Ауыс-түйіс: Кімдер қызметке тағайындалды?
Кешелі-бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар лауазымды тұлғаларды тағайындады. Кеше Президент Жарлығымен ҚР Бас прокуроры Берік Асылов қызметіне қайта тағайындалды. Ақордадағы ауыс-түйістер бүгін де жалғасуда.
ҚР Бас прокуроры – Берік Асылов
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Берік Ноғайұлы Асылов Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры лауазымына тағайындалды», - деп жазылған Ақорда Жарлығында.
Берік Асылов 1964 жылы дүниеге келген. 1991 жылы С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын прокуратура органдарында бастаған. 1992-2001 жылдары Алматы қаласы Алатау ауданы прокуратурасының аға тергеушісі, ҚР Бас прокуратурасы жанындағы аса маңызды істер жөніндегі тергеуші және аға тергеуші, Алматы авиациялық көлік прокурорының орынбасары болды.
2022 жылғы 3 наурыздан бастап Қазақстан Республикасының Бас прокуроры қызметінде болды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2024 жылғы 6 мамырда оған 1-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі сыныптық шені берілді.
ҚР Жоғарғы Сот төрағасы – Асламбек Мерғалиев
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Асламбек Амангелдіұлы Мерғалиев Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы лауазымына тағайындалды», - деп жазылған Жарлықта.
Асламбек Мерғалиев 1972 жылы дүниеге келген. Ыстамбул мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.
2022 жылдың 8 желтоқсанынан бастап – Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы қызметін атқарып келеді.
Халық Кеңесі төрағасының орынбасары – Қанатбек Жайсанбаев
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Қанатбек Бақытұлы Жайсанбаев Қазақстан Халық Кеңесі Төрағасының орынбасары – Қазақстан Халық Кеңесі Хатшылығының басшысы болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды», - делінген Жарлықта.
Қанатбек Бақытұлы 1980 жылы 8 ақпанда Қызылорда қаласында дүниеге келген. 2000 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясын заңгер мамандығы бойынша бітірген. Сонымен қатар Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономика университетін 2012 тәмамдап, экономика және бизнес бакалавры дәрежесін алды.
2023 жылғы 1 қыркүйекте Мемлекет басшысының өкімімен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі лауазымына тағайындалған.
Abai.kz