Жұма, 22 Қараша 2024
Алтын Ордаға 750 жыл 4446 0 пікір 27 Қазан, 2021 сағат 13:48

Алтын Орданың әскери рәміздері

Бүгін Атырау қаласында «Ұлық Ұлыс – Алтын Орда» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция басталды. Оған Қазақстан, АҚШ, Ресей, Украина, Түркия мен Башқұртстаннан тарихшылар, зерттеушілер мен әдебиетшілер қатысуда. Біз аталған конференцияға қатысушы, тарих ғылымдарының кандидаты, қару-жарақ зерттеушісі Қалиолла Саматұлы Ахметжанның зерттеуін Abai.kz оқырмандарына ұсынбақпыз.


АЛТЫН ОРДАНЫҢ ӘСКЕРИ РӘМІЗДЕРІ
(БЕЙНЕЛЕУ ДЕРЕККӨЗДЕРІ БОЙЫНША)

Алтын Орда кезеңіндегі әскери белгілердің - тулардың, байрақтардың, жалаулардың түрлерін, олардың ерекшеліктері және пішіндерін зерттеу бүгінгі күнде өзекті ғылыми мәселелердің бірі. Өкінішке орай, Алтын Орда кезеңіне жататын нақты тулар мен байрақтардың бізге жеткен, сақталған үлгілері жоқ. Жазба дереккөздерінде де ол туралы нақтылы мәліметтерді кездестіре алмаймыз. Сондықтан Алтын Орда мемлекетінде қолданылған әскери рәміздерінің түрлері мен формаларын зерттеуде тарихи дереккөздері ретінде, ақпараттық мүмкіндігі мол бейнелік материалдардың маңызы өте зор. Бұл тақырыпты зерттеу барысында біз Шыңғыс хан империясының құрамына кіретін аймақтар мен халықтардың, сонымен бірге Жошы ұлысымен, Алтын Ордамен түрлі әскери қатынаста болған елдер мен халықтардың да бейнелеу өнерінің ескерткіштерін пайдаландық.

Тақырыпты зерттеуде бейнелік дереккөздері ретінде «Бейнелі жылнамалар жинағы (Лицевой летописный свод)», «Мамай шапқыны туралы аңыз (Сказание о Мамевом побоище)» және тағы да басқа ортағасырлық орыс жылнамаларына салынған миниатюралар қолданылды. Ортағасырлық орыс миниатюраларын зерттеген ғалым А.В.Арциховский миниатюраларды салған суретшілердің өмірде қолданыста болған ертедегі заттарды нақтылы бейнеленгеніне сеніммен қарауға болатынын жазған еді [Арциховский, 1944, с. 3]. Әсіресе XIV-XV ғасырлардағы араб, парсы, шағатай тілдеріндегі тарихи жазба ескерткіштерге салынған Шығыс (Қытай, Түрік, Иран, Орта Азия) миниатюраларында әскери рәміздердің бейнеленуі реальдық сипатымен ерекшеленеді [Восточная миниатюра, 1980; Полякова, Рахимова, 1987; Пугаченкова, Галеркина, 1979; Persian painting, 1977; Figurative Art in Medieval Islam, 2004; The Life and Times of Genghis Khan, 1970].  Сонымен бірге XIІІ ғасырда Русь, Батыс Еуропа жерлеріне жасалған монғол шапқыншылық жорықтары көрініс тапқан ортағасырлық Еуропа хроникаларына салынған миниатюралар нұсқалары деректік негіз болды. Бұл бейнелік дереккөздерінде негізінен Жошы Ұлысы, Алтын Орда әскерінің жаулап алу жорықтары, әскерлердің шайқастары, шайқасушы армиялардың қарсы тұру көріністері, жауынгерлік жекпе-жектері бейнеленгендіктен әскерлердің айыру белгілері болған жауынгерлік атрибуттары, соғыс рәміздері міндетті түрде көрсетіліп отырады. Бұл мол бейнелік материалдарды өзара салыстыра, салғастыра зерделеу, тереңдеп талдау Алтын Орда (Жошы Ұлысы) дәуірінің әскери рәміздерінің алуан түрлерін, олардың өзіндік ерекшеліктерін анықтауға мүмкіндік береді. Ауызша және жазбаша мәліметтер қосымша деректер ретінде пайдаланылды.

