Жұма, 20 Қыркүйек 2024
Жаңалықтар 3408 0 пікір 13 Шілде, 2009 сағат 20:06

Темірхан Медетбек. Жастардың әдебиетке келетін кезеңі өтіп, беретін кезеңі басталды

 

 

Темірхан Медетбек, ақын, мемлекеттік сыйлықтың иегері:
- Кезінде заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов әдебиеттегі бір топ жас буынға «жыл құсы» деген баға берген болатын. Ұлы тұлғадан кейін өзіңіз осы салада жүрген қазіргі  жастарды «алтынкөпірліктер» деп атадыңыз.  Бұл сөздің мағынасын түсіндіріп өтіңізші.
- Жақында мен жас ақын Маралтай Райымбекұлының  шығармашылық кешінде болдым. Осы сияқты жастар әдебиетке келгенде біздің қоғамда жағдай қандай еді? Бұл кез өнердің, мәдениеттің, әдебиеттің қараусыз қалған уақыты болатын. Егер бейнелеп айтар болсақ, ол осы салалардың  шанағы қаңсып, тиегі ұшып, ішегі үзіліп кете жаздағандай сәттерге толы-тұғын. Осындай қиыншылыққа қарамастан,  біздің жас ақындарымыз еңбектеніп,   алға талпына білді.   Олар көшеде жүрсе де, қамқорлық көрмесе де, рухани демеудің өзі сарқылып қалған кезеңде поэзия атты ұлы жолдың даңғыл торабынан кетпеді. Міне, осы айтқан жағдайларды саралай келе,  мен арнайы мақала жазып, қазіргі әдебиеттегі жастарға  «алтынкөпірліктер»  деген баға бердім.  Олар бұл бағамды оң қабылдап, ризашылықтарын айтты.  
- Қазіргі жас ақындардың сіздің кезіңіздегі жас ақындардан айырмашылығы бар ма?
- Әрине, бар. Біздің кезімізде қатал цензура болды. Мәселен, менің «Шекарадағы торғайлар» деген өлеңімді билік зиянды құбылыс ретінде қабылдады. Оның соңынан үлкен даулар туды. Ол туралы «біздің торғайлардың неге арғы беттен жем іздеуі керек, өзімізде жем жетеді» деген сияқты сорақы, айтуға ауыз бармайтын пікірлер өрбіді.  Оған қайтіп күлмейсіз, кейімейсіз? Тек мен емес, менің тұсымдағы біраз ақындар осы құқайды бастан кешірді.  Билік  Жарасқанның «Дала» деген өлеңінен Мағжанның сарынын іздеді. Одан кейін Кеңшілікті қыспаққа алды. Кеңшілікті Лениннің туылған күнінде «Өгіз» дейтін өлең оқыды деп қудалады. Мен тек өзімнің тұстастарымды айтып отырмын. Ал біздің алдымызда цензураның ащы дәмін татқан боздақтар қаншама?!  Қараусыз қалса да, қиыншылық көрсе де, қазіргі жастарға еркіндік берілген.  Мен оларды «көшенің ақындары» деп те айтқанмын.  Ал біздің кезімізде олай айтуға ешкімнің батылы бара бермейтін.
- Нағыз ақындар дүрбелең заманда туылады дейді.  Бүгінгі заманның   ақындары еркіндікті пайдаланып,   тым жеңіл жазып кеткен жоқ па?
- Біздің санамызда ескіліктің сарқыншағы қалып қойған.  Негізінен, дүниені бүлдіретін де, қайта жасайтын да - саясат. Біздің дербестік алғанымыз да, рухани тәуелді болып отырғанымыз да - осы саясаттың ісі. Ұлы шығармалардың барлығы саясаттың ықпалымен жазылған. Махаббат сияқты, бұл да - мәңгілік тақырып. Сервантесті, Шекспирді, Гете, Байронды алыңыз, олардың барлығы саяси дүмпулердің, өзгерістердің кезеңінде туылған. Салмағы бар еңбектер   тыныш дүниеде тумайды.
