Дүйсенбі, 4 Тамыз 2025
Абай Құнанбайұлы - 180 жыл 193 0 пікір 4 Тамыз, 2025 сағат 13:53

Ұлы Абайдың 180 жылдығы қалай тойлануда?

Сурет: Абай облысы әкімдігі сайтынан алынды

Отандық БАҚ Абай облысында қазақтың ұлы ойшылы, ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы қарсаңында халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейдегі 100-ден астам ауқымды мәдени іс-шаралар ұйымдастырылмақ деп қуана жария етті.

Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы – тек мәдени оқиға емес, бұл – ұлт руханиятын жаңғыртуға бағытталған үлкен бағдарлама. Абай әлемін насихаттау арқылы қазақ әдебиеті мен мәдениетінің тереңдігі мен көркемдігін халықаралық деңгейде көрсету мақсаты көзделіп отыр.

Жалпы аймақ басшылығы тап осы мерейтой аясындағы мәдени және спорттық жарыстардың жүлде қорына 9 автокөлік пен 90 жылқы тігіліп отырғанын мәлім етті. Он күн ішінде, яғни, 1-10 тамыз аралығында өтетін мерекелік шараларға 30 мыңнан астам адам қатысады деп ұйғарылынып отыр.

Хакімнің 180 жылдығына арналған онкүндік мерейтойлық шара  Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледждің «Ес-Аймақ» рухани орталығында ақын Айжан Тәбәрікқызы тізгінін ұстаған, ұлы ақынның мол мұрасын цифрландыру, жүйелеу және ғылыми айналымға енгізуге бағытталған «ABAI AKADEMIASY» атты энциклопедиялық порталдың таныстырылымымен өз шымылдығын ашты.

«ABAI AKADEMIASY» энциклопедиялық порталының тұсаукесерінде сөз сөйлеген аймақ басшысы Берік Уәлиұлы:

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Абай және 21 ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «Абайдың шығармаларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқаймыз. Ал, ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда екенін анық білеміз. Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады. «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты» деп Абайдың мұратын, мақсаты мен арманын жіліктеп айтып, бүгінгі қазақ баласына ой салған болатын. Демек, бүгін көпке жол тартатын Абайға арналған энциклопедиялық портал, хакім мұраларын өскелең ұрпаққа насихаттау жолында негізгі бағдаршам болмақ. Сондай-ақ Абай туралы ақпарат іздеген адам  «ABAI AKADEMIASY» порталы арқылы толыққанды қол жеткізе алады», – деді.

«ABAI AKADEMIASY» порталы ақынның әдеби, ғылыми, публицистикалық және эпистолярлық еңбектері текстологиялық сараптамамен, түрлі форматта жинақталып, қамтылған материалдар топтамасына Абай институттары, ғылыми орталықтар, архивтер мен мұражайлардан алынып, цифрлы түрде енгізіліп отыр. Сондай-ақ теле-радио хабарлар мен деректі фильмдер де молынан қамтылғаны қуантады.

«ABAI AKADEMIASY» жобасының жетекшісі, ақын Айжан Тәбәрікқызы жиналғандарға порталды таныстырды.

Дәл сол күні Мақаншыдағы Алакөл жағасында Қазақстанның халық әртісі Секен Тұрысбеков пен «Ақ жауын» оркестрінің концерті өтті. Семейдегі Арбат алаңында иллюстратор Аңсаған Мұстафаның көрмесі ашылды. «Асыл мұра» атты облыстық қолөнер фестивалі аталап өтті. Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Асыл мұра» атты облыстық қолөнер шеберлерінің фестивалі өз мәресіне жетті.

Байқау жеңімпаздары келесі номинациялар бойынша марапатталды: «Үздік ұлттық бұйым», «Көрермен көзайымы», «Жас шебер», «Абай мұрасын бейнелеген үздік туынды» және арнайы шығармашылық номинациялар. Байқау қорытындысы бойынша түрлі номинация иегерлеріне 200 мың теңгеден қаржылай сыйақы берілді. Сондай-ақ, байқауға белсене қатысқан азаматтар да назардан тыс қалмай, 50 мың теңге көлеміндегі қаржылай сыйақымен марапатталды.

