Жұма, 20 Қыркүйек 2024
Жаңалықтар 3333 0 пікір 14 Шілде, 2009 сағат 19:00

Рихард Зорге мен Штирлицтердің қазақы образын жасамайынша, арнайы қызметке халықтың сенімін қалыптастыра аламыз ба?

 

Нұрлан Ерімбетов, саясаттанушы:

 

Нұрлан Ерімбетов, саясаттанушы:

– Шындығында, халықтың арасында арнайы қызметтерге, құқық қорғау органдарына теріс көзқарас қалыптасқан. Алайда қиналған тұста баратын жеріміз сол тәртіп сақшылары мен қауіпсіздік қызметкерлері болмақ. Бұрын кеңестік кезеңде бұл саланың қызметкерлерінің шынайы әрі жағымды образы жасалды. Том-том кітаптар мен шытырман оқиғалы фильмдер түсірілді. Қазір арнайы қызмет орындары мен халықтың арасында байланыс үзіліп қалғандай көрінеді. Сондықтан Рихард Зорге мен Штирлицтердің қазақы образын жасамайынша арнайы қызметке халықтың сенімін қалыптастыру мүмкін емес. Естеріңізде болса, 90-жылдардың басында Қызылорда облысының территориясында жолаушылар мінген автобусты қылмыскерлер басып алып, Шымкентке қарай бармақшы болды. Менің Ұлттық қауіпсіздік комитетінде істейтін достарым сол операцияға қатысты. Жолда қылмыскерлер тамақ сұратқан екен, арнайы қызмет орындарының жігіттері оларға сұратқандарын берген болып, автобустың салонына микрофонды орнатып үлгерген екен. Шымкентке жеткенше тың тыңдаған қауіпсіздік қызметкерлері қылмыскерлердің әрқайсысын қай жерде отырғанын анықтап, сәтті шабуыл ұйымдастырды. Сол оқиғаның соңында асқан шеберлікпен бірде-бір адамды шығынға ұшыратпай, тек қылмыскерлерді жазалады. Міне, ерлік! Осындай өмірден алынған оқиғалар негізінде фильмдер түсіріп, кітаптар жазып, арнайы қызметкерлердің образын жасау керек деп ойлаймын.

 

 

Бақытжан Ертаев, Халық Қаһарманы:

– Сіз есімдерін атап өткен екі азамат та елінен жырақта жүрсе де, еліне, жеріне қызмет етті. Тысқары жүрсе де, елінің тапсырмасын орындауға жандарын салған. Өз борыштарын атқарып жүргенде қаншама қиыншылықтармен бетпе-бет келді. Бір сөзбен айтқанда, олардың жастарға үлгі болатын қасиеттері көп. Тәуелсіз Қазақстанның да дәл сондай тұлғаларының образын жасауымыз керек. Біз соларды кеңінен насихаттау арқылы жастарымызды патриоттыққа тәрбиелей аламыз. Арнайы қызметке деген халықтың сенімін қалыптастыру үшін белгілі бір жағымды образ керек те шығар.

 

 

Айдос Сарым, саясаттанушы:
– Менің ойымша, бұл сала қызметкерлері туралы фильм түсіріп, дабыра ету дұрыс емес. Халықтың сенімі олардың жұмысының нәтижелеріне қарап қалыптасады. Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметте сол арнайы органдардың адамдары отырғанда, жемқорлық тағы басқа сорақылықтар анықталып отыр. Сондықтан образ, имидж жасауға тырысқаннан гөрі олардың жұмыстарының деңгейін көтерген дұрыс шығар. Себебі қазір халық арасында екіұдай пікір бар. Оларға деген сенбеушілік бар, сонымен қатар үрей басым. Менің ойымша, арнайы қызмет тазалық, әділдік, жауапкершілік болған жағдайда ғана халықтың сеніміне ие бола алады.

 

 

Әзірлеген Жарқын Түсіпбекұлы
“Алаш айнасы” газеті 14 шілде 2009 жыл

0 пікір