Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 5548 9 пікір 24 Қаңтар, 2022 сағат 12:01

Теңіз де жылайды екен...

(Ән-қисса)

Алғаш рет мен онымен ұшақ терезесінен сыртқа үңіле қарап отырып қауыштым. Ақтау қаласын бетке алған ауыр лайнер әлдеқалай айнала бұрыла бергенде, көлкіп жатқан көк теңіз көзіме оттай басылды...

«Жо-жоқ, өзімді-өзім алдамайыншы, алғашқы әсерім мүлдем басқаша еді ғой...

...Ұшы-қиыры жоқ, көкпеңбек әлем сонау көз жетпейтін көкжиектің арғы жағына дейін созылып жатқанын көргенде, алғашқыда осынау ғаламат дүниенің не екенін түсінбей де қалғам-ды. Бейне-бір мына көк аспанның орасан зор бір бөлігі жерге опырылып түсіп, төңкеріліп жатқандай.

«Апыр-ау, теңізің осы болса, мұхитың қандай болмақ?..»

Алғашқы әсерім осылай болса керек...»

Иә-иә, есіме енді түсті, ол тіпті де көк емес, қаракөк-тұғын. Кей жері ғана ашық көк, енді бір тұстары көздің жауын алатындай әдемі, жасыл реңк аралас көгілдір түсті екен...

Осы ғажайып дүниенің бір шеті көкжиекпен астасып, ал, бір шеті әлгінде өзім ұшақ терезесіне жабыса шолып келе жатқан ақ шоқыларға бай ұлан-ғайыр жермен шектесіп жатқанын көргенде барып, мен оның қарт Каспий екенін бір-ақ түсіндім...

Абдыраңқырап қалған мен оған іштей сәлем бердім. Сол кезде ол, не үшін екенін қайдам, ауыр күрсінгендей көрінді...

Теңіздің мінезі қызық. Мың құбылып тұрады. Оның кенеттен бұрқ-сарқ ете қалуы да, түк болмағандай, аяқ астынан тынши қалуы да оп-оңай...

Теңіздің ашуымен ойнама. Долданған кезінде оған қарсы тұрарлық күш табылмайды-ау, сірә да. Сондай бір қатты ашу-ыза қысқан кездерінде болса керек, үйдей-үйдей тастарды үрулі доп құрлы көрмей, жағаға шығарып тастай берген. Ол аз десең, асау толқындар мұнай тиеген ауыр кемелерді де бос тегенедей төңкеріп тастауға қабілетті...

Желді күні жағалауда жүріп, шаңқ-шаңқ еткен шағалалардың даусын тым жақыннан естідім. Жалт қарасам, шағаланың бірі таяқ тастам жерде, су бетінен шығып тұрған тастың үстінде шоқиып отыр. Пәлі, мынауың біздің ауылдың маңындағы көлшікте жүретін кішкентай шағалаларға мүлдем ұқсамайды. Ірілігі тау бүркітіндей дерлік. «Революция дауылпазы» Максим Горькийдің әйгілі дауылпазы – Буревестнигі осы-ау, шамасы. Күшейе түскен желге қарсы қасқая қарап, дауыл шақырып отырғандай. «Пусть сильнее грянет буря!..»

Мұқағали Мақатаевтың тілімен айтсам, «өмір насекомын жинауға құмар» адамың мен емес, алайда, соңыра еріккен жұрттың осы шағалаларға жем беріп, қолға үйретуге шақ қалғанын көзім көрді...

Е-е, несін айтасың, өмір шындығы мен романтика қатар жүреді ғой. Мен романтика іздеп, теңіз жағалап жүргенде, жағалаудың қып-қызыл түске боялып жатқанын көріп, «теңіз қанға бөгіп жатыр» деп, әй, бір қиялыма ерік берсем-ші. Кейін анықтап қарасам, кәдімгі қызыл балдырлар екен, жағаға шығып қалған, тәйірі...

Сосын сонау бір жылдарғы көсемсөзшіл әдетіме салып, ренжулі риторикаға жол бердім: «Теңіз дегенің – тіршіліктің көзі, өмірдің нағыз өзі емес пе?! Оны түрлі өсімдіктер, жәндіктер мен жануарлар мекендейді ғой. Ал, адамдар өздерінің тар маңдай мүддесін ғана ойлап, осы тіршілікке соншалықты аяусыз, тіпті, айтуға ауыз бармайтын жауыздықпен қарайды. Олар қарақан басының бір сәттік пайдасы үшін туған табиғатты талақ етуге даяр. Сол қатыгез, тасбауыр адамдардың кесірінен, олардың табиғатқа келтірген орасан зор зиянынан теңізің де тіршілікке жарамай қалып жатыр...»

