Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2996 0 пікір 16 Шілде, 2012 сағат 08:37

Тұрсын Жұртбай. «Олардың өтірігін әшкерелеп бере аламын» (жалғасы)

3.

 

Айыптау қорытындысы Х.Досмұхамедовке 1931 жылдың 25 қазаны күні ғана мәлім етілген. Ескерте кететініміз, ендігі жауаптардың мазмұны мүлдем басқа арнада өтеді. Түрмедегі өткен бір жылда тергеудің аңысын аңдып, өздері де ойларын тиянақтап алған сияқты. Оған - жарыса жазылған мына өтініш пен мәлімдеме дәлел. Әуелі айыптау қорытындысына өтініш есебінде қарсылық білдірген. Содан кейін тергеу ісіндегі жалған хаттамалар жөнінде ашық мәлімдеме жасаған:

«СССР ОГПУ-і коллегиясының тергеу жөніндегі ерекше өкілі Поповқа тұтқын Халел Досмұхамедовтен өтініш.

3.

 

Айыптау қорытындысы Х.Досмұхамедовке 1931 жылдың 25 қазаны күні ғана мәлім етілген. Ескерте кететініміз, ендігі жауаптардың мазмұны мүлдем басқа арнада өтеді. Түрмедегі өткен бір жылда тергеудің аңысын аңдып, өздері де ойларын тиянақтап алған сияқты. Оған - жарыса жазылған мына өтініш пен мәлімдеме дәлел. Әуелі айыптау қорытындысына өтініш есебінде қарсылық білдірген. Содан кейін тергеу ісіндегі жалған хаттамалар жөнінде ашық мәлімдеме жасаған:

«СССР ОГПУ-і коллегиясының тергеу жөніндегі ерекше өкілі Поповқа тұтқын Халел Досмұхамедовтен өтініш.

Осы жылдың 25-қазаны күні маған: кеңес өкіметіне қарсы жасаған әр түрлі қылмыстары үшін - деген желеумен 58-баптың 7, 10, 11 тармақтары және 59-баптың 3-тармағы бойынша айып тағылды. Маған тағылған осы айыптардың ішінде мен төменде көрсетілген жайларды ғана мойындаймын: 1) 1922 жылы кеңес өкіметіне қарсы құпия ұйымға қатысып, жұмыс істедім. 2) Сол 22-жылы Ташкент қаласына жасырын келген Заки Валидовпен кездестім, содан бастап 24-жылдың ортасына дейін пікір алысып тұрдым. Өзімнің қызмет барысымда буржуазиялық ұлтшыл демократиялық идеологияны басшылыққа алдым. Маған тағылған қалған айыптарды мен мойындамаймын. 24-жылдан кейін мен кеңес өкіметіне қарсы ешқандай да құпия немесе ашық ұйымға, үйірмеге, тағы да басқадай алқаға  қатысқамын жоқ. Өзімнің буржуазиялық идеологиямды кеңестік талаптарға саналы түрде бағындырдым. Бар білгенім мен өзімнің барлық іс-әрекетім бұрынғы тергеуге берген жауаптарымда, соның ішінде 31-жылдың 14-қыркүйегінде берген жауабымда толық қамтылған.

Соны тағы да қайталаймын: 1) «Алаштықтармен» 24-жылдың қыркүйегінен бастап барлық байланысымды үздім және олардың Қазақстандағы қылмысты әрекеттеріне ешқандай да қатысым жоқ. 2) «Алқаға» қатысқамын жоқ. Білетінімнің барлығын тергеу кезінде хабарлағамын. 3) Мен Қазақстанда 28-жылдың күзінен бастап тұрамын. Тек  26-жылдың жазында ғана Қызылорда қаласында 2,5 ай тұрдым. Негізінен 28-жылға дейін Ташкентте болдым. Қазақстан үкіметінің жүргізген шараларына кедергі келтірген емеспін. Қазақстан үкіметінің шараларын бұзатындай ешқандай қастандыққа ешқашанда барған емеспін. 4) Мен жер жөніндегі мәселелерден мүлдем мақұрыммын. Бұрынғы «алашордашылар» да бұл жөнінде менімен ақылдаспайтын. Олардың бұл мәселе туралы менімен санаспауының өзі де тегін емес. 5) Байларды тәркілеуге қарсы еш жерде ешқандай үгіт жүргізген емеспін. Жер және тәркілеу туралы пікірімді 14-қыркүйек күнгі көрсетінімде жазғанмын. Ташкентте де, Алматыда да оқушылар мен оқытушылардың арасында бұл бағытта ешқандай үгіт жүргізбедім. Бір сөзбен айтқанда 24-жылдан бастап тұтқындалғанға дейін кеңес өкіметіне қарсы ешқандай да қылмысты әрекетке қатысқан емеспін.

Ал жала жапқандармен бетпе-бет кездестіру ұйымдастыруыңызды өтінемін. Олардың өтіріктерін әшкерелеп бере аламын. «Тынышбаевтің ісіне» қатысты тергеу кезіндегі беттесу соны растайды. Тынышбаев менің үстімнен ешқандай көрсетінді жасамағанын айтты. Поповтың қолымен жазылған қоғамдық актілерді (тергеудің сұрақ-жауаптары болуы керек - Т.Ж.) маған көрсеткен жоқ. Тынышбаев та 1922-1930 жылдардың аралығында қандайда бір ұйым болған-мыс деген пікірден бас тартты. Ұйым мүшелерінің тізімі мен оның құрылымы сызылған кестеге байланысты мұның жалған екендігін қатаң түрде талап ете мәлімдеймін. Тынышбаев сызды-мыс делінетін кесте қиялдың ғана жемісі (Айта кетейік, бұл кестені сызған Дінмұхамед Әділев болатын. Бұл - «Алаштың» екі көсемін бір-біріне қарсы қою үшін тергеуші Поповтың қолымен жасалып отырған, жоғарыда аталып өткен қитұрқы арандату «актісі» болса керек - Т.Ж.). Олардың арасында ешқашанда ешқандай ұлтшылдыққа қатысы болмаған адамдар жүр. Мысалы, тізімдегі Қасымов деген адамды көрген емеспін. Мұндай адамдар тізімде көп сияқты. Менің көзімше тергеуші Поповтың «Тынышбаев жасады-мыс» деген көрсетіндісі мүлдем өтірік. Демек, Тынышбаевтің атынан жасалған өзге көрсетінділер де жалған. Сондықтан да Тынышбаевпен және өзге де адамдармен бетпе-бет кездестіруді талап етемін. Мен олардың көрсетінділерінің жалған екендігін әшкерелей аламын...

Мен айыптаушының (тергеушінің - Т.Ж.) деректерді қайдан алғанын түсіне алмай тұрмын. Жауап алған кезде тергеу орындарының жаңсақ жазғанына енді еш күмәнім жоқ. Егерде тергеу дұрыс жүргізілсін десеңіздер, онда маған Тынышбаевтің және басқалардың өз қолымен жазған көрсетіндісін оқытыңыздар. 1922-1924 жылдар арасындағы кеңес өкіметіне қарсы бағытталған әрекеттерімді мойындаймын. Ал 24-30 жылдардың арасында кеңеске қарсы белсенді түрде күресті - деген, өмірде болмаған ұйымның болуға мүмкін емес қылмыстарын мойындамаймын.

Осыған қосымша мынаны мәлімдеймін: мен кеңес өкіметіне қарсы ұйымдастырған астыртын жұмыстарыма қатты өкініш білдіремін. Бұл өкімет - бұрын қанауда болған ұлттар үшін бірден-бір лайықты өкімет. Егерде маған мүмкіндік берілсе, онда осы өкіметтің көркеюіне бар күшімді жұмсаймын. Мен бұл сенімге түрмеде емес, одан көп бұрын келген болатынмын.

Бұған қосымша айтарым: астық жинау, колхоз бен совхоздардың етке мал өткізу науқанына қарсы ешқандай үгіт жұмыстарын жүргізгемін жоқ. Шаруашылықтарды коллективтендіруге теріс қарағаным рас. Қазір бұл шараны еңбекшілерді аштықтан, қорлықтан құтылдыратын ең пәрменді шара ретінде толық қостаймын. Мен бұл пікірімді Әлімхан Ермековке айтқанмын. Мүмкін есіне түсірер.

Досмұхамедовтің қорытынды сөзі дұрыс жазылды. (Қолы). 26 қазан 31 жыл».

Бұл көрсетінді бірінші томның 97-101 беттерін қамтиды. Осында айтылған және Х.Досмұхамедов орынды күдіктенген М.Тынышбаевтің көрсетіндісі, шындығында да, қолдан жазылғаны тергеу барысында анықталады. Астыртын ұйымның кестесін сызып, тізімін жасап, алашордашыларға бейтаныс адамдарды «қатарға қосқан» Дінмұхамед Әділев екенін оның өзі жазып берген қорытындыда анық көрсетілген. Таныс, дастархандас, көршілес адамдарды да «астыртын ұйымның мүшесі ретінде» тіркеген. Ондағы сүйенген қисыны: «Алашордашылар ұлтшылдардан басқамен араласпайды»,- деген ойжота жорамал. Онда жер мәселесіне ұзақ тоқталған.

Х.Досмұхамедовтің келесі көрсетіндісі де алдыңғы сұрақ-жауапты қайталайды. Ішінара сөздер мен сөйлемдерге өзгеріс енгізген. Алайда, мәтін арасындағы қосымша пайымдаулар мен емеуіріндердің астары тереңдеп, көзқарасы қалыптанып, бұрынғы жауаптарын нақтылай түсетіндіктен де назарға ұсынуды жөн көрдік. Оны: «коллективтендіру шарасы... еңбекшілерді аштықтан, қорлықтан құтылдыратын ең пәрменді шара ретінде толық қостаймын»,- деген астарлы пікірі растайды. Өйткені тура осы кезде 2,5 миллион қазақты жусатып салған ашаршылық басталып кеткен болатын. Х.Досмұхамедов соны біле отырып, астарлы емеурін таныту арқылы әшкерелеп отыр.

