Сенбі, 23 Қараша 2024
Білгенге маржан 15591 10 пікір 15 Қараша, 2021 сағат 15:14

Ұйғырлар тарихы жайлы бірер сөз...

Тарих ұғымының мағынасы өте кең ауқымды қамтитын, алуан қырлы ғылымның бір саласы. Оның ерекшелігі санадағы түйсік арқылы өзінің құпиясына елітіп, тым алысқа – дәуірлер, ғасырлар қойнауына ой, қиял арқылы сапар шектіреді. Тарих – ол мынау көз жетпес көкжиек астындағы уақыт өлшемімен айқындалатын, адамзат көшіне ұласқан өркениеттер шежіресі. Есте жоқ ескі дәуірлерден бастау алатын, уақыт атты әміршінің ырғағында тербеліп, түрлі өзгерістерге ұшыраған, ақиқаты көмескіленіп сырын ішке бүккен ұлы құбылыс. Бүгінгі тақырыбымыздың ішкі өзегі осынау ұлы құбылыстың бір тармағы – Ұйғыр халқының тарихына қатысты оқиғалар мен жағдаяттардан тұрады.

Сонымен, хикаямыздың басын сонау орта ғасырларда Селенга, Орхон, Тола өзендерінің бойында құрылып 745-840 жылдар аралығында өмір сүрген Ұйғыр қағанатынан бастайық. Ол Көктүріктер құрған Екінші Түрік қағанатының орнында пайда болды, астанасы Орхон өзені бойындағы Қарабаласағұн қаласы еді. Алғашқы қағаны Пейло (745ж.), кейін мұрагерлікпен оның баласы Мойыншорға беріліп, ол 746 – 759 жылдар аралығында билік құрды. Аталмыш қағанат билігін тоғыз оғыздар (кейде сегіз оғыз) тайпалар бірлестігінің  шонжарлары жүргізіп отырған. Сол бір тарихи кезең аясында Орталық Азия мен Монғол үстіртінде тіршілік етіп, саяси билікке иелік еткен, бір-біріне қарама-қарсы түркі текті екі тайпалық одақ   өмір сүрген болатын:

1) Түрік атауын иеленген түрік-қыпшақтар.

2) Тоғыз оғыз бірлестігі.

Өз атауы айтып тұрғандай «тоғыз оғыз» сөзі этникалық есім емес, саяси атау. Бұндағы қыпшақтар (Ашина) аталық билеуші әулетті құрайды, себебі, олар ежелгі түркілер түсінігінде «Тәңір текті», «Тәңірден жаратылған әулет»,  ал тоғыз оғыздар аналық әулетке (Ашидэ) жатқызылып, арғы тегі  «Ғұндардың қыздарынан таралған» деп, танылған. Бұл мәліметтерді бізге  жеткізуші қытай жылнамашылары, оған қоса «Түркілер ғұндардың тікелей  ұрпағы» деген деректерді де жазып қалдырған. Осынша мағлұматтарды ой  елегінен өткізе отырып, бұның жауабын ежелгі шежірелерге жүгіну арқылы тауып көрелік:

...Ежелгі тарихта б.з. 67 жылдары Ғұндар мен Қытайлар арасында жанға жайлы Батыс өлкесі үшін кезекті талас-жанжал бұрқ ете қалады. Шұрайлы да жасыл желекті Тарым алқабы үшін болған қиян-кескі шайқаста қытайлар басым түсіп, ғұндардың иелігі болған Чеші князьдығы (Тұрфан өңірі) аяусыз талан-таражға түседі. Амалы таусылған Ғұн тәңірқұты чеші халқының аман қалғандарының басын құрап, қағанаттың шығыс аймағындағы Байкал өңіріне көшіріп қоныстандырады. Ендігі басты көңіл аударарлық жағдай-сол чеші халқының тілі, таным тіршілігі  түркілік болғанымен, ататегі басқа, түркіге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын үндіеуропалықтың шығыс тармағына  жататын, яғни, шығыс ирандықтарға ұқсас болуында. Сөзімізді сабақтай  келе жоғарыда айтылған Ашидэ әулетінен шыққан тоғыз оғыздардың  «Ғұндардың қызынан таралуына» қатысты тектік айырмашылыққа, осы бір оқиғаның қатысы бар-ау - деп, шамалаймыз…

Арада өткен біршама ғасырлар бойы олар да өсіп-өніп, көшпенділерше  өмір сүріп, үрім бұтақтарын жан-жаққа өрбіткен көрінеді. Ұйғыр қағанатының билікке келгенінен көп ұзамай-ақ, 750 жылдары мемлекет үш қанатқа – орталық, оң және сол болып бөлінгенде, шарпыны Мауреннахрға дейін жетеді. Сондағы Мауреннахр тұрғындарының  ғұздар (оғыздар) аталатындығын, олардың сонау алыс «Тоғыз оғыздардан» келгендігі  жайындағы ақпарды өз кезегінде араб шежірешілері жазып кеткен. Алайда, «ұйғыр» - сөзінің түркілік  яғлақар тайпасының атауынан шыққандығын ескерсек, кейде «сегіз оғыз» аталуының шешуі осы «яғлақардың» басқа сегізінен айырмашылығына  сәйкес оның таза түркі текті тұқым болғандығында жатыр-ау деп, топшылаймыз. Содан, 756 жылы Қазақ жерінің оңтүстік-шығысында қарлұқ тайпасы түргештерді талқандап, толық үстемдікке ие болды. Ендігі алдағы он жылдықта олардың негізгі қарсыласы тоғыз оғыздар еді.

Аймақтағы билік үшін аласапыранда тоғыз оғыздар (ұйғырлар) көп күш жұмсай отырып, Шығыс Түркістанның батыс бөлігі мен Жетісудың біршама  жерін қоластына бағындырып қарлұқтарды биліктен ығыстырады да тоғыз оғыздардың белді тайпалары Қазақ жерінің шығысында билігін  жүргізу  үстемдігін иеленеді. Ұйғырлардың пайдасына шешілген бұл ығыстыру үрдісі, сонау 744 жылы тоғыз оғыздардан ойсырай жеңілген қарлұқ пен яғмалардың көшінің Жоңғарияға, Тұрфан мен Жетісу аймағына жаппай ағылуынан басталған-ды. Бұл қоныс аударудың жалғасы VІІІ ғасыр соңына қарай Қазақ жеріне түркі тектес көшпенді оғыз тайпаларының да көптеп келіп орныға бастауына ұласты.

Енді ұйғырлардың діни сенімі жайында сөз қозғайтын болсақ, орта ғасырлардың әрқилы кезеңдерінде аталмыш халық – зороастризмнің, шамандық, тәңірлік тағы басқа діндермен қатар буддизм, манихейлік және христиандық діндерді ұстанғандығына тарих күә. Осыншама күрделі наным-сенімдердің араластығы сол аумақтағы екі мәдениеттің қарым-қатынасының нәтижесінде туындаған болатын. Олар ежелгі Қазақ жері мен Шығыс Түркістандағы ғасырлар бойы қалыптасқан көшпелі және отырықшы мәдениеттердің араласуы әсерінен көптеген діни наным-сенімдердің  тоғысуын басынан өткерді.

Мәселен, ерте орта ғасырлардағы зороастризмнің кең етек алуы сондай-ақ, соғдылықтардың келуімен буддизмнің жаппай таралуы, христиандықтың  несториандық бағытының енуі, т.с.с.

Түсініктірек болуы үшін өткен тарихқа біраз шегініс жасасақ: Сонымен, 431 жылы христиан әлемінің үлкен бас қосу жиынында Константинополь патриархы Несторийдің «...Құдайдың анасы жоқ! Адамнан құдай тумайды...» дегені сияқты, тағы осы сарында айтқан өзіндік пікірі үшін тақуа діндарлар  тарапынан жазаға тартылып, шіркеуден аластатылады. Осы шулы оқиғадан кейін пірәдар Несторийдің ізін қуушылар – несториандар аталып, христиандар әлемі аймағының барлық жерінен қуғындалады да, тек Персиядан ғана қолдау табады. Бұл діни ағым қамқоршысы болған Персия  аумағында өздерінің мектептерін ашып, насихатын  жүргізіп, діни ілімдерін Шығыс Азияға қарай кеңінен таратады. Сириядан шыққан осынау христиан-несториандар өздерінің діни уағыздарын шығыстық – Бактрия, Парфия, Мауреннахр, Қазақ даласы мен одан әрі Қытай, Монғолияға дейін, оның ішінде ұйғырлар арасында да үлкен сәттілікпен уағыздайды. Ол аз десеңіз  732 жылы Қытайдан қуылған манихейлік дін (орта ғасырларда Месопотамиядан шыққан – зороастризмнің, шаманизм, буддизм, христиандық діндердің қосындысынан шыққан қойыртпақ дін) иелері де ұйғырлар ортасынан жақтастар тауып, билік үшін таластағы ішкі соғыста  Моянчур идықұтты қолдап, оның билікке келе салысымен манихейліктің ықпалындағы ұйғыр қоғамы, аталмыш дін қожалық еткен теократиялық  мемлекетке айналады.

Бас-аяғы бір ғасырға жуық ғұмыр кешкен Ұйғыр қағанаты 840 жылы жарты ғасырға созылған Енисей қырғыздарымен болған соғыста күл-талқан болып жеңілді. Сағымға айналған билікпен бірге манихейлік діни наным да өз мәртебесінен айырылып тынды. Тәуелсіздіктен айырылған тоғыз оғыздардың (ұйғырлардың) бір бөлігі (15 аймақ) Алтай мен Тарбағатайға ауып  қарлұқтардың құрамына қосылса, қалған жартысы Шығыс Түркістан мен Ганьсу өңіріне қоныс аударуға мәжбүр болды. Ұйғырлардың қаңырап, құлазып қалған жұртына біртіндеп, монғол тілді тайпалар көшіп келіп қоныстанып, шаруашылығын тіктеп тұрақтап қалды.

Одан кейінгі ұйғыр халқының ІХ ғасыр аяғы мен Х ғасырдың бас кезіндегі тіршілігі мен саяси ахуалы күңгірт, бұл кезең туралы нақты тарихи мәліметтер жоқтың қасы. Бір жағынан тарихтың дәл осы кезеңінде ұзаққа созылып, толассыз жалғасқан қанды соғыстардан әбден әлсіреген Шығыс Азияның барша мемлекеттері біршама мерзім өз мекендерінде тыншып, еріксіз томаға тұйық саясат ұстанған тұғын. Мысалы: соғыстан сілесі қатып қажыған Қытайлар өз қамалдарының ішіне кетті, ал ұйғырлардың әйелдері  мен балалары қытай әскерлерінен қалған қорғандар мен қоршауларға барып жасырынса, енді қырғыздар үшін де осынау соғыстың ешқандай мәні болмай  қалды. Ал, Түркілердің қалғаны Таулы  Алтайға табан тіреді.

Алайда уақыт өте келе есі кіріп, етегін жиған ұйғырлар өздерінің жаңа Отандарына тез бейімделіп, Тұрфан, Қарашар мен Құша сияқты шұрайлы  да берекелі, отты да сулы тіршілікке қолайлы аймақтардың жергілікті халқымен қоян-қолтық араласып кетті. Қорыта айтсақ, ІХ ғасырдың соңғы ширегінде Тянь-Шань тауының теріскейінен бастап орасан зор аймақтағы отырықшы жұрттар, көшпенді жауынгер түркі тектес тоғыз оғыздардың даңқты атын иеленіп, бұдан былайғы тірліктерінде «Ұйғыр» сөзі басымдыққа ие болып, жиі қолданысқа ене бастаған секілді..

Бұндағы бізді таңдандыратын жағдай, осынша аймақты қамтып жатқан  тұрғындардың әлеуметтік құрылымы, олар: көпестерден, қолөнершілерден  және диқаншы-бағбандардан тұратын мүлдем басқа ел-жұрт еді. Бұл  дегеніңіз - өздері айшықтап есімін иеленген жаужүрек  көшпенділерге  еш  ұқсастығы жоқ, жаңа халықтың қалыптасқандығын байқатады. Жер аумағы жағынан Тянь-Шаньға жанасып жатса, оңтүстігінде Лобнорға, батыс тарапынан Манас өзені мен Құша жазирасына дейінгі жасыл өлкені  қамтыды. Сонымен, «жаңа ұйғыр» халқының пайда болған, жаңа  мемлекетін Қытай билігі 874 жылы ресми түрде мойындады. Бұдан кейінгі Х-ХIII ғ. аралығында ұйғырлардың хал-ахуалы туралы зерттеуші, ғалым С.Е.Маловтың жариялаған заңдық құжаттар жайлы еңбегінде Тұрфан өңірінде–аренда, кредит, құл, күң саудасы, қарыз құлдығы, алым-салық пен міндеткерлік және өсімқорлықтың да болғанынын тәптіштеп жазылған. Тағы бір  ерекшелік жағдай сол кезеңдегі ұйғыр әдебиетінің аудармаға өте бай болуымен дараланады. Олар көбінесе-сирия, парсы, санскрит, қытай және тибет тіліндегі туындыларды өз тілдерінде аударып, өздерінің төлтума әдебиеттерінен ешбір мұра қалдырмаған. Тегі жағынан әртүрлі этностардың бір-бірімен етене  араласқаны сонша, Тұрфан өлкесінде мәдениеттің өзгеше бір, басқаға ұқсамайтын будан түрі қалыптасты. Қорыта айтқанда, Шығыс Түркістанның ежелгі мәдени, тарихи дәстүлері үзіліп, тоқырауға ұшырады.

