Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 4329 0 пікір 27 Тамыз, 2012 сағат 06:56

Асқар Омаров: «Орыстілділер» деген сөз - оспадар сөз»

Белгілі журналист Асқар Омаровпен  сұқбатымыз оның соңғы жобасы  -  «Ақпараттық ынтымақ кеңістігіндегі түркі әлемінің орны» жайында басталып, аяғы басқа мәселелерге ауысып кетті...
-    Асқар, бұл қандай жоба?

Белгілі журналист Асқар Омаровпен  сұқбатымыз оның соңғы жобасы  -  «Ақпараттық ынтымақ кеңістігіндегі түркі әлемінің орны» жайында басталып, аяғы басқа мәселелерге ауысып кетті...
-    Асқар, бұл қандай жоба?
-    Шынын айтсам, әуел баста бұл бастаманың алдына әлемдік мақсаттар қойған едім: түрік елдерінің, автономиялары мен халықтарының ақпараттық ынтымағын ұйыту болатын. Бірақ бұл  мемлекетаралық деңгейде атқарылатын жұмыс екен. Бүгін бұл бағытта Н.Назарбаевтың бастауымен түркі елдерін біріктіретін бірнеше жобалар жүргізілуде: ТҮРКСОЙ, Түркі елдері басшыларының кеңесі, Түркі академиясы. Ал біз болсақ мүмкіндігімізше түркі елдерінің журналистерімен, блогерлерімен қарым-қатынас жасап жатырмыз. Бірнеше медиалық жобалар дайындау үстіндеміз, енді оларды бірлесіп тәжірибеден өткізу жағын шешпекпіз.  КСРО құлағаннан кейін ғана біз түркі қауымдастығы бір-біріміздің әлемде бар екендігімізді, алып Евразия аймағындағы тарихи және геосаяси үдерістерге әсер етудегі орасан зор ықпалды күш екенімізді енді ғана біліп жатырмыз. Балқан тауынан бастап  Тынық мұхит аралығындағы үлкен кеңістікте ортақ тарихы мен мәдени үрдістері бар, бір-біріне ұқсас тілдік құрылымы бар халықтар тұрады. Көп жылдық  «бөліп алып билеу» саясатының салдарынан біздің қандастығымыз бен тіліміздің туыстығы сөз болмай келді. Тарих беттерінде де бұл жайттар оқытылмады. Міне, бүгін әлемде 6 тәуелсіз түркі мемлекеті (Қазақстан,  Әзірбайжан, Қырғызстан, Түрікпенстан, Түркия, Солтүстік Кипр және Өзбекстан) бар. Бірақ ақпараттық байланысымыз нашар, бір-біріміз жайлы, туыс елдерде не болып жатқаны жайлы өте аз білеміз. Мысалы, Қазақстанда Ресейдің бұқаралық ақпарат құралдары үстемдік етеді, біз -  іс жүзінде Ресейдің ақпараттық кеңістігінің бір бөлігіміз.
-    Біз Ресей БАҚ-тары арқылы сыртқы әлемнен хабар алып тұрмыз ғой, сіз айтқан туыс елдерден де. Оның несі жаман?
-    Иа, аламыз. Бірақ ол хабарлар бізге басқа мемлекеттің идеологиясымен екшеліп беріледі. Қазақстан тәуелсіз мемлекет, біз ақпаратты Ресейдің көзімен, оның бір жақты көзқарасымен (шындығында, күмәнді көзқарасымен) алғандықтан, автоматты түрде Ресейдің  «жырын» жырлаймыз.
Ақпарат саласында, экономика сияқты ақпарат алудың әр алуан көздері болуы қажет. Халықты ақпарат көздерінің  сан алуан балама көздерінен алынған дүниелерімен қамтамасыз етіп отыру керек. Әлемдегі ең мықты БАҚ көздеріне жол ашқанда ғана қазақстандықтар әртүрлі оқиғаларға өз бағасын беретін болады. Мысалы, түріктің «ТРТ Аваз» теледидары қазақ тілінде хабарлар мен бағдарламалар береді. Мұндай бастамаларды қолдап мүмкіндігі бар кабельдік және цифрлық пакеттерге енгізген дұрыс.  Біздің БАҚ нашар, ресейліктермен бәсекеге түсе алмайды деген пікір бар. Қатар деген кішкентай ғана ел бар, олардың «аль Джазирасы» қандай мықты, Грузияның  «ПиК» деген ақпараттық арнасы ше? Норвегияның «Метро» деген жобасы Европадағы көптеген жергілікті басылымдарды ығыстырып отыр. 6 тілде хабар беретін Әзірбайжанның «АПА» деген ақпараттық агенттігін білемін. Қазақ медиа-сфералары да солардай бола алады деп ойлаймын.
Әртүрлі халықаралық шаралар жүргізуге келгенде алдымызға жан салмаймыз. Сондықтан да «Евроньюс» принципімен жұмыс істеп ағылшын, орыс, испан, түрік, қытай тілдерінде хабар беретін ақпараттық күш-қуатымыз баршылық деген ойдамын. Сонда ғана әртүрлі шетелдік БАҚ  өкілдеріне тәуелді болмаймыз, олардың Қазақстанда болып жатқан оқиғаларды өз қалауынша айтып жеткізуіне бөгесін боламыз.