Өнер ескерткіштерінде біз Алтын Орда кезеңіндегі әскери символиканың үш түрін көреміз - ту, байрақ және жалау.

Ту. Өнер ескерткіштерінде жиі бейнеленген әскери рәміз - ту. Тудың негізгі бөлігі – желегі. Бейнелеу материалдарына сүйенсек, алтынордалық әскери туларды желегінің пішіні бойынша бірнеше түрге бөлуге болады: үшбұрышты пішінді ту, төртбұрышты пішінді ту, бірнеше құйрықты тулар. Бұл үш түрдің өзіндік көптеген түрлік нұсқалары бар.

1-сурет. Үшбұрышты желекті тулар. 1-3,5) Үшбұрышты Алтын Орда туларының орыс миниатюраларында бейнеленуі.  XIV-XVІІ ғғ. 4) Иран миниатюрасында бейнеленуі. XIV ғ. 6) Қыпшақ балбал тасында бейнеленген үшбұрышты ту. XIV ғ. 7) Иран миниатюрасында бенеленген үшбұрыш желекті ту. XIV-XV ғғ.

Үшбұрышты тулардың бірнеше нұсқалары бар. Біріншісі - бір түсті желекті ту (1-сурет.). Үшбұрышты желегі бар алтынордалық тулар ортағасырлық орыс миниатюраларында (1-сурет, 1-3,5), иран миниатюрасында (1-сурет, 4) бейнеленген. Олардағы желектің ұзындығы мен биіктігінің қатынасы 1х3 немесе 1х2. Қыпшақ тас мүсінінің артқы жағындағы үшбұрышты желекті тудың бейнесі (1-сурет, 6), Орта Азия мен Иран миниатюраларында мұндай желектері бар тулардың бейнеленуі (1-сурет, 7), тудың бұл түрі XIV-XV ғасыр үшін Шығыста дәстүрлі форма болғандығын көрсетеді.

Алтынордалық үшбұрышты тудың екінші түрі - бір немесе екі түсті, бір-біріне қосылған екі үшбұрышты желегі бар ту. Осындай алтынордалық туды Бату ханның Суздальды жаулап алуын бейнелейтін ортағасырлық орыс миниатюрасынан көреміз (2-сурет, 1). Ту желегінің бұл түрі де ортағасырда Шығыста кең таралған ту пішіні болды.  Тудың бұл формасы ортағасырлық Шығыс миниатюраларында да бейнеленеді (3-сурет, 2). Ту желегінің бұл түрінен кейін ұшы екі үшбұрышты бөлікке бөлінген ту желегі пайда болған болу керек. Өнер ескерткіштерінде алтынордалық тудың ондай түрлерін де көреміз (2-сурет, 3-5).

2-сурет. Үшбұрышты екі желегі бар тулар. 1,3) Екі үшбұрышты желекті Алтын Орда Туы. Ортағасырлық орыс миниатюрасынан. 2) Иран миниатюрасында бейнеленген үшбұрышты екі желекті ту. XV ғ. 3,4) Желектің ұштары екі үшбұрышқа бөлінген алтын ордалық әскери тулар. Орт ғасырлық орыс миниатюраларынан.

Үшбұрышты желекті тудың үшінші нұсқасы – желегінде сап жағында төртбұрышты, бірнеше түсті тік жолақтар тігілген  ту (3-сурет). Алтынордалық тудың бұл түрі орыс миниатюраларында жиі бейнеленеді (3-сурет, 1-6,8), олардың желектері қызыл, жасыл түсті матадан тігілген. Желектің тік қосымшасы әдетте екі-үш сары жолақтан тұрады. Алтын Орда туының мұндай түрлері Әмір Темір мен Тоқтамыш хан әскерінің қарсы тұруын бейнелейтін ортаазиялық миниатюрада да бейнеленген (3-сурет, 7). Үшбұрышты желегі және тігінен тігілген түсті қосымшасы бар тулар Шығыс миниатюрасында да жиі бейнеленеді (3-сурет, 9). Яғни, тудың бұл түрі де Шығыста кең таралған.

3-сурет. Желегінде бірнеше түсті тік жолақтары бар алтынордалық тулар.1-6,8) Орыс миниатюраларынан. XIV-XV ғ. 7) Ортаазиялық миниатюрадан. XIV ғ.

9)Ортағасырлық шығыс миниатюрасында бейнеленген желегінде түсті тік жолақтары бар ту. 