... Неліктен? Қалай ойлайсыз, неге бұлай болды? Ежелгі демекші, енді бұл  осы сұраққа көне шежірелерден жауап іздеп көрелік. Ендігі әңгіме арнасы өзгеріп ежелгі дүние, яғни, біздің заманымыздан бұрынғы уақыт, бұрынғы әлем туралы болмақ. Ол үшін біз әңгімемізді өздеріңізге мектеп  қабырғасынан таныс Сақтар тарихынан бастаймыз.

Сонда Ұлы Сақ ұлысының патшайымы Тұмар (Томирис) пен Парсы патшасы  Кир (Құрыш) арасында болған қанды шайқасты есімізге түсірейік. Алапат  қантөгіс басқыншы, ашкөз, қанқұмар Кирдің Сақ ұлысының аймағындағы  Талас даласында ажал құшуымен аяқталады. Оның кесілген басын жиіркене ұстаған сақ патшайымы Тұмардың ″Іздегенің қан еді! Іш ендеше....″ деп, қан толы торсыққа батырып тұрып айтқан сөзі, мыңдаған жылдарды артқа тастап, олардың тікелей ұрпағы қазақтарға, яғни, бізге де сол қалпында жетті. Міне, өзіңіз көріп отырғандай асқақ рух пен өшпес ерліктің халық жадында мәңгі сақталып ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, ешқашан өшпейтініне ата тарихтың күә екендігі дәлел.

Сонымен, б.д.д. 529 ж Сырдарияның жағасында жүзден астам халықтардың ұландары қатысқан ең ірі қанды шайқас болған. Осы ғаламат соғыста  әлемнің мықты деген елдері Сақ ұлысының бес қаруының құдіретін танып, отаншылдық рухы мен ерлігіне бас иді. Нәтижесінде, патша басынан айырылып Парсы жұрты иесіз қалды.

Жеңімпаз Тұмар патшайым елінің рубасылармен, батырларымен үлкен жиын өткізіп, енді бұл қатыгез дұшпандардың туған жерге қайтып аяқ басқызбаудың қамын ойластырады. Оқырман өздеріңізде байқап отырған боларсыз, тарихи оқиға мүлдем басқа арнаға бұрылып барады. Себебі, бұрынғы біз оқыған тарих қатты бұрмаланған еді. (Кеңес үкіметі тарапынан) Сол қолдан жасалған қиянаттың зардабын, бұрмаланған қазақ тарихы туралы қазіргі зерттеушілеріміз көптеп жазуда.

Ақыры соңында ел-жұртымен ақылдасқан үлкен талқылаудан соң Тұмар патшайым Гуштасп деген қызметші құлдың баласы Дарьяушты (Дарий) қуыршақ патша етіп тағайындайды. Оған қоса болашақта қантөгісті болдырмаудың алдын алу үшін, көшпенді халықтарда бағзы заманнан келе жатқан жосық «Аманат алу» тәсілін пайдаланады. Бұл дәстүр бойынша қатар орналасқан мемлекеттердің билеуші әулеттері өзара бір-бір адам  немесе тұтастай бір руды «аманатқа» беретін, осы «Аманат» адам немесе  ру сол - екі ел арасындағы бейбітшіліктің нақты кепілі қызметін атқарған. Сондай-ақ, кей уақыттарда соғыста жеңіске жеткен ел, жеңілген жақтан да болашақтағы бейбітшілікті, екі ел тыныштығын сақтау мақсатында «аманат» алып отыру заңы болған еді. Сөйтіп, ата-баба заңын ұстанған Патшайым ойсырай жеңілген Парсы елінің адамы ең көп пасарғады аталатын руының жартысын «аманатқа алып» көшіріп әкеліп, мемлекеттің шеткі екі аймағына  бөліп қоныстандырады.

Себебі, пасарғады Сақ жеріне басып кірген парсы патшасы Кирдің (Құрыштың) ең сенімді, атағы мәлім арқа сүйер қолдаушы руы еді. Ал, осы  аманат жұрттың сол кезеңдегі айналысатын шаруасының негізгі екі түрі де Сақтар тарапынан нақты белгіленіп берілген екен:

1) Саяси салада құрбандыққа ілінгендер (екі ел арасындағы саяси, даулы  мәселелерді шешуде пайдаланылған)

2) Егіншілікті меңгерген диқан болуы, яғни, патшайымның елін астықпен, жеміспен, т.б. керек-жарақпен қамтамасыз етуші қызметшілер.

Енді, шаруа жағдайы айқындалған соң олардың орналасқан жеріне келсек, осынау аманат жұрттың бір бөлігін қазіргі Тәжікстан мемлекеті жеріне, екінші жартысын Қашқар өңіріне бөліп орналастырыпты. Міне, бұдан шығар  жаңалықты өзіңіз де түсініп отырған боларсыз-демек, Тәжікстандағы тәжіктер мен Қашқардағы ұйғырлардың арғы аталарының бір туғандығын және  олардың осы бір аласапыран заманда атажұртынан ауып келген «аманат елдің» үрім-бұтағы екендігін. Тәжіктер өз жері мен руластарынан айрылса да, Иран әлемінің бір қиыр шетінде жатқандықтан, рухани байланыс үзілмей өздерінің тілін сақтап қалды, ал Қашқардағы руластары кейіннен: қашқарлық, тараншы, сарт тағы басқа аталып бұрындары түркі текті «яғлакардың» есімін иеленсе, кейіннен ана тілдерін ұмытып, біржола түріктеніп кеткендіктен  Совет заманында ұйғыр атанған еді. Міне, құрметті оқырман, ендігі ретте  тілдік ерешелікті жинастырып қойып, замана көшіне ілесіп жазулар тарихына көшейік.

Тарихта, көркем әдебиетте көптеп кездесетін ұйғыр елінің жазу туралы сөз  қозғасақ біздің ойымызға бірден «Тұрфан жазуы» оралады. Оның көзге  түсер басты ерекшелігі соғды алфавитінен бастау алатын солтүстік семит, арамей жазуының бір түрі екендігінде және ол түркі жазуы сияқты оңнан солға қарай емес, басқаша, жоғарыдан төмен қарай тік әріптермен  таңбалануында. Оған қоса мектептегі тарих оқулығынан «Соғды (ұйғыр)  жазуы дегеніміз-орта ғасырлардағы парсы жазуы» деп, оқығанымыз әлі де  бәріміздің жадымыздан өше қойған жоқ қой. Соғдылықтар б.з.б. VІ – ІV ғасырда парсының Ахемен мемлекетінің құрамында болған, Монғолия мен  Қытайдан – Мервке дейінгі аумақтағы негізгі керуен жолдарының бәрінде олардың сауда-егіншілік қоныстарының болғандығы жайында деректер баршылық. Бұндағы бір көңіл аударарлық жағдай «ұйғыр жазуының» өзінің  түп-тегін түркінің руникасынан емес, соғдыдан алып отырғандығында. Енді мынадай сұрақ туындайды, ұйғырлар түркі текті бола тұра, неге парсы  жазуын қолданған? Әлде түркілерде өз жазу таңбасы болмады ма?

Тоқтаңыз, неге болмады, болды! Оның дәлелі Даниялық ғалым В.Томсонның 1893 жылы алғаш оқу құпиясын ашқан 35 әріптен тұратын көне түркі  руникасын қайда қоямыз?! Түркілердің арғы тегі Сақтарда жазу мәдениетінің болғанына Есік обасынан табылған 26 таңбадан тұратын күміс тостаған мен  қатар Талас, Ертіс, Сыр, Іле өзендерінің бойынан табылған руникалық жазулар дәлел бола алады. Бұл жазу б.з.б. V – ІV ғасырда өмір сүрген тайпалардың тарихы мен мәдениетінен хабар беріп, қазақ жерінде ғұмыр кешкен сақ тайпаларының тілі – түркі тілі болғандығының құпиясын ашып, ақиқатын әлемге танытты. Солай ағайын!

Енді бұл жазғандарымызды ой елегінен өткізіп өзімізше сараптама жасап  көрейік: уақыт мерзімі шамалас, орналасу аймағы да сол қалпы, тілі түркі, жазу таңбасы екі басқа. Айтылып отырған жазулардың айырмашылығының  жер мен көктей екендігі айдай анық болып тұр. Бұған не дейсіз? Осыдан келе сонда бұл жердің жергілікті  халқы кімдер болған деген? – заңды сұрақ  туындайды.

Ал, бұған жауапты көне қытай жылнамашыларының мәліметтерінен  табамыз. Себебі, қытайдың Батыс өлкені жаулауға алғашқы қадам баспас  бұрын, алдымен бұл өңірдің халқы, тұрмыс-тіршілігі жайлы мағлұматтар  жинаудан бастаған. Осы мақсатта екі рет елшілікке келген қытайлық  саясатшы Чжан Цянь «Батыс өңір» жерлері, Шығыс  Түркістан, Қазақ жері мен Орталық Азия туралы көптеген құнды деректер қалдырған. Сондай  ақпараттарды тарихшы Бань Гудың (б.з.д. І ғ.) «Ертедегі Хань тарихы» еңбегінің «Батыс өлке туралы хикая» тарауынан  да кездестіреміз.

Онда батыс жақты мекендейтін түркі текті - Үйсін, Қаңлы, Сюнну иеліктері  жайында баяндай келе үйсіндердің  Жетісуды, сақтардың, қаңлылардың Тұрфан ойпатын мекендейтінін және олардың қытай билігіне қарамайтындығы жайында айтылған. Енді осы жерде сәл кідіріс жасайық: сол Бань Гу өз мәліметтерінде Қаңлы мемлекетін 5 бектікке бөлген.Оның ішінде «Сушие», «Кушание» - иелік атауларын оқығанда Сушие-Сулэ (Қашқар), Кушание-Құшар немесе Қарашар атауларының ескіше айтылуы  емес пе екен? – деген, ойларға жетелейді. Әрине, бұл біздің осынау  ізденіс  барысындағы ойымыздан туындаған түрлі болжамдарымыздың бірі ғана.

Мінекей, өзіңіз байқап отырғандай, арада біршама уақыт өтсе де осынау ежелгі парфияндықтардың  ұрпақтары парсы тілін түркіге алмастырса да-бірақ, өздерінің Шығыс Иранмен байланысын ұдайы сезініп  отырған  болулары керек. Сөтіп, жоғарыда айтылған – көпестерден, қолөнершілер мен диқан-бағбандардан тұратын «жаңа халықтың» яғни, ұйғырлардың арғы тарихындағы осындай өзгешеліктердің болғанын және «будан мәдениеттің» қалыптасуы себептерін де ендігі өзіңіз түсініп қалған боларсыз. Бұл дегеніңіз, шамасы «ежелгі» Шығыс Түркістанның тарихи дәстүрінің үзіліп қалуының  себеп-салдарының бір қыры ғана болса керек-ті...

Тағы бір көңіл аударарлық келелі мәселенің бірі «аманат халықтың» түркілену үрдісінің өту барысы жайында болмақ. Демек, пасарғады жұртының түркіленуі тым ұзаққа созылып, ғасырларға ұласқан. Бұл үдерістің басында жергілікті жұртпен қоса, әртүрлі саяси, экономикалық тағы басқа себептерден шығысқа ығыстырылып немесе этногенез нәтижесінде осы арадан шыққан рулардың оңтүстікке қарай кең көлемде жорық жасап, шабуылдап тұруынан туындаған. Олар – сақтар, кушандар, түріктер, қарлұқтар, қыпшақтар тағы басқа ұлттар мен ұлыстар.

Түсінікті болу үшін толығырақ баяндар болсақ: б.з.б. І мыңжылдықтағы Қазақ жерін, Орталық Азияны, Ауғанстан мен Солтүстік Үндістанды мекендеген – Сақтар  дәуірі, Соғды  мемлекетінде, ежелгі Тұранда билік құрған Алып Ер  Тоңға заманы (Афрасиаб), Ұлы Қытай қорғанын салдыртқан – Тынық мұхиттан пен Каспий теңізіне  аралығында, Үндістан, Иран, Ауғанстанға дейінгі ұлан байтақ аймаққа қожалық еткен – Ғұндар, Қазақ жері мен Орталық Азияда, Арал теңізіне дейінгі және Иранмен одақтаса жүріп Эфталиттерді (Ақ ғұндар) бағындырған – Түркі қағанаты, одан бергі Түркеш, Қарлұқ, Қарахан қағанаттары дәуірлері мен Қыпшақ хандығы, Шыңғысхан замандары, тағы  сол сияқты  аталмыш уақыттың барлық кезеңіндегі билік басында тек қана Түркі әулеттерінің үстемдік етуі.

Міне, осыншама ғасырлар аясындағы түркілену үрдісі үнемі өзінің  жалғасын  тауып, күнделік өмірдің ажырамас бір саласына айналған еді. Иә, осынау дәуірлерге ұласқан түркілену құбылысының тоқтаусыз жүруі өз дегеніне жетіп тынды. Сонымен сақ заманында аманатқа келген жұрт, яғни, кейінгі «жаңа ұйғыр халқы» б.з.д. 59 жылы алғашқы Қытай басқару әкімшілігі құрылған, ал  б.з. VІІ ғасырында Сулэ ескі атауымен бірге жаңа аты Каша, яғни, Қашқар болып Тан империясының картасына түскен Батыс өлкені мұра етіп алып, Х ғасыр басында Тұрфан, Қарашар, Қашқар және Жаркент аймағы толық  түркіленіп ақыр аяғы - Шығыс Түркістанға айналып шыға келді.