Келесі күні де, яғни 2 тамызда мәдени шараларға толы болды. Бәрін жіпке тізбей, тек ең бастыларын аптап айтар болсақ, 2-6 тамыз аралығында халық әртісі Майра Ильясованың Абайға арналған гастрольдік концерті Семейден басталып, Үржар, Аягөз, Жарма және Жаңасемей аудандарын аралайды.

3 тамызда ұлтымыздың ұлы мұрасы – Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы аясында Абай атындағы театрда тағылымы мол, мазмұны терең «Абай әлемі» атты рухани кеш өтті.

Бұл кеш дәстүрлі ән өнері арқылы Абайдың шығармашылық мұрасын, терең философиялық ойлары мен рухани болмысын дәріптейтін ерекше өнер алаңына айналды. Сахна төрінде халқымыздың рухани қазынасын ұлықтап жүрген өнер саңлақтары өнер көрсетіп, ҚР халық әртісі Рамазан Стамғазы бастаған дәстүрлі ән дүлділдері Еркін Шүкіман, Ерлан Рысқали, Толғанбай Сембаев, Ербол Айтпай, Клара Төленбаева, Гүлмира Сарина, Талғат Абуғазы, Берік Омаров, Қайрат Қамидолдин тыңдарманға рухани нәр сыйлайды.

«Абай әлемі» – бұл тек ән кеші ғана емес, ұлттық өнеріміздің көркемдігі мен шеберлігін паш ететін, өскелең ұрпаққа өнеге болар рухани сабақ бола білді. Кеш барысында Абай әндері мен қазақтың күй өнері шебер үйлесім тауып, жүректерге жол тапты.4 тамызда Секен Тұрысбеков пен оркестрдің қорытынды концерті ұсынылады. 5 тамыз күні «Ой толғау – Хәкім Абай» атты моноопера сахналанса, 6 тамызда Абай алаңында «Абай елі – өнер кеніші» концерті мен жас ақындар мүшәйрасы – «Өлең сөздің патшасы» байқауы өтеді.

7-9 тамыз аралығында Абай мұрасын насихаттауға бағытталған бірқатар маңызды шаралар ұйымдастырылады. 7 тамызда жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Асқар Алтайдың шығармашылық кеші өтеді. Осы кеш аясында «Абай жолы» энциклопедиясы мен Бағашар Тұрсынбайдың «Абай Құнанбайұлы кім?» кітабының тұсауы кесіледі. 8 тамызда Семейде «Адамзаттың Абайы» республикалық ақындар айтысы мен Абай ауданында «Жеті қазына» ұлттық байқауы басталады. 9 тамызда Шәкәрім университетінде халықаралық ғылыми конференция, «Жидебай-Бөрілі» музейінде көрме, Абай кітапханасында кітап тұсаукесері және 15 елдің қатысуымен өтетін халықаралық ақындар фестивалі ұйымдастырылады. Кешке қарай орталық алаңда «Абайға тарту» атты концерт өтеді.

2025 жылдың 8–9 тамыз күндері киелі Қарауыл жерінде ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Жеті қазына» республикалық байқауы өтетін болады.

8 тамыз — Абайдың өлеңдері мен қарасөздерін мәнерлеп оқудан «ІЛІМ-БІЛІМ: АБАЙ ОҚУЛАРЫ» республикалық байқауы Абай ауданының Мәдениет үйінде өтеді.

Бұл республикалық байқаудың Жүлде қоры:

І орын — 5 бас жылқы

ІІ орын — 3 бас жылқы

ІІІ орын — 1 бас жылқы

8–9 тамыз — «Ер жігіт пен сұлу әйел» байқауы өтпекші.

Жүлде қоры:

Ер жігіттерге: І орын — 7, ІІ — 5, ІІІ — 3 бас жылқы

Сұлу әйелдерге: І орын — 5, ІІ — 3, ІІІ — 1 бас жылқы

Осы байқау аясында дәстүрлі садақ ату, Құсбегілік сайысы, Тазы жарысы,Тоғызқұмалақ, сынды дүбірлі додалар ұйымдастырылады.

10 тамыз – ресми Абай күні. Бұл күні таңертең Жидебайда Құран бағышталып, құрбандық шалу рәсімімен бастау алады. Одан кейін еліміздің барлық өңірінде ұлы ақынға тағзым ретінде Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтеді.

Abai.kz

0 пікір