«ОГПУ-дің ерекше өкілі Поповқа тұтқын Досмұхамедов Халелден Мәлімдеме.

Осы жылдың 25-қазан күні маған Қылмысты істер кодексінің 58-бабының 7, 10 және 11, 59 баптың 3-тармақтары бойынша: кеңес өкіметіне қарсы бағытталған түрлі қылмыс бойынша айыптар тағылды. Тағылған айыптардың ішінен мен төмендігі айтылғандарды:

1. 1922 жылы өзімнің кеңес өкіметіне қарсы астыртын әрекеттер жасау туралы үйірме құрмақшы болғанымды;

2. Сол, 1922 жылы Ташкентке келген Заки Валидовпен кездесіп, онымен әңгімелескенімді;

3. 24-жылдың ортасына дейін жұмыс барысында өзімнің ұлтшыл-буржуазияшыл идеологияны жүргізгенімді - ғана мойындаймын.

24-жылдан кейін кеңес өкіметіне қарсы ешқандай ұйымға, үйірмеге және басқа да шараларға қатысқамын жоқ. Жасырын да, ашық та кеңеске қарсы шыққамын жоқ. Өзімнің ұлтшылдық иедологияммен саналы түрде күрестім. Бұл туралы 31-жылдың 14- қыркүйегі күнгі берген түсініктемемде хабарлаған болатынмын. Тағы да қайталап көрсетемін:

1. 24-жылдың қыркүйегінен бастап барлық алашордашылармен байланысымды үзгенмін, олардың Қазақстандағы әрекеттеріне еш қатысым жоқ.

2. „Алқа" үйірмесіне қатысқамын жоқ. Ол туралы білгендерімді бұрын айтқанмын».

«Айыптау қорытындысында» бұл жолдар: «Осы кезде әдебиет майданындағы жұмыстарымыз жандана түстi... Әуелi Аймауытов, содан кейiн Кемеңгеров келiп қосылып, бiздiң iсiмiздi жүргiзiп отырды. Өзiмiздiң ықпалымызды баспасөз арқылы кеңiнен тарату үшiн бiз барлық күшiмiз бен жағдайды пайдаланып қалуға тырыстық... «Алқа» үйiрмесiнiң пайда болуы да соның нәтижесi. Бұл iстi тiкелей жүзеге асырған Ысқақов, Кемеңгеров және Байтасов маған жұмыс бабы бойынша кеңес алу үшiн келiп тұрды, мен оларға өзiмнiң нұсқауларымды бердiм». (Досмұхамедов Х., № 2370-iс, 1 т., 221-парақ)»,- деп «толықтырылып» берілді.

Х.Досмұхамедов (жалғасы): 3. Қазақстанда 28-жылдың күзінен бастап тұрамын. Тек 26-жылдың жазында ғана 2,5 ай ғана Қызылордада болдым. 28-жылға дейін Ташкентте тұрдым.

Қазақстан өкіметінің шараларына араласқан емеспін және оған кедергі келтіретіндей әрекет жасаған емеспін.

4. Жер жөніндегі мәселеден түсінігім шамалы. Жер жөнінде және оған қатысты мәселелер туралы алашордашылардың ешқайсысы маған хабарласқан емес.

5. Байларды тәркілеуге қарсы ешқандай әрекет жүргізгемін жоқ. Жер және байларды тәргілу туралы көзқарасымды 31-жылғы 14-қыркүйектегі түсініктемемде көрсеткемін. Ташкентте де, Алматыда да оқытушылар мен шәкірттердің арасында ондай іс жүргізгемін жоқ. Бір сөзбен айтқанда:

24-жылдан кейін кеңес өкіметіне қарсы ешқандай әрекет жасағамын жоқ. Маған әр қалай жала жаба бермес үшін олармен бетпе-бет кездесу ұйымдастыруды талап етемін. 31-жылдың 25-қазанында беттесуден бас тартқанда және Тынышбаевтің көрсетіндісімен танысқан соң соған көзім жетті. Менің берген жауаптарымды жазып отырған тергеуші Попов мен айтпаған бірнеше оқиғаларды жанынан қосқан. Маған көрсеткен ұйым мүшелерінің тізімі мен сызылған кестеге байланысты еш нәрсе білмейтінімді, 24-жылдан кейін ондайға қатыспағанымды қатаң ескертемін. Тынышбаевтің жасаған кестесі (мұны сызған Тынышбаев емес, Д.Әділев болатын. Оны айыпкердің өз қолымен жазып бергендігі туралы түсініктемесі іске тігілген. Бұл арада тергеуші алаштың екі көсемін бір-біріне қарама-қарсы қойып, арандатуға ұмтылған - Т.Ж.) ертегі сияқты. Мысалы Қасымовтың ұлтшылдарға еш қатысы жоқ. Тізімді толық оқығамын жоқ, бірақ маған көрсетілгендердің көпшілігі қате жазылған. Менің қатысуыммен Попов оқып берген Тынышбаевтің көрсетіндісі жалған. Тынышбаевтің өзге көрсетінділері де өтірік жазылған деп ойлаймын. Сондықтан да олардың жаңылыс жауаптарына орай Тынышбаевпен және өзге де куәлармен бетпе-бет кездестіруді өтінемін. 22-24 жылдар аралығынан басқа 24-жылдан бастап 31-жылдың 25-қазанына дейін, Тынышбаев көрсеткендей кеңес өкіметіне қарсы ешқандай әрекет істеген емеспін. Ол үшін өзімді-өзім жазғырамын».

М.Тынышбаев: «12-ші. Совхоз құрылысына көзқарасым туралы. Бұл мәселенің ашық талқыланбағаны анық. Бірақ та өзімнің ойым мынадай. Кеңестік шаруашылық ... бұрын да үлкен аумақты көлемді алып жататын. Ал колхоздардың күйі орташа ғана болатын. Сондықтан да совхозға қарсы ешқандай пікірім жоқ. Мен тіпті Халел Досмұхамедовтің колхоз бен совхозды айыра алмайтынын естіп күлген болатынмын».

Х.Досмұхамедов (Жалғасы): «Бұл өкіметті: бұрынғы қаналған халықтар үшін аса бір қажетті өкімет - деп есептеймін. Мен бұл пікірге дәл қазір түрмеде отырған кезде емес, одан көп бұрын келгенмін. Астық дайындауға, мойынсеріктің малдарын тәркілеуге, коллективтендіру науқандарына кесір келтіруге араласқан жоқпын. Қазіргі көзқарасым өте оңды және жүргізіліп отырған шаралар арамтамақтарды жоюға, жартылай ашаршылықтан, қорлықтан құтқаруға бағытталған деп есептеймін (Тура осы кезде Қазақстанда жаппай ашаршылық басталып кетсе де оны осылай „бұрынғы «ашаршылық», «жартылай ашаршылық» деп мойындауға" мәжбүр болған - Т.Ж.). Мен өз пікірімді Әлімхан Ермековтің алдында да айтқамын. Егер ұмытылып қалмаса. Айтқандарым дұрыс жазылды. (Х.Досмұхамедов). 26 қазан, 31 жыл».

Жалпылай алғанда, Х.Досмұхамедовтің тергеушіге берген негізгі жауаптарының хаттамалары осылар. Бұдан басқа «Мәдениет майданы» қақындағы түсініктемесін және жеке басына қатысты өтініштерді тақырыпқа қатысты тұста пайдаланамыз.

Енді Мұхтар Мұрзинмен оңаша жауаптасқанда: «Мен болған жайдың бәрін мойындадым»,- деген Иса Қашқынбаевтің көрсетінділерін назарға ұсынамыз.

Қашқынбаев Иса Таумышұлы, 39 жаста, (анкета 1930-жылы 12-қазанда толтырылған), Ташкент қаласы Обуховенная, 53-үйде тұрады. Орал облысының Тайпақ ауданында туған, бөлімше дәрігері болған, ОАМУ-нің (Орта Азия медицина университетінің - Т.Ж.) медицина факультетінің ассисенті, білімі жоғары, әйелі бар. Әскерге міндетті.

Көрсетінділері машинкаға басылған. Тұтқындардың ішіндегі өзгелерден өзгеше мәтіндер, осы Иса Қашқынбаевтікі. Мұнда ұйым туралы ойдан шығарылса да орайластырылған қисын бар. Егерде осының барлығы жалған, не жала болған жағдайда да, тергеушілердің қиялы мен қисынына көз қырын салудың реті келіп тұрғанда, пайдаланып қалуды жөн көрдік. Шындық - салыстыру барысында екшелетіні анық. Мұнда негізінен 1922-жылғы ұйым туралы айтылған.

«14/Х - жүргізілген тергеудегі айыпталушы Иса Қашқынбаевтің қосымша көрсетіндісі. Жауап алған ОО ПП ОГПУ-дің бастығының көмекшісі Волохов (І том, 420-422 беттер).

«1). Ұйымның құрылуы. Ұйымды құруға сыртқы интервенциялық күштердің басып кіру қаупінің төніп келе жатуы, сөйтіп, Ресейдің аудан-ауданға бөлшектеніп кетуінің мүмкіндігі ықпал жасады. Ресеймен қоса қазақ ұлты да бөлшектеніп кетпеуі үшін және орыстың қанауынан құтылу үшін, Батыс Еуропаның алдында қазақ халқының өкілдігі бар екендігін көрсету үшін ұйым құру қажеттігі туды. Орыстың құлдығынан құтылып, тәуелсіз өмір сүргіміз келді. Біздің бұл тілегіміз интервенттердің де мүддесінен шығады, сөйтіп, бізді азат етеді - деп үміттендік. Мәжілісті кімнің шақырғаны есімде жоқ. Жаңылыспасам, бірінші мәжіліс Дулатовтың бөлмесінде өтті. Сонда жиналғандар ұйым құру туралы ұйғарымға келді.

