Құрыш қаланың қазағы неге құрыштай емес?
Құрыш қаланың тұрғындары несімен мақтанады? Ел тізгінін өз қолына алған тұңғыш Президентіміздің еңбек жылдары өткен Теміртау деп төбесі көкке екі елі жетпей, көкірегін кере мақтана алады. Қала тарихын қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер - Тоқтар батырдың жастық шағымен байланыстырады. Әріден айтар болсақ, қаланың іргетасын қалауға атсалысқан Алаштың алтын әріптермен жазылар азаматтарының есімдері де қала тарихының беттерінде сайрап тұр. Әзірше ауызша. Солардың бірі һәм бірегейі - Қаныш Сәтпаев. Кезінде асыл азаматтың есімімен Теміртаудағы бұрынғы Ленин көшесін атауды ұсынған қала ақсақалдарына жергілікті тұрғындар ат-тондарын бауырына алып, үзілді-кесілді қарсы шыққан еді. Содан бері 20 жыл өтті. Сең жібімепті. Қазір қарап отырсаңыз, құрыш қаланың қазақша айдар таққан көшелері мен мемлекеттік тілде дәріс беретін білім ошақтарын, балабақшаларын санап шығуға болады. Он саусағыңызға жетер-жетпес. Тәуелсіз елдің жаңа тарихына енген құрыш қаланың қазағы неге құрыштай емес?
Теміртауды білмейтін қазақ жоқ. Алып өндірісті аймақтың астанасына айналған Қарағандыдан 30 шақырым қашықтықта орналасқан. Облысқа қарасты қалалардың ішінде Теміртаудың мүйізі қарағайдай. Қарағандының «басқа қалаларым - бір төбе, Теміртауым - бір төбе» деп бөлектейтін жөні бар. Себебі Қарағанды облысының жалпы өнеркәсіптік өндіріс көлемінде Теміртау қаласы кәсіпорындарының шығаратын өнімдерінің үлес салмағы 34,8%-ды құрайды. Нақтырақ айтқанда, жалпақ илек - 100 пайыз, қара металдан құбыр жасау - 89,2 пайыз, жылу энергиясы - 42 пайыз, электр энергиясы - 25 пайыз, тас көмір - 47,2 пайыз, цемент өндіруден 100 пайыз көрсеткішке ие. Бірақ әлеуеті әлді, ауқаты қуатты қаланың бір әттеген-айы бар. Құрыш қала қазақ тіліне келгенде шорқақ. Осы жағынан алғанда, теміртаулықтар мақтана алмайды, керісінше, қып-қызыл ұятты.
Қасым БОТАНОВ, Теміртау қаласының ақсақалы:
- «Тіл - жұрттың жаны. Тілінен айырылған жұрт - жойылған жұрт», - деп сипаттаған Халел Досмұхамедұлы. Шындығын айту керек, Теміртаудың қазақ тілі «реанимациялық» күйде. Айталық, іc жүргізу де, қоғамдағы түрлі ақпараттар тек ресми тілде айтылады да, жазылады да. Ойлап қарасаңыз, тіл де адам ағзасы сияқты ғой, қолданысқа еніп, жұмыс істеп тұрса, аясы кеңейеді, дамиды. Ал іске аспай жатса, лезде солып қалады. Теміртаудың қазақшасы екінші нұсқасына жақын. Қаладағы қазақша дүкен атауларын, жарнамаларды оқи қалсаңыз, еріксіз налисыз, жүрегіңіз ауырады. Қатеден көзіңіз сүрінеді. Бұған қашанғы төзуге болады?!
Қасым Ботанов ақсақалдың айтуынша, егемендік алған 90-жылдардың басында қаланың ақсақалдары бас қосып, Теміртауды «қазақтандыруға» белдерін буып кіріспекке уағдаласады. Игі әрекеттерінің зая кетпесіне және сенген. Сөйтіп, үш қайнаса, сорпасы қосылмайтын қазаққа жат көне көше атауларын «қара» тізімге алып, оларды өз ана тілімізде атауда ұтымды ұсыныс дайындап шығады. Мақсат теміртаулық жастар біле жүрсін деп ұлт тұлғаларының есімін жаңғырту да болған. Бірақ тыңғылықты ойластырылған тың идеялар жүзеге аспақ түгіл, «темір» қаланың ормандай орыстарының көп кедергісіне тап болып, күлі көкке ұшып жоқ болған. Десе де, ақсақалдар мұнымен тынбады. Ұлттық мәселені шырағдан етіп жазған мақалалар жергілікті газеттерде сериялап жарық көріп жатты. Бірақ «жартасқа бардым, күнде айқай салдым, одан да шықты жаңғырықтың» кебі еді бұл. Бұған да қоғам селт етпеді. Орысша тәрбиемен өскен теміртаулық бауырларымыз да, бұрынғы коммунистері бар - бәрі-бәрі мұны құлағына да ілген жоқ. Қазір 170 мыңнан астам тұрғыны бар Теміртауға келе қалсаңыз, қазақтың даласында емес, солтүстігіміздегі көрші елдің қаласында жүргендей әсерде қаласыз.