Қазіргі  жастардың әдебиетке келетін кезеңі өтіп, беретін кезеңі басталды. Себебі оларда үлкен багаж, жүк бар.  Олар қоғамда қайыршылардың қаптап кеткенін де,  талан-таражға салынған елді де,    жағымпаздарды да көрді. Ашық бояуымен көрді.  Бұрынғы кезде жағымпаздық сияқты сұмпайы әрекеттер жасырын, тасада жасалынатын. Қазір оның барлығы ашық жүргізіледі. Осыларды көріп, олар рухани жүк жинады. Енді оны қалай пайдаланып, қалай игеру керек - ол өздеріне байланысты.  Қазіргі жас ақындарға осыны ғана көріп, бір орында қалып қоюға болмайды. Олар  іштегі бар дүниесін  қорытып, халықтың игілігіне жаратуы керек. Тіпті құндылық деңгейіне көтеріп жіберу қажет.
- Мал табу үшін өлең жазатын ақындар туралы не айтасыз?
- Олар  туралы мен еш нәрсе айтпаймын. Олар - өздерін-өздері былғап, бүлдіріп отырған адамдар. Оны халықтың өзі де жақсы біледі.
- Біз заң жүзінде тәуелсіздік алғанымызбен, рухани жағынан әлі де дербестігімізді жария ете алмай  келеміз. Өзіңіз айтқандай, бүгінде қазақтың тағдыры қыл үстінде тұр. Бұдан шығудың  жолы бар ма?
- Одан шығудың жолы - өзіңе-өзің ие болу. Егер әрбір қазақ өзінің ісіне, сөзіне өзі жауап беретін болса, бұл жағдайдан құтылар еді. Біз жоғарыға қарап, сол жаққа жалтақтап үйренген халықпыз ғой. Сондай-ақ қазақ   «жақсылық ертең болады, бүгін болады» деген идеямен келе жатыр. Бұл - негізінен, кемшілік. Өрге талпынған өрелі ұлттың санасында мұндай кемшіліктер болмауы керек. Осындай қателіктер біздің алға жылжуымызға  тұсау болып тұр. Құлдық психологиядан арылатын кез жетті. Құлдық психология - жоғарыдағы адам не айтса, соның барлығын орындау деген сөз. Адам ойын тұмшалаған осындай психологиядан арылмай, бізде ештеңе орнына келмейді. Менің айтқым келгені, бұрынғыдай комсомолдың, партияның сарбаздары болуды қою керек. Ең бастысы, халықтың сарбазы болу қажет. Басты шарт - ұлттың шын мәніндегі перзенттері деңгейіне көтерілу.    Әрине, болашақта біз оған да жетерміз. Біз ашаршылықтан да, небір нәубет кезеңдерден де  аман қалған халықпыз. Біздің бойымызда, қанымызда ұлттық    қасиеттер қайта түлейді.  Қазір халық осындай өзгерістерді күтіп отыр.
- Қазақта «менен  басқа ақын қалған жоқ, менен артық жазушы жоқ» дейтін азаматтар бар. Олардың бұл сөздерін қалай қабылдайсыз?
- «Мен поэзияда мықтымын, ешкімді өзіме шақ келтірмеймін» деген сөздерді айтқан емеспін. Айтпаймын да. Менің өмірлік ұстанымым - осы. Бірақ мақтауға лайықты адамдарды қолдауға әрқашан дайынмын. «Болмасаң да, ұқсап бақ» деген Абай айтқан сөздерді жоғары бағалаймын. Ұлы бабамыздың айтқан сөздерімен жүргенді жаным қалайды.  Мен кеудесін соғып,  көкірек көтеретін адамдарға таңғаламын.  Олар - шын мәнінде өздерін құр азаптап, қинап жүрген адамдар.  Иә, мықты адамдардың көбі өздерін жоғары санайды. Бірақ оларды мен дұрыс қабылдай алмаймын. Жазушылар одағының екінші хатшысы болып жүргенде: «Жұрттың барлығы - нөмірі бірінші ақын-жазушы, мен - нөмірі екіншімін», - деп айтатынмын. Бұл да - менің негізгі ұстанымым.