2).Саяси орталығы туралы. Түркістандағы ұйымда саяси және ұйымдастыру құрылымдары болған жоқ. Орталығы - Орынбор бола ма, жоқ, Ташкент бола ма, ол мәселе ашық қалды. Ташкенттегі ұйымға: Әділев, Жәленов, Битілеуов, Бірімжанов, Ж.Досмұхамедов, Х.Досмұхамедов, Болғамбаев, Есполов, Қашқынбаев, Тынышбаев, Ахмед-сафа (фамилиясы есімде жоқ), Уәлихан Омаров, Әшім Омаров мүше боп кірді. Орынбордағы ұйымның толық құрамын білмеймін, бірақ өзгелерден естуімше Байтұрсынов, Дулатов (қоныс аударған), Сәдуақасов, Елдес Омаров бар көрінеді.

3). Ұйымның құрылымы. Ташкенттегі ұйымның жұмыстары жалпы жиналыста шешілді, онда бөлімдік құрылымдар болған емес.

4) Біздің ұйымның бағдарламасы есімде жоқ, бірақ та негізгі мақсаты мынаған келіп тіреледі: Қазақстан - Президент пен парламент билейтін тәуелсіз құрылым демократиялық республика болуы тиіс. Өнеркәсіп саласында жеке меншікке жол беріледі. Ал жер мәселесі қалай шешілуге тиіс болғаны есімде сақталмапты. Тек жер жеке меншікке берілмейтіні анық...»

Бұдан кейін өкімет басына сайлау арқылы келуді ұсынғандары, қарулы көтерілісті қолдамайтындары, өзбектердің діни қайраткері Мінауар қари Әбдірәшидовтің, Заки Валидовтің ұйымдарымен байланыс орнатуға ұмтылғандары баяндалады. Тергеуші сұрақтың өзін бағдарламаның баптарына сәйкестендіріп қойғандықтан да хатқа да солай түскен.

И.Қашқынбаев (жалғасы): «Біздің ұйымымыздың жұмыс істейтінін Рысқұлов білген сияқты. Ал Қожанов пен Сәдуақасовтың білген-білмегені жөнінде ештеңе айта алмаймын. Ұйымға тарту үшін барған біздің адамымызға Рысқұлов: «Біздің көзқарасымызбен келісетінін, ұйымды қолдайтынын - айтты. Ал Қожанов үзілді-кесілді бас тартып, мұны: арандату, саяси екіжүзділік - деп бағалады»,- дей келіп 1921-1922 жылдардағы саяси оқиғаларға тоқталады.

Иса Қашқынбаевтің көрсетіндісінде өзге тұтқындардың жауаптарындағы пікірлер барынша жинақы берілгендіктен де, ішінара толықтай келтіреміз.

И.Қашқынбаев (жалғасы): «Болашақ үкіметтің құрамы туралы. Бұл мәселе бірде-бір рет талқыланған емес. 1924-жылғы жер межелеу кезінде өзбек ұйымының өкілдері Мінауар қари Әбдірашидовпен, Ғұбайдолла Ходжаевпен және Миржалиловпен бірінші және соңғы рет бас қостық. Мәжіліске Тынышбаев және мен қатыстым. Ол кезде біздің ұйымымыз таралып кеткен, оны мойындауға өзбектердің алдында батылымыз бармады. Мінауар қари бізге Қазақстан туралы мәліметтерді беруді ұсынды, ал олар шетелдіктермен парсы елшілігі арқылы байланыс жасап отыр екен. Біз мағлұматтарды беруге келістік, ал өзбектерге қаржылай көмек көрсетуден бас тарттық, ешқандай қаржымыздың жоқтығын айттық. Әрине, кейін оларға ешқандай мағлұмат берілген жоқ (маған солай сияқты). Аталған үшеуінен басқа өзбек ұйымының мүшелерінің ешқайсысын білмеймін. Біздің ұйымда ешқандай қаражат болған емес. Бірақ Әділев пен Бірімжановтың Бұқараға барғандағы жол қаражатынан басқа шығын да болған емес. Бірімжанов арнайы іссапардың қаражатын пайдалануы мүмкін, ал Әділев ешқайда жұмыс істемегендіктен де, жолақыны қайдан алғанынан мағлұматым аз.

Біздің отырыстарымызда қандай мәселелердің талқыланғанын еске түсіру қиын. 1921 жылдан бастап 1922 жылдың аяғына дейінгі отырыстар қыста өткізілді. Жазда бәрі жан-жаққа тарқап кететін. Негізгі тақырып: кеңес өкіметі мен ақ эмигранттарға көзқарас, жер реформасы туралы болатын. Алғашқы мәселе жөніндегі бастапқы пікірлеріміз бірдей болатын: Кеңес өкіметінің күні санаулы, мәңгілік отырмайды, ерте ме, кеш пе, әйтеуір соғыс басталады, ол СССР-дің жеңілісімен аяқталады, - дестік. Біздің мақсатымыз - ұлттың негізгі ұйытқысын қырғынға  ұшыратпай, аман сақтап қалу. Айтпақшы, төңкеріс бола қалған жағдайда, орыс шовинистері бізді қырып тастамас үшін қырға шығып кету керек - дегенге келістік. Кеңес өкіметіне ашық қарсы тұрудан бас тарттық. Бұл шешім жағдайдың өзгеруіне байланысты, бірде - алай, бірде - былай ауытқып отырды. Заки Валидов саясат сахнасына шыққанда олармен байланысқа шығып, дипломатиялық амалдау бағыты ұсталды. Ешқандай белсенді әрекетке бармау керектігі айтылды. Заки Валидов оған қанағаттанбай, нақты көмек көрсетуді талап етті. Егерде біздің ұйым оған көмектеспесе, не көмектескісі келмесе, онда қазақ халқына басқаша жол табатынын жариялады. Бұл біздің ұйымның мүшелерінің көпшілігін сескендірді, белсенді түрде араласуға уәде етісті. Бәрі де сөз жүзінде қалды. Не қаражат жоқ, не күш жоқ. Валидовті түстікпен қамтамасыз етуге тура келді. Валидовке нақты қолдау көрсетілмеді. Кейіннен бізге, әсіресе, Досмұхамедовке келісімді бұзғаны үшін қатты-қатты сөздер айтты.

Мынадай сөздер: кеңес өкіметі қазақ халқының мәдениетін дамытуды қолға алып жатыр, кеңестік платформаны сөзсіз мойындау қажет, мүмкіндігі барлар партияға өтіп алуы керек,  - деген сөздер жиі айтылып жүрді. Бұл мәселе бірнеше рет талқыланды. Кейіннен партияға өтуден бас тарту ұйғарылды. Тек біздің халқымыздың игілі үшін жасалған шараларды ғана белсенді түрде қолдау міндеттелді.

Кеңес өкіметінің Жетісудағы жер реформасын толықтай қолдады (бұл: ұлтаралық қарым-қатынастың шиеленісуіне алып келуі мүмкін - дегендер де болды). Бұл салада қызмет істегендер қорыққаннан емес, ар-ожданымен жұмыс істеді».

Көрсетіндінің алдын-ала дайындалған мәтін негізінде тасқа басылғаны түсіндірмесіз-ақ аңғарылады. Әр сұрақ пен жауаптың мәтіндері араласа жазылып, оның өзі бағдарламаның баптары мен тараулары сияқты әсер қалдырады. И.Қашқынбаев кеңес өкіметінің жүргізіп отырған шараларын да «ұйымның атына тели» баяндайды. Бұл мысқыл ма, жоқ, шарасыздық па, қалайда жауап беріп құтылудың амалы ма, кім білсін. Әйтеуір бір ризасыздық, ықылассыздық, пейілсіздік бар. ІІ томның 377-385 беттеріндегі келесі жауабында да сондай сарын аңғарылады. Біз сәл ширатып тәржімалауға тырыстық.

И.Қашқынбаев: «8/ - 30 жыл. 22-жылы біздің мақсатымызды табыспен жүзеге асыру үшін ұйымға көрнекті коммунистерді тарту керек - деп шешілді. Күзге қарай Түркістан республикасы Халық комиссарлар кеңесінің төрағалығына тағайындалған Рысқұлов  Ташкентке келді. Рысқұловпен жолығу үшін Әділев және Әуезов (мүмкін) жіберілді. Әңгімелерінің анық-қанығын білмеймін. Бірақ Рысқұловтың: «Біздің көзқарасымызды бөлісетінін, қал-қадерінше көмектесетінін, қолдайтынын мәлімдегені шындық. Алайда ол: өзбектермен байланыс жасамауды тапсырыпты, Қожановтың тар ұлтшылдығы оған жарамайды»,- депті. Қожановқа Есполов және Әділев (мүмкін) жолықты ғой деймін. Соңғы адамға Қожанов: «Мұнда рысқұловшылдықтың иісі шығып тұр. Мұның барлығы арандату. Кеңес өкіметінің аясында қазақ ұлты өркендей алады. Сондықтан да сендерді қолдай алмаймын»,- депті. Екеуіне бұл мақсаттың нақты орындалуы емес, ұйымды кімдер, қалай құратынын білу керек болды. Рысқұлов кеңес өкіметінің арасында жікке бөліну бар екенін айтыпты. Олардың әр қайсысы біздің топты өзіне тартуға тырысты. Өйткені ұйымның қазақтары өте сауатты еді, сондықтан да пайдаланып қалуға тырысты. Біздің мақсатымыз - олардың өздерін пайдалануға тырысу еді. Ол кезде, 22-жылдың соңғы маусымында кеңес өкіметін құлатуды армандау да мүмкін емес болатын. Сондықтан да мәдениет майданын қолға алу, шаруашылықты игеру міндеті қойылды. Қызметке орналастыру үшін біздің топтың тізімі Рысқұловқа берілді. Өкіл ретінде Рысқұловқа Әділев және мен бардым. Берілген тізімнің ішінде менен басқалары оны толық қанағаттандырды. Мені еркімнен тыс Оқу-ағарту комиссариатының коллегия мүшелігіне ұсынған болатын. Мен Рысқұловқа: бұл қызметтің маған қол емес екенін, мені медициналық қызметке жіберуін өтіндім. Ол ашық бас тартқан жоқ...».

