Сенбі, 23 Қараша 2024
Араша 5699 37 пікір 2 Ақпан, 2022 сағат 13:41

Террормен күрес - репрессияға ұласып кеткен бе?..

Қасіретті қаңтар оқиғасынан кейін, тергеуге әкетіліп, азаптауға ұшыраған жандар жайлы түрлі ақпараттар әлеуметтік желіні дүр сілкіндіруде. «Бауырымды алып кетті», «әкемді соққыға жығуда», «досым жоғалды», «інім тергеуге кеткеннен келмеді» деген хабарлама көп. Тергеу изольяторында ұрып-соғып, азаптаудың сан түрі болып жатықаны да айтылуда. 

Президент лаңкестермен күресу керектігін айтты. «Қасіретті қаңтарда» көшеге шыққанның бәрі лаңкес, бәрі бандит, бәрі баскесер емес еді. Мұны барлығы жақсы біледі.  Иә, ел іргесін шайқалтып, билікті тұғырынан құлатпақ болғандар болмады емес, болды. Алайда сол күні алаңда болғанның бәрі жау, сол күні қалада жүргеннің бәрі содыр емес екенін есте ұстау керек!

Алматы қазір азаптау лагері іспеттес. Халықта үрей бар, бірақ үрейден басым тағы бір сезім Алматыны кезіп жүр. Ол жеккөру. Билікті, күштік құрылымдарды, полиция жеккөру. Жеккөру сезімін тудырған Тұрғымбаевтың тергеу тәсілдері, жауап алу жолдары. Полицияның озбырлығынан халықтың билікке деген сенім капиталы сарқылып барады. Осыған қарап, министр Тұрғымбаев Президентке қарсы жұмыс істеп отыр ма деп те ойлайсың…

1937-1938 жылдары НКВД жендеттері дәл бұлай азаптамаған болар, сірә. 1986-да алаңға шыққан жастарды дәл бұлай қудалау, қорлау болмағанын желтоқсандықтар айтуда. «Кеңестен көрмеген қорлықты қазақ қазақ полициясынан көрудеміз», - дейді олар.

Күні кеше ғана сұмдық ақпарат тарады. Талдықорған қаласында Елбасы ескерткішін құлатуға қатысқан деген Азамат Батырбаевтың адам төзгісіз азаптауға ұшырағаны жайлы бейнеролик шықты.

«Полиция қызметкерлері Азамат Батырбаевты ұрып-соғып, денесін үтікпен күйдіріп кеткен. Сонымен бірге құзырлы органдар оны емделуіне және сауығып кетуіне қажетті, тиісті көлемдегі медициналық көмек әлі алмаған кезде, емдеу мекемесінен алып кетіп, емдеуге және қалпына келтіруге жағдай жасалмаған, тергеу изоляторына қамады», - дейді белсенді Дана Жанай. Азаматтың бүйрегі зақымдалып, езіліп кеткені де айтылуда.

Өркен Ерзат есімді азаматтың қамалғаны жайлы бірнеше отандық БАҚ жазды. Ол өзінің еш кінәсі жоқтығын, жазықсыз жапа шегіп жатқанын айтқан болатын. Өркеннің әпкесі Ардақ Ерзат төмендегідей жантебірентерлік жазба жазып, желіге жариялады:

«Осындай жағдайды тек кинодан ғана көріп едім. Мен қоғамдық қорғаушы ретінде бүгін бауырыммен 15 күннен бері алғаш рет кездестім... Кездестім емес, сөйлестім деуге болатын шығар. Себебі, дауыс өткізбейтін айна бөліп тұрды арамызды.

Алғашқы сұрағым: «Ұрды ма, соқты ма, қысым болды ма?», - дедім.
«Ади, уайымдама», - деп жауап берді. Іштей, аман болғанына сансыз шүкір дедім, жылап сықтамай, түр бермей шыдап, жақсы көңіл-күймен сөйлестім. Ішім өртеніп кетті.
«Ата-апам аман ба, жиентайымды кімге қалдырдың», - деп бізді уайымдап жатыр. Мейірімді бауырым менің.

Мың сұрақ миымда маза берер емес, болашағынан үміт күттіретін кенжетайымыз, жалғыз бауырымның ендігі жағдайы не болмақ?! Ақиқат қашан орын алады, бауырым қашан мына күдіктен арылып ортамызға оралады?!

Бауырым әділеттіліктен әлі де үміті барын айтты. Барлығы жақсы жағынан оң шешіммен болар. Мен шыдаймын әрі барлығы әділ болып, менің кінәсіз екенім дәлелденеді деп сенім білдіріп: «МЕН АҚПЫН, МЕН ҮШІН ҰЯЛМАҢДАР», - ДЕДІ.

Әрине, ботам, біз әрқашан өзіңмен мақтанамыз. Бұл күндерде өтер, әділетті сот өкілдеріне сенім білдіреміз. Мен бауырыма күш беремін бе деп ойлап едім, қайта маған бауырым күш берді...

Құрметті прокуратура қызметкерлері, тергеуші прокурор, айыптаушы, комиссия мүшелері, қоғамның белсенді мүшелері сіздерден өтінерім, бауырым Ерзат Өркенге (28.01.2022ж) істемеген ісі үшін күдікті ретінде қарамай, тезірек оның кінәсіздігін анықтап, босатуларыңызды сұраймын.
Уайымдап жатқан барша жақындарына, достарына, таныстарына амандығын жеткізуді айтты
», - деді ол.

Қазіргі уақытта полицияның заңсыз әрекетін әшкере ету мақсатында, Тұрғымбаевтың гестаполық әдісіне қарсы түрлі ақпараттар шығуда. 12 полиция қызметкеріне қылмыстық іс қозғалуда. Оларға «азаптау фактісін жасаған» деген айып тағылған. Арнайы «Аманат» қоғамдық комиссиясы құрылды, онда белгілі заңгерлер мен қоғам белсенділері қызмет етуде. Олардың мақсаты жазықсыз ұсталғандарды босату. Комиссия құрамында заңгер Абзал Құспан да бар.

«Ұсталғандардың басым бөлігі – қатысушылар. Біз олармен жұмыс істейміз, өйткені көптеген адамдар басқа адамдардың арандатушылықтарына көнді деп есептейміз. Ауруханадан ұсталған жаралылардың барлығы шығарылды. Кеше түнде 9 адамды босатып алдық, бәрі де жаралы, балдақпен әрең қозғалады. Бұл адамдар біз босатқан 34 адамның ішінде болса керек», - дейді Абзал Құспан.

«Біз тергеу изоляторына барған кезде камераларды аралап, тұтқындалған әрбір адаммен жеке сөйлестік. Олар өздеріне қарсы заңсыз тергеу әдістері қолданылғанын, ұрып-соққанын, азаптаулар болғанын хабарлады. Комиссия бұл туралы Бас Прокурорға назар аударып, полиция органдарын қылмыстық жауапкершілікке тарту бойынша прокурордың әрекетіне нақты шаралар қабылдауы үшін ұсыныс жолдады. Алматыда азаптау фактілері бойынша 12 қылмыстық іс қозғалды, олардың барлығын «Антикор Алматы» мекемесі тергеп жатыр», - деді Құспан.

Жазықсызды кінәлі ету науқаны қашан тоқтайтыны белгісіз. Тұрғымбаевтың бұл әдісі билік пен халық арасынан тіпті суытып, халықаралық шеңберде санкция салқынын жақындата түсетінін есті адамның бәрі біліп отыр. Сонда Тұрғымбаевтың көздегені не?

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

37 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5370