. Халықтық демократия мен дектатураны халық санасына, кадрлардың санасына дұрыстап орналастыруымыз қажет, негізгі нысана осы!... Сендердің наразы болып арыз жазғандықтарыңды аймақтағы саяси заң орындары да, ерекше сот өкілдері де естіген екен. Түзету беріп қоюды бізге тапсырыпты. Кейбіреу өзіңе сын айтса, жуас қана жауап бер, тіпті үндемей қоя сал! Мақсатың дұп-дұрыс. Маған шыншылдықпен жақсылап түсіндірдің. Ештеңе болмас, күдіксіз жақсы істей бер!
Аупартком секретарының алдынан осылай шындық пікірімді баяндап-та, өзінің шыншыл, тап-таза жүрегі барын байқап та шықтым. Өзінің сақтандырушы жылы сөзіне де, жылулы райына да разы болдым. «Халықтарды бостандыққа жеткізуші - коммунизмші партия кадры, бәсе осылай болса керек қой!» деп жүрегінен жылынып шықтым. Ал, әлгі «шайка» табушылардың ендігі мына зейілдігіне ызамен бірге күлкім де келді. Баяғыда бір қатігез шалдың әйелі өзінен күшті екен. Қамшысын үйіріп қоқаңдай берген «батырының» алқымынан ала түсіпті де алып ұрып, кеудесіне мініп отыра қалыпты. «Батыр» тулап-тулап аудара алмай, әйелі басып отырған қолындағы қамшысын ескертіп, «қатын деймін, үй қатын, тап көзіңе қамшы тиеді енді, тұрып кет деймін жаныңның барында!» деп кіжінеді дейді. «Қатын, қатын, көзіңе қамшы тиеді!» дейтін мәтел содан қалған екен.
Нақақ шығарған үкіміне қарсы пікір айтушыларды бұл зейілдер де солай қорқытып жуасытпақ тәрізбен өзімізді сындатпақ болғанына мырс-мырс күле беріппін. Кеш түсіп, қызметтен қайтысымен Өмірбектің үйіне қарай беттедім. Мекемеден бірге шыққан қызметкерлерде дағдыдағы қалжың-күлкі жоқ, жым-жырт, түнде жауған қарлы жаңбырдың лайсыңынан сақтану ма, иә, ертең басталатын «үйренудің шарпуынан сақтану ма, әйтеуір бір сақтану жиырылысы пайда болған сияқты сүмірейсіп, сыбдырсыз-дыбдырсыз жөнелісті. Батып бара жатқан күннің де сондай сақтықпен жым-жырт сүңгіп бара жатқандай көрінуіне жымия қараппын. «Ал, күн ана бұрын саңғырлап күліп, даңғырлап сөйлеп батушы ма еді!» деген оймен күліп жібердім. Маңайыма қарап, өзімнің де сондай сақтықпен күдік сезіміне оқыс тап бола қалғаныма қынжылдым сонсоң. «Адамзат Құдай тағалаға да ойыншық емес. Оны бар деп сенушілер «жаратқандығы» үшін алғыс айтуды өздеріне шарт деп білсе, сол жаратушының өткізген қателік-қылмысына пікір айтуды да шарт деп білуі қажет қой. Солай етсе, Құдекең де қылмысты іс істей беруден аяғын сақтана басуы мүмкін шығар. Математиканы жаратқан адамзаттың ұлылығы осындай дәлшілдік-шыншылдықта ғана!
Өмірбектің отауына осы ұжданмен қайралғандай жарқылдап, ірі мінезбен кіріппін.
- Үй, өзің қай күшіңе сеніп батырымсынып жүрсің? -деп жымия қарсы алды үй иесі.
- Не бопты батырымсынбайтын, бостандыққа жетіп, төрт түрлі еркіндік алғанымызды естімей мылжиып отырмысың!... Қазір Нұрияштан басқаның бәрі бар менде, тірі болса, оным да табылады!
- Ертең басталатын үйрену, арыз жазғандарға күйзелу ала келетіндігін естімедің бе?
- Естідім. Одан күйзелетін не бар! Компартия осы ауданға да келіп орнығып болды ғой! Сенше «үйі түскенде миы түсетін» жаман болмаспын!
- Е, бүйте берсең, миың түспегенін көрермін. Тұрсын ағаңдікінше шашылып та кетер! Сенім жағынан Шәкен сенен кем бе еді! -дей салды да келте мұрнын тартып қойып, кейінгі естігенін сөйледі. - Олардың үстінен шығарылған үкім Үрімжіден бекітіліп келіпті деген сөз бекер екен. Үрімжіден сары киімді бір өкіл ғана келіпті. Бекіткен сол екен. Мұндағы заң кадрларына қолын бір-ақ сілтеп, атылсын дей салыпты!...
Лиң секретардың «ерекше сот өкілі» деп атағаны есіме түсе қалды.
- Бәсе, әскери сот келген екен ғой! -деп күрсіндім. - Соғыс кезінде басып алынған жерге келе сала «ананы ат, мынаны шап!» деп бұйыра салатын әдетімен атқызған екен ғой!
- Ие, сол әдет бар сияқты. Әскери кескіндікпен көз ашқан Уаң Жың ағаң, сол мінездің атақты өкілі емеспе!... І...м, ендеше к...ңді қысып жүр, келе салып дамоллаларға «Құдайыңды да атамын» деген батыр, сенің тіл безеуіңе көнеді екен деме! Өзіңмен Лиң секретар сөйлескен шығар?... Сен жазған арызға қол қоюшылардың бәрімен сөйлесіп жатыр. «Үйрену жүргізіледі, сын айтылса жуас бол!» деп бәрімізге тапсырды. Сонда... жуас болғанда қалай жуас болу керек? Үкімнің нақақ жерін нақақ демей, мойындай сал деген сөз емес пе бұл!
- Жоқ, шындықты бұрмалап мойындай салу, үлкен қателікке соғады. Сынға жуас боламын деп ақты қараға айналдырып мойындай салу жуастық емес, ластық. Марксизмше жуас болу деген, құлға айналу деген сөз емес, адал төңкерісші болу деген сөз. Мұндай даулы істе жуас бол десе, жуас сөйлеп-ақ жалған, мен жаланы жуадай жұл! Оны төңкерістің әділ қызметіне азық ет! Бұдан басқа жуастықтың жолы болмайтындығын көргенбіз ғой!... Дәл осы үкімнің қателігі партия мен үкіметтен емес, заңнан емес, айырым жалақорлардан туылды. Қай жерде де осылай сөйлесең болғаны!
- Әттеген-ай, Шәкеннің сол жалақорларға жем болып кетерлік бір қате сөзі бар екен-ау! -деп күрсінді Өмірбек. - Анау күні саған келген жалақор тергеуші дәл сол шақта тімтініп жүріп тапқан екен. Бижіннен қайтып келген соң Шәкен, «қытайлар бақа мен жыланды, итті де жей береді екен» деп қойыпты ғой біреулерге. Сонысы «бүкіл қытай халқына қарсы кері төңкерістік үгіт» болып табыла кетті.
- Осы тапқан фактының өзі де дәл қазір белгілі дәрежеде қателік болғанымен, өлімге бұйыруға жарарлық факт емес. Қытай халқының уытсыз азықтығы бар мақұлықтарды талғамай жей беретіні рас. Көне замандарда тұрмыс таршылығынан пайда болып, қалыптасып кеткен әдет. Онысын өздері де, басқа ұлттар да біледі. Басқа жерлес-бауырлас ұлт еңбекшілері ол әдеттері үшін жауласқан емес. Ұрлап, иә, зорлап жемей, адам жемей, сондай ашық алалдықпен күнелте алатын ырыздығы мол өміршеңдік қасиеті бар жұртшылыққа шындығында өштесудің қажеттігі жоқ қой. Онысы үшін өштесетіндер тек әр ұлттан шығатын адам жегіш, дін жамылғыш шонжарлар ғана. Ал, дұрыс ниетті сот келіп, Шәкеннің ашаршылықтарда жеп өскен желкегі мен өлекселерін, қан мен кебегін білетін болса сол сөзді ханзулармен жауласу үшін айтпағандығын да білер еді. Ату түгіл түрмелемей де ескертіп түзете салу жағында болар еді. Сайып келгенде оны атқызған компартия мен Марксизм емес, ал енді...
- Әлия келе жатыр! -деп сырттан Меһір асыға кірді осы шақта. - Ол енді саған тыңшылыққа келді, Биға!..
Шынтағына қоңыр жамау бастырылған сұры кастюмы мен сары сым киген Әлия іле-шала сылдырап сөйлеп кірді есіктен.
- Екеуің тағы да отырыпсыңдар ғой, е-һе-һе-һе!
- Е, отырмағанда сен екеуіңді тағы да қайте бермекпіз, о-хо-хо-һо! -деп Өмірбек әдейі оқырана күлді. Меһір қосыла күлді де, Әлия бұртия қарады оған:
- Қойшы енді сондай қалжыңды!
- Қашаннан бері қойып едің?... Олай болса, Қасенің туралы қалжыңдайын ба, Үсенің туралы ма?
- Қой деймін енді, жалаларыңды қоздата бермей!
- Өзің қоздатып, қоздатып алып, «қой» десең, енді боталағаныңда ғана боздатайын ба!
Меһір бұл сөзге қыстыға сықылықтап шығып кетті. Өмірбекке ашумен тікірейген Әлия көзінің қиығымен маған да бір қарап қойып күлімсіреді:
- Биған аға екеуіміз мұндай қалжыңды қойғанбыз, ие!