Ресей  БАҚ-н қысқарту  «орыстілді» халықтың құқын бұзу емес

-    Нарық заңы бойынша жүргізілетін жарыста, дені сау бәсекелестік болса, бәрі өз орнына қойылады.  «Жаман Америка» жайлы, либералдық жолды таңдаған Грузия жайлы  үгіт-насихат қызық деп ойлайсыз ба?
-    Әрине, үгіттеу дұрыс, бірақ сол жамандаған Грузия басқа моделге көшіп сыбайлас жемқорлықты жойды, ана тілі гүлденді емес пе?  Мен орыстілділердің ақпаратты бір ғана тілде алуын, олардың қазақ тілін білмеуін нағыз құқы бұзылғандық деген болар едім. Олар мемлекет құраушы этностың (елдегі көпшіліктің) не күй кешіп жатқанын білмейді. Мен осы жерде  «орыстілді» деген терминді ұнатпайтындығымды айтқым келеді. Орысша сөйлейтіндер біртұтас, жігі бұзылмайтын қауым ба? Мен де орысша сөйлеймін. Қазақстанның халқының 90 пайызы орысша (әртүрлі деңгейде) сөйлейді, солардың барлығы да «орыс тілді» ме? Біз әрқайсымыз әр түрліміз. Кейбір елді жікке бөлгісі келетін күштер осы терминді әртүрлі жымысқы әрекеттер мен сұрқиялық істер жасау үшін пайдаланып «менің құқымды бұзды» деуге жетелейді. Бұл сөз ғылыми тұрғыдан негізделмеген қитұрқы, оспадар сөз деп білемін. Бұл терминді белгілі бір күштер мемлекетке қысым көрсету үшін пайдалануда. Оны өздерінің империялық мүдделерін жасырып желеу ету үшін, ұлыдержавалық шовинизмді жандандырушылар мен  күресушілерге қарсы пайдаланып оларға «фашист», «ұлтшыл», «орыс халқының жауы» т.б. айдар тағуда.
-    Сізге де осы айдарды тағып жүр емес пе...
-    Иә, олар осы жолмен менің бағамды асырып жүр, мен көп алдына жиі шығып жүрмесем де. Әртүрлі мінбелер мен алаңдарда КСРО-ы қайта қалпына келтіруді, антиамериканизмді, антиқытай, антитүркілік үгіт-насихатты орынсыз насихаттай беру, өзгенің идеологиясына шыдамсыздық жасау  адамдардың наразылығын арттырады. Қызбалыққа беріліп ауыздан шыққан сөз өзімізге қарсы жұмыс істейді. Себебі, ондай сөзді мәтіннен жұлып алып, теріс айналдырып сөз иесін батпаққа былғау оңай. Мен айтқан айдар тағушылардың көпшілігі көрші елдегі кейбір күштерден шығып жатыр. Олар көбейіп, тез өсіп реваншистік бағыты басымдық алуда. Олар еліміздегі, қоғамымыздағы прогрессивтік бағыттағы ұлтжанды абыройлы азаматтарымызға тиісіп, оларға қарсы жүйелі түрде күрес ашып отыр. Мысалы, Айдос Сарымға қарсы бір топ күштерді абалатып қойды.
Бұл адамдардың басқаша күресердей әдістері жоқ. «Сендер өткенді қазбалайсыңдар» дейді бізге. Солай дей отырып бізді сол өткен заманға қайтадан айдап тыққысы келеді!  Сол заманда бізге қарсы күрескендер, енді бізге қарсы  сол өткен заманның әдіс-айлаларын пайдалануда. Бізді түкке тұрғысыз дау-жанжалдарға итеріп арандатқысы келеді. Ол тірліктерінен түк шықпаған соң, өздерінің тайыз деңгейіне біздерді де түсіргісі келеді.
Осы жағдайды көріп отырған БАҚ өкілдерінің ешқайсысы бұл жасырын шовинистердің арандатуларына қарсы ләм-мим дей алмай отыр. Қазақстан жайлы түсініктері  түкке тұрғысыз, өздерін "сарапшымын" деп санайтын әртүрлі жергілікті және шетелдіктер   -   «Қазақстан - Ресейдің тарихи жауапкерлігіне жататын аймақ, сондықтан да біз Қазақстанға Қытайдың немесе Американың ықпалының күшеюіне жол бермейміз» деп қояды.
Кешіріңіз, біз - ешкімнің ықпалы жүретін аймақ емеспіз!  Біз  -  жас, бірақ тәуелсіз мемлекетпіз, өз даму жолымызды өзіміз таңдап жүреміз. Олар өздерін бұрынғыша қожайын сезініп, Шаңыраққа қарамай, бізге қайта-қайта тәртіп беріп, санамызда отарсыздандыру жұмыстарын жүргізуге кедергі жасап келеді.  Елімізде мұндай жымысқы әрекеттерге қарсы наразы күштер өсіп келеді. Бір қуанарлығы, Ресейде де дені сау, саналы күштер баршылық, олар мұндай іс-әрекеттердің аяғының жақсылыққа апармасын біледі, құмырсқаның илеуін құйрығымен басқан аюдың кейпіне түсерін білетіндер де жетерлік. Өкінішке қарай, Ресейдегі қоғамдық сананы  басқа күштер қалыптастыруда. Олардың реваншистік саясатын еліміздегі орыс диаспора өкілдері әртүрлі арандату құралы етіп пайдалануда.

