Жұма, 22 Қараша 2024
Саңлақ 3478 0 пікір 26 Қаңтар, 2022 сағат 15:11

Бейжің 2022: Қазақстан қай спорт түрлеріне қатысады?

«Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің Бас хатшысы Андрей Крюков ақпан айында өтетін XXIV Қысқы Олимпиада ойындарына спорт түрлерінен 87 лицензия берілгенін мәлімдеді.

«Осы аптада басқа спорт түрлері бойынша нақтыланады. Лицензиялардың басым бөлігін шаңғышылар (35), конькимен жүгірушілер (12) және биатлоншылар (12) жеңіп алды», - дейді Андрей Крюков.

Шорт-трек бойынша – 9, фристайл-акробатикадан – 4, фристайл-могулдан – 6, трамплиннен шаңғымен секіруден – 4, тау шаңғысы спортынан – 3 және шаңғы үшсайысы бойынша – 3 лицензия берілген.

«Ақпанның төртінде басталатын олимпиада ойындарына әлемнің 95 елінен 4 мыңнан астам спортшы қатысады. 109 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Бейжіңдегі олимпиада құрамында 34 спортшымыз бар», - дейді комитеттің Бас хатшысы.

Қазіргі уақытта спортшылар карантинге байланысты оқшауланып, спорт дайындығын жүргізуде. Олардың екі тобы Қазақстанда болса, үшеуі шетелде орналасыпты.

Төрт жылда бір өткізілетін қысқы олимпиада ойындары 2018 жылы Оңтүстік Кореяның Пхенчань қаласында өтті. Онда 92 елден 2922 спортшы қатысқан болатын.

Соның ішінде Қазақстаннан 4 спорт түрінен 44 спортшы қатысты. Бұл жарысқа Орталық Азия елдері арасынан Қазақстан жалғыз қатысқан болатын. Фристайл спортынан Юлия Галышева – қола медаль иеленді. Өкінішке орай, Қазақстан қысқы олимпиадада жарқырап көріне алмады. Ал, бәрін басып озған Норвегия барлығы 39 медальды жеңіп алса, кейінгі кезекте Германия – 31, Канада -29 медальды қоржынына салды. Ал, Ресей барлығы 17 медальмен 13 орында тұрса, Қытай барлығы 9 медальмен 16 орынды иеленді.

2018 жылғы қысқы олимпиадаға 2014 жылғы 7-23 ақпан аралығында Сочиде өткен мәнерлеп сырғанаудан қола жүлдені иеленген Денис Тен де қатысуы керек еді. Қысқы спорт түрінен Қазақстанды әлемге танытып келе жатқан жас спортшының мезгілсіз қазасы қазақ спортын қансыратып кетті. 2014 жылы Сочи олимпиадасына қатысқан 58 спортшының ішінен Денис Тен ғана қола жүлдені алып келді.

Жалпы алғанда, бұрын болған қысқы олимпиада ойындарының тарихына қарасақ Қазақстан бір немесе екі медалға ие болады. Дегенмен, Бейжіңде өтетін қысқы олимпиадада медаль саны артады деген үміттеміз.

Айжан Темірхан

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5320