- Ие, лажысыздықтан әрең қойып жүрміз ғой әйтеуір, Құдайға шүкіршілік! -деп жымиған маған енді салқын сызбен қарап отырып қалды. Былтыр күздегі үгіт сапарымызда Жаң туанжаңның сұрауы бойынша, айрылысып кеткен себебімді түгел мәлімдеп, іркес-тіркес «қалыңдық болған» жігіттерін айтып бергенмін. Әлияның жүзінен сол «қылмысымды» естіген-естімегенін іздеп мен де қарап қалыппын-білмейтіндей, әлі де үмітті өштіксіз өкпелі шырай ғана байқатты Әлия. Өмірбек әлде не оймен майлы көзін жұма жымиып, сыртқа шығып кеткен соң сөйледі:
- «Лажысыздықтан әрең қойып жүрміз» дедің бе?... «Құдайға шүкір» дейді тағы да! Шынымды айтсам, мен әлі қояйын деп жүргенім жоқ! -деп сылдырай күлді. - Сен қойсаң өз еркі, менің саған деген достығым мәңгі сақталады!.. Шәкен туралы қатты қайғырып жүрсің, білем, сөйлемейтін болып алдың. Мен тіпті қатты өкінемін сол кісінің де кері төңкерісші болып кеткеніне!
- Ие, сенің тіпті қатты өкінетін жөнің бар, -деп томсардым мен. - Былтыр бүйіріне қанша жабыссаң да бір құшақтай алмай қалдың-ау бишара!
- Қойшы мархұмға олай қалжың айтпашы енді, аға деп жақсы көргенім болмаса... Өзінің кері төңкерісші болғаны рас па? Қалай атылды, кім атқызды өзін, ел нақақ деп жүр, барып келдің ғой сөйлеп берші!
- Жә, өзің сөйлеп берші, мекемеден менің соңымнан шығып едің, мұнда келерің бар, менімен неге бірге жүрмедің?... Алдыңнан Сәрсен тосып, бері қарай сол «қуалап» жіберді ғой, ие?
- Жоға!... Екеуімізді Сәрсен таныстырып па еді сонша! -деп өзінің орынды сөз тапқанына сықылықтай күлді Әлия. Өзім .. осында бір көріскім келді... Шәкен ағаны сол кері төңкерісшілдікке қимай, ызадан ұйықтай алмайтын болып қалдым. Анығын оңашада бір сұрап алайын деп, -деді де бетін басып, көзін сүрткен болды. Ол сүрткілей бергенде түрегеліп, жөнеле бердім. - Қайда барасың?
- Дәретке...
Сол кеткеннен ертеңіне таңертеңгі үйрену жиынында бір-ақ кездестім Әлиямен, орнымыз аудандық үкіметтің кішкене залы болып белгіленген. Оқу бөлімінен, халық істері бөлімінен, сақшы мекемесінің саяси бөлімінен, тыныштық пен демократияны қорғау одағынан құрылған жалпы отызнеше қызметкер бір группа болып бөлінген екенбіз. Үйренетін шығармамыздың ханзуша нұсқасы мен тізімімізді Жаңбужаң әкеліп, Сәрсен саясатқа ұстатты да өзі бір бұрышқа барып отырды. Группа бастығы Сәрсен, орынбасары Ербол балатындығын, сол түкпірге барып отырып ап айтты. Сәрсен аударып оқып күшене бастағанда, Қазақстаннан арап әрпімен басылып келген қазақша нұсқасын Ербол суырып алып, судырата жөнеліп еді.
- Жоқ-жоқ, түп нұсқасының өзінен аударуға жетпейді! -деп Сәрсен, қолын шайқап-шайқап қалды, көпшілік ду күлді.
- Сенің аударуыңнан жетігірек шығар деймін! -деп күлді Айыржап. - Сенбесең ханзушасына қарап «тексере» отыр.
- Сәрсен саясатқа осылай «тексерте» отырып оқытып, үйренушілердің ұқпаған жерлерін ұғатындарымыз түсіндіріп ескерте отырып оқып, әр күні таңертең екі сағаттық уақытпен бір аптада бітірдік. Үйренудің бұл сатысында Сәрсеннің саяси сауат жағынан маған тікірейген мүйізі майрылғандай болды. Өйткені Қазақстан аудармасынан оның тексеріп қатеге шығармақ болған сөйлемдерінің дұрыстығын мойындата бердім. Өзінің қате түсінгендігін жай да мойындатпай, желкесінен баса мойындатқандаймын, әр таласымыздан бір күлкі шықта да отырды. Бұл үйренгеніміз, Жұңго қоғамының жартылай феодалдық, жартылай отарлық сатысынан сотциялизмге өтуге дайындалатын аралық дәуір «жаңа демократизм туралы» еді. Үйренудің екінші сатысына екінші аптада өттік. Бұл сатыда сол үйренгендерімізді қазірге дейінгі тарихи ақуалдарға, қазіргі іс жүзіндік әрекеттерімізге байланыстырып талқылайтындығымызды Жаң Бужаң сөйлеп түсіндірді. «Тартынбай талқылаңдар, алдымен қазіргі осы қоғам тралы әркім өз түсінігіне реалды мисалдар алып сөйлесін, кемі болса толықтырып, қатесі болса түзету айтыңдар! Басқа ешқандай мәселе жоқ, тек, танымды арттыру қажет. Ол үшін дұрыс танымға жеткенше тартысыңдар, аянбаңдар!» -деп тастап, бұрышына қайта отырды. Қасындағы аударушы Мұқан жазатын қағазын жайып салып, жалақтай қарады жан-жағына.
- Қанеки кім сөйлейді?... Уақыт сырап болмасын жолдастар, тез-тез сөйлеңіздер! -деп дығырлата түсті Сәрсен. Қазіргі Жұңго қоғамының жартылай феодалдық, жартылай отарлық бейнесін дәлелдеп үш адам сөйлеп болысымен тыржия қалды өзі.