Алтын Ордада қолданылған әскери тудың келесі түрі - төртбұрышты желегі бар ту (4-сурет).

4-сурет. Тікбұрышты желегі бар тулар.1)Ортағасырлық орыс миниатюрасында бейнеленген Алтын Орда туы.2) Каталон атласында бейнеленген алтынордалық жалау. XIV ғ.3-5) Венгр хроникасына салынған суреттен. XV ғ. 6) Петроглифте бейнеленген төртбұрышты желекті түркі туы. VІІІ ғ.

Мұндай Алтын Орданың әскери тулары орыс миниатюраларында (4-сурет, 1), еуропалық карталар (4-сурет, 2) мен жылнамалық хроникаларға салынған суреттерде (4-сурет, 3-5) бейнеленген. Бұл формадағы ту желегі түркі заманында пайда болған, сондықтан оның суреттерін түркі петроглифтерінде жиі кездестіреміз (4-сурет, 6).

Төртбұрышты желекті тулардың тағы бір нұсқалары - бір, екі немесе үш құйрықтары бар тулар. Бірінші нұсқалық түрі – бір құйрықты желекті ту (5-сурет). Әдетте құйрық тудың жоғарғы немесе ортаңғы бөлігіне бекітіледі.

5-сурет. Бір құйрықты тулар.1-2) Еуропалық (1,2) және ирандық (3,4) миниатюраларда бейнеленген алтынордалық бір құйрықты тулар. XIV-XV ғғ. 5)Бір құйрықты тудың Шығыс миниатюрасында бейнеленуі. XIV-XV ғғ.

Мұндай желекті алтынордалық туларды еуропалақ және ирандық миниатюралардан көреміз (5-сурет, 1-4). Ортағасырлық Шығыс миниатюраларында мұндай желекті тулардың бейнеленуі бұл ту түрі реалдық өмірде қолданылғанын куәләйді (5-сурет, 5).

Алтынордалық әскери тудың келесі түрі - желектің жоғарғы, ортаңғы және төменгі бөліктерінде үш құйрығы бар тулар (6-сурет).

6- сурет. Үш құйрықты тулар.Еуропа (1,2) және Иран (3-5) минаитюраларынан, XIV-XV ғғ.6) Үш құйрықты монғол туы. ХІХ ғ.

Бұл нұсқадағы алтынордалық әскери тулар еуропалық (6-сурет, 1-2) және шығыс миниатюраларында бейнеленеді (6-сурет, 3-5). Моңғолдарда тудың бұл түрі ХХ ғасырға дейін сақталған (6-сурет, 6).

Алтын Орда туларындағы желек түстері және ондағы бейнелік эмблемалар. Өнер материалдарында Алтын Орданың әскери тулары әртүрлі түстерде бейнеленеді. Өнер ескерткіштерінде қызыл, сары, жасыл, көк, күлгін түсті туларды көруге болады. Кейде тудың желектері екі түсті матадан да жасалды. Шайқас кезінде әртүрлі түсті әскери тулардың көтерілуі жазба және ауызша деректерде де айтылады.

Жасыл, көгілдір, күлгін тулар

Қозғалыстан алтынмен жарқылдады...

Түрлі түсті тулар жоғары самғап,

Олардың қаупінен ауа да тар болды.

[Материалы по истории казахских ханств, 1969. с.72,76].

Оң-солын қазақ, қалмақ бірдей түріп,

Тұрар-ды қызыл –жасыл ту тігіліп.

[Абылай хан, 1993, 155 б.].

Алтын Орда сияқты мемлекеттерді билеген Шыңғыс хан ұрпақтарының тулары да әртүрлі түсті болды. Құрбанғали Халидұлының айтуынша Орыс ханның туы қызыл болған. Сондықтан Сарай хандары қызыл тумен, Шағатайлықтар ақ тумен, Үгедей ұрпағы көк тумен ерекшеленген. Ұлы жүзде кейбір төре тұқымдары шұбар тумен айырықшаланды. Олар қызыл, ақ, жасыл тулы хандар әулетімен туыстық байланыста болғандықтан, бұл төре әулеттері қызыл, ақ, жасыл түсті жолақтары бар туы иеленген [Халид Құрбанғали, 1992, 103-105,171-174 бб.].