Жасыратыны жоқ, бір кездері Қарағандыны көпшілік Теміртау арқылы танып, біліп жататын. Қылмыстық оқиғаларға белшесінен батқан Теміртау бұл жағынан келгенде көш алдына қара жібермейтін. Әлем халықтарының үрейін ұшырған ЖИТС-пен ауыратындардың басым бөлігі - Теміртауда. Дереккөзі солай дейді. Бірақ содан қаланың әл-ауқаты әлсіреп қалған жоқ. Жуырда ел Үкіметі жалғанның жалпағына жолдама берген «Шағын қалаларды дамыту» бағдарламасына енген 27 қаланың ішіндегі ең әлдісі де - осы Теміртау. Енді мына қызыққа қараңыз, қазақ тілінің қолданылу аясы тар өлке де - Теміртау. Аузымызды құр шөппен сүртуден аулақпыз, Теміртау қаласында 200-ге жуық көше, шағын аудандар тіркелген болса, солардың небәрі 5 пайызы ғана қазақ тілінде аталады.
Уақыт АҚЫБАЕВ, Теміртау қаласының Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы:
- Теміртауда қазақ тіліндегі көше атауларының аз екенін мойындаймыз. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары біршама қадам жасалған болатын. Бірақ көбі тұрғындар тарапынан қолдау таппай қалды. Себебі мұнда тұратын жұрттың басым бөлігі - әр ұлт өкілдері, кешегі ыдырап кеткен одақтың құрамында болған мемлекеттерден жиналғандар. Қазір көше атауларын өзгертуге мораторий жарияланғанын жақсы білесіздер. Сонда да қаламызда жаңадан салынып жатқан көшелерге қазақша атау беруді қолға алып жатырмыз. Жақында Теміртауда салынып жатқан үр жаңа көшеге қазақтың марғасқа ақыны Қасым Аманжоловтың есімі берілмек.
Иә, Теміртаудағы қазақша көше атаулары саусақпен санарлық. Есесіне Кеңес Одағын дәріптейтін Комсомол, Калинин, Коммунар, Дмитреев, Язева сынды толып жатқан кеңестік сарындағы жауыр атауларға бай. Тіпті 1997 жылдары қып-қызыл еңбектің күшімен өзгертілген айналдырған екі көше - Республика даңғылы мен Тәуелсіздік гүлзары бойларында кеңестік кездегі ескі атаулары әлі күнге дейін кездесіп қалады. Бір қызығы, бұл қалай деген тірі жанды көрмейсіз...
Қаланың ақпараттық кеңістігін де ресми тілді бұқаралық ақпарат құралдары «жаулап» алған. Санап көрейік, «Новый Темиртау», «Зеркало», «Магнитка плюс», «Металлург», «Второе счастье», «Вечерняя газета», «Темиртауский рабочий» және қазақ тілінде шығатын жалғыз «Теміртау» газеті теміртаулықтардың руханиятына қызмет етеді. Бұл аз болғандай, «Сфера», «29 канал», «43 канал» арналары, «Радио-102» радио толқыны да тек ресми тілде сайрайды. Абырой болғанда, биыл Қасым Ботанов бастаған ақсақалдар намысқа тырысып, қазақ тілінде сөйлейтін «Құрыш қала» газетін қатарға қосты.
«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» деген осы екен. Былтыр қаладағы екі аралас мектептің қазақшаландырылғанын естіген теміртаулықтар шу шығарып, жалпақ жұртшылықтың назарын өзіне аударғанын көргенде жағамызды ұстағанбыз. Қазақ жерінде қазақ мектебін ашу қияметке айналады деген ой қайдан болсын?! Қоғамда дүрбелең туғызған мәселе көптің есінде болар. Осыған дейін Теміртауда небәрі үш қазақ мектебі болса, орыстілді мектептің ұзын саны 16 болатын. Қалғаны аралас-құралас (аралас деген аты ғана). Соңғы он жылдың көлемінде Моңғолия, Өзбекстаннан келген қандастардың Теміртауда көп шоғырлануына байланысты қазақ мектебіне сұраныс артқан. Керісінше, орыс мектептерінде оқушы аз. Олар бір ауысыммен оқыса, қазақ мектептерінде екі ауысыммен, әр сыныпта 30-40 оқушыдан оқиды. Осыған орай қос қазақ мектебін ашу ісі қолға алынғанда, «жер астынан жік шығып, екі құлағы тік шыққан». Қас қылғанда, наразы топтың солтүстіктегі көрші елдің басшылары Медведев пен Путинге ашық мәлімдеме жасағаны да әлі есімізде.
Көңіл қуантарлығы, қазір Теміртау қаласына қоныс аударған оралмандардың отбасы 4 мыңнан асып жығылады. Алайда олардың орыс тілін білмейтінін бетіне салық етіп, қызметке орналаса алмай жүргендері әлі де кездеседі. Ең сорақысы да - осы. Десек те, бүгінге дейін мемлекеттің тілі аяқ астында тапталып жатқанда, өңірде бір қазақтың селт етпегені қорқынышты екен...
Автор: Ақмарал БАЯЗИТОВА,Теміртау
«Алаш айнасы» газеті