- «Поэзия - жастарға тән  жанр»  дегенге қалай қарайсыз?
- «Абай жазуды кеш бастап,  ерте аяқтаған» деген   әңгімені естігенмін.   Әрине, әркім қабілетіне қарай әртүрлі жасында жазу үстеліне  отырады ғой. Абай қаламды қолына кеш алса да, ешкімге қара оздырмай келеді. Оның жазғандарын әлі күнге дейін арамыздан ешкім қайталаған жоқ.  Ұлы тұлғаны біз қажетті деңгейде меңгеріп, зерттей алмай келеміз.   Абайды түгел игеру  мүмкін де емес. Оны танып-білдік дегенге қарсымын. Абай кеш жазса да, кемел жазды. Мәселен, Гете жасы 80-нен асқанша қолынан қаламын түсірмеді.   Толстой да қара жерге басы тигенше еңбектенді.   Тек жазып қана қойған жоқ, қайталанбас дүниелерді тудырды. Ақындардың көбі ерте өліп кеткен. Абайдың өзі 59 жасында қайтыс болған. Атақты Пушкин, Байрондардың да тағдыры сондай.  Ал кейде үлкен ақындар оттан-судан аман  қалып, өлеңін одан әрі жалғастырады.   Мен  55 жасымда  «Көк түріктер сарыны» деген кітап жаздым. Бұл жаңаша бір өріс болды. Оны қазір жұрт жақсы қабылдап жатыр. Мен өмір бақи ізденіп келе жатырмын, іздене де беремін. Әлі де жұмыс істей бермекпін.
- Сынды қалай қабылдайсыз?
- Біреу мені сынаса да, мен оған өкпелемеймін. Тек дұрыс сын болсын.
- Өкініп, мұңаятын кездеріңіз көп бола ма? Мұндай сәттерде кімге мұңыңызды шағасыз?
- Қиналатын тұстарым болады, әрине. Бірақ ешкімге мұңымды шақпаймын. Жабыққан сәттерде жұбайым қасымда жүреді. «Маған жүлде беріңдер, мені  мына тізімге қосыңдар, мына тізімнен алып тастаңдар» деп айтқан емеспін.   Біреудің алдында жалпақтап, жалбарынған сәттерім де болған жоқ.  Олай болған жағдайда да олар менің жағдайымды  шеше алмайды.
- Сіздің түр-келбетіңіз батырларға келеді. Актер болу, батырлардың рөлін сомдау деген ой келмеді ме басыңызға?
- Менің драматургияға ешқандай қатысым жоқ.   Киносценарий жазған емеспін. Кинода ойнайтын мінезім де, актерлік қабілетім де жоқ. Мәселен, мен анекдот  айтқанда, ешкім күлмейді. Ал ондай адамнан киноактер шыға ма (күлді)? Мен Батыр рөлін ойнайтын батыр тұлғалы да емеспін. Рас,   жас күнімде қайратты болғанмын. Аздап күреспен айналыстым. Соның өзінде талайдың тұмсығын бұзып жіберетінмін.   Жас күнімде тентек болмадым деп айта алмаймын. 15 күндікке дейін түскенмін.
- Сіз - әйел сұлулығын, әйел нәзіктігін таңдай қақтыра жырлаған ақындардың бірісіз. Әйелдердің қоғамдағы артықшылықтарын да ақын жүрекпен жеткізе білдіңіз.  Алайда қазіргі күні гендерлік саясат деген бар.  Сіздің осы саясатқа көзқарасыңыз қалай? Жалпы, ақындар әйелдерді жырлағанда гендерлік саясатты жырламайтын болар.
- Бұл түсінікті өз басым қолдамаймын. Қазаққа ол сөзді қолданудың қажеті де жоқ. Ұлтымыз ешқашан қыздарын тұмшалап киіндіріп, қараңғы үйде ұстаған емес.  Біздің аналарымыз билікті де айтқан, керек кезінде дауға да араласқан. Ел басқарған, жауға қарсы қылыш көтерген   әжелеріміз де болған. Егер әйелдеріміздің ақылы жұрттан асып жатса, билікті де, байлықты да қолға ұстай берсін.  Қайткен күнде де қыздарымызға артықшылық беру керек.  Себебі қай заманда болсын әйелдер қоғамның белсенді мүшесі болып келген.  Оны дабыра қылып, саясат деп жатудың қажеті жоқ.  Оны мақтап, қолдап жатқан адамдарды түсінбеймін.