«Айыптау қорытындысында» бұл соңғы пікір: «...мәдениет майданындағы жұмыстарды толықтай, ұйымды қаражатпен қамтамасыз ету үшiн шаруашылық саласын жарым-жартылай қолға алуға шешiм қабылдадық. Бiздiң тобымыздың тiзiмiн Рысқұловқа берiп, жұмысқа жауапты қызметке қоюды ұсындық. Ұйымның өкiлi ретiнде Рысқұловқа бұл тiзiмдi мен және Әдiлов апарды. Берiлген тiзiм оны толық қанағаттандырды... Менi ұйымның атынан Оқу-ағарту коллегиясының мүшесi етiп бекiттi...» (Қашқынбаев, № 2370-iс, 1 т., 378-парақ)»,- деп бұрмаланып жазылды.

И.Қашқынбаев: «Мүшеліктен бас тарттым»,- десе, «Қорытындыда» оны «ұйымның атынан Оқу-ағарту коллегиясының мүшесi етiп бекiткен» болып шыққан.

Біздің пайымдауымызша, Тынышбаев пен Дулатов және аталары аттас Досмұхамедовтер саяси жұмыста ысылмаған Әділевті кадр мәселесін шешуге Үкімет төрағасына жұмсай қоймаса керек-ті. Әділевтің көрсетіндісі бойынша, ол өзіне қызмет сұрап барған. Бірақ та бұл «өзінің шындығына» тергеушінің көзін жеткізу үшін қажетті жауаптар. Осы көрсетіндіде И.Қашқынбаев мына бір мәселеге барынша тоқталған, тергеушілердің де қадалып сұрап отырғаны сол сияқты:

И.Қашқынбаев (жалғасы): «22-жылдың күзінде Рысқұлов үкімет басына қайтып келгенде, Қожанов екеуінің арасындағы араздық біздің ісімізге кедергі келтіруі мүмкін екенін ескеріп, екеуін татуластыру керек,- деп шештік. Олар менің пәтерімде кездесті. Олар көп ешкімнің болмауын тапсырды. Сондықтан да оған Х.Досмұхамедов және мен ғана қатыстым. Рысқұлов пен Қожанов ұзақ уақыт өзара айтысып, бірін-бірі: ұлт мүддесін сатқаны және жалған солшылдығы үшін айыптады. Рысқұлов ұлт дегенді - бүкіл шығыс жұртына қарата қолданды, ал Қожанов: оның қате екенін, қазақ пен өзбектің арасындағы қарама-қайшылық қоныс аударған орыстар мен қазақтардың арасындағы қарама-қайшылықтан кем емес екенін дәлелдеді. Біз оларға: «Сендердің көзқарастарыңның айырмашылығы неде?»,- деп сұрағанымызда, олар нақты жауап бере алмады. Рысқұлов: «Жер реформасымен Қожанов келіспейді, ал мен оның қан төгісіне қарсымын»,- деді. Ал Қожанов: «Мен ешкімді атқамын жоқ»,- деп еді, Рысқлов оған: «Мен өз қолыңмен өлтірдің деп отырғамын жоқ»,- деді. Сөйтіп олардың көзқарастарының арасында айырмашылық жоқ болып шықты. Татуласу мынадай негізде жүзеге асты:

Қазақтың мүддесі мен қазақ аудандарына қатысты мәселелерді, қазақ қызметкерлерін тағайындауға байланысты шараларды Рысқұлов Қожановтың келісімінсіз шешпеуге, ал жалпы мәселеде - Қожанов Рысқұловты қолдап отыруға, орынсыз сынап-мінемеуге келісті. Бұл келісім шілде айына дейін, яғни, Москвадағы кеңесте Сұлтанғалиевтің мәселесі талқыланғанша күшін сақтады. Осы кеңестен кейін Қожанов Рысқұловтың беделі әлсірей бастағанын сезіп, шабуылға көшті. Айтпақшы Рысқұлов маған: «Сталин жолдас маған телефон шалып: Сұлтанғалиевтен хат алғаның рас па?»,- деп сұрады. Мен бір рет хат алғанымды айттым. Сталин жолдас қатты тойтарыс беріп тастады. Содан кейін оның маған деген қатынасы суый бастады»,-  деген болатын.

Бірде 20-жылы Рысқұлов мені өзіне шақырды (менің қасымда тағы біреу болды), істің жағдайынан мағлұмдар етіп, қандай саясат қолдану керектігін сұрады. Оның бұл сөзінің астары мынадай: «Орта Азия халықтары бірігуі керек... Жеке-жеке күйінде олар өмір сүре алмайды. Өзінің стратегиялық орналасуы жағынан Қырғызстанға қиынға соғады, сондықтан бұған ерекше назар аудару қажет. Ұсақ ұлтшылдықты доғару қажет. Бұл халықтардың өркендеуі - тек кеңес өкіметі жағдайында ғана мүмкін. Кеңес өкіметінен бөлініп кетуді немесе оны құлатуды көз алдыма елестете де алмаймын. Менің жақтастарым - отаршылдықпен күресетін болады, шет жұрттың мүддесін Москва үнемі ескере бермейді. Кейде керісінше түсініп қалады. Сондықтан да Москваның назарын аудару үшін халықтың қарсылық қозғалысы аса қажет. Бұл бағытта «Алашорда» тобы белсенді түрде іске кірісуі тиіс»,- деді. Мен бұл мәселені Жаһанша Досмұхамедовке айтып едім, ол: «Пысық бала екен, біреудің қолымен от көсемек. Бұдан мансаптың иісі шығып тұр»,- деді. Бұл мәселе жөнінде екеуара әңгіме қайталанған жоқ. Сөз арасында Рысқұлов маған: «Менің мақұлдауыммен Жанұзақов басмашыларға қосылып кетті. Ол өте жігерлі адам екен, қырғыздар мен өзбектерді татуластырды, Әндіжан өлкесіндегі басмашылардың басын қосты»,- деді».

Бұл арада кеңейтілген түсінік беру артық сияқты. Өйткені мұнда айтылған пікірлерді растайтын Т.Рысқұловтың Сталинге жазылған көлемді хаты ілгерідегі тарауларда барынша кең талданған болатын.

И.Қашқынбаев (жалғасы): «1923 жылдың ақпан айында қатты ауырдым. Сәуірдің аяғына дейін ес-түссіз жаттым. Жазға қарай бетім бері қарады да 15-қыркүйекте қызметке шықтым. Бұл аралықта не істелгенін білмеймін. Сол жылы күздегі кеңестердің құрылтайында Рысқұлов қызметтен кетті. Біздің топ бұған қатты өкініп, Қожановты кінәлады. Құрылтайдан кейін Рысқұлов Москваға кетті, естуімше ол «алашордалықтарды» сыбап жүрген көрінеді. Қожанов мәлімдеме жазыпты - деп естідік. Сенбедік. Жылдың соңында мынадай жағдай болды.

Рысқұлов бір жас жігіттен беріп жіберген бе, жоқ, почтамен жолдаған ба, әйтеуір Сарымолдаевқа хат жіберіпті. Ол хат Жаһанша Досмұхамедовтің үйіне келеді (Жаһанша Досмұхамедов пен Рысқұлов бажа болатын). Жаһанша Досмұхамедов хатты ашып оқиды. Онда ол өзінің жақтастарына: «Алашордашылармен» ауыз жаласудың қажеті шамалы, қайта олардың үстінен айғақтар жиып, ГПУ-ға хабарлау керек. Қожановты ұлтшыл деп әшкерелеуге тырысыңдар»,- деп жазыпты (Өз басым ол хатты оқығамын жоқ). Жаһанша Досмұхамедов хатты Халел Досмұхамедовке көрсетіпті. Соңғысы хатты Тынышбаевқа оқыту үшін  өзімен бірге алып кетіпті. Сол кезде Әділев те қайтып оралды. Үшеуі ақылдаса келіп хатты Қожановқа көрсетіпті. Соңғысы хатты өзімен алып кететіндігін және Жаһанша Досмұхамедовтің үйіне тінту жүргізетінін, оны оған хабарламауын тапсырыпты. Халел Досмұхамедов мұны Жаһанша Досмұхамедовке айтыпты. Жаһанша Досмұхамедов пен Қожанов Халел Досмұхамедовтің үйінде кездесіпті. Қожанов қасарысып көнбепті. Келесі күні тінту жүргізіп, хатты ГПУ-шілер алыпты. Сол кезден бастап бөліну басталды: бізбенен - Рысқұловтың арасында, Халел Досмұхамедов, М.Тынышбаев пен Жаһанша Досмұхамедовтің арасында жік пайда болды. Біздің ұйым мүшелерінің аты аталғандардан басқа сол кезде Ташкентте тұрғандар: мен, Есполов, Әділев. Мен және Есполов екеуміз Жаһанша Досмұхамедовті жақтадық, Әділев өзін қорланған адамдай сезінді. Х.Досмұхамедов пен Тынышбаев: «Рысқұловшылардың тыңшылық әрекетінен ертерек сақтандырайық деп ойладық. Сондықтан да Қожановты қостық»,- деп өздерін ақтауға тырысты. Жаһанша Досмұхамедов: «Жеке бас пайдасы үшін және Қожановқа жағыну үшін Халел Досмұхамедов мені пайдаланды»,- деп кінә тақты.

Бір сөзбен айтқанда, осы оқиға Ташкенттегі ұйымның тарқап кетуіне себепкер болды. Алайда оған дейін де ұйымның аты өшіп тынған болатын. Жаһанша Досмұхамедов пен Халел Досмұхамедов екеуі 25-жылы қараша айында менің әйелім қайтыс болғанда көңіл айтуға келгенде татуласты.

...Қожанов пен біздің қарым-қатынасымыз өте жақсы болды (біздің арамыздағы Жаһанша Досмұхамедовті жақтырмады, сондай-ақ Әділевті үнемі мазақтап отыратын), алайда одан (Қожановтан - Т:Ж.): бізді сатып кетеді - деп емес, бізді өзінің мүддесі үшін пайдалануы мүмкін немесе әр қайсымызды әр жаққа қызметке бөліп жіберуі мүмкін,- деп сескенетінбіз. Бір мысал келтірейін: 22 не 23-жылы ма, әйтеуір С.Өтегенов маған және бірнеше адамға келіп: «Қоныс аударушыларға қарсы күресу үшін құмның ішінде қарақшылық топ құрайық»,- деп ұсыныс айтты. Біз үзілді-кесілді бас тарттық, бізді Қожанов айдап салып отыр,- деп түсіндік...».