Эмблемалар. Шығыста ту желегіне әртүрлі эмблемалық бейнелер салынды. Алтын Орда туларында кездесетін басты эмблема – бұл жарты ай суреті (7-сурет, 1-4). Жарты ай бейнесі Алтын Ордада Исламның қабылдануымен пайда болған сияқты. Ортағасырлық Каталон атласында бейнеленген алтынордалық жалауда жарты аймен бірге Шыңғыс әулетінің тамғасы салынған (7-сурет, 5,6).

7-сурет. Алтынордалық тулардың желегінде кездесетін эмблемалар. 1-4) Жарты ай бейнесі салынған алтынордалық тулар. Ортағасырлық орыс минатюраларынан. 5,6) Жарты ай және шыңғыстық әулеттердің тамғалары салынған Алтын Орда жалауы. XIV ғ. 7-12) Тулардағы аңдар, жануарлар бейнелері. 13-16) Алтынордалық ту желегіне салынған тәж киген адам басының бейнесі. Ортағасырлық Еуропа және орыс миниатюраларынан. XIV ғ.

Туларда әртүрлі жануарлар, жыртқыштар (арыстан), жыландар (немесе айдаһар) да жиі бейнеленеді. Мысалы, аңдар бейнесі салынған алтынордалық туларды Еуропалық миниатюрада (7-сурет, 7-9), арыстан, жылан бейнелері бар туларды иран миниатюраларынан (7-сурет, 10-12) көреміз. Монғол шапқыншылығына арналған Еуропалық хроникаларға салынған минатюраларда моңғолдардың туларында тәж киген адам басы бейнеленген туды кездестіреміз (7-сурет, 13-15), мұндай адамның басы ортағасырлық орыс миниатюрасында да бейнеленеді (7-сурет, 16). Бұл Шыңғысхан әулетінің біреуінің туы болуы ықтимал.

Байрақ. Әскери символиканың бұл түрі – жоғарғы жағында ұштығы бар, қодастардың немесе жылқылардың құйрықтармен, шашақтармен безендірілген әскери билік белгісі болды. Өнер ескерткіштерінің деректері аттың және қодастың құйрығынан жасалған байрақ Шыңғысхан империясының құрамында болған, кейін жеке бөлініп шыққан мемлекеттерде қолбасшының, ханның билік атрибуты ретінде қолданылғанын көрсетеді.

8-сурет. Байрақ. 1,2) Алтын Орда әскерінің байрағы. Ортағасырлық орыс жылнамасына салынған миниатюрадан. XVI ғ. 3-5) Хулагу хан билеген Иран мемлекетінде қолданылған байрақтар. Иран миниатюраларынан. XIV-XV  ғғ. 6) Хубулай хан билеген Юань мемлекетіндегі қолданылған байрақ. XIV ғ. Қытай суретінен. 7)Монғол және қазақ байрағы.ХІХ ғ.

Бейнелік деректер Алтын Ордада байрақ жылқының қылынан жасалғанын, ұштығы найза түрінде болғанын куәләйді, (8-сурет, 1). Өнер деректері билік белгісі ретінде мұндай байрақ Шыңғысхан империясына кірген Иран мемлекетінде (8-сурет, 1-5), монғолдадың Юань әулеті билеген Қытай мемлекетінде (8-сурет, 5) де қолданылғанын және олардың формалары бірдей болғанын куәләйді. Олардың түстері қара, қызыл және ақ түсті болып, ұштықтары әртүрлі болып жасалған. Байрақ билік белгісі ретінде көшпелі түркі-монғол халықтарында ХХ ғасырға дейін сақталып келді (8-сурет, 7,8).

Өнер ескерткіштерінде аттың құйрығынан жасалған үлкен шашақ түріндегі қыл байрақ кейбір алтынордалық әскери туларда ұштықтың астыңғы жағында бекітілгені бейнеленген. Бұл тудың жоғары мәртебесінің белгісі болу керек.

Алтын Орда тулары мен байрақтары үштығының формалары. Көшпелі халықтарда тудың, байрақтың, жалаудың ұштықтары әдетте жезден, мыстан жасалды, кейбіреулері алтынмен жалатылды. Бейнелік ескерткіштерде Алтын Орда ту, байрақтары ұштығының біз 4 түрін көреміз: найза ұшы түрінде, шар түрінде, өрнектелген ашық немесе жабық гүл бүршігі түрінде. Күрделенген ұштық нұсқасында бұл пішіндер бірдей қолданылуы мүмкін. Өнер ескерткіштерінде алтынордалық тулар көбіне найза жебесі түріндегі ұштықтарымен бейнеленеді. Ежелгі дәуірде әскери қасиетті рәміздерді жауынгерлік найзаға бекітіп алып жүргендіктен, найза жебесі әскери ту, байрақ ұштығының негізгі түрі болды (9-сурет, 1-6).

