Қазақстан ауған отбасыларына транзит дәлізін ұсынады
Қазақстан судья, депутат болып жұмыс істеген ауған әйелдері мен олардың отбасына транзит дәлізін ұсынады. Бұл туралы ҚР СІМ хабарлады.
«Қазақстан Республикасының гуманитарлық саладағы халықаралық міндеттемелеріне бейілділігін негізге ала отырып, Мемлекет басшысы ауған әйел судьялары мен парламентшілері және олардың отбасы мүшелері үшін транзиттік дәліз беру туралы шешім қабылдады.
Транзит үшінші елдерге одан әрі ұшу үшін Алматы қаласының әуежайы арқылы халықаралық үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастықта жүзеге асырылды»,- делінген хабарламада.
Informburo мәліметінше, транзит дәлізі арқылы 99 адам ұшуы тиіс.
17 қазанда Қазақстан тарабы "Талибан" әкімшілігінің жоғары лауазымды тұлғаларымен кездесіп, Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсету және сауда-экономикалық қарым-қатынасты қалпына келтіру мәселелерін талқылаған. Қазақстандық дипломаттардың әрекеті әлеуметтік желіде сынға ұшырады. Атап айтқанда, кей сыншылар бес мың тонна ұнды Ауғанстанға гуманитарлық көмек ретінде жіберуді терроризмді қаржыландыру ретінде бағалаған.
Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Нұр-Сұлтанның "Талибан" билігімен қарым-қатынасы жөнінде сұрақтарға жауап берді.
Министр "Талибан" қозғалысының халықаралық террористік ұйымдар тізімінде екенін, сол себепті әзірге халықаралық қауымдастық Ауғанстанның жаңа билігін мойындамағанын айтып өткен.
"Халықаралық қауымдастық мойындау үшін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі арнайы резолюция қабылдауы тиіс" деді ол.
Министрден ақпарат құралдары СІМ өкілінің қару ұстаған тәліптермен суретке түсуі туралы да сұраған.
"Ол (СІМ өкілі) президенттің халықаралық мәселелер жөніндегі арнайы уәкілі жетекшілік еткен қазақстандық делегацияның құрамында болды. Делегация Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсету бойынша арнайы миссиямен барған. Себебі халықаралық қауымдастық арасында Ауғанстанның гуманитарлық дағдарысқа ұшырауына жол бермеу туралы ортақ келісім бар. Себебі оның есірткі айналымы, діни экстремизмнің жандануы сияқты қауіпті салдары болуы мүмкін" деді Тілеуберді.
Оның айтуынша, Қазақстан билігі Ауғанстанға 5 мың тонна ұн жіберуден басқа көмек беру мәселесін қарастырып отырған жоқ.
"Қазір мәселе бұл елмен саяси келіссөз жүргізу емес, ауған халқына көмек көрсетуде болып отыр" деді вице-премьер.
Қазақстан Жоғарғы соты 2005 жылы 15 наурызда "Талибан" қозғалысын террористік ұйым деп танып, қызметіне тыйым салған. Ауғанстан билігін басып алған ұйым 7 қыркүйекте жаңа үкімет құрамын жариялаған. Министрлер кабинетінде бірде бір әйел жоқ, басым бөлігі терроршылар тізіміне енген "Талибан" содырларынан құралған. АҚШ тәліптер үкіметін уақытша немесе ауыспалы кабинет деп атаған.
Abai.kz