Көрсетіндінің бұдан арғы мазмұны өзгелердің жауаптарында қамтылған жайларды қайталайды. Сарымолдаевқа жолданған Т.Рысқұловтың хатын оқығанын Жаһанша мен Халел Досмұхамедов те, Тынышбаев та мойындайды. Рысқұловтың «Алашордашылардың» үстінен жазған мағлұмдамасы (Сталинге арналған) «Ақ жол» газетінің жабылуы мен «Алаш ісінің» басталуына ықпалын тигізді. Кейін өзі де ақталып, айғақ жазды.

Халел Досмұхамедовпен бір күні - 1930 жылдың 14 қыркүйегі күні қамаққа алынған Мұхтар Мұрзиннің қысқа әрі сирек жауаптары бізді таң қалдырды. Тергеуге түскендердің ішінде тек осы Мұхтар Мұрзин ғана барлық сұрақтарға: «Білмеймін. Ешқандай партияға мүше болған емеспін»,- деп қысқа жауап беріп отырыпты. Қайсарлығы да, азаматтығы да сүйіндіреді. Тек Иса Қашқынбаевпен арадағы сөздері ғана тіркеліпті. И.Қашқынбаев пен М.Мұрзиннің арасындағы екеуара әңгімені камераның есігінің сыртына арнайы қойылған тыңшы хатқа түсірген сияқты. Өйткені, өзара әңгіме еркін өткен. Тергеу барысының психологиясынан хабар беретін болғандықтан да, жауаптасудың кейбір тұстарын ғана келтіреміз.

«М.Мұрзин: Менің ойымша сені босатып, мені түрмеде қалдыратын шығар.

И.Қашқынбаев: Неге олай деп ойлайсың?

М.Мұрзин: Орынборда Смағұл Сәдуақасовтың ұйымдастыруымен коммунист қазақтардың жиналысы болды. Партияда жоқтардан мен ғана қатыстым. Бұл туралы елдің бәрі біледі. Әсіресе, Байділдиннің баяғыда-ақ айтып қойғанына сенімдімін. Енді менің де сол оқиғаны баяндап беруімді талап етіп отыр. Ол мақсаттарына ешқашанда жете алмайды. ... (Досмұхамедов немесе Байділдин -?) аса күдікшіл. Жұрттың бәрін ГПУ-дің тыңшысы деп есептейді. Өткен жылы өзінің соңында тыңшының жүргені туралы әркімге айтқан. Бұл мәселеге ерікті немесе еріксіз түрде болса да Смағұловтың, Қозыбековтың, Байғариннің, К.Тоқтабаевтың, Е.Үрдебаевтың қатысы бар. Жер жөніндегі комиссариаттың машинасымен соңынан ілесіп отырыпты. Кожевников пен Нұрмақов - Қадырбаев Сейдазымды іссапарға жұмсаған сияқты. Бұл туралы ГПУ-дің қызметкерлеріне хабарланыпты. Мұндай орынсыз тіміскілеу менің жүйкемді жұқартып, жындандырып жібере жаздады. Бұл тыңшылық маған сабақ болды. Кейін соңыма кімді салып қойғанын айна қатесіз білетін болдым. Олардың жұмыс жүйесі мен қисынын талдай келіп, қалай жұмыс істейтіндерін білдім. Олар әр адамның ақылы мен мінезіне қарай бағалап, жеке-жеке зерттеп, жасырын түрде тапсырма береді».

Әрине, Мұхтар Мұрзиннің «жүйкесін жұқартқан» тыңшының кім екенін нақты айту қиын. Әрбір істің соңында «Қосымша айғақтар» ретінде тіркелетін, тек «сексодтар» мен салпаңқұлақтардың, биресми тіміскілердің тінтуірлері тігілетін томның мұқабасына көзіміз түссе де, парақтап танысудың орайы келмеді. Өйткені ол том «құпияның құпиясы» ретінде ықтиятты түрде тиянақты сақталып, арнайы қызметкерден басқа ешкімге көрсетілмейтін қатаң тәртіп бар екен. Ондай тәуекелге бізге бүйірі бұрып қараған Қараби мен Шыңғыс ағамыз тәуекел ете алмағанына түсіністікпен қарауға болатын. Алайда Жер комиссариатының «қырағы қызметкері» Кәрім Әлімбаевтің Мұхтар Мұрзинге қарата берілген:

«Жер жөніндегі халық комиссариатында қызмет ететін Мұхтар Мұрзинге келетін болсақ, ол барып тұрған ұлтшыл, Қаратілеуовтің адамы. Сондықтан да ол топырақтың ботаникалық құрамы жөнінде ғылыми жұмыстар жүргізетін өсімдіктанушы Ларинмен: Қаратілеуов пен Мұрзиннің тапсырмасына қарсы зерттеу жасайсың - деп үнемі сөзге келісіп қалатын»,- деген (Алашорда қозғалысы», 3 том, 29-бет) «мінездемеден» кімнің «тыңшылығы сабақ болғанына» саңлау түсіреді.

«Өлшегені - өзімен кетсін», дегенмен де, мына көрсетіндіні еріккен адамның жазбағаны анық. Жер жөніндегі комиссариатта жерге орналастыру мәселесін зерттеумен айналысатын Мұхтар Мұрзиннің мақала мен баяндаманың жобасын сызып, жоспар жасауға құқы бар болатын. Зады Жер жөніндегі 1925 жылғы желтоқсандағы конференция қарсаңында дайындалған болса керек, тінту кезінде М.Мұрзиннің тартпасынан мақаланың жоспары табылады. Міне, соны тергеушілер «астыртын ұйымның бағдарламасы» ретінде іске тігіп, «қастандықтың айғағы» есебінде айыптау қорытындысының екінші бөліміне кіргізіпті:

 

«II. Ұлтшыл контрреволюциялық қастандықтар.

I. Жер мәселесi туралы: Ұйымның негiзгi мақсатты бағдарламасының бiрi - жер мәселесi болды, мұны шешу арқылы олар «Алаш» партиясының ауыл шаруашылығы жөнiндегi бағдарламасын, яғни, жердi ең алдымен бұратана тұрғындарға (иә, кеңес өкiметi үшiн қазақтар тек қана «бұратана» болып қалды - Т. Ж.) ешқандай кесiмсiз қажетiнше бөлiп беруге және ру - руымен қоныстандыруды жүзеге асыруға тырысты. Бұл бағдарлама бойынша, жергiлiктi тұрғындар толықтай жермен қамтамасыз етiлгеннен соң ғана Қазақстанға сырттан келген қоныстанушыларды орналастыруға болады, ал қазақ жерiне бұрыннан орналасып қалған қоныс аударушылар ол жердi қазақтарға керi қайтарып беруге тиiстi едi. Бұл жұмысқа контрреволюциялық ұйымның мүшелерi мен ұлтшылдардан басқа айып тағылып отырған Жер жөнiндегi халық комиссариатының ұлтшыл қызметкерi Мұхтар Мұрзин сияқты көрнектi өкiлдер қатысты, оны 1929 жылы оның үйiнен табылған мына құжат растайды.

1) Мақаланың жоспары (аяқталмаған)

а) Қазақстанның ауыл шаруашылығының қазiргi хал-ахуалы.

б) Мақсатты көзқарас тұрғысынан алғанда, ауыл шаруашылығының мүмкiн және даму жолдары.

в) Оларға қойған мақсатқа жету жолындағы «Қосшы» одағының орны мен маңызы.

г) Ауыл шаруашылығы - сол елдiң табиғи және әлеуметтiк шарттарының тұрақты түрдегi өзара қарым-қатынасының көрiнiсi болып табылады.

д) Жоғарыда көрсетiлген алғы шарттардың жекелеген кезеңде жүзеге асырылуы - иелiк етiп отырған елдiң тұрғындарының шаруашылықты жүргiзу мәдениетiне тiкелей байланысты.

е) Қазақтың шаруашылығы соңғы уақытқа дейiн табиғат жағдайына тiкелей тәуелдi болып келдi де, кейiнгi кезде бiрқатар әлеуметтiк ықпалдарға ұшырады (шаруашылықтың барлық саласы мен түрiнiң отарлануы).

ж) Сырттан телiнген, сонымен қатар шаруашылықты жүргiзген бөгде тұрғындар экономиканы күрделендiрiп жiбердi, әрi бұл, табан астында бұрмаланып отырды.

з) Жанталаса отарлау - қазақ тұрғындарының жерсiз қалуына әкеп соқтырды.

и) Бұл мәселе - жердi бұдан ары емiн-еркiн пайдаланбай, белгiлi бiр шек қою үшiн күн тәртібiне қойылды. Ал, үкiмет болса, мұны, тағы да отарлаудың бiр түрi ретiнде пайдаланып отыр.

2) Зерттеудiң қорытындысына пікір

Егерде, Қазақстанды ешкiммен еншiлеспеген дербес мемлекет деп қараса, онда жерге қоныстандыру шарасы тұрғындардың еркiмен өз-өзiнен шешiмiн тапқан болар едi. Ал қазiр қоныстандыру табиғи түрде емес, басы артық жерді анықтап, оған қоныстандыру саясаты - отарлау мақсатында жүргiзiлiп жатқандықтан да, шаруашылық салалары отаршылдықтың қасiреттi қамытын кимес үшiн шұғыл шара қолдануға мәжбүр етедi. Бұл шаралардың негiзгi бағыты - жергiлiктi тұрғындардың шаруашылық тәсiлiнiң өзгеруiне орай үйлестiру және оны жер бөлiсi тұсында тиiмдi пайдалануға шерiк құрылуы тиiс.

