Жұма, 22 Қараша 2024
Дабыл 5353 8 пікір 27 Қазан, 2021 сағат 16:21

Мақсат Халық: Ұлттық қор таусылуға жақын

Өткенде ЕАЭО аясында «ортақ валюта» тақырыбы тағы да талқы болғанын жаздық. Ортақ цифрлық валюта жайлы Еуразиялық экономикалық комиссия өкілі Ия Малкина деген әйел сөз етті.

«ЕАЭО дәл қазір ортақ цифрлық валюта енгізу мәселесін қарастырып жатқан жоқ. Алайда, бұл бұл тақырыпқа біз нақты шарттарды қарастырған соң қайтып оралуымыз мүмкін», - депті Малкина.

Депті де ЕАЭО-ға мүше екі мемлекет өз валюталарына балама ретінде, өз елдерінде жеке-жеке цифрлық валюта енгізіп жатқанын айтыпты. Олар: Қазақстан мен Ресей екен.

«Біздің комиссия (ЕЭК)  бірнеше жылдан бері бұл мәселе бойынша біздің ұсыныстарымызды қабылдауды сұрады. Алайда одаққа мүше мемлекеттер бұған дайын болмай шықты. Сөйтіп, біздің ұсыныстарымыздан бас тартты. Десе де, одақтас елдердің Орталық банктері ұлттық цифрлық валюта мәселесін өз ішінде қарастырып жатыр. Мысалы, былтыр Ресей Орталық банкі «цифрлық рубль» туралы баяндамасын жариялады. Ал ағымдағы жылдың мамыр айында Қазақстанның Ұлттық банкі «Цифрлық теңге» туралы баяндамасын ұсынды», - депті Малкина.

ЕЭК ресми өкілі Ия Малкина жоғарыдағы айтылған деректер негізінде, одақта ортақ цифрлық валюта енгізу тақырыбына қайтып оралуымыз мүмкін екенін нақтылап айтқан.

«Бұл мәселелер ЕАЭО мемлекеттерінің ұлттық құзыретіне қатысты. Бірақ одақтас тараптардың бұл бастамасы мен сол елдерде ұлттық цифрлық валюта технологияларын сәтті қолданған жағдайда, комиссия бұл мәселеге қайта оралуы мүмкін», - деп түйіндейді Малкина.

Сонымен, ортақ цифрлық валюта дегеніміз не? Ортақ валюта мен ортақ цифрлық валютаның айырмашылығы не? Оның Қазақстанға қауіпі қандай? Біз осы мәселелер жөнінде және Қазақстан экономикасының Ресейге тәуелділігі, жыл сайын көбейіп келе жатқан сыртқы қарыз бен түгесілуге жақын Ұлттық қор тақырыбында белгілі экономист Мақсат Халық мырзамен аз-кем сұхбат жасадық.

Ресейге сатқанымыздан, сатып алғанымыз көп

- Мәке, әңгімені бірден отақ цифрлық валюта тақырыбынан бастасақ... Біріңғай цифрлық валюта дегеніміз не? Ортақ ақша мен ортақ цифрлық ақшаның айырмасы не? Бұл бір-бірінің баламасы емес пе?

- Еуразиялық экономикалық одақ құрылды ғой. Әуелде сипаты экономикалық боп құрылды. Енді аталған одақ аясында сыртқа, соның ішінде долларға тәуелділікке төтеп беру мақсатында ортақ цифрлық валюта енгізу туралы ұсыныстар айтылып жатыр.

- Ортақ валюта туралы ұсыныстар 2014 жылдан бері айтылып келе жатса, ортақ цифрлық валюта туралы биыл жыл басынынан бері 2-3 мәрте көтеріліп отыр...