Және де табиғаттың да адам өмірінде үлкен рөл ойнайтынын ұдайы есте  ұстаған да жөн-ау. Айтылып отырған  ІХ–Х ғасырларда Ұлы даланың  тандыры кеуіп қуаңшылық басқан кезе  еді. Қаңсыған қуаңшылық көшпелілердің шаруашылығын шайқап, әуреге салса, әрқашан дала жақтан келетін қауіп азайып, керісінше жасыл алқап тұрғындарының өркендеуіне  мүмкіндік ұлғая түсетін. Қалыптасқан жағдайды тиімді пайдаланған  Ұйғыр идықұты мемлекеті мен Саманидтердің бақ-талайы артып күшейіп шыға  келді. Бұрындары екі-үш ғасыр бұрын өмір сүруін тоқтатқан Батыс Түрік  қағанаты ыдыраған соң, ондағы қарлұқ, аргу, тұхси басқа да түрік  тайпалары лек-легімен ауып – Ыстық көлдің оңтүстігіне және Тарым алқабына келіп қоныс тепкен болатын.

Сол Х ғасырдың басында қарлұқтардың оңтүстігінде чигил мен яғма  тайпалары пайда болды. Бұлардың ішінде алғашқы болып яғма тайпасы ислам дінін (900ж.) қабылдаған-тын. Олардың билеушісі  Бограхан, қарапайым халқын «бограш» деп атаған. Бограш тілінің қарлұқтар мен ұйғырларға мүлдем ұқсамайтындығы жайлы зерттеуші С.Е.Малов: 1069 жылғы жазылған Ж. Баласағұнның «Құтты  білік» дастаны – әуелі араб  әрпімен жазылып, сосын  ұйғыр жазуымен көшірілген, шығарманың тілі ұйғыршадан өзгеше «бограш» тілінде-деп, өздік пікірін білдірген.

Бұл Х ғасырдағы негізін Сатұқ Боғра хан қалаған (915 - 955ж.ж.) Қарахан  дәуірі кезеңі. Мемлекеттің алғашқы астанасы – Қашқар, одан Баласағұн,  Өзген қаласы, кейіннен қайтадан Қашқар қаласы болды. Түркілердің жаңа діни сенім исламды қабылдауына ұйытқы болған Сатұқ Боғра қағанды қазақ елі әлі күнге дейін қастерлеп Әулие Ата деп атайды, кесенесі Тараз қаласында орналасқан. Қашқардағы мұсылман дінінің кең қанат жаюына  қағанның баласы Мұсаның өз билігін нығату мақсатында 960 жылы  исламды мемлекеттік  дін – деп, жариялауы да күшті ықпал етті. Бұрыннан буддалық  пен несториандық сенімдегі Шығыс Түркістанның басым бөлігі енді исламға бет бұрды. Бірақ, Тұрфан, Қарашар мен Көште тұратын христиан  ұйғырлардың да әлеуеті артып, манихейлік діннен мүлдем бас тартты, нәтижесінде бұл діни сенім мүлдем жойылып тынды.

Алайда, кең етек алған несториандық саяси  бытыраңқылықта болса да, саны артып кең құлаш жайған несториандық шіркеулер ХІІ ғасырда тұтастай  кең көлемді қамтыған біртұтас мәдени саланы құрады. Қытаймен соғыс олар үшін тиімсіз еді, өйткені экономикалық ахуал басым түсіп, соғыс пен жеңіс идеясынан әлдеқайда күштірек болатын. Және шай мен жібек киімдер, сауда керуенінен түсетін қыруар пайда жағы тағы бар дегендей. Ол кезеңдегі  сауда керуендері Қытайдан шығып, Бағдатқа аялдап, ары қарай Константинопольге дейін дамылсыз жүріп жатты. Бұндағы мұсылман көпестері Сібірге дейінгі аймақта қожалық етсе, несториандық ұйғыр көпестері Орта Азия мен Қытай арасындағы сауда қатынасында шешуші рөл атқарды.

Кейінірек, ХІ ғасырда Орта Азияға да ақырындап христиандықтың православтық тармағы тарала бастады. Ілгерідегі өшпенділігі ұмытылмаған несториандар болса, өздері тарапынан бұл құбылысқа салқын қабақ танытқан сыңайлы. Саяси бытыраңқылық пен саудадағы ашкөздік, діни алауыздық ХІІ ғасырдағы ұйғырлардың ішкі-сыртқы және көршілермен  қарым-қатынасына түрлі ықпалын тигізіп отырды. Осы қоғамдағы барша діни әлеуметтік топтардың ішінде, әсіресе христиандық-несториандар өзге дінге төзбеушілік қасиетімен ерекшеленетін.

Мәселен, 1125 жылы шаңырағы ортасына түсіп күйреген қидандардың  Ляо империясының бекзадасы Елюй Даши көршілері чжурчжендердің  шабуылынан ығып 20 мың әскерімен империяның батысына қоныс аударады. Ол 1128 жылы онда да тұрақ таба алмай оңтүстік Жоңғарияының Бишбалық қаласын басып алады. Иә, көктен іздегені жерден табылды, себебі, мұсылманмен соғысатын адам өзі келді (гурхан). Осы сәтті тиімді пайдаланған несториандық ұйғырлар қидандарды азық-түлікпен, сарбазбен қамтамасыз ету жағы мен әскерді қайта құрып жарақтандырудан  қаржыларын аямаған. Оған бұл жерде Тянь-Шань өңірінің отырықшы 7 облысының басшылары (тегі жағынан ұйғырлар болуы керек) және 18 тайпаның көсемдері қосылып барлығы Қашқар қаласына шабуыл жасағанымен  жеңіліске ұшырайды. Сонымен Жетісуға тұрақтап бірте-бірте  1129 жылы Самарқан билеушісінің қоластындағы 16 мың қидан түтінін өзіне қосып алып, 1129 жылы Қашқар мен Хотан қаласына қайта шабуыл жасап басып алады.

Бірақ, осы жағдайға байланыст  гүрханның Орта Азия мұсылмандарымен  қарым-қатынасы шиеленісіп, қаңлы мен қарлұқтарды жаулағаны үшін Ұлы қыпшақ даласын өзінің бітіспес жауына айналдырды. Ол аз десеңіз  1130 жылы Ходжент түбінде Сұлтан Санжардың иелігіндегі Махмұтханның  әскерін быт-шыт қылып жеңеді. Бұл қорлыққа шыдамаған Таяу Шығыстағы мұсылмандардың құдіретті қолбасшысы Сұлтан Санжар (Хорасан, Седжастан, Гура мен Ғазнаның және Мазандераннан жинаған) 100 мың  сарбазымен «дінсіз  түріктердің» сазайын тартқызуға өзі келеді.

Сөйтіп, 1141 жылы Ходжент пен Самарқанның арасындағы Қатуан жазығында қарақытай гурханы Елюй Дашының бақ-талайы асып, шайқас  даласында басым түсіп, Сұлтан Санжар бастаған мұсылмандар қосынын  ойсыратқан күйде күл-талқан етіп жеңеді. Оның әйелі мен қаруластары  тұтқынға түсіп, өзі әрең деп жансауғалап аман қалады.

