Осының уақыты келді
Қазақстанда жұрт демалатын туристік жерлер көп - ақ.
Бірақ осы көрікті жерлерді аралап жүргенде мені бір қынжылтатын нәрсе осы жерлердің орысша атаулары. Солтүстік өңірдегі осындай біраз жерлердің Совет заманынан бері мұрты бұзылмай тұр. Таза совок.
Біз тек қана "Павлодар мен Петропавлдың атауын өзгерту керек" деп далақтап шапқылап осы жерлердің атауын өзгертуді ұмытқан сияқтымыз. Шын мәнінде бізде бұл екі қаланың атауын өзгертуден басқа атқаратын жұмыстар қыруар.
Астананың жанындағы Бурабайды санасыз қазақтар әлі Боровой дейді. "Бұрын бұл жерде бірдеңе бұрғылаған мыс".
Қостанай жақта Сосновый Бор деген бар, Павлодарда "Иртыш", "Роща"... жалпы біздің Солтүстік өңірдегі демалатын көрікті жерлердің атаулары я орысша, я орыс тонын киген қазақша атаулар.
"Жер көлемі бойынша тоғызыншы орын аламыз" деп мақтанғанда кереметпіз, бірақ ана атауларға қарап отырсаңыз, бұл жер бөтен біреудің үйі сияқты.
Одан бұл жерлердегі демалыс орындарының қызмет көрсетуші персоналдарының қазағы болсын, орысы болсын, міндетті түрде орысша сөйлейді.. Сонымен Ресейде жүргендей боласыз.
Ол ол ма, Астанадан 120 шақырым жерде, Ерейментау ауданында әдемі тау сілемдері бар. Сол жаққа қазір соны "Соколиные горы" деп атап демалушылар көбейді.
Астана маңындағы қазақы аудандардың бірінде ол неғылған "Соколиные горы" десей шіркін..
Астананың іргесінде "вячеславское водохранилище" дегені де бар.
Әр қырат, сай, төбесіне ат қоятын қазақ сол жерлерге ат қоймады дегенге кім сенеді?
Ол жерлердің көне қазақша төл атаулары болуы керек, алайда ол атаулар меніңше көлеңкеде қалды.
Мен бірде Бурабайда демалып жүргенде мынадай көрініс көрдім. Бір қазақ турист жергілікті орыстан "мына таудың атауы не" деп сұрағандай болды. Оған ана орекең "бұны Синюха деп атаймыз" деді.
Бұл Көкше ғой. Мағжан жырлаған Көкше.
Бұл жауапқа ана қазақ "әә" деп маңқиып тұрды да кетті. Ол не ойлап кетті, "ее мына жерлер бұрын орыс жері болған екен, біз бұны қазір отарлап жатыр екенбіз" деп кетті ме, итім білсін.
Ал енді біздің Шығыс Қазақстан облысын нағыз жер жауһары десе де болады. Ол арада атажұрт Алтайдың батыс етегі біздің шекарадан бері жатыр. Ол жерде небір сұлу көлдер, асқар тау шыңдары, керемет жерлер бар. Ол жерлерді біраз қазақ білмейді.
Сол Алтай маңындағы көрікті өзен - көл, тау - шатқал, жер атауларының түгелге жуығы орысша десе де болады.
Глубокое, Серебрянск, Язевое, Рахмановские ключи тағысын тағы...
Бұл жерлерден теріскейге қарай Ресей шекарасы қол созым жерде тұр оны ары ассаңыз, Алтайский край, Барнаул...
Біздің Шығыс өңірдегі жерлердің Ресей облыстарынан айырмасы шамалы.
Мен 17 - 18 ғасырдағы Сібірді зерттеген орыс саяхатшыларының деректерін жиі қарап отырамын. Сонда байқағаным: Сібірдегі жер атауларының жартысынан көбі түркі атаулары. Орыс саяхатшылары бұл жерлердің түркіше атауын жазып оның мағынасын аударып отыруды ұмытпапты. Сібірдің орысша атауын иемденгені бертінде ғана болған нәрсе, оған шейін ол жерлерде түркі атауларынан көз сүрінеді.
Бізде де солай.
Бізге кейін көшіп келген переселендер Покровское, Семеновское, Васильевское деп өз атауларын таңды. Солай бұл жерлердің көне атаулары ұмыт болды. Қазіргі қазақтар бұл орысша атауларды қабылдап үлгерді.
Атауды қабылдады демекші, қазір Қытай Шығыс Түркістандағы біраз жер атауын, қалаларды қытай атауына көшіріп жатыр.
Енді бір отыз жылдан соң біздің балаларымыз қытай шекарасын асса, ол жерде қытай атауымен тұрған қытай әлеміне тап болады. Одан соң кейінгі қазақ ол жерлерді қытай жері деп еріксіз мойындайтын болады. Ол солай. Жер атаулары дегеніміз - үлкен саясат. Ал мыңдаған жұрт топырлап барып демалатын жерлер сол саясаттың жарнамасы.
Меніңше, бізге Павлодар мен Петропавлдың атауын өзгертпес бұрын осы көзге ұрып мұрты бұзылмай тұрған атауларды өзгерту керек сияқты.
Осының уақыты келді.
Олжас Әбіл
Abai.kz