- Оның негізі Еуропалық одақтан алынып отыр. Еуропалық одақта кезінде «Бреттон-вудс» конференциясы болды. 1944 жылы. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін АҚШ долларды алтынмен теңестіру үшін дауыс беруді сұрады және барлығы сол кезде дауыс берді. Есесіне АҚШ бүкіл Еуропаны доллармен қамтуға уәде берді. Яғни, қарызға ақша береміз, деді. Бірақ, бір мәселе болды.  60-шы жалдарды Еуропа өз бетінше саясат жүргізе бастаған кезде, АҚШ оларға «диктовка» жасай бастады. Содан кейін, Еуропа  бұған наразылық білдірді. «Шалғайда жатқан мемлекет біздің ісімізге неге араласады», деді. Сол кезде АҚШ Еуропаның қолын бұрай бастады. Қарызды қайтаруды сұрады.

Онан соң, есіңізде болса, 70-ші жылдары Франция президенті доллардың барлығын жинап, АҚШ-тан долларды алтынға алмастырып беруді  сұрайды. Кейін, АҚШ ешкімді алтынмен қамтамыз ете алмайтынын мойындайды. Сол уақыттарда Еуропа елдері, АҚШ доларына тәуелділіктен құтылу үшін электрондық валюта ойлап шығарды. Олар өзара сауда жасағанда сол валютамен есептесетін болды. Яғни, өзге валютаға аударып жатпайды.

Менің түсінігімде, осы ЕАЭО  елдері арасында электрондық-цифрлық валюта енгізу туралы бастама осы сипатта көтеріліп жатыр. Қолға алынып жатса керек.

- Ал енді оның Қазақстанға қандай қаупі бар?

- Қазақстанға қауіпі болуы мүмкін. Мысалы, Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара тауар айналымын алып қарайық, біз Ресейден тауар алдық, Ресейге тауар саттық. Тиісінше, осы цифрлық валюта арқылы есептесе саламыз делік. Бірақ, бір мәселе бар. Ресейден көбірек тауар алсақ, ортада айырма қалады. Ол айырманы немен төлейміз? Оны қандай ақшамен қайтарамыз? Осы сұрақты тиісті органдарға қою керек? Иә, тиімділік жағы бар. Тез есептеседі. Валюта алмастырып жүрмейді. Мұны кәсіпкерлер де қолдауы мүмкін. Бірақ, айырманы қай валютамен төлейді? Доллармен бе, әлде рубльмен бе? Ертең бәрібір айырма болады. Біздің Ресейге сатқанымыздан, сатып алғанымыз көп.  Оның орнын ертең немен толтырамыз?

44 млрд:  экономикамыз қаншалықты ұлттық деңгейде қорғалып жатыр?

- Жалпы, екі ел – Қазақстан мен Ресей арасында экономикалық ықпалдастық – экономикалық тәуелділікке (Тәуелді тарап - Қазақстан) айналып бара жатқаны жасырын емес. Өзара сауда-саттықтағы дисбалланс, ЕАЭО-ның бір мүдденің (Ресейдің) монополиясына айналып кеткені көптен айтылып жүр. Бұл қашанға дейін жалғаспақ?

- Есіңізде болса, осыдан біраз бұрын Abai.kz-ке берген сұхбатымда, соңғы 5 жылда ЕАЭО аясында қарым-қатынастар туралы айтқанмын. Соңғы 5 жылда біз Ресейге 44 млрд ұтылып келеміз. Кейбір сарапшылар: «оған таң қалатыны жоқ. Біз одаққа дейін де, Ресейден көп сатып алатынбыз. Қазір де көп сатып алып жатырмыз. Оны одақа телудің не мағынасы бар», - деп шықты.

Біз қашанға дейін Ресейге ұтыла беруіміз керек? Осы жылы біз ЕЭК-те төрағалық жасап отырмыз.  Алдымыздағы желтоқсан айында Алматыда сол комиссияның жиыны өтеді. Сонда айтылуы керек. Осы одақ, осы комиссия аясында біздің экономикамыз қаншалықты ұлттық деңгейде қорғалып жатыр? Өйткені, біздің көптеген тауарларымыз Ресей шекарасында кедергілерге ұшырап, тұрып қалып жатыр. Ал Ресейдің қандай тауары болса да бізге оп-оңай өтіп жатыр.

- Қазір ел ішінде азық-түлік һәм тұтынатын өзге де тауарлар бағасы қымбаттап жатыр. Күн санап. Үкіметтің бағаны тұрақтандыру үшін жасап жатқан жұмыстары көз қуантарлық емес. Сол үшін де Парламент депутаттары Үкімет отставкасын талап етуде...