Міне, осынау қанды шайқаста несториандардың  исламға деген, діни өшпенділігі өз дегеніне жеткен еді. Неге десеңіз сол кезеңдегі Шығыс Түркістанда мұсылмандар, буддашылар мен несториандар қатарласа  ғұмыр кешіп жатты. Мысалы:

1) Буддашылар монастырында байлықтары шіріп жатса да, саудаға селқос  болды. (будда заңы бойынша алтынға мен күміске, әйелге жолауға қатаң тыйым салынды)

2) Несториандар шеттерінен саудагер да, бірақ, мұсылмандарды өлердей  жек көрді.

3)  Мұсылман саудагерлері де өздері тарапынан керуендерін тоқтатқан  емес.

Несториандық ұйғырлар жұмсалған қаржы мен қолдаудың қарымтасы  ретінде қидандар Гурханы арқылы бүкіл – Самарқан мен Ферғанадағы,  Қашқар мен Хотандағы мұсылмен бәсекелестерінің мысын басып, бүкіл  керуен саудасының тізгінін өз қолдарына алуды көздеді. Және солай болып  ойлаған мақсаттары жүзеге асқан секілді. Неге десеңіз осы Қатуандаға  қырғын шайқастан кейінгі кезеңде ұйғырлардың сауда қалаларының гүлдену кезеңінің есігі айқара ашылып, басымдыққа ие болған несториан көпестері  керуен саудасынан басқа, өздеріне тәуелді аумақтардағы мұсылман  көпестерінен қосымша алым-салық та алып отырды.Сол үшінде олар,  өлшеусіз пайда әкелетін басқа діндегілерге қарсы  күресті үнемі қолдап, бар  қаражаттарын аямайтынды.

Ұйғырлардың ойын жүзеге асырып, абыройын асқақтатқан, іске ыңғайлы, білімі мен мәдениеті бір басына жетерлік әскери көсем  Елюй  Дашының өз  басына келсек, ол – аймақтағы будда, ислам, христиан діндерінің  ешқайсысын да мойындамаған көрінеді.

Оған дәлел ретінде 1130 жылы ол өз атынан Көк Тәңірі мен қасиетті Жер-Суға, ата-баба аруағына бағыштап - сұр бұқа мен ақ боз атты құрбандыққа  шалғанын айтсақ та жетіп жатыр. Бірақ, оның мұрагері Ильия деген,  христиандық есімді иеленсе, немересі (Джурка, Юрка) Юрий билік еткен 1178 – 1213 жылдары атасы Елюй Дашы жаулап алған жерлерді сақтап қалу  мақсатында патриарх Ильия ІІІ-ге «Қашқар мен Жетісуда несториандық  митрополия» құруға барынша қолдау көрсетіп отырған.

Ұйғыр идықұты Қатуан шайқасынан кейін қарақытай Гурханына салық төлеп  тұрғанымен, толық тәуелділікке түспей шын мәнінде өз бетінше дербес әрекет ете беретін. Бұдан біз Ұйғыр идықұтының – қидан Гурханға адал  одақтас емес екендігін, Гурханды тек сауда саласы мен діни мүдделері үшін  ғана, мысалы: мұсылмандарға қарсы қалқан ретінде пайдалану саясатына  пайдаланып ғана, қитұрқы саясат ұстанғандығын байқаймыз.Одан арғы  Ұйғырлардың тарихы, әрине, әлемдегі барлық елдер шежіресінде  жазылғандай көптеген діни сенім жікшілдігінен, ішкі алауыздықтан, тектік  айырмашылық пен ішкі-сыртқы саяси, экономикалық, әлеуметтік қарым-қатынастардың әсерінен ірі қақтығыстарға тап  болып, одан әрі үлкен  қантөгістерді де туындатып отырған.

Оған мысал көптеген зерттеуші ғалымдарымыздың еңбектерінде  ұшырасатын, жоғарыда айтылғандай әртектілік, түрлі әдет-ғұрыптар мен  салт-дәстүрлердің кездесуі, мысалы, түркі текті Сарыұйғырлардың Куша мен қатар басқа да қалалар маңайында көптеп қоныстанғандығы, басқа  ұйғырлардың оларды «кәпір» деп, атайтындығы жайлы, тағы басқа түрлі  мәліметтерді көптеп кездестіруге болады.

Айтылған сөдеріміз жалаң болмас үшін мына бір фактіге көңіл аудара кетейік. Әкесі Қашқарда туып өскен, Қарахан дәуірі  тұсындағы  әміршілердің бірі Ибн Әлидің ұрпағы, түркі халқының аса дарынды перзенттерінің бірі, әйгілі «Диуани лұғат ат-Түрк» шығармасының авторы Махмұд Қашқари  Қарахандықтардың ұйғырларды шабуын былай деп суреттейді:

Кеме ішіне отырып,
Іле суын кештік біз.
Ұйғыр жаққа бет қойып,                                                                                         Мұңлық жұртқа астық біз.
Байрақ байлап аттарға
Ұйғыр жаққа тартарға.
Ұры – жауыз жаттарға,
Құс сияқты ұштық біз.
Селдетіп бір ақтық біз,
Кент үстінен шықтық біз.
Бұрхан үйін жықтық біз
Бұрхан үстіне шықтық біз!

(Шу  батыр\\ Екі  мың  жылдық дала жыры. Алматы.  2000. 93 бет.)

Одан кейінгі ұйғырлардың қысқаша тарихы жарты әлемді тітіреткен Шыңғыс хан заманымен астасып жатыр. Ғұлама, түрколог Л. Гумилевтің пікірінше: ұлы қолбасшы Шыңғыс хан әуел баста бүкіл көшпелі тайпаларды бір ту  астына біріктіруді ғана мұрат еткен. Бірақ империя құрылғаннан кейін Шыңғыс хан Қытай және Хорезм секілді бағзы заманнан бері көшпелілердің жеріне көз алартып келген отырықшы империялармен күресуге амалсыздан  мәжбүр болған.Нәтижесінде, соғыс ауқымы кеңейіп, бірден-бірге ұласып,   жылдан-жылға жалғаса берді. Оған қоса мұсылман көпестерінің бітіспес  қарсыластары  – несториан дініндегі ұйғыр көпестері  Шыңғыс ханды ислам мемлекеттерімен соғысқа итермелеп отырғандығын қосыңыз.

Кейінгі бергі шежіре ХІV ғасырдың ортасына қарай құрылған Моғолстан  мемлекеті тарихымен етене байланысқан. Оның себебі Моғолстанның  оңтүстігі - Ферғана уәлаяты мен Қашғар, Ақсу, Шалыш және Тұрфанмен  шектескен еді. Шағатай ұлысы ыдырағаннан кейін, Тоғылық Темір  ұрпағының билікке келуі, одан бері Моғолстан ханы Есен Бұғаның, бабалар  дәстүрін жаңғыртып Батыс Түрік қағанатының қара шаңырағына ту тіккен - қазақ сұлтандары Керей мен Жәнібекті құшақ жайып қарсы алуына ұласады.