- Уай жолдастар, бәріміздің танымымыз бұрыннан солай түп-түзу ме еді!... Жұңго қоғамын бәріміз осылай, Маужушише түсінуші ме едік!
- Енді қалай? -деп қалды біреу.
- Е, қате түсінік зәру болса, өзің сөйлесеңші! -деп біреуі көсіп қалды. Алалдықпен мойындағансып, күліп жіберген Сәрсен, басын изеп-изеп жіберіп рұқсат сұрады.
- Сөйле десеңіздер сөйлейін, сөйлейін! Рұқсат па жолдастар? -деп изектей қалды. - Міне ендеше, өзіндегі мәселені ашу деген былай болады. Қанхор Шың Шысайға да қызмет істеп бергенмін мен. Мінеки! Соның алты саясатын үгіттейтін саясат мұғалімі болғанмын. Ол кезде мен гоминдаң басқарып тұрған Жұңго қоғамын феодал жиянгерлік деп түсінгенмін. Гоминдаңнан солай жиренгендігімнен Шың Шысайдың саясат мұғалімі болдым. Оның қаншалық зор қылмыс екендігін, мінеки, ұлы Маужушидің қамқорлығында енді ғана түсіндім. Сол саясаттың оқытушысы болғандығым, Шынжаңды ұлы Жұңгомыздан бөліп, қанқұйлы Шыңның өзі жеке карол болуына қызмет істеу емей немене!, бұдан үлкен азғындық бола ма, а!
- Азғындығың бұл емес! -деп күліп бөлді Ербол оның сөзін. - алты саясаттың өзі социялистік Совет одағының талабы бойынша жасалған дұрыс саясат болатын. Ол саясаттың оқытушысы ғана болсаң, төңкерісші болғаның! Өзіңді өтірік қаралама, зужаңым байқұс! Онан да Шың Шысайдың қандықол сақшысына жасос болғаныңды айтсаңшы! Қанша төңкерісшіні ұстаттың!
- Жо-жоқ, Ербол жолдас! -деп Сәрсен Жаң бужаңға қарады. - Жасос болғаным жоқ, сөйлеп болайын!
- Өзі сөйлесін, өзі сөйлесін! -деді үгіт бөлім бастығы. - Сәрсен жолдас жақсы сөйлеп отыр! Әркім осылай өздігінен, өз идеясын қазып сөйлеген жақсы!
Сәрсен енді өзінен-өзі жиренгендей бейне көрсетіп, күрсіне тыжырынып жалғастырды сөзін:
- Сол азғындықтан жүзіміз жанбай келіп гоминдаңға өттік. Менің мақұлықтығым сонда, оның әзәзілдігіне тағы алдандым: «феодал жиянгерлік қоғамы» деген танымымды быт-шыт қылып, Жұңго қоғамы ұлы көсеміміз Жаң Зұңсайдың басшылығында құлдық пен отарлықтан құтылған еркін демократиялық қоғам деп түсіндірді. Мен еркіндікке енді жеттім деп түсіндім. Сөйтіп, азғындағаннан азғындап барып санмиңжуиидің[1] оқытушысы болдым. Санмиңжуиидің маған өте мөте ұнағаны «ұлтшылдығы» болды. Бірнеше ғасыр бойына мұңғыл мен мәнжу хандығының тепкісінде келген ұлы ханзу халқы ұлтшыл болып, өз тәуелсіздігін сақтаса, одан үлкен мұрат бар ма деп түсіндім. Сол түсінікпен Дөрбілжін аудандық прқаның үгіт бөлім бастықтығына дейін көтерілдім. Сөйтіп, гоминдаңның қабан жендеті, яғни, кернейі болып кеттім. Үш аймақ төңкерісі басталғанда, мен партизандарға төңкерісшілдігіммен емес, сол қылмысымнан қорқып қашқаным ып-ырас. Мінеки жұп-жуас әкемнің бар малын сол төңкеріс расхотына сол қорыққандығымнан шәшіп, тақыр жерге отырғыздым. Барлық қателесуімнің түпкілікті негізі қоғам тануымның қателігінен болған. Жартылай феодализм, жартылай отар қоғамының перзенті екендігімді маған міне ұлы Маужуши ғана толық түсіндіріп беріп отыр. Бұл қамқорлыққа шексіз қарыздармын. Жолдастар, енді қателеспейтіндігіме сенімім толық!
- Сөйтіп екі дәуір қарақшыларының халыққа қарсы шпионы болғандағы қылмыстарыңды айтпай-ақ кеткенің бе? -деп күлді біреу.
- Жолдастар мен жазуыздықтың осылай шегіне жеткендігімді, гоминдаң прқасында бастық болғандығымды айтып отырғанымда, егер істеген болсам шпиондық деген сөз бе. Ол, гоминдаңның ең төмен қара жұмысшысының міндеті!
Сәрсеннің осы түлкілігіне қарсы сөйлеуге менімен бірге бірнеше қол қатар көтеріліп еді.