- Инфлияцияның жағдайына екі фактор әсер етіп тұр. Біріншісі – айналымдағы ақшаның ұлғайғандығы. Соңғы 1 жылда 4 трлн теңгеден астам қаражат айналымға енгізілген. Екінші фактор – кейінге шегерілген сұраныстар. Азаматтардың да, экономикадағы өндірістің де сұранысы артып тұр. Ал өндіріс, пандемия кезінде біраз тоқтап қалған. Ол уақыттарда сұраныс өте жоғары болмады. Үкімет сол өндірісті қалпына келтіріп үлгере алмай жатыр. Ал сұраныс көп. Тиісінше, тапшылық бар. Сондықтан көптеген тауарлардың бағасы қымбаттап отыр.

Ал енді Ресейге қарасаңыз, біздің теңгеміз бұрындары 5,5, тіпті одан төмен болатын. Қазір 6 боп тұр. Бұл бір жағынан дұрыс та. Ресей рубльіне қарағанда біздің валютамыздың құнсыз болғаны жөн.  Бұл белгілі бір деңгейде ішкі нарықтағы бәсекелестікті күшейтеді.  Олардың тауарларының қасында біздің өнімдеріміз арзанырақ болады.

Үкіметтің сыртқа қарызы ұлғайып келеді

- Өткенде Қазақстанның сыртқы қарызы 166 млрд долларға жеткені ресми түрде мәлімделді. Былтыр 150 млрд доллардан асатын. Оның алдында тіпті азырақ еді. Байқасаңыз, сыртқы қарыз жыл санап ұлғайып келеді. Бұл да өз кезегінде Тәуелсіздігімізге төніп тұрған қатер емес пе?

- Шынын айту керек, алдыңғы бір жылдары сыртқы қарыз біршама азайған еді. Қазір қайта өсіп келе жатыр. Соңғы 1-2 жылда біздің сыртқы қарымыз 150 млрд доллардың үстінде болған. Биыл тіпті 170 млрд-қа қарай бет алды. Демек, сыртқы қарыз өсіп жатыр. Осы қарыздардың ішінде бізге қауіптісі қайсы? Соны қарастыру керек.

Сыртқа қарыздардың өзі бөлінеді. Фирма аралық қарыздар деген бар, 65 пайыз шамасында. Фирма аралық қарыздар – елімізге тартылып отырған инвестиция. Шетелдік көптеген ірі компаниялардың елімізге құйып отырған инвестициялары. Олар өз қарыздарын, кейін өндіріп алады.  Бірақ, есесіне Қазақстанда зауыттар, кәсіпорындар тұрғызылып, халықты жұмыспен қамтып отыр. Бұл дұрыс тенденция.  Одан қорқудың керегі жоқ.

Қауіпті қарыздар бар – ол мемлекеттік бюджеттің тапшылығы үшін алынған қарыздар.  Ол Үкіметтің қарызы. Ол да ұлғайып жатыр. Көбінесе, біздің шенділер Үкімет қарызы - сыртқы қарыздың 8-9 пайыз ғана құрайды дейді. Ол шамамен 13-14 млрд доллар болуы мүмін. Бірақ, оның өзі өсіп жатыр. Соған мән беру керек. Үкімет өзінің бюджет тапшылығын сыртқы қарыз есебінен жаба беруі дұрыс емес.

Одан кейінгі маңызды сала – квазимемлекеттік сектор. Өкінішке қарай, бізде Ұлттық компаниялардың қарызын Үкіметтік қарызға қоспайды. Меніңше, оны қосып есептеу керек. Өйткені, ол да Үкіметтік қарыз. Қандай да бір Ұлттық компания сырттан қарыз алатын болса, ол Ұлттық компания болғаны үшін алады. Артында мемлекет тұр деп береді. Ертең ол компаниялар қарызын қайтара алмай жатса, мемлекет оған жауап береді. Сондықтан, оған да көңіл бөлу керек.