Кейінгі шежіреге ден қойсақ ХVІІ ғасырларда, дәлірек айтсақ 1635 жылы  ойраттардың басын қосып хандық құрған Батур хонтайшының қазақ жеріне шабуылы, жүз жылдан астам уақытқа созылған қазақ-жоңғар соғысының  бастамасы болды.

Жаулаушылық саясат арқылы әлеуеті асқан,  ХVІІІ ғасырда біршама саяси  және экономикалық өрлеуге ие болған Жоңғар хандығы Тибетті, Шығыс Түркістанды және қырғыздардың біраз бөлігін өзінің қоластына бағындырған  еді. Басқыншылық соғыс саясатын ұстанып, сан мыңдаған адамдардың  наһақ қанын төккен Жоңғар мемлекетінің «Орталық Азияда бірден-бір, теңдессіз қожайын болсам!» еген арманы сағымға айналды.

Сол, ХVІІІ ғасырдың екінші жартысында (1758ж.) Қазақ сарбаздары мен  Цин  империясының қыспағында қалып, қырғынға ұшыраған жоңғарлар енді  қайтіп бас көтерместей болып тарих сахнасынан мәңгіге жойылды. Иә, қазақ  атамыздың «Неге құмар болсаң, ажалың содан» деген сөзі тегін  айтылмаған-ау, сірә!

Әрине, Қытай да өз тарапынан тыныш жатпай біршама жылдарға созылған  жазалау шараларын бастайды, бірақ, күш тең емес еді, көп ұзамай   көтеріліс аяусыз басып жаншылды. Көтеріліс белең алған Жоңғария жері мен Шығыс  Түркістан аймағы бұл қанды оқиғадан кейін, Цинь империясының жаңадан  құрылған провинциясы  -  Шыңжаң (ШҰАР)  яғни, қытайша Синьцзянь (жаңа  шекара) деп, аталды.Осы сәтті тиімді пайдаланған Қытай үкіметі Жоңғар хандығының жер аумағы мен Шығыс Түркістан өңірін өзінің иеліктері деп  жариялайды.

Демек, осынау қитұрқы саясаттың аясында иесіз қалған жоңғарлар мекеніне  - тараншыларды, яғни, Тұрфан,  Ақсу және  Қашғар, Хотан тағы басқа  өлкелердегі ұйғырларды күштеп әкеп орналастырады. «Тараншы» - егінші, диқан деген, мағынаны береді, ондағы басты мақсатына тоқталар болсақ:  бірінші міндет-қытайларды астықпен қамтамасыз етіп тұру болатын. Содан не керек, бейнетпен тапқан өнімнің  басым бөлігі қытай билігіне  тапсырылып, ғасырларға созылған әлеуметтік езгінің шырмауында ғұмыр  кешті.

Сөйтіп, Маньчжур Цинь әулетінің қоластына қараған ұйғырлар ХІХ ғасырда отарлық езгінің өктемдігіне шыдамай, отаршыл биліктің озбырлығына қарсы  1862 жылы дүнген халқымен бірігіп, азаттық күресіне шығады. Қарулы күрес  барысында Қоқан хандығынан келген әскери көсем Якуб  бек жеңіске  жетіп 1864 жылы  Қытайдан бөлініп,  – Қашқар  мен  Үрімші   қалаларында  дүнгендік одақ басшылық еткен Ұйғыр (Жетішар) мемлекетін құрады. Жылға  жетпес  мерзім ішінде енді билік  үшін  ауызбіршіліктен  айырылған  дүнгендер  мен  ұйғырлар алауыздыққа  ұрынып  өзара  қырқысады. Сонымен  ақырында дүнгендерді тас-талқан етіп жойған ұйғырлар  1865 жылы  Құлжада  жеке  тараншы  сұлтандығын  құрады. Осынау пайда болған Іле сұлтандығының басшылығына Әбілоғлы хан  сайланады.

Дәл осы кезеңде Патшалық Ресейдің  қоластына қараған Ұлы жүздің албан-суандары әлі де орыс пен қытай  арасындағы нақтыланып айқындала қоймаған шекара арқылы, ежелгі әдеттерінше емін-еркін көшіп-қонып жүрді. Және де орыстың отаршылдық сұрқия саясатының елге, жерге, ұрпақтың келешегі үшін үлкен қауіп  екенін ерте сезген албан Тазабек Пұсырманов өте сұңғыла адам еді. Сол үшін де өзіне қарасты мыңға жуық отбасын бастап бодандыққа мойынсұнбай орыстың жазалаушы әскерімен соғысып, қырғынға ұшыратып тегіміз бір, дініміз бір туыспыз ғой, «кәпірге» қарсы бірігіп соғысайық деген ниетпен Әбілоғлы ханға барып қосылады.

Тазабек батырдың аталмыш жойқын әркетінен қатты секем алған орыс билігінің Жетісудағы губернаторы  Колпаковский Тазабек Пұсырмановты жазалау мақсатында өзі бастап көп әскерімен 1871 жылы маусымында Құлжаға қарай аттанады. Алғашқыда адал одақтас болған Әбілоғлы хан  орыстан зәре құты қалмай қорыққаны сонша, Колпаковскийге  өз аяғымен келіп берілгені аздай, онысымен қоймай Тазабек батырды да алдап ата-жауына тірідей  ұстап береді. Сөйтіп, губернатор Колпаковский біріншіден тараншы сұлтандығын біржола тарихтан өшірсе, екінші жағынан Тазабек батырды да тұтқындап ойлаған мақсатына жетеді.

Осы жағдай туралы қытай тарихшысы Ши Шыңшүн мынадай деректер қалтырған: «...Әлихан  оған тізе бүгіп, амалсыздан Тазабекті оған тапсырып береді. Орыстар Тазабекті темір шынжырмен байлап-матап Алматыға әкеліп, оны азаптап аса жантүршігерлік қинау жасап, ғайуандықпен өлтіреді». (Бексұлтан Нұржеке-ұлы. Гүбірнәтір Калпаковский мен албан Тазабек батыр және Жетісуға ұйғырлардың жаппай көшуі, «Жаркен айнасы»газеті, №19-20, 05қараша, 2021ж.).

Азаттыққа жолында құрбан болған жерлестерінің аманатын аяқ асты еткен Әбілоғлы хан, қандастарының сенімін аттап өтті. Ол, Құлжа қақпасын қарсылықсыз ашып берумен қатар, тегі бір, діні бір Тазабекті ұстап берген «өлшеусіз еңбегі» еленіп, дереу Алматыға көшіріліп әкелінген соң орыс үкіметінің қамқорлығына алынды.