- Дажа-мажа, Сәрсен жолдастың бұл сөзі өте әсерлі болды, -деп Жаңбужаң басу айтты. - Бұрынғы қуыршақ үкіметтерге істеген осы қызметтері арқылы нақтылы өткізген қылмыстарын парткомға өздігінен тапсырды, әлі де тапсыра бермек, өздігінен тазалану рухы жеткілікті. Оны сөйлету үйренуіміздің характеріне сыймайды және уақыт алады. Бұл үйренуде таным жағынан дәл осылай сөйлесе болғаны!
- Бұл қу өзін иянаттай отырып киген мына қалпақтарының астынан мәселе түгіл өзі де табылмас, -деп күрсіндім мен. - Маужуши айтқандай конфет қағазына бомбы орап ұстатып өте бермек!
Тағы біреу рұқсат алып, өз танымын сөйлей бастағанда Жаңбужаң менің бұл сөзімді Мұқаннан сұрап тыңдап, естелік дәптеріне жазып алды. Мұнан соңғы сөйлеушілердің бір сыпырасы Сәрсенше сөйледі. Тіпті өзінде болмаған «мәселені» де тауып, қалпағын неғұрлым үлкейтіп киюге тырысу, үлгіге айналғандай. «Қылмыспен» жарыта алмайтындарының жүзі төмендеп, ұялатынды шығарды. Өзіме сөйлеу кезегі келгенде мен:
- Қылмыссыз адамдар сөйлей алмай қиналып отыр! -деп бастадым сөзімді. - Біздің қазіргі талқылап отырған тақырыбымыз, Жұңго қоғамының жартылай феодализм, жартылай отарлық халі туралы еді. Қоғамның осылай болып қалу себебін табу үшін өзіме ғана үңілсем мен де сөйлей алмайтын сияқтымын. Өйткені оған мен тіпті де қылмысты емеспін. Ал, негізгі қылмыстыларды Маужуши шығармасынан толық үйрендік. Олар шетел жиянгерлігі, өзіміздегі феодализм мен бирократ капитализм екен. Бұл жауларға менің титтей де ымыраласқан жерім жоқ. Бұлардың өзара қалай келісіп, біздің қоғамды осы халге қалай түсіргенін сөйлей бер десеңіздер түбін түсіремін. Сөйлейін бе, сөйлемейін бе?
Көпшілік күлкімен қарсы алды да «басшылықтар» бір-біріне қарасып, ойланысып қалды.
- Сөйлесін, сөйлесін! -десті бірнешеу. - Биғабіл жете түсіндіріп сөйлейді! ... Ол сөйлесе, артық болмайды!
Сәрсен Жаңбужаңға жүгіріп барып күбірлеп-күбірлеп жіберді де, бас изетіп келіп отыра қалды орнына. Күбірдің сырын алдымен үгіт бөлім бастығының өзі ашты:
- Өз әрекетінде болған кемшілік-қателіктерді соған байланыстырып сөйлесе болады!
- Бұл тақырыпқа байланыстыруға лайықты кемшілік-қателігім жоқ! -дегенімде Сәрсен, бауырмалдық білдірген кісіше күлімдей бастады сөзін:
- Биғаш, адам өз кемшілігін бірден тануы қиын. Мен есіңе түсіріп көрейінші, рұқсат па?
- Рұқсат, рұқсат! Өзім таба алмай қиналып отырғанымда көмектесе алсаң алғыс айтармын!
- Мәселен, біз осы үйренген шығармамыздан «халық» деп, дос деп кімдерді танитындығымызды білдік қой, Биғаш? Ал, жаңа өзің айтқандай жартылай феодалдық, жартылай отарлық халге түсіріп қойған жау деп кімді танитындығымызды да білдік қой?
- Ие, білдік дедім ғой!
- Білсең, енді өз мәселеңді, мәселен, осылармен болған байланысыңнан іздеші!
- Іздеп таба алмадым дедім ғой, «мәселен» осы «жартылайлардан» бүтіндей құтқарып социялизмге жеткізетін өтпелі дәуірдегі дос таптарға істеген қастығым болмапты да, жауларға достығым болмапты. «Мәселен» білсең айтып-ақ берші қане!
- Мәселен халық дегеніміз - жұмысшылар табы, егіншілер, ұсақ буржуазия, ұлттық буржуазия. Солай ғой, Биға? Мал иелері де осы қатарда. Қазір тиіспейміз. Оларды тергеу, түртпектеу дегеніміз - бұзғыншылық. Яғни жау жаққа шығу деген сөз. Осы жағынан өткізген мәселеңді ойлап көрші! «Кім халық жақта тұрса, сол төңкерісші, кім жау жақта тұрса, сол кері төңкерісші» солай ма, Биға? өзіңді Маужуши үйреткен осы таразымен өлшесең қате кетпейсің!
- Кітаптан алған сөздерің - маужушидың сөзі ғой, әрине дұрыс. Өзің қосқан сөз - Сәрсеннің сөзі, әрине қате. Мәселен, мал иелері де халық қатарында деген сөз кітапта жоқ. Бұл таптың феодалдық жағын тектемейміз деген сөз де жоқ. Мен ғой, қызды малға сатып, малша байлап-матап жоғалтқан екі байды ғана тергедім, мұны маған ескертпей, қай жақта тұрғаныңды өзің ескергенің, өзіңді тексергенің жөн!
Көпшілік ду күлді бұл қайтармама.
- Ал енді өзің айтқан дұспан жақпен болған байланысыңа келейік, -деп екінші шабуылға ыңғайланған Сәрсенге ашу шақырды екі кадр:
- Сен басқаға көмектесуден бұрын алдымен өзіңе «көмектесушілерге» жауап беріп алсаңшы ей!...
- Бұл қалай өзі! Бар мәселені жауып қойып, жоқ мәселені іздете ме екен!
- Тоса тұрыңыздар жолдастар, -деп тоқтаттым оларды. - Бар мәселе ешқайда кетпейді, жоқты іздесу керек. Бардам кісінің жоқшылық көрген кедейге «көмектесуі» жақсы қасиет. Қиналғанда әрең тауып отырған «көмекшімді» тоқтата көрмеңіздер! Ал, сөйлей бер Сәке! (Сәрсен сөзін көпшілікпен бірге тағы да күле жалғастырды.)
- Расында былай, жолдастар, бұл үйренуде биғашқа көмек қажет болып отырған себебі бар. Және қателіктерін түсінбей отыр. Мәселен, Алдыңғы сөзінде бұл қоғамның жауларына «титтей де ымыраласқан жерім жоқ» -деді ғой. Енді соған келейік!.. Биғаш, біздің негізгі жауларымыз жиянгерлік, феодализм, бирократ капитализм» дедің ғой солай ма?... «Кім жау жақта тұрса, сол жау». Мәселен, солардың атылған Шәкен сияқты кері төңкерісші құйрықтарын ақтау деген, ашықтан-ашық жаулық, солай ғой Биға! Шәкен атылғанда нақ сол майданның өзінде жыладың ғой!
- Кітаптан қосқан сөздерің дұрыс, өзің қосқан мисал қате. Жоғарыға арыз жазғаным рас, ол атылғанда жылағаным да рас. Кесіп айта аламын, Шәкендер Маужуши шығармасындағы осы таразы бойынша өлшеніп атылған емес. Сондықтан, бұл туралы партия мен үкімет жазықты емес!...
- Енді қалай, партия мен үкімет оны көрмей атқызды ма? -деп тікірейді Сәрсен.
- Сен сияқты жалақорлар атқызды!... Шәкеннің үстіне үйілген жаланың ішінен сенің қосқан жалаңды өз көзіммен көрдім. Былтыр біздің үйдегі отырыста Шәкен сен жазғандай қылмыс істеп пе еді!
- Не жазған екен? -деп елең ете түсті біреу.
- Сөйлей бер, Биғаш!
- Біз де естиік, сөйле, Биға! -деген бірнеше дауыс қатар көтерілді. Сақшының саяси бөлімінен үйренуге қатынасқандардың біреуі басу айтты дүрліккендерге:
- Тәртіп-тәртіп! Біраз тоса тұрыңыздар! -деп тоқтатты да Жаңбужаңмен күбірлесе кетті.
- Сенің сөзің бітті ме, бар ма? -деп бастық бір аз уақыттан соң Сәрсеннен сұрады.
- Бар, бар, әлі жарымы бітпеді!
- Биғабили мырза, олай болса, алдымен группа бастығының көмегі сөйленіп болсын!... Дұрыс па, дұрыс емес пе дажа-мажа?...
- Сөйлесе, сөйлеп болсын! Бірақ әлгі сұрауға қарай Биғабілдің толық жауап беретін құқығы бары да есіңізде болсын! -деді Ербол. Оның да бүксі танауы түрегеле түскен екен.
- Жолдастар, мен Биғаштың өзінен ешқандай мәселе таба алмағанына қарай, өзінің де талап етуіне қарай есіне түсіру үшін ғана көмектесіп отырмын, басқа ешқандай қарарым жоқ!... Ал, Биғаш былтыр біз парткомның бөлмелерін ақтап жатқанымызда, сен ақ жібек көйлекпен кіріп келе жатып не дедің өзің айтшы!
- Қақпаға шығып келе жатқан екі буаз әскер көрдім. «Ой аллай, буаз әскер көргенім осы!» дедім!
Көпшілік ду күлді тағы да. Сәрсен тәртіпке шақырып алып сөйледі.
- Дәл айттың, жарайсың!... Ал, жолдастар ол әйелдердің біреуі мына Жаңбужаңның Рапиқасы, бірі ұйымдастыру бөліміндегі Либужаңның Рапиқасы. Оларды масқаралаушы білімді бас инспектор Биғабіл. Білмей сөйлеген надан біреу емес. Ал, жепаңжүн, халықтың бірден-бір құтқарушы армиясы. Ол екі жолдас сол қатардан келген аупартком қызметкерлері. Ал, бүкіл жепаңжүнді, тіпті коммунистік партияны осылай масқаралау, қай майдандағы адамның ісі!... «Кім жау жақта тұрса, сол жау» екендігін түсінесің ғой, Биғаш. Қай жақтың адамы екеніңді өзің сөйлеші енді!
