Қазақстан Тәжікстан мен Қырғызстанға қару жібереді
Қазақстан Мәжілісінің депутаттары Қырғызстан мен Тәжікстанға әскери көмек көрсету туралы бірнеше келісімді ратификациялады. ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Руслан Шпекбаев Мәжілістің жалпы отырысында мәлім еткендей, Садыр Жапаровтың Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында 2021 жылғы 2 наурызда Қазақстан мен Қырғызстан үкіметтері арасында өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісімге қол қойылды.
«Келісім Қырғызстан тарапына әскери мүлікті, оқ-дәрілер мен арнайы техниканы бір реттік негізде беруді қарастырады. Әскери техниканы Қырғызстанның Қой-Таш ауылына автокөлікпен жеткізу шығындарын қазақстандық тарап қамтамасыз етеді және өз мойнына алады. Қырғыз тарапы алған әскери мүлікті немесе оны пайдалану құқығын үшінші тарапқа бермейді», - деді Шпекбаев.
Қырғызстанға әскери техниканың берілуі Қазақстанның жауынгерлік әзірлігі мен қорғаныс қабілетінің жай-күйіне әсер етпейді.
2021 жылдың 17 сәуірінде Қазақстан мен Тәжікстан үкіметтері арасында өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісімге қол қойылды. Онда әскери мүлікті, атап айтқанда, оқ-дәрілерді тәжік тарапына бір реттік негізде беру қарастырылған.
«Қазақстандық тарап әскери техниканы Жамбыл облысының Отар стансасынан Душанбе қаласына теміржол көлігімен жеткізу шығындарын қамтамасыз етеді және өз мойнына алады. Тәжік тарапы алынған әскери мүлікті немесе оны пайдалану құқығын үшінші тарапқа бермейді», - деді Шпекбаев.
Abai.kz