Осы жылы ғана Ұлттық банк соны айқындап көрсетті. Квазимемлекеттік сектор қарызы – 21 млрд доллардан асады деді. Сондықтан, жаңағы 8-9 пайыз дегенге осы 21 млрд долларды тағы қоссаңыз, бұл әлдеқайда үлкен қаражат. Бұл өте маңызды қарыз!

Одан кейін тағы бір 20 млрд доллардай қарыз – өзге секторлардың қарызы дейді. Ол қандай өзге секторлар? Айқындалмаған. Анық емес. Сол қарызға да үңілу керек, тексеру керек. Бұл қарыздарға қатысты мемлекет жауапкершілігі қандай? Бұл да күмәнді. Сондықтан, ол да қауіпті қарыз.

Ұлттық қор таусылуға жақын қалды

- Бір жылдары 90 млрд долларға жетеқабыл болған Ұлттық қор қазір ортайып, 56-57 млрд долларға таяп қалды. Бұлай жалғаса берсе, 3-4 жылда Ұлттық қор таусылып тынбай ма? Ондай жағдайда Қазақстан экономикасы қайтпек?

- Рас, Ұлттық қор соңғы жылдары ортайып жатыр. Өткен жылдың өзінде пандемиямен күресу үшін 4,7 трлн теңге алынды. Биыл 3 трлн теңге тағы аударылып жатыр. Өткенде ғана алдағы үш жылдық бюджет жоспарланып, бекітілді. Ол жерде де алдағы уақытта Ұлтық қордан 6,6 трлн теңге алынатыны белгілі болды. Демек, әлде де Ұлттық қор қаражатын алатын боп тұрмыз. Ұлттық қорға аударғаннан алғанымыз көп боп тұр. Бұл жақсы тенденция емес. Ертең Ұлттық қор таусылып қалуы мүмкін.  Осы жылдың өзінде, жаз айында Есеп комитеті Ұлттық қор қаражаты – ЖІӨ 30 пайызына жақындап қалды деді. Егер қордағы қаражат 30 пайыздан жоғары болса, онда өсе алады деген сөз. Егер сол 30 пайыздан төмендеп кетсе, онда жоғалуға бет алады. Онда Нигерия, Венесуэла секілді Ұлттық қорларын тауысып қойған еллдер қатыран қосыламыз. Сондықтан, Ұлттық қорды үнемдеп, керісінше ұлғайту жолдарын ойластыру керек.

Қазір Ұлттық қордың қаражаты АҚШ-та, Еуропада құнды қағаздар түрінде сақтаулы тұр. Сол қаражаттарға жыл соңында белгілі бір дәреже сыйақы беріледі. Сол сыйақыны ғана алып, жұмсауға болады.

Норвегияның мысалын қарасаңыз, осыдан 1-2 жыл бұрын трлн доллары бар қор болған. Әлемдегі номері бірінші Ұлттық қор. Қазір ол сома өсіп, 1,2 трлн доллардан асқан. Ал ол жақта халық саны 5-6 млн шамасында. Сонда, аз ғана халқы бар мемлекет, сондай үлкен қоры бар. Жоқ дегенде 10 пайыздық сыйақы мөлшерлемесінде, жыл соңында кіріс алса, 100 млрд доллардан астам қаражат Норвегия аспанынан төгілгелі тұр. Жай ғана сыйақының өзінен түсетін ақша бұл.  1 трлн доллар деп аузымызды айға білемеске те, біз Ұлттық қорымызды 100 млрд долларға жеткізсек, одан түсетін сыйақының өзі 20 млрд доллардай болады екен. Ал ол 20 млрд доллар, өткен жылы панлдемиямен күресеміз деп алған қаражаттан асып жығылады.

Жай ғана Ұлттық қорды ұлғайтып, соның сыйақысынан түсетін ақшамен-ақ, өмір сүруге әбден болады. Ұлттық қор қаражатын бюджет тапшылығын жабу үшін ғана емес, өнеркәсіпті дамыту үшін, адами капиталды жандандыру үшін т.б. жұмсасақ ол әлдеқайда пайда болар еді.

- Әңгімеңізге рахмет. Іске сәт...

- Өздеріңізге де көп рахмет!

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5318