Петербургтағы  1881 жылғы  Қытаймен  болған  келісім  бойынша, Құлжа  аймағындағы  елдердің  талап-тілектері  ескеріліп  Ресей  аумағына көшіп қоныстануына  рұқсат  берілді. Нәтижесінде, Қытай үкіметінің  қуғынынан, жазалауынан  қауіптенген   ұйғырлар (45373 адам)  мен  дүнгедердің (4682 адам) біраз  шаңырағы  1881-1884 жылдар аралығында біздің  Жетісуға  келіп  қоныстанды.   Негізінен тараншылар  қазіргі  Алматы облысына  қарасы  - Жаркент, Ақкент,  Ақсу-Шарын, Малыбай,  Қорамса  және  Қарасу  жерлеріне  орналасса, дүнгендердің басым көпшілігі Пішпектің (Фрунзе қаласы) батыс жағына жайғастырылды. Жан сауғалап шекара ауып келген әр тараншының жанұясына 4 сом 17 тиыннан  өкімет тарапынан тарқатылып, сонымен қатар 10 жыл бойы алым-салықтан босатылды.

Сөйтіп, «...Әу баста генерал Калпаковский мен Албан Тазабектің арасында туған күрес өстіп халықаралық дәрежедегі мәселеге ұласты. Нәтижесінде, Жетісудың шығыс аудандарында, атап айтқанда, сол кезгі Жәркент, Верный үйездерінде бір-бірімен байланыса орналасқан ұйғыр ауылдары пайда болды» (Бексұлтан Нұржеке-ұлы. Гүбірнәтір Калпаковский мен албан Тазабек батыр және Жетісуға ұйғырлардың жаппай көшуі, «Жаркен айнасы»газеті, №19-20, 05қараша, 2021ж.).

Ия, ол кезең де қазақ  елі үшін патшалық Ресейдің  отарына айналған шерлі заман  еді. Сондықтан бола ежелгі жер иесі болып отырған, осынау құтты қоныс үшін арғысы - жоңғар, бергісі орыс пен қытайға қарсы тұрып ғасырлар бойы қанын да, жанын да аямаған қазақ халқының еркінен тыс осындай шұрайлы тегін жерді иеленіп, «кеңшілікке» кенелді. Әрине, «Алмақтың да салмағы бар...» дегендей содан бергі жылдарда Патшалық Ресейге, оның мирасқоры Кеңестік қызыл империяға жан-тәндерімен беріліп «адал» қызмет етті де.

Қазіргі ұйғыр  жұртының сол шақта Қытайда  қалай  аталғанын білмеймін, бірақ, Ресей  империясы тұсындағы  мына  бір  құжаттарда «ұйғыр» атауы  кездеспейді. Сондай-ақ, империялық Ресей қоластындағы ХІХ ғасырдың  соңы мен ХХ  ғасырдың басында  Түркістан аймағында тұратын  халықтардың ұлттық құрамы жайында зерттеуші  М. Бейсенов  «1897 жылғы Бүкілресейлік  санаққа» сүйене отырып Түркістан өлкесін мекендеген  халықтардың этностық ерекшеліктерін кесте бойынша мынадай етіп сипаттайды:

Кесте – 1.  Түркістан  өңірі  халықтарының  этностық  ерекшеліктері:

Одан  кейінгі 1910 – 1912 жылдары жасалынған жерұйық Жетісудың  жергілікті тұрғындарының халықтық есебі жайлы мәліметтерден, ұйғырлар  туралы деректі  П. Румянцевтің екі бөлімнен тұратын «Тараншылар» деп  аталатын бесінші кітабының бірінші бөлімінен табамыз. Онда Верный,  Жаркент өңіріндегі тараншылардың (ұйғырлардың) айналысқан  шаруашылығы мен мәдениеті жайында баяндалады. Өздеріңіз көріп отырған  кестеден де, П. Румянцевтің жазбаларынан да байқайтынымыз, нақты «ұйғыр» атауының ресми түрде бекітілуі патшалық Ресей құлағаннан кейінгі  Кеңес билігі кезінде жүзеге асқан болуы керек.

Енді «сарт» - атауының мағынасын қарастырып көрелік. Бұл атаудың шығу төркінін бірқатар зерттеушілеріміз Сыр өзенімен байланыстырады. Оның  себебі, ерте орта ғасырларда Сырдария өзені «Яқсарт» аталған, ал оның  бойында диқаншылықпен айналысқан тәжіктерді «яқсарттықтар» деген,  жалпы есіммен атаған екен. Уақыт өте келе «яқ» сөзі түсіп қалып, «сарт»  сөзі кең қолданысқа ие болып кеткен – деген деректер келтіреді.

Алайда, белгілі ғалым Т. Жұртбайдың мәліметтеріне жүгінсек, ағамыз  былай деп, тарқатады: «...Сарттар, яғни түркі тұқымына жатпайтын, сауда жасай  келіп қоныстанып қалған көпестер тек қалада тұрған. Олар мемлекеттік  бекзадалыққа көтерілмеген, тек мешіт арқылы ықпал жасауға тырысқан. «Сарт» деген сөздің шамданатын ештеңесі жоқ. Бұл тарихи жағдайға  байланысты шыққан әлеуметтік топтың аты» деп, түйіндейді. («Дулыға»  1том. Т. Жұртбаев, 338 бет). Бұған біздің алып – қосарымыз жоқ.

Келесі кезекте Кеңес өкіметі тұсында болған мына жағдайға назар  аударыңыздар, аталған тақырыпқа жанама мәлімет: 1962 жылдың жазында Қытайдан Қазақстанға мыңдаған қазақ пен ұйғыр отбасыларының көшіп келгені есімде. Ол кезде баламыз. Алғашқы жылы әр үй бір-бір отбасыны паналатты. Көшіп келгендердің балаларымен танысып, дос болып кеттік. Келер жазда совхоздың бүкіл халқы құрылысқа шығып оралмандарға шама-шарқынша үй салып берген. Қытайдың фонаригі, қытайдың алюминийден жасалған тиын ақшаларын сол кезде көріп едік. Сонда бір ұйғыр ақсақалдың, біздің үйден шәй ішіп отырып, «Біз өзіміздің ұйғыр екенмізді осы жаққа келгеннен кейін білдік. Арғы бетте, Қытайда біз тараншы едік, сарт едік» дегені есімде қалыпты. (Қондыгердің бір-ақ беттік тарихы...2 бөлімі, Таласбек Әсемқұлов)

Иә, тарих дегеніміз түпсіз шыңырау түбінен бұрқылдап шығып жатқан   қайнар секілді, оның құпиясы, қасиеті де тереңде. Сол сияқты ұйғыр халқының да тарихы тұңғиықтан тамыр тартатын көне жұрт екендігі даусыз.

Содан бергі уақытта кең пейіл, жаны жомарт қазақ еліне тұрақтап, өсіп-өніп  қоян-қолтық өмір кешуде. Қазіргі тәуелсіз Қазақстанда өмір сүріп жатқан  ұйғырлардың аталары сол бір ел басына күн туған ХІХ ғасырдың екінші  жартысында шекара асып келгендер еді...

Иә, тарихтың аты – тарих, оны өзгерту мүмкін емес. Өткенге салауат  дегеннен басқа шара жоқ!...

Қали Ибрайымжанов,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
«Тұпардың тұяғымен жазылған тарих» атты кітабынан үзінді

Abai.kz     

10 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5499