Ақын Әбу Сәрсенбаевтың хаттарынан үзінді
14.2.88.
Темірхан ұлым, есен-саумысың? Алдыңғы күні «СҚ»-дан, бүгін «ҚӘ»-ден жаңа өлеңдеріңді оқып, қатты риза болдым. Бұл жолы сенен жаңа бір бетбұрыс, жаңа бір бейнелеу құралдарын аңғардым. «Жұлдыздар мөлтілдеп, үзіліп кеткелі тұрғандай...» Жұмекенге арнауың - терең толғаныстың жемісі. Ол саған маза бермей, үнемі төңірегіңде жүреді де қояды. Жұмекенге талайлар өлең арнады. Әрқайсысы өзінше жақсы. Бірақ та сендегі мынау сезім өзгелерде жоқ. Соңғы шумақтарыңда ойға, мұңға тереңдеуің де орынды. Ақын аспаны ешқашан да ақ шуақ болып көрген емес!
Сенің өлеңдерің Әбділдаға да қатты ұнапты. Ол саусағын (бармағын) көрсетті. «Мынадай өлеңдер!»
Қош. Хат жаз. Әбу.
19.2.88.
Темірхан ұлым, есен-саумысың? Алдыңғы күні «ҚӘ»-де жарияланған өлеңдеріңе өзімнің де, Әбділданың да сүйсінгендігін жазған едім, кеше облыстық газетте жариялаған мақалаңды алдым. Үлкен рақмет! «Қасиетті махаббат» туралы баспасөз бетінде тұңғыш пікір айтқан өзің болдың. Алмас пен Тұрсын араларындағы қайшылық-тартыстар арқылы сюжетін түгел қамтуға тырысыпсың. Фабулаларына барып, кеңірек толғануға газет көлемі мүмкіндік бермеген шығар...
...Алматыда қазір Қалтайдың «Біз пайғамбар емеспіз» деген трагедиясы жүріп жатыр. Халқымыздың қаралы кезеңі саналатын 1937 жылдың ащы шындығы. Аса ауыр сахнаның көрінісі де (темір тор), музыкасы да жаныңды түршіктіреді. Темір тордың ар жағынан жиі-жиі машина фары көмескі жалтылдайды. Тағы бір азаматты тұтқындап әкелді-ау деп қаласың...
Ауыр, өте ауыр!
Бүгінгі «ҚӘ»-де Тұманбайдың, Исраилдің бір бет өлеңдері шықты.
Қош, сәлеммен Әбу ағаң.
Алашқа айтар Датым!
- Қазақтың тағдыры бір тал шашқа ілініп тұр. Біздің рухани тәуелсіз бола алмай жатқанымыз жанға батады. Рухсыздық тамыр жайып бара жатыр.  Мұндай құбылыс арамшөп секілді. Арамшөптер  құнарсыз жерде де   тамыр жаяды. Оны жұлып тазарту өте қиын. Жұлғанмен, тамыры қалып қояды. Бұрынғы кеңестік мемлекеттердің  ішінде ең кенжелеп қалғаны - бізбіз.
Ашулы жыр
Қазақ тағдыры
Қазақтың тағдырын
Ойлап қарасаң,
Өз-өзіңнен түршігіп,
Өз-өзіңнен тоңасың:
Оның өткен жолы да,
Бүгінгі жолы да,
Тіпті ертеңгі жолы да -
Тар жол тайғақ кешулі,
Боран мен борасын.
Зорға ашасың
Тарихтың әр бет,
Әрбір парағын,
Өйткені оның
Әр бет, әрбір парағы -
Тонна-тонна
Ап-ауыр
Қайғы мен
Тонна-тонна
Ап-ауыр нала, мұң.
Мына қу тағдыр
Бұл халықты
Балшықтай езіп,
Жүндей түтіп
Жасытқан секілді...
Тіпті оның
Жейтін нанын да
Жаңбырдай сорғалаған
Көз жасына илеп,
Булыққан
Ашу мен ызасына
Ашытқан секілді!

 

 

Сұхбаттасқан Нұрмұхаммед Мамырбеков
"Алаш айнасы" газеті 11 шілде 2009 жыл

0 пікір