Бейсенбі, 18 Қыркүйек 2025
Жаңалықтар 141 0 пікір 18 Қыркүйек, 2025 сағат 15:12

Грузия Қазақстан алдындағы қарызынан толық құтылды

Сурет: Happy Travel.kz сайтынан алынды

Қазақстаннан бөлек тағы алты елдің алдындағы берешегін толық өтеген. 

1 қыркүйектегі жағдай бойынша Грузия Париж клубы аясында Ресей, Әзербайжан, Түркия, Қазақстан, Армения, Иран және Нидерланды алдындағы қарызын толық өтеп болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты FINMARKET.RU басылымына сілтеме жасап.

Грузия қаржы министрлігінің айтуынша, бұл 2004 жылы қарызды қайта құрылымдау туралы келісім аясында жүзеге асқан.

2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша Грузияның бұл елдерге берешегі 7,32 млн долларға жеткен, соның ішінде Ресейге 4 млн доллар қарыз болған.

Қайтарылған қарызға 1999 жылға дейін алынған 160 млн доллар көлеміндегі негізгі қарыз, 1999 жылдан 2004 жылдың мамырына дейін жиналған пайыздар және 2004-2006 жылдары төленуі тиіс қарыздар кіреді.

Басылымның жазуынша, қарыздарды қайта құрылымдау 2004 жылдың 1 маусымы мен 2006 жылдың 1 желтоқсаны аралығында жүргізілген. Тиісті келісім Халықаралық валюта қорының Грузияға көмек бағдарламасын мақұлдағаннан кейін жасалған.

Қарыздарды қайта құрылымдау басталғанға дейін Грузияның сыртқы қарыздары келесідей қалыптасқан. Атап айтқанда, Қазақстанға – 28 миллион доллар, Ресейге – 153 миллион доллар, Түркияға – 53,4 миллион доллар, Арменияға – 19,6 миллион доллар, Әзербайжанға – 16,2 миллион доллар, Иранға – 12,8 миллион доллар.

Жалпы төленген сома 225 млн доллардан асып отыр.

Грузияның сыртқы мемлекеттік қарызы 9,09 млрд долларға жетті. Бұл  көрсеткіш жыл басынан бері 5,8%-ға артты. Қарыздың 70%-ы еуромен алынған.

Abai.kz

 

 

0 пікір