Жанғали Жүзбай. Сүгір күйшінің шежірелік баяны
(Сүгір Әліұлының туғанына 130 жыл толуы құрметіне арнайы жазылды)
(Сүгір Әліұлының туғанына 130 жыл толуы құрметіне арнайы жазылды)
Сүгірдің шежірелік баяны туралы нақты зерттеулер А.Жұбанов, У.Бекенов, А.Сейдімбек, Г.Омаровалардың еңбектерінде бар, бірақ сойы мен руының арыдан келе жатқан шежіресі анықталған емес. Оның себебі кіші жүз құрамындағы жетірудан таратылатын тама руының тарихы беріден таратылып жүр, және ол зерттеулер көбінесе ауызша жеткізілген аңыздар мен эпостық жырлар сюжеттеріне сүйене жасалды. Тама атауы ежелден түркі халқының сойынан тараған ұлыстардың бәрінде дерлік бар. Қазақтарда -қара тұма, ақ тұма, алтайлықтар мен қырғыздарда (Алатаулық) -қара тұма, тұмат, туваларда тумат деп аталған. Тама руы тұма, тұмат атауларымен ХІІ-ХІІІ ғасырларда белгілі болған, Алтын Орда заманында Шыңғыс жорығына қатысқаны, жеке тайпа ретінде ықпалды ұлыстардың бірі болғаны туралы тарихи деректер мол, Рашид-ад-диннің «Жылнамалар жинағында» Шыңғыс заманында ежелгі Тумат тайпасы болды деген жазба кездеседі.Итальяндық Плано Карпинидің жазбаларында да Тумалар немесе Туматтар Шыңғысқа бағынған тайпалардың бірі ретінде атап көрсетілген (Путешествие в восточные страны Плано Карпини и Гильома де Рубрука. Алматы: Ғылым, 1993). Әбілғазы «Түрік шежіресінде» Таманы Ойраттың бір бұтағы деп көрсеткен, және олардың найманмен аралас болғаны жазылады. (Әбілғазы. Түрік шежіресі. Алматы: Ана тілі, 1991-208 бет.) Тарихшы П.А.Пановтың шағатай тілінен аударған ортағасырлық «Шыңғысхан туралы батырлық аңыздарында» түркі тайпаларының билері Шыңғысты хан көтергені туралы дерек бар. Шыңғысты хан сайлаған билердің аттары қазір белгілі - Майқы би, Тама би, Керейіт би, Қоңырат би, Темір-Құтлық би, Тулақ би, Телеңгі би. (Тама. І том, І кітап. Қазақ ру-тайпаларының тарихы сериясы. Алматы, 2005) Тама би Шыңғыстың қолынан «ағаш белгі» (тал, биліктің белгісі) алады, осы деректің татар нұсқаларында бұл оқиға басқаша баяндалады. Мұнда Шыңғыс хан былай дейді: «Әй, Тамьян би, сенің ағашың терек, құсың қарға, ұраның «Тұтыя», таңбаң ілгек болсын!» Осы ілгек таңба Бөкей ордасындағы Тамаларда сақталған, қазір де сол қалпында. Арқа мен Оңтүстік Тамаларының таңбасының өзгеше болуы қыпшақ қауымдастығынан қалған белгі болып табылады (мұндай таңба қазіргі Қыпшақтарда да сақталып отыр). Рашид-ад-диннің жазбаларында «толай жылы (қоян жылы, хижра бойынша 603 жыл, біздің жыл санауымыз бойынша 1206 жыл) Тұматтардың Шыңғыс ханға бас иген әміршісінің аты Тайтула Сокар (Тайтулы соқыр) еді» деген дерек бар (Рашид-ад-дин. Сборник летописей. Т.1. Кн.1. 150 стр.)
Тамалардың ата қонысы Алтай, Саян таулары болып саналады, Олар түркі халықтарының үлкен көