Молдағали Бектұрлыұлы. Құлжа сахараларында жұт
Молдағали Бектұрлыұлы (1875-1932) – Жайық бойында туылып, Құлжада қайтыс болған ағартушы, журналист. Түркияда білім алып, 1909 жылдан бастап қытай қазақтары арасында мұғалім болды.
Өз заманының алғабасар өкілі ретінде ағартушылықтан бөлек, газет-журналдарға да хат-хабар жазып, автор ретінде қатысып отырды. Жазба соңында аты-жөнін – «алыстағы тілшіңіз» - деп, көрсетеді. Молдағалидың Қытай жерінде жүріп жазғандары татардың «Шура» (1908-1917) журналы, «Айқап» (1911-1913) журналы, «Қазақ» (1913-1918) газеттері «Қызыл ту» газеттерінде жарияланып тұрды. Белсене қалам тартып, өз көрген-білгендерімен, ой-толғамдарымен бөлісті. Әсіресе, Қытай қазақтарының салт-сана, әдет-ғұрыптары, қоныстануы, шаруашылық реттері мен тіршілік жай-күйлері туралы мол мағлұмат қалдырды. «Қытай қазағы», «Қытай қазақтарының ас беруі», «Құлжа сахарасында жұт», «Қытайша оқу», т.б. сияқты 20-дан астам жазбалары бар. Мақалаларының қай-қайсысы болсын, бүгінгі күн талап-тілегі тұрғысынан этнографиялық бояуының сонылығы, деректік құндылығының жоғарылығымен маңыз алады.
Төменде «Айқап» журналының 1915 жылғы 31 наурызда шыққан №6 санында жарияланған «Құлжа сахараларында жұт» атты жазбасын оқырманға ұсынамыз!
«Айқап» . №6.1915. 31 март.
Құлжа сахараларында жұт
(Өз тілшімізден)
Қытайға қараған Құлжа сахарасында атақты «Іле» өзені бар: басы Құлжаның күн шығысында. Бұған үш өзен құяды: бірі Текес – сол түстіктен. Екіншісі – күн шығысдан. Үшіншісі Қас – оң түстіктен. Бұл сулардың үшеуі бірге қосылған соң атақты «Іле» суы болып аталады. Бұл сулардың әр біреуінің бастары машһүр «Тяншан» тауларының бір бөліктерінен шығып Құлжа һәм Алматы сахараларын өтіп «Балқаш» көліне құяды.
Әлгі үш өзеннің бойын қоныс қылып жатқан онбес болыс орта жүз Қызай деген қазақ бар. Бұлар бұл үш өзенге қоныс салып ие болғанына 35-40 жылдар болар; сонан бермен қарай төрт хүкіметке қарады: орыс, тараншы, қытай. Осы күнде қытай қол астында тіршілік етеді.
Мұнан 35 жылдар бұрын қалмақ менен қазақ араласып рос менен қытай шегінде «Бұратала» деген жерде жайлап қыстап жүріпті. Сол кезде қазақта әділдігі туралығы менен аты шыққан бүкіл Қызайды бір аузына қаратқан «Сасан» деген бір адам болған. Қалмақдардың айлагер «Арашап» деген батыры болған. Бір уақытта қазақ менен қалмақ арасы бұзылып, бұлар өз ара жауласып кетті. Бір шапқыншылықта қалмақтың кәдірлі батыры «Арашапды» қазақтар өлтіріп қалмақты жеңеді; сөйтсе де елдің арасы бұрынғысынан жаман өшегісіп кеткенсоң, Сасан би елді бастап жоғарыда айтылған үш өзеннің бойынан келіп қоныс алады. Ол уақытта бұл өзеннің бойларында ел аз, кей біреулері тіпте елсіз болған. Ағаштың қалыңдығы, аңның көптігі адам айтарлық болмаған. Бұл күнде ағашта, түрлі аңда бітуге жақындаған. Бұл үш өзеннің жері – суы бірінен бірі өтеді. Егіндік үшін аса қолайлы, шабындығына адам айран асыр қаларлық.
Мұнан жирма жылдар бұрын Қызай халқы жалпы ұрлыққа айналған. Іледен Алтайға аттанып қазақ – қалмақ деп айырмай қолына түскен малды айдап келген. Реті келгенді елде шапқан. Сол кезде аттаныста жүріп «Батыр» атанған адамдары осы күнде де тірі. Жирма жылдан бермен қарай ұрлық-зорлық азайып тынышдық хасыл болған. Ол Қызай елі үш болыс екен. Тынышдық орналасқан соң қызай халқына жақсы дәулет біткен. Бұл ел отыз жылдан бері қарай қыс көрмеген, жұтамаған. Кей бір жылдарда тізеден қар болса да қысы жұмсақ болғансоң шөп шабуды, жинауды онша ескере қоймаған. Он бес жылдан бермен қарай үй басына бір табақтан егін сала бастаған. Әлі осы күнде де бір табақтан артық салушылар қол менен ғана санарлық. Он жылдан бермен қарай үй басына бір мың бау аса көп алғаны. Екі мың бау пішен болушы еді. Бес жылдан бермен қарай қыс қар жаумай қара өтіп жұртды би паруа қылып жіберіп барыс жылы кенет қатты қыс түсіп қалып еді.
Өткен 1914-нші жылдың ақырында декабр бастарында жерге аздап қар жауа бастаса да, төрт түлік мал далада жайылудан қалған жоқ еді. Қамсыз қазақтың қорасының төбесіне жинаған көбінің бір мың, екі мың бау, азының бір жүз, екі жүз бау пішені бар еді. Мінетұғын бір атқа түнге қарай бір екі бау пішен беріп күндіз далаға айдап отыра беруші еді.
Январдың басында үш күн, үш түн қатты үскірік боран соғып жерге аршын жарым қар жауды. Далада мал жайыларлық жер қалмады. Бұрын аттың тізесінен келген қарды көпсініп жүрген шаруаға бұл қалың қар міскіл жұмыс болды. Шөбі барлар малына шөп бере бастады. Шөбі жоқтар теректі кесіп құлатып, бұтағын малына жегізе бастады. Бірінші фебралда жұрттың көбінің ақ пішені таусылып еді. Осы күнде малға өлім кірді.
Тауда қыстаушы елден үш үй сегіз адамы, үш жүз қойы, бірнеше сиры менен көшкеге кетіп қар астында қалды (көшке деп таудан лап беріп құлайтұғын қалың қарды айтады).
Әр жерден көшке зарары естіліп тұр. «Қас» бойында да көшкеге кеткен үйлер бар деседі. Әзірге анығы би мағлұм.
Қардың қалыңдығынан бір елдің бір елге қатынасуы қиын болды. Құлжа жақтарында адамнан да шығын бар деп естиміз. Шөптің зарын тартқан жұрт «құдай жазды қолға берсе ме пішен, пішен» деп қолына түкірісіп жүр. Кім білсін жаз шығып қымыз айран ауызға тиген соң ұмыт болып кетпесе. Бірақ биыл жаз қымыздың болуыда екі талай, өйткені бие біткен іш тастап болды. Егерде қар мартқа немесе апрелге шейін жатса қызайда малдың қалуыда күмән.
Моллағали Бектұрлы баласы
Дайындаған Абай Мырзағали
Abai.kz