Бүкiл республика көлемiнде жаппай жүргiзiлiп жатқан мемлекеттiк қоныстандыру науқаны жан-жақты зерттелiп, анықталған ғылыми тұжырымға негiзделуi қажет. Әр аймақтың экономикалық ерекшелiгiн, жалпы құрылымын, экономикалық бағытын зерттеп барып, 1921-1922 жылдары Жетiсу губерниясында жүргiзiлген Жер-су реформасының үлгiсiмен шешiм қабылдаған дұрыс болмақ».

Ташкент қаласында, Түркiстан Атқару комитетiнде, ауыл шаруашылығы факультетiнiң үйiнде өткен Жер мәселесi жөнiндегi ұйымның мәжiлiсiне Досмұхамедов, Тынышбаев, тағы да басқа адамдар қатысып, жоғарыдағыдай көзқарас бiлдiрген және Жер реформасын жүргiзетiн өкiлдiктiң құрамына өз адамдарын кiргiзудi ұйғарған (№ 5417 - iс, Тынышбаевтің жауабы, № 2370-iс, 275-бет)».

Бұл мәселе М.Тынышбаевқа қатысты бөлімде кеңінен талданғандықтан да талдау жасап жатпаймыз.

И.Қашқынбаев (жалғасы): «Мен болған жайдың бәрін мойындадым. Ол менің бауырым болғандықтан да не істерімді білмеймін.

М.Мұрзин: Мынадай тәртіпті ұстану керек. Ешқашанда, ешнәрсені мойындамау керек. Егер де жан-жағыңнан қысымға алса, онда үндеме, әйтеуір мойындай көрме. Сіздің тәжірибеңіз аз адам екенсіз. Ешқашанда тергеушілердің сөзіне сенбеңіз. Егер де олар нақты айғақ бар десе, онда құжатты көрсетуін талап етіңіз. Алайда тергеушілер көрсеткен айғаққа сенбеңіз. Бұл олардың тақыстанған тәсілі. Бетпе-бет мойындасуға шақырса да бәрібір мойындамаңыз. Мен өзім бетпе-бет мойындасу кезіндегі барлық айғақтарды жоққа шығардым.

И.Қашқынбаев: (бұл арада тыңшы Қашқынбаевтың сөзін мазмұндап беріп отыр) Нақты айғақты мойындамау керектігіне (Қашқынбаев) қарсы шықты. Бұл - ГПУ-дің сенің сөзіңе сенімсіздік тудыруы мүмкін,- деді.

М.Мұрзин: Сенімен жігітше сөйлескенде ғана ер жігітке сай мінезді көрсету керек. Адамның жеке басын қорлап, қысым көрсетіп отырған қазіргі жағдайда парасатты көріну нағыз Дон - Кихоттық, ақымақтық. Жалпы кез-келген қысымға шыдай білу керек және өзгеге кінә артпауға тырысу қажет. Ең бастысы, ешкімді шырғалаңға тартпаған жөн. Менің негізгі ұстанған тәртібім - үшінші бір адамның атын атамаймын, тіпті достарыммен отырғандағы әңгімеге де ешкімді араластырмаймын.

Тағы да Мұрзиннің айтқаны (Тыңшының жазғаны - Т.Ж.): Сіздердің ұйымдарыңыз бар екенін баяғыда-ақ білген, бірақ та ол кезде қозғамаған. Әуелі бірінші топты, содан кейін екінші топты іріктеп тұтқындаған. Енді үшінші топтың да тізімін жасауы мүмкін. Мұның барлығы сыртқы дүниеге (немқұрайлы адамдарға) қыр көрсетіп: ГПУ тергеушілері тергеу барысында жаңа астыртын ұйымды әшкереледі, - дегенге сендіру үшін жасалып отыр. Ал тұтқындалғандардың барлығын айыпты етіп, мәселесін шешіп қойған. Олар тергеуді тұтқындағаннан кейін емес, тұтқындағанға дейін жүргізеді. Сіздер астыртын ұйым құрды - дегені жай сылтау ғана, мәселе басқада. Орталық Комитеттің былтырғы қаулысында ұлттық интеллигенциямен күресу туралы шешім қабылданған болатын. Бұған не себеп болды, мен  білмеймін. Бірақ та біздің тұтқындалуымыз сол қаулыны жүзеге асырудың нәтижесі екені анық».

Шірікін, жігітім-ақ! Әр сөзі - шындық. Көзімен көріп, жүрегімен сезіп, ақылымен біліп отыр. Әттең, осындай жігіттердің кәдімгі өмірде аяғына оратылған шырмауықтардың кездесетіні өкінішті. Мұны айтып отырған себебіміз: «Әй, ант атқан, ант атқан, осал жерін жігіттің, қалай дәл тапқан!»,- деп Қадыр ақын айтқандай, сұғанақ тергеушілер Мұхтар Мұрзиннің де осал жерін дәл тауыпты. Осы істің І томының 638-бетінде «Власова Алисаның 1931 жылғы 5 қыркүйек күні берген жауабының хаттамасы» тіркелген. Бұл тосын хаттаманы тағдырдың мазағы десе де болады. Мұхтар Мұрзиннің інісі, айыпталушы Әзиз Мұрзиннің орыс әйелі Алиса өзінің күйеуінің және қайынағасының үстінен арыз жазған. «Қатын өсекті» сөз арасына іліктіріп отырғанымыздың себебі, қалайда қаралау үшін некелі әйелін күйеуіне қарсы арандатқан тергеу жүйесінің аярлығына мысал келтіре кету.

Алиса Власова: «Әзиз Мұрзинді мен 1920 жылдан білемін. Сонымен қатар оның туған ағасы Мұхтар Мұрзинді және оның жақын таныстары Сәдуақасов Смағұлды, Бөкейханов Әлиханды, Байтасов Абдолланы, Сұлтанбеков Жағыпарды, Досмұхамедов Жаһаншаны, Шылалов (-?) Мыңайдарды, Басалов Айдарбекті, Телхожин Зейнолланы, Ермеков Әлімханды жақсы білемін. Бұл адамдардың барлығы менің күйеуім Мұрзинмен жақсы қарым-қатынаста болды. Ол бұлардың үй іштерін де жақсы көретін. Сондай-ақ Әзиз Мұрзиннің болашақ әйелі Жантөрина Зайрамен де таныспын. Жоғарыда айтылған таныстары мен достары оның отбасымен үнемі араласып тұратын.

1922 жылы Смағұл Сәдуақасов Қостанайға келіп Әзиз Мұрзинді өз жағына тартты. Ол кезде Мұрзин Қостанай губерниялық атқару комитетінің төрағасы болатын. Олар байлармен ауыз жаласып, оларға көмектесті. Қазақ қызметкерлері Мұрзинің маған, яғни, орыс әйеліне үйленгеніне қарсы болды. Сондай-ақ Сәдуақасов Смағұл мен Мұрзин Мұхтар да жақтырмайтын. Қазақтың таза қаны орыспен араласқаннан кейін дүбара тұқым туады - дейтін. Олардың дегеніне көнген Мұрзин мені тастап кетті де, Балғымбаевтің қызына үйленді. 1927 жылы маған Мұрзин былай деп айтты: 1922 жылы Смағұл Сәдуақасовтың Орынбордағы пәтеріне оның сыбайлас достары жиналады, ағайынды Мұрзиндер де соның ішінде болыпы. «Кеңес өкіметіне қарсы күресеміз, бір-бірімізге адал боламыз»,- деп ант сөзін жазыпты. Бұл антты бәрі түрегеп тұрып тыңдап, төс қағыстырыпты. Ол мәжілістің мазмұнын білмеймін. Алай да Әзиз Мұрзин маған: «Мұны өкімет мекемелері біліп қойса, біздің көрешегімізді көрсетеді»,- деді.

Мұрзин Әзиз 1923 жылы Сәдуақасовпен және «ұлтшылдармен» байланысы үшін Компартия қатарынан шығарылды... Шәкеннің (-?) .... көмегімен Москвадағы құрылыс жөніндегі қазақ өкілі болып қызметке орналасты. Москвада ол Бөкейханов пен Мұңайтпасовты төңіректеп жүрді. Сол кезде маған Әзиз Мұрзин: «1920-жылдардың басында Ташкентте кеңес өкіметін құлату үшін қазақтардың жасырын ұйымы құрылды»,- деп айтты. Сол ұйымның мүшесі ретінде Мұңайтпасовқа қару беріп, Қожановты өзінің пәтерінде атып өлтіруді тапсырды. Мұңайтпасов Қожановтың әйелінің бауыры болатын. Қарындасы мен жиендерінен айырылып қалмас үшін ол бұл тапсырманы орындамады. Тіпті бұл туралы Қожановтың өзіне де айтып қойыпты. Бұл оның алдындағы өзінің кінәсін жуғысы келгені болса керек. Мұңайтпасов бас тартқан бұл жұмыс ұйымның басқа мүшесіне тапсырылыпты. Оның аты-жөні есімде қалмапты.

Москвада тұрғанда Мұрзин Бөкейхановты үйге жиі шақырды. Сәдуақасов үшеуі мені бөлмеден шығарып жіберіп, оңаша әңгімелесетін. Олардың қандай да бір өзара құпия әңгімесі болатын. Кей кезде Мұрзин Әзиз іссапармен келген ағасы Мұхтар Мұрзинге жолығу үшін қонақ үйге кетіп қалатын да, оңаша әңгімелесетін. Менің сұрақтарыма әдеттегідей жалтара жауап беретін. Әзиз Мұрзин Әлихан Бөкейхановпен кездескен кезде есі шығып кететін, мұндай жақындық еркектердің арасында өте сирек кездеседі. Ал Бөкейханов маған: «Мұрзинді туған ұлымдай жақсы көремін»,- дейтін. 1929 жылы Мұрзин Моквадан кетерде Бөкейханов онымен қимай қоштасты, көзіне жас алды. Онымен қоймай олар әлде не туралы қазақша сыбырласып сөйлесті. Ол кезде Москвада Байтұрсыновтың және басқа да адамдардың тұтқындалғаны туралы хабар белгілі болатын. Бөкейханов пен Мұрзин, Мұрзин мен Мұңайтпасовтар ол жөнінде жиі әңгімелесетін. Мен Москвадан кеткен кезімде Бөкейханов түрмеде жатқан Дулатовқа көмек ретінде оның әйелі Дулатоваға тапсыру үшін 4 мың теңге берді. Бұл ақшаны маған өте құпия түрде тапсырды, әрі өте сақ болуымды өтінді, почта арқылы хат жазбауымды ескертті. Дулатовқа тапсырылған ақша мен хатты Қызылорда қаласында Дулатоваға бердім. Тұтқындағылардың отбасына ақшалай көмек үнемі көрсетіліп тұрды. Ақшалай қаржыны ең соңғы рет Бірімжанов өзінің қазақ өкілеттілігінде істейтін қарындасы арқылы Алматыдан Москваға беріп жіберді.