Шар тәрізді ұштықтары бар алтынордалық тулар орыс, еуропалық миниатюрада (9-сурет, 7,8), моңғолдарды бейнелейтін ортаазиялық және ирандық мнииатюраларда (9-сурет, 9,10) көрсетілген. Каталон атласында осындай ұштығы бар Алтын Орда жалауы қалалық ғимараттың үстінде орналасқан (9-сурет, 10). Бірақ бұл әскери рәміз, ту емес, атласта көрсетілген қалалардың Бату хан билігінде екенін көрсететін жалау.

 9-сурет. Алтын Орда тулары және байрақтары ұштығының пішіндері. 1-6) Найза ұшы түріндегі ұштықтар. 7-11) Шар түріндегі ұштық. 12-16) Гүл бүршігі түріндегі ұштықтар. 18) Тудың гүл бүршігі түріндегі  ұштығы. XVІІ ғ. Түркия.

Ұштықтың күрделі түрі - гүл бүршігі түріндегі ұштық типі болды, мұндай ұштықты алтынордалық тулар иран, орыс миниатюраларында бейнеленген (9-сурет, 12-14). Орыс миниатюраларында бұл ұштық түрі аздаған шарттылықпен салынған, бірақ оларды ирандық, ортаазиялық миниатюралардағы аналогтармен және музейлік нұсқалармен салыстыру арқылы оның пішінін жақсы түсінуге болады (9-сурет, 15-18). Орта ғасырда бас кезінде ту ұштығының бұл типі Шығыста кең қолданылған.

Сонымен сөзімізді қортындылайтын болсақ, бейнелеу дереккөздерінің мәліметтері Алтын Орда мемлекетінде әскери рәміздердің бірнеше түрлері қолданылғанын, олардың пішіндері, ұштықтары Шыңғысхан империясының құрамына кірген халықтардың жауынгерлік атрибутика дәстүрлерінің ықпалын қабылдап, жалпы түркі-монғол, иран халықтарына ортақ бір арнада  дамып, қалыптасқанын куәләйді.

Әдебиеттер

  1. Арциховский А.В. Древнерусская миниатюра как исторический источник. – М.: Издательство МГУ, 1944. – 214 с.
  2. Восточная миниатюра в собрании Института востоковедения имени Абу Райхан Беруни Академии наук УзССР. – Ташкент: Издательство литературы и искусства им. Гафура Гуляма, 1980. - 103 с.
  3. Полякова Е.А., Рахимова З.И. Миниатюра и литература Востока: Эволюция образа человека /Альбом/. – Т.: Изд-во лит. И искусства, 1987. - 288 с.:ил.
  4. Пугаченкова Г., Галеркина О. Миниатюра Средней Азии в избранных образцах (из советских и зарубежных собраний). – М.: Изобразительное искусство, 1979. – 208 с. ил.
  5. Persian painting.Text by Basil Gray. – London: Skira, 1977. – 190 p.
  6. Figurative Art in Medieval Islam and the Riddle of Bihzad of Herat (14665-1535). Michael Barry. - Flammarion, 2004. – 408 p.
  7. The Life and Times of Genghis Khan. – London: Hamlin,1970. – 75 p.
  8. Материалы по истории Казахских ханств ХV-ХVIII веков. (Извлечения из персидских и тюркских сочинений). – / Составители: С.К. Ибрагимов, Н.Н. Мингулов, К.А. Пищулина, В. П. Юдин. – Алма-Ата: Наука Каз ССР, 1969. – 671 с.
  9. Халид Құрбанғали. Тауарих хамса (Бес тарих) / Ауд. Б. Төтенаев, А. Жолдасов. – Алматы: Қазақстан, 1992.  – 304 б.
  10. Абылай хан: тарихи жырлар / Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясы М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты / Құраст. С. Дәуiтов. – Алматы: Жазушы, 1993. – 416 б.

Қалиолла Ахметжан,

қару-жарақ зерттеушісі, т.ғ.к.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5322