- Сөйле дегенің дұп-дұрыс, сөйлейін. Мен Жұңго компартиясымен оның армиясы - Жұңго халқының бірден-бір құтқарушысы екендігін дәл сол кезде біле тұрып сөйлегенім рас. Және буаз әскер дегенді дәл сол аулада ғана көргенім де ып-ырас. Одан бұрын буаз әскер көрсем көзім шықсын! Көпшілік ду көтере күлді бұл сөзіме. Күлкіні қоя тұралық жолдастар, менің жауабым жаңсақ жазылып қалмасын, дуылдамаңыздар, сөзім бітпеді!... Ал, сол екі ғана әскери жеңгемнің буаз екендігін тосыннан көріп таңданып қойғандығыммен бүкіл партияға, бүкіл армияға, ол арқылы бүкіл халқыма жау бола қалмақпын ба! Мынауың да пәлендей өнімді «көмек» болмады, Сәке! Жұңго халқының осындай жүкті әйелдеріне дейін мылтық ұстап, майдандасып жүрген себебі, жауымыздың мен сияқты қалжыңшыл емес, өзің сияқты қанішер болғандығынан шығар!... Ал, жауап бергізгеніңе рахымет! Енді басқа қылмыстарымды «есіме түсіре бер»! Әйтеуір көмек бергің келсе көзге көрінерлігінен бере көр!
Мұқанның аударуынан тыңдаған үгіт бөлім бастығы да қызара күліп қарқылдап отыр екен. Сол екі әскерді «буаз әскер» ататып қойған екі «қылмыскердің» бірі өзі болғандығынан қызарғаны ғой. Сәрсен шабуылға енді шаптыға өтті:
- Биғабілдің әйел-қыздарды бұлай қорлау ғана емес, аяқ асты етіп, тастап кеткен шіріктескен қылмыстары да жетерлік. Мұнда да бұлтартпайтын факттер бар. Биғабіл, сенде феодалдық идея бар ма, жоқ па? Алдымен осыған жауап берші өзің!
- «Шіріктескен», «әйелдерді аяқ асты еткен» қылмыстары да жетерлік» дегендерің тіпті ұждансыз жалақорлық! Олай делінетін себебі, бір ұждансыз - штансыз жезөкше үшін ақтаушы болып, тап-таза стилдің адамын қараламақ!... Өздігінен көп адамның аяғының астына түсіп кеткен бір салдақы үшін мен «шіріктескен», «феодал» болып қараланбақпын ба! Бұл қалпақты сол жезөкшең мен өзің ғана ки!...
- Бап жауап осы болды! -деп гу ете түсті бірнешеу. Әлияның жайын білетіндер оған үңіліп, оның бұғып алғанына күлісіп отыр екен.
Менің қатал жауап қайтарған мәселем, Әлия жөнінде екендігін енді түсінген Жаңбужаң оған да бір қарап жіберіп ұшып тұрды:
- Бұл жауап осымен тоқтап қалсын! -деп басын маған білінер-білінбес шайқап қалды да Сәрсенге қарады. - Бұл туралы өзі сөйлегеннен басқа мәселесі болса, айырым жазып бер, ал, бұдан басқа тақырыптағы пікірің болса, сөйлей бер!
- Жолдастар, мен Биғабілдің бірнеше мәселесіне көмектестім. Бірақ бірін де қабылдамай, өзіме қарсы ұшып отыр. Сонда да ойлансын, есіне түсіріп қояйын деген ниетпен ғана сөйлеп отырмын. Енді біреуін айтып көрейін. Сонан соң сіздер де сөйлеңіздер! Есіне түсіру - дұрыс тануына көмектесу, дұспандық емес, достық.
- Биғабілдің өзінің есіне түсу үшін емес, қағазға түсу үшін деп тым болмаса бір рет шыныңды айтсаң сөйлер едік! -деген біреуінің сөзін бірнешеу күле құптады. Осы жиындағы қотыр сөзді қолдап, шын сөзді елеусіз қалдырып отырған басқарушының олақтығын да осы күлкімен ептеп шымшылап жатты.
Бұл күлкіні менің сөзім тоқтатты:
- Бірін емес, бәрін-ақ сөйле, -дедім Сәрсенге қарап. - Сый қылсаң сыпыра болсын, нысанаңа бірі болмаса бірі тиер, бүрке бер!
- Биғаш, сен төңкерістік бірлік сапқа ежелден қарсысың ғой, -деп сабақтады енді Сәрсен. - Моллаларды, дінді көміп тастаймын деп 47-ші жылы осындағы барлық бірлік сап адамдарын дүрліктіргенің рас қой, сондағы мақсатың не еді?
- Мақсатым төңкерістік бірлік сапты қорғау үшін мектептегі ғылым сабағына, материализмге қарсы тұрған кері төңкерісшілерді, атап айтқанда сенімен Набиолла молланы ғана аластау болатын. Ондағы мәселені осындай отырғандардың бәрі, тіпті, Лиң шужи де біледі. Бұдан басқа шындыққа сәл жақынырақ «көмегің» бар ма?