1928 жылы Бірімжанов шетелден Москваға келді. Шетелде Мұңайтпасовпен кездескен. Бірімжанов Жантөринаға үйленген болатын. Москваға келген соң Бірімжанов тұтқынға алынды. Бөкейханов пен Мұрзиннің кеңесі бойынша Жантөрина онымен ресми ажырасты. Ал шындығында, ол өзінің күйеуіне үнемі қаржылай көмектесіп отырды. Бірімжановтан ажырасуының себебі - өзіне тергеушілердің назарын аудармаудан туған. Өйткені Жантөрина помещиктің от басынан шыққан. Әкесі мемлекеттік Думаның мүшесі болды. Патша сарайында жиі болып тұрған. Ол әйел Москва мемлекеттік университетінде шет тілі факультетінде оқыған. Германияға өзінің неміс тілін жетілдіру үшін іссапармен жіберілген. Қаражаты жоқ болғандықтан да басында барғысы келмеп еді, бірақ кейін ақша оның қолына жаңбырдай жауды да, шетелге кетті. Оған Мұрзин - 400, Бөкейханов - 600, Сейдалин - 200 сом берді. Сейітқали Меңдешев те көмектесті. Оның өз сөзіне қарағанда 4 мың сом жиналған. Әрине, бұл оның кемітіп айтқаны. Ол бүкіл Еуропаны аралады, Берлинде, Парижде тұрды, Түркия арқылы қайтып оралды. Онда оның үй, қора-жайы бар ағасы тұратын. Ол Парижде Шоқаевпен кездесті. Әзиз Мұрзинмен екеуара әңгімелескенде Шоқаевтің есімі жиі аталатын. Жантөринаның Москвадағы жоғары оқу орнына түсуі туралы мынаны айта аламын: Жантөриндердің үй-іші Колчактің штабымен бірге көшіп жүрді. Оның әкесі сол сапарда қайтыс болды. Әкесі өлген соң, сіңілісі екеуі Москваға оқуға келді. Мұндағы қазақтармен танысып, жөн сұрасады. Құрлыс жөніндегі қазақ өкілеттігінде істейтін Әзиз Мұрзинге жолығады. Ол: «Бұлар менің жерлесім, Сырдария аулынан шыққан»,- деген сенім қағаз береді. Сол құжат бойынша Жантөрина оқуға түсті.

Москвада Әзиз Мұрзиннің жақын араласқан адамы Кәрменов Қайролла. Ол бұлардың барлық қылмысын білетін. Мұрзиннің, Мұңайтпасовтың, Бекентаевтің тобына Кәрменов қамқорлық жасайтын. Кәрменов шетелден келгенде, олардың бәрінің үй-ішіне өз есебінен сыйлықтар әкелді. 1929 жылы Алматыға келген соң ғана Кәрменовтің, Бекентаевтің, Досмұхамедов Жаһаншаның тобымен қоштасты. Жаһанша Досмұхамедовпен көбінесе саясатқа қатысты  әңгімелесетін. Қызып алған кезде ол компартия мен кеңес өкіметін балағаттайтын, мазақтайтын. Әзиз Мұрзин қарқылдап күліп, оны қоштап қоятын. Қазақтар Мұхтар Мұрзиннің үйінде де бас қосатын. Әдетте ағайынды Мұрзиндер, Қадырбаев Сейдазым, Нұрымов, Ғаббасов, Сұлтанбеков жиналатын. Олар тек қана саяси тақырыпта сөйлесетін. Әңгімелерінің мазмұнын мен білмеймін. Алайда бір рет олардың үрейін ұшырып: «Сендердің сөздеріңді өкіметке жеткізіп, әшкерелеу ғана қалды»,- дедім. Бұдан кейін Мұрзин менен сақтанып жүретін болды.

Тынышбаев, Ермеков және басқалары тұтқындалғаннан кейін Әзиз Мұрзин өте сақтық жасап Мұхтар Мұрзинмен, Кәрменовпен, Бекентаевпен, Мұңайтпасовпен, Мұратбековпен жазысқан хаттарын өртеді. Хаттарды мен жақтым. Ал ол іші қағазға толған үлкен папканы өртеді. Сөйтіп ол тінту кезінде айғақ қалдырмауға тырысты. Сақтық шарасын қолданған себебі: «Менің артымнан тыңшы еріп жүр, үйді күдікті адамдар аңдып жүр»,- деп жиі айтатын. Әзиз Мұрзин Мұхтар Мұрзин мен Қадырбаевтің әйелдерімен сөйлескеннен кейін: Ғаббасовқа, Нұрымовқа, Тынышбаевқа сенуге болмайды, олар ГПУ-дің шпиондары,- дейтін. Халком кеңесінің төрағасы Исаевпен жақсы болатын. Онымен төрт рет кездесіп Мұхтар Мұрзиннің неге сотталғанын білгісі келді. Алайда ол әрекетінен ештеңе шыққан жоқ. Сондай мәліметті білмек боп Масановқа да барды. Исаев пен Масанов: Мұхтар Мұрзинмен байланысы бар - деген сөзге қалмас үшін мұның тілегін орындаудан бас тартты.

Мұрзинмен ажырасқаннан кейін мен Төрехожиннің пәтеріне ауыстым. Сонда байқағаным Төрехожиннің үйіне Сұлтанбеков жиі келеді екен. 1931 жылы 19 немесе 20 тамызда Сұлтанбеков пен Төрехожин арасында таңғы сағат 4-ке дейін созылған әңгіме болды. Олардың сөзіне құлақ салған тыңшы болмаса да, ешкім естімейтіндей оңаша жерде сөйлесті. Олардың қазақша сөздерінің арасынан Голощекин мен Криштоның фамилиясын естіп қалдым. Ермеков біздің үйде болған емес. Алайда Әзиз Мұрзин: «Ермековті қонақ ету керек еді»,- деп жүретін. Менің оған мұршам жетпеді.

Қолымды қоямын... (Власова).   Тергеудің жауабын алған - Попов».

Бұл көрсетінді туралы не айтуға болады? Бір-ақ нәрсе анық. Бұдан ағайынды Мұрзиндердің ер жүрек азамат екендіктері анық байқалады. Ажырасқан күйеуінен осылай кек қайыру, ол жылдары, ұлттық намыстың «үлгісі» болатын. Мұндай басыну мен кек қайыруды кейін де талай дегдарлар «тағдырдың қарғыс таңбасы» ретінде басынан кешірді. Шет жағасын да көрдік. Мұрзиндердің тағдыры туралы Міржақып Дулатовтың қызы - Гүлнар Міржақыпқызы Дулатова «Шындық шынары» атты әсерлі кітабында сондай бір бауырмалдық сезіммен еске алады.

Г.Дулатова: «Мұхтар ақ сары жүзді, қыр мұрынды, көзіне пенсіне салатын, ұзын бойлы, келбетті кісі болатын. Мұхтар жоғары мәдениетті, жан-жақты білімді, адамгершілігі өзге жұрттан бөлек биік тұратын, мінезі тік, турашыл-тын. Мұхтар айтқан сөзінен таймайтын, ұстанған пікірінен қайтпайтын. Қайсар. Біреуді күндеп, не зәбір көрсетуден бойын аулақ ұстайтын. Барынша адал, шыныдай кіршіксіз таза, жолдастарына айнымас дос, әділеттік туын жоғары ұстаған принципті кісі болатын. Ол өзіне биік талап қойып, міндетті түрде білімін толықтыруға күш салатын, көп оқитын, екі тілді бірдей меңгерген, аудармамен де айналысатын өнері барын білеміз. Мұхтардың бір бойына дарыған осынша жақсы қасиеттерді бағалап, әкем қатты сыйлап өткенін айтып отыратын. Менің шешем Мұрзиндермен 1923 жылдан бастап Орынборда, одан 1929 жылға дейін Қызылордада, қашан астана Алматыға ауысқанша араласып тұрды. Сол заманнан бері Мұрзиндердің семьясы бізге ыстық, туыстан жақын болып кетті.

1930 жылы көптеген (32 адам) оқыған қазақ интеллигенттерін жаппай тұтқынға алғаны бәрімізге мәлім. Сол бір ауыр да қасіретті жылдар Мұхтарды да құр қалдырмады, Алматыда Намкомземде экономист болып жұмыс істеп жүргенінде тұтқынға алынды. Соттың үкімімен Воронежге айдалды. Өзімен бірге сотталып барғандар: Сейдазым Қадырбаев, әйелі - Жаңыл (Тәпіл дейтін), қызы - Гуля, Әбдіхамит Ақбаев, әйелі -Зүфүнүн, Мұстафа Бұралқиев, Әбдірахман Мұңайтпасов, әйелі - Сара, балаларымен (сонда болды). 1934 жылы араларына Кәрім Тоқтабаев қосылды, ол орыс әйелі Мария Петровнамен, қызы Естаймен келеді. Мұхтар үй-ішін алдырған соң, жоғарыда айтылып отырған кісілермен араласып, бір-біріне жәрдем беріп тұрған. Берген бес жылын өтеп 1936 жылы Шымкентке келіп сельхозбанктің жоспарлау бөлімінде меңгеруші болып істеп жүргенінде - 1937 жылы қайтадан ұсталды. Мұхтар 1957 жылы ақталды.