Қазақстандық орыстар. Олар кімге жақын?

-    Мен қазақстандық орыстарды қазақ  орыстары немесе орыстан шыққан қазақтар деп атаған болар едім. Мысалы, маған төлқұжатында қазақ деген аты бар қазақтан гөрі, мемлекеттік тілді білетін, қазақ қауымына етене енген орыс жақын. Мұндай азаматтарымызбен мақтануымызға болады. Осылай етпесек, біз шетелдік ықпалға, шетелдік құндылықтарға еріп кетеміз. Соңғы қазақ ханы Кенесарының ұлт-азаттық көтерілісіне қатысқан орыс солдаттарының образын неге орыс мектептерінде насихаттамасқа? Марковтың әңгімелеріндегі бұрын крепостной болған, қазақтың тұрмысын қабылдаған, патша армиясына қарсы соғыста қаза тапқан «шала казактарды» ше? Блогер Максим Рожиннің қазақ тілінде Қазақстанға деген ыстық ықылас білдірген істерін неге қуаттамасқа. Осы жерде есіме түсіре алмай отырмын, біздің бір қаланың әкімінің орынбасары, қарапайым орыс жігіті ұзақ уақыт қазақ мектебін ашуға қарсы болғандармен күресіп, көп кедергілерге қарамай күресін тоқтатпаған. Ақыр соңында мектепті ашқан! Міне, осындай мысалдар көп қой. Оларды бұқаралық ақпарат құралдары мен орыстілді ақпарат кеңістігі неге көрмейді? Бұлар нағыз қазақ ұлтшылдары емес пе? Қазақ ұлтшылдығынан келер қауып жоқ, себебі ол игі бағытта.  Ол  - мемлекетшілдік бағытта, ол  -  нағыз отаншылдық бағытта.
Бұл мәселенің түп негізі   -   Тіл мен мәдениеттің болғандығынан деп білемін. Сондықтан  мемлекетіміз мықты болуы қажет. Сыбайлас жемқорлық пен ұрылардан тазаруымыз керек. Осы екеуінен арылмай еліміз де, ұлтымыз да дами алмайды. Дені сау қазақ ұлтшылдығы бар  жерде, елді бұзатын идеологияға, елді бұзатын діни экстремизмге орын табылмайды.
-    Сонда қазақ ұлтшылдығы тілмен, мәдениетпен ғана шектелмейді демексіз бе?
-    Әрине! Қазақ ұлтшылдығы тек қана тар этностық, тар ұлттық мағынадан кең!  Ұлтшылдық дегеніміз  -  өз ұлтыңа деген махаббатың, оған деген ықылас-сезімің, оның саяси тәуелсіздігін дамытуға қосқан үлесің. Басқаша сөзбен айтқанда, оны либерал-ұлтшылдық дер едім, яғни қазақ қауымдастығына осы елдің тағдырына жаны ашитындардың басын қосу, қазақтардың өз мемлекетін құруға деген құқы бар екендігін мойындау, әрбір азаматтың ұлтына қарамай құқын қорғайтын ел құруын қолдайтындарды біріктіруі. Әрине, шовинизм мұндай іс-әрекеттерге қарсы, әйтпесе «нандарынан» айрылады ғой. Кезінде түріктік ұлтшылдар қозғалысының негізін қалаушылардың бірі армяндар мен түріктерді бір ұлт қыламын дегені үшін дашнактар мен жергілікті радикалдар оны «халық жауы» деп жариялаған. Егер диаспора жергілікті ұлтпен біртұтас болып біріксе, сырттан келетін шовинистік күштердің әсері жоққа айналады. Нәтижесінде мұндай мемлекет гүлденген ел болады. Мемлекеттің  тұғыры  -  біртұтас ұлт. Сол себептен де жанжақты дамудың негізі  -  ұлттық тамырға сүйенуі керек.  Даму дегеніміз  -  ұлттың өзінің  ежелгі тарихи тамырынан нәр алатын жаңа құбылыс.
Әңгімелескен  Марат  Әйтиев.  Қазақшалаған  С.Жүсіп.
«Свобода слова» апталығы
«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5320