Қайыржан ТӨРЕЖАНОВ. Арманы – атажұртқа оралу
Көрнекті қазақ жазушысы Қажығұмар Шабданұлының жасы биыл сексеннің төртеуінде. Ол 1925 жылы бұрынғы Семей облысының Аягөз ауданына қарасты Таңсық ауылында дүниеге келген. Қаршадайынан тағдырдың тәлкегіне түсіп, маңдайына жазылған талай қиындықтарды мойымай көтеріп, жеңе білген Қажығұмар ағаның өмірі ешкімге ұқсамайды. Жеті жасында, сол кезде Қазақстанды басқарған Голощекиннің қолдан жасаған ашаршылығына ұшыраған жұртпен бірге 1932 жылы шекара асып, Қытай жеріне өтеді. Ол жақта Шәуешек қаласында тұрақтап, үзбей оқу, үйрену нәтижесінде шығармашылық жолға түседі. Елуінші жылдардың соңына қарай Қытайда басталған Мәдени революция науқаны бүкіл Қытай халқына, әсіресе Шыңжаң қазақтарына өте ауыр тигені белгілі. Оның арты көтеріліске ұласты. Осы науқан кезінде қуғын-сүргінге ұшырап, қайғы құшқан қазақтардың ауыр тағдырын Қажығұмар Шабданұлы өз басынан өткерді. Саяси тұтқын ретінде сотталып, Такламакан шөліндегі Тарым түрмесінде табаны күректей жиырма жыл жатады. Одан шыққаннан кейін Кеңестер Одағының тыңшысы деген жаламен Үрімшінің түрмесінде тағы он бес жылын өткізген. Осылайша Қажықұмар аға өмірінің жартысын саяси қылмыскер ретінде қытай түрмелерінде өткізді. Қазір сексеннің сеңгіріндегі қазақ қаламгері Қытайдағы Шыңжаң өлкесінде, Шәуешек қаласында тұрып жатыр. Саналы ғұмырын ата жұрттан жырақта, бөтен елдің қапасында өткізген Қажығұмар Шабданұлының өмір бойғы арманы Қазақ еліне жетіп, кеудесін кере бір тыныстау екен. Ақсақал сол арманына бүгінгі күнге дейін жете алмай келеді.
Қажығұмар Шабданұлының елуден асқан немере інісі Талғат Шабданов Алматыда тұрады. Атасының Қытай түрмесінде отырғаны туралы тоқсаныншы жылдардың басында, Кеңес үкіметі ыдыраған жылдары айтып жүретін. «Атамызды екі елдің арасы шиеленісіп, саяси салқындық пайда болған кезде «Кеңес Одағының жансызы» деген айыппен Қытай өкіметі қамауға алды. Енді Кеңес Одағы ыдырады, Қазақстан мен Қытайдың арасында достық қарым-қатынас орнады. Қытай түрмесінде жатқан әкемізді қапастан қалай шығарып алсақ екен» деп Талғат үнемі атасын еске алып, мұңын айтатын. Әр жерлерге хат жолдап та көрді, үлкен адамдарды да салды, бірақ еш қайран болмады. Соған қарағанда ол жақта саяси тұтқындарға рақымшылық жасалмайтын болуы керек, Екінші рет соттың үкімімен он бес жылға кесіліп, 1986 жылы Үрімшінің түрмесіне қамалған Қажығұмар Шабданұлы әлем үшінші мыңжылдықты тойлап жатқанда мерзімін бітіріп, бірақ шықты.
Қажығұмар ағаның ендігі арманы – тәуелсіздік алып, дербес мемлекет болып отырған Қазақстанға біржолата оралу. Төрінен көрі жақын қария «егер қисая қалсам, туған жерімнің топырағы бұйырса» деген арманын жасырмайды. Біз жақтан талай шақыртулар болғанмен, ақсақал бері өте алмай, жіпсіз байланып отырған жайы бар. Бірнеше мәрте Қазақстанға баруға сұранған екен, бірақ жергілікті өкімет органдары оның Қазақстанға өтуіне рұқсат етпей отырған көрінеді. Қытай жағының ресми органдары «Шабдановтың Қазақстанда туыстары жоқ, сондықтан рұқсат етілмейді» деп жауап берген. Бұл жай ғана сылтау, әйтпесе Алматы Ішкі істер департаментінің Көші-қон полициясы Шабданов Талғаттың атынан мынандай өтініш жолдаған: Мен Талғат Қажиақпарұлы Шабданов Қытайда тұратын ағам Қажығұмар Шабданұлын Алматыға шақырамын. Қажығұмар Шабданұлы менің әкем Қажиақпардың бірге туған інісі. Қазір ол 80 жаста, өмірінің жартысын түрмеде өткізіп, биылғы жылы 28 наурызда толық ақталып, бостандыққа шықты. Арманы – өзінің туған жері Қазақстанға келу. Қажығұмар Шабданұлының осында келгеннен кейінгі жатар орны, медициналық және жеке басының қауіпсіздігіне кепіл боламын. Өмірінің көбі өтіп, азы қалған осы ағама қамқорлық жасасам деймін». 2005 жылы жазылған бұл хатқа Талғат Шабданов әлі жауап алған жоқ.
Шәуешекте тұрып жатқан жазушы Қажығұмар Шабданұлымен жақында Алматыдағы тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұхтархан Оразбай телефон арқылы сөйлескен екен. «Балам, менің жасым сексен беске таяп қалды. Көзден нұр тайды. Құлақтан дыбыстар да азайды. Есте ұстау қабілетім де төмендеді. Қарттықтың кезі келгендей сезіледі. Денсаулығымды күтіп, Қазақстанға баратын күндерді санап, соны аңсаумен отырмын. Сол аңсау, сол сағыныш, сол арман, мені осы өмірге тас қып матап тастағандай, денсаулығым да жақсы келе жатыр. Елге барып, азат елді көріп, көзайым болсам деген үмітім бар. Алла соған жеткізсін. Еңбектерімді еліме атаған жанмын ғой. Елім бар болса, Қазақстаным аман болса, еңбегім жанатынына сенемін» деп дауысы қарлығып, кемсеңдеген кәрі жүректің әбден мұжылып сықырлаған үнін естігенімде, көзіме жас келді. Кеңсірігім ашып, тұла бойымды бір түрлі арпалысты сезім кернеді» дейді Мұхтархан Оразбай.
Жазушының немере інісі Талғат Қазақстан Жазушылар одағы арқылы да әрекет еткен көрінеді. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалиннің осы мәселе бойынша Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа жолдаған хатының көшірмесі қолында сақталыпты.
«Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Үстіміздегі жылдың маусым айының 6 күні өткен Қазақстан жазушыларының кезекті ХІІІ құрылтайында Қытайдағы қазақтың қабырғалы жазушысы Қажығұмар Шабданұлының тағдыры мен оның елімізге орала алмай жүргені жайында мәселе көтерілген болатын. Құрылтайда атажұрттан жырақта жүрген алаштұлғалы суреткердің туған еліне оралуына Елбасымыздан көмек сұрау жайында өтініш болған. Есімі алыс-жақын елдерге етене таныс, көрнекті қазақ жазушысы Қажығұмар Шабданұлы осыдан екі жыл бұрын 80 жасқа толды. Тарым бойындағы Такламакан шөлді даласындағы абақтыда 20 жыл, одан кейін «Кеңестер Одағының тыңшысы» деген жаламен Үрімші түрмесінде 15 жыл қамауда отырды. Қатал тағдырдың қапасында отырғанда қолынан қаламы түспеген қайсар жазушы азаттықты аңсауды арқау еткен алты томдық ғұмырнамалық «Қылмыс» романын жазады. Оның алғашқы екі томы оқырмандардың қолына тиді. Жазушының мұнан кейінгі жазған күрделі шығармасы «Пана» романы. Романда Шыңжаң қазақтарының ұлт азаттық көтерілісі жан-жақты, шынайы бейнеленген. Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сексеннің сеңгірінен асқан көрнекті қазақ жазушысы Қажығұмар Шабданұлы өмірінің соңғы күндерін Тәуелсіздігін алған туған топырағы – қазақ жерінде өткізуді армандаумен жүр. Сізден қаламгердің елге оралуына мүмкіндігінше ықпал етуіңізді сұраймыз» деп жазылыпты хатта.
Екі мың бесінші жылы Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы бірлесіп, Алматыдағы Әдебиетшілер үйінде, Қытайдағы қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі Қажықұмар Шабданұлының 80 жасқа толуына арналған басқосуын және қаламгердің Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Атажұрт» баспасынан жарық көрген «Пана» романы мен бестомдық «Қылмыс» шығармасының бірінші кітабының тұсаукесерін салтанатпен атап өтті. Қажықұмар Шабданұлының бұл шығармалары түрмеде отырған кезде жазылған. Араб қарпі негізінде төте жазумен жазылған бұл кітаптарды кириллицаға аударып түсірген ақын Жәркен Бөдешұлы. Қазақстан оқырмандары Қажықұмар Шабданұлының шығармаларымен осы соңғы үш-төрт жылда ғана таныса бастады. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төралқа төрағасының бірінші орынбасары Қалдарбек Найманбай «Пана» романы туралы былай дейді: «Бұдан бір-ер жыл бұрын «Қазақстанда шығармаларыңызды жарыққа шығарайық» деп хат жаздым. Ұзап барып жауап хат келді, «Пана» романының қолжазбасын жіберіпті. Тақты Зұқа батыр туралы кесек дүние екен. Бұл түрмеде жазылған роман. Қазақ әдебиетінің тарихында мұндай шығармалар бірлі жарым ғана. Оның үстіне Қажықұмар Шабданұлы қиын қыстау күндерде Зұқа батырды бекер еске алмаған болуы керек...»
– Атамыз Қазақстанның дербес мемлекет болатындығына сенген адам. Соны өмір бойы аңсаған. Ол сол арманына жетті. Ол кісінің алты томдық «Қылмыс» романы әлі толықтай жарық көрген жоқ. Қолжазбасы жазушы Қабдеш Жұмәділовте. Барлық бастан кешкендері сонда жазылған, – дейді Талғат Шабданов.
«Қажығұмар Шабданұлы! Осы бір есімді естіп білмеген бүгінде қазақ баласы, әй, жоқ шығар-ау. Оны қазақ әдебиетінің классигі, Шыңжаңдағы жаңа әдебиеттің негізін салушылардың бірі ретінде танымаса да, дүниежүзілік рекордтар кітабына енген адам ретінде жақсы біледі. Қай жағынан қара үзіп шықты дейсіз ғой? Абақтыда ең ұзақ отыру жағынан. Жазушы мен түрме. Қалам мен қапас». Бұл Қабдеш Жұмаділовтің сөзі. Қапаста отырып елінің жарқын болашағын армандаған Қажығұмар Шабданұлының, Ресей бір кезде сыртқа теуіп, қартайған шағында елге әкеліп, көкке көтерген Александр Солженицыннан қай жері кем. Қажымас қайраттың, мойымас қайсар мінездің эталоны осы кісідей-ақ болар. Өмірінің соңғы жылдарын туған жердің топырағында өткізу осындай үлкен жүректі ақсақалға үлкен арман болып отыр.
Қайыржан ТӨРЕЖАНОВ
“Айқын” газеті