Мұхтардың інісі - Ғазиз Бабақайұлы Мұрзин 1925 жылдары Қызылорда да, одан Алматыда жұмыс істеді. Ғазиздің бірінші әйелі Рахила Ғабдоллақызы (Гүләйімнің немере сіңілісі) еді, бұл семьяда екі ұл - Назар мен Дос дүниеге келді. Бірақ Рахиланың мінезі ұнамсыз, шатақ болғандықтан, бұл кісілер ұзақ отаса алмады, ерте ажырасты. 1928 жылы Ғазиз Москвада постпредствода жұмыс істеген, екінші рет Алматыда Ада Павловнаға (Алиса Власова осы әйел болуы әбден мүмкін - Т.Ж.) үйленгенін Сара Садыққызы Өтегенова - Мұңайтпасовадан естігенім бар. Ада Павловна өте мәдениетті, адамгершілігі жоғары, сыйласа білетін кісі еді дейтін. Москвада араласып тұрған екен. Ада Павловна мен Ғазиз көп жылдар өмір сүрген, кейін Москвадан соң ажырасып, Нина Морозоваға үйленген. Ғазиз Риддерде алтын кенін шығаратын приискіде жұмыс істеп жүргенінде 1936 жылы іш сүзегін жұқтырып алып, қайтыс болыпты».

Ада мен Алисаның аттарының өзгешелігі болмаса, Әзиз (Ғазиз) Мұрзиннің үстінен арыз жазған Власова осы әйел сияқты.

Иә, «мәдениетті әйел», бірақ, сыйласымы жоқ, «шыдайсың риза болып жар ісіне, қорлық пен мазағына табылса да»,- деп Абай айтқан «табашыл жар» болған сияқты. Мүмкін оның осы жымсымасын сезіп қалып Ғазиз Мұрзин ажырасқан шығар.

Бәрі де мүмкін. Бәрі мүмкін.

Семейдегі Әлихан Бөкейхановқа берілген хатты тапсыра алмаған, Х.Досмұхамедовтің ісінде алғашқы жауабы тіркелген Уәлихан (Уәлитхан) Омаровтың көрсетіндісі:

«Берілген сұраққа жауабым мынау: Қазақ ұлтшылдарының ешқандай ұйымына, оның ішінде Орынбордағы бөлімшесіне де мүше болған емеспін. 20-жылдары қандай да бір ұйымға мүше болды деген сөз шындыққа жатпайды. Ешқандай да ұйымды білмеймін. Валидов пен Байтұрсыновтың арасындағы хат туралы да мағлұматым жоқ. Байтұрсыновты естуім бар, бірақ таныс емеспін. Әділев пен Сәдуақасовтың кеңес құрылысына қатысты блоктары жөнінде де хабарым жоқ. Сәдуақасовпен бірге қожановшыларға (колчаковшыларға да болуы мүмкін, нақты танылмады - Т.Ж.) қарсы күреске қатысқаным рас. Оның өзінде де азаматтық блок емес, кейбір мәселелер жөнінде келіспегеніміз шындық. Кеңес өкіметіне қарсы ешқандай іс-әрекетке қатысым жоқ. Бөкейханов Уәлиханмен (Ғабдолла - ?) Жер жөніндегі комиссариатта бірге істедім, білімді, іскер, коммунисшіл. Әрине, ешқандай ұйымның құрылғанынан бейхабармын. Ташкентте құрылған ұйымды естіген емеспін. Кулаков пен Ермековтің арасындағы байланыстан хабарсызбын. Олардың: әр нәрсені менімен ақылдасты,- дегені шындыққа жатпайды, тек шаруашылық мәселелері ғана тапсырылды.

22-24 жылдар арасында жазылған «Табалдырық» платформасын білмеймін және «Алқа» үйірмесіне менің қатысым жоқ. Мен ол кезде Ташкентте емес, Петропавловскіде болатынмын. Сәдуақасовпен, Бөкейхановпен, Мұрзинмен, Омаровпен және Байтұрсыновпен қосылып қандай да бір қағазға қол қойғаным есімде жоқ. Егерде қазақ әліппесі туралы болса, онда менің бұған тікелей қатысым шамалы, өйткені мен әріп түзумен айналыспаймын, оған икемім де жоқ. Бұл қол менің қолтаңбама ұқсамайды (қазақ әліпбиі туралы халыққа жолданған үндеу хат -Т.Ж.).

Сіз айтып отырған 21-22 жылдары Ташкентте өткен Тынышбаев, Досмұхамедов және басқалар қатысқан жиналыс туралы тіпті естісем бұйырмасын. Заки Валидовтің кім екенін де білмеймін, өмірімде ол туралы естіп көрмеппін. Әділевті естуім бар, бірақ өзін көрмеппін».

Бұдан кейін 1931 жылдың 15-қыркүйегі күні тергеуші оған түрлі тақырыптарды атап ұсынып, соған жауап беруді талап еткен. Сурет көрсетіп, олардың кім екенін сұрайды. «Жоқ, мен бұларды білмеймін. Мен Әділевті үйіне ауырып келгенде ғана көрдім»,- дейді. Алайда келесі жолдағы хатқа түскен сөздер кілт өзгеріп сала береді. Айыпталушының алдыңғы тергеудегі кесімді сөздері жұмсарып, айыбын мойындауға көшкен. Бұған қарағанда арадағы үзіліс кезінде қысым көрсетіліп, қинау жасалған сияқты. Оны мына жауаптың мәнерінен де байқауға болады:

«Мен қазір бұрын жасырып келген жайлардың бәрін де сізге айтып беремін, жолдас милиционер. Шындығында да 22-жылы Ташкенттен Бөкейхановқа беруге арналған хатты алдым. Онда ешқандай адрес көрсетілмеген және ол ауылда жоқ дегенді естідім. Хатты тапсырғым келмей жыртып тастадым. Онда Ташкенттегі ұйымның жай-жапсары айтылған сияқты. Хат жөнінде мен Әбікей Сәтбаевқа, Хасен Ақаевқа және ...(аты толық танылмады - Т.Ж.) айттым. Кейіннен білдім, Бөкейхановқа арналған хаттың мазмұны туралы жергілікті адамдардың барлығы естіп алыпты»,- деп жұмсарта баяндаған.

«Шабармандығы» болмаса, Х.Досмұхамедов айтқандай, «ұйымға тікелей қатысы жоқ, тек сенімді, көмек көрсете алатын адам қатарында» қалыпты. Бұл да кісінің кісісінің ғана қолынан келетін қасиет.

Бұл томдағы тергеу ісіне тартылғандардың бәріне тағылған айып пен қаулы мәтіні бірдей. Тек қана аты-жөндерін ауыстыра салса болды. Сондықтан да Ж.Досмұхамедовке шығарылған айыптау қорытындысын толық келтіреміз.

«№2370 іс. І том. 435-а бет. Мен, ОО ПП ОГПУ-дің КССР-дегі І бөлімінің бастығы Попов тергеуге алынып, № 2370 іс бойынша жауапқа тартылған Жаһанша Досмұхамедовтің қазақ ұлтшылдарының астыртын ұйымына қатысы және соған байланысты кеңес өкіметіне қарсы әрекеттері толық дәлелденгенін ескере отырып ҚІК-нің 128-бабына сәйкес ҚАУЛЫ етемін:

Осы іс бойынша Досмұхамедов Жаһанша мына қылмыстық әрекеттері үшін айыпкер ретінде тергеу астына алынсын, ол: 1). 1921 жылы айыпкерлер М.Тынышбаевпен, Х.Досмұхамедовпен бірге Ташкент қаласында қазақ ұлтшылдарының астыртын ұйымын құрған, ол ұйымның бағдарламасын жасауға қатысқан, ұйымды кеңейтіп, оның бағдарламаларын тарату үшін ұйымға жаңа адамдар тартқан, мысалы 1922 жылы Алматы қаласында айыпкер Біләл Сүлеевті ұйымға тартқан.

2) Ұйымның жетекші мүшелерінің бірі ретінде Бұқарадағы басмашылардың құрбашы Заки Валидовпен байланыс орнатқан, сондай-ақ 1927 жылы Сарысу ауданындағы Әділевтің бандысымен астасып, Ақмола милициясының бастығы мен тағы бір милиционерді 1923-жылы атып өлтіргені үшін ұсталған бандының бастығы Әділев Байсейітті Қызылордадағы түрмеден босатып жіберуге қатысқан.

3) Астыртын ұйымның жетекші мүшесі ретінде партия мен кеңес өкіметінің жер саясатын бұрмалауға бағытталған науқанға белсене қатысты, сондай-ақ 5 партконференция мен Қазақстандағы кеңестің 5-сьезінде жерге орналастыру  мәселесінің шешілуіне қысым жасады, астыртын ұйымның бағдарламасының талабы бойынша «Алқа» астыртын үйірмесінің әдеби бағдарламасын жасауға қатысты, яғни: ҚК-нің 58-7, 48-10, 58-11 және 57-3 баптары мен тармақтары бойынша жауапқа тартылсын.

Төтенше өкіл - Попов.              «Келісемін»:             ОО бастығы үшін - Волохов».

Осы қаулының үстін бастыра: «Осы қаулы маған оқылды, бірақ та қаулыда негізделген материалдар маған толық көрсетілген жоқ. Ж.Досмұхамедов. 25/Х - 31»,- деп қол қойған.

Бір түсініксіздігі, тергеуші кәсіби заңгермен бетпе-бет келе отырып, Ж.Досмұхамедовке мүлдем қатысы жоқ Д.Әділевтің қылмысты ісін қалай «қиыстыра» қосақтаған? Жерге орналастыруға, телім бөлуге, «Алқа» үйірмесіне қатысты өзге көрсетінділерде де Ж.Досмұхамедовтің аты аталмайды. Қалайда «сауатты» айып тағып, түрмеге қамауды мақсат етсе керек. Ал «қылмыскер» адам айыптау қорытындысымен келісе ме, жоқ па, оларға бәрібір еді.

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3235
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364