- Жолдастар,, Биғабілдің райын байқадыңдар, енді біраз сөйлесем, жұдырық ала жүгіретіндігі көрінді ғой, онысына тап болмай, осымен тоқтата тұрғаным жөн шығар. Биғабіл осы үйренуден хабарланған күннің кешінде өзінің Тұрсын-Шәкен шайкасын ақтаушы ең тіректі серігімен жасырын сөйлесіп алған. Үстінен түскен бір жолдасқа, «сені Сәрсен жіберді ғой» депті де шығып жүре беріпті. Сондағы ақылдасқандары мәселелерін қалай жасыру, әшкерелеушілерге қалай соққы беру екендігі беп-белгілі. Мен осымен артын күте тұрайын. Ал, сөз көпшіліктікі.
- Ей, Сәрсен, -деді Ербол - «көмегіңе» өзі зәру болып, талап етіп отырғанда қыңыратқымай сөйлеп ал! «Жұдырық ала жүгірсе» мына сақшылар не бітірмек, біз не бітірмекпіз! Әшкерелейтін мәселең болса, осындайда ақтарып ал! Байқасақ бәріміз де саған ерекше құқық беріп отырыппыз, сөйле!
- Енді несін сөйлемек, бітті! -деп мен қарқылдап күлдім. - Сәке өзіңді-өзің, әсіресе кейінгі «көмектеріңде» тамаша әшкереледің сасқаныңнан тіпті әнеу бір Құдай қосқан әдемі құлағыңды да әшкерелеп қоймадың ба!.. Распа, Әлия, мынауың құпиялығыңды сақтайтын опалы бастық бола алмай қалды ма, қалай! - Әлия күреңіте түссе де күлімсіреген болып төмен қарап алды. - ал енді «басшылық жолдастар, енді мені «мырза» деп қомсына бермей, сөйлеу құқығымды қайтарып беріңдер!... Осы шығармадан білгеніме өзімнен болмаса да маңымнан іс жүзіндік мықты мисалдар айтып, мен де азаматтық «көмектесу» борышымды өтейін!
- Сөйлесін, сөйлесін! -деп шу көтерді көпшілік. - Қайдан болса да амалиатқа байланыстырып сөйлесе болмады ма!
Әлгі саяси бөлімнің кадры Жаңбужаңмен тағы да күбірлесе кетті, сағатына қарап жіберіп, бірдеме айтып тоқтады. Оның ұйғарымын тағы да Жаңбужаң мәлімдеді:
- Үйрену уақыты бітіп қалды дажа-мажа. Бұл талаптарыңды үйренудің басшылық группасына жеткізіп, соның нұсқауы бойынша ертең жауап берелік, дұрыс па, бұрыс па?...
Ертеңіне таңертең мені жеке шығарып алып, не сөйлейтінімді сұрады Жаңбужаң. Шәкен туралы сөзімнің, жұртшылыққа енді мүлде кері әсер тудыратынын айтып тосты да, Сәрсен туралы көп адам білмейтін факт болса ғана сөйлеуімді қосты. Оны да ептеп қана нақтылап қана қысқа сөйлеуімді тапсырды сөйтіп.
Үйрену басталысымен Сәрсен туралы түсінік берді өзі. «Сәрсеннің қазіргі белсенділігі аса жақсы» екендігін, «өз мәселесін де үздіксіз тапсырып» жатқандығын, «әлі де сынақ астында» екендігін, егер өздігінен ада-күде толық тапсырмаса ғана жұртшылық алдында тексеретіндігін» ескертіп, "бұл үйренуде Сәрсен туралы көп мисал алмай-ақ күтудің" керектігін айтты...
Менің сөзім сол екі сағатты түп-түгел жұтып алғанын сезбей қалыппыз. Сәрсен туралы «мисалды» ептеп қана сөйлесем де, өзінің сыбағасын басына кептеп қана кигізіппін. Шын пейіліммен «нақтылап қана» ұсынған екі-үш материалым келепандай кесірлі басына шап-шақ қана қалпақтық «көмек» бола кетті. 1945-шы жылы жаздағы жиырманеше қойшыны жалдап, гоминдаң бирократтарының халықтан бұлаған 12 қора қойын Үрімжіге жеткізіп бергені сол қалпақтың «күнқағары» болып тігілген соң Үрімжіге дейін делдиген топ-тоқ қалпақ болып, қона кетпесін бе....
Әділетті тергеушім, біз сол шақта қалпақ дегенді солай шақтап қана тігіп, нақтап қана кигізуші едік. Онымыз қонымды болып еді. Қазір сіздер алтын таразыларыңыздың басшылығында найзадай шошақтап тігіп, тоқбақтап кигізіп жүрсіздер. Бұларыңыз өлімді болып барады. Киген бас дал болып өле берсе, кигізген сол қалпақтарыңыз жесір қала бермей ме. Оларыңыз улап-шулап, өз бастарыңызға жабыспай қалай күнелтпек! Әкелері жоғала берсе, өңшең жетім қылмыс, өздеріңізден басқа кімді паналамақ! Мінеки, менің жадымдағы қылмыс осыншалық арсыз.
(Жалғасы бар)
«Абай-ақпарат»
[1] Санмиңжуии (гоминдаң саясаты) - үш мұрат.