Ауыр ойларға шомып келе жатқанымда, малтығып, жағаға шығып қалған дәрменсіз итбалықты көзім көрді. Түрі тым аянышты. Маған жаутаңдап қараған көзінен мөлтілдеген жасты көріп жаным ашып кетті...

«Теңіздің көз жасы ғой мынау. Теңіз де жылайды екен-ау», – деп, еріксіз күрсініп, күбірлей бердім, күбірлей бердім...

Бір кездері, миллион-миллион жылдар бұрын, жер бетінде адам затының өзі тіршілік санатында жоқ кезде, Тетис деген ұлы мұхит өмір сүріпті. Басқасын айтпағанда, Қара теңіз бен Каспий теңізі содан қалған жұрнақтар екен. Каспий теңізі ғасырлар бойы осы өңірді мекендеген халықтардың атымен түрліше аталып келген: Гиркан, Сармат, Хазар, Құмық, Каспий. Күллі әлемге белгілі «Каспий» атауы – біздің арғы ата-бабаларымыз боп келетін сақтардың ішіндегі бір тайпаның аты...

Кенет көз алдым тұманданып кетті. Бұл не өзі – бұлт па, тұман ба? Әлгінде ғана ой үстінде ақшулан толқындары аспанға шапшыған теңіздің үстінде будақ-будақ түтін сияқты жөңкіле көшіп келе жатқан боз тұманға таңғала қарап тұрған едім. Иә, кәдімгі көшпелі аппақ қалың тұман. Өзімді бейне-бір ақ бұлттың ішіне сүңгіп кеткен ұшақтай сезіндім...

Ақ боз тұман көшпелі ата-бабаларымыздың жүрдек атты әскеріндей зу етіп өте шықты да, қаланы бетке алды. Әне, әп-сәтте зәулім ғимараттары зорайып көрініп тұрған қалаға жетті де, кідірместен, әрі қарай кете барды. Бағыты – Жаңаөзен...

Маңғыстау халқы Жаңаөзенді жәй ғана «Өзен» деп атай береді. Оның не сыры бар? Ескіқұлақтар болмаса, кейінгі ұрпақ Жаңаөзеннің көне тарихына терең бойламайды. Ол аймақта өзен деуге келетіндей ағын су жоқ. «Өзен» атты құдық қана бар. Көне аңыз бойынша, пәленбай мың жыл бұрын Тетис мұхиты тартыла-тартыла, құдыққа айналған-мыс...

Осы сәтте өзім бұрын естімеген бейтаныс бір әуен құлағыма ызыңдап келе берді. Саз емес, әлдебір әнге ұқсайтындай. Ғажап. Сөзін білмесем де, өзімнен-өзім ыңылдай бастадым. Кенет кеуде тұсым бүлкілдеп, қайырмасы тіліме орала кетті.

Өзен – өзенім,
Өзен – өзегім.
Өзен – өз жерім,
Өзен – өз елім, – деп, теңіз шуылымен жарыса, барылдаған даусыммен шырқай жөнелдім...

Пәлі, жаңа ән туған сыңайлы. Жаңаөзен оқиғалары менің де іштегі мұң-шерімді әнмен жеткізуге қозғау салғандай.

P.S. Ауылдағы бір бозбала «митинг болады» дегенді естіп, үй-ішіне айтпастан, қалаға аттанып кетіпті. Анасы уайымдап, өзін қоярға жер таппаған. Сол бір күн оған өз ғұмырынан да ұзағырақ көрінген шығар. Туған перзентін зарыға күткен ана кешке баласы үйге аман-есен жеткенде: «Құлыным-ау, мұның не?! Митингіде нең бар?!.» – деп сұрады, жорта кейіп. «Анашым, мен халықпен біргемін ғой», – деді баласы, оның иығынан қапсыра құшақтап...

Иә, халық та мына теңіз мінезді. «Қазақтың ашуымен ойнама!..»

Жан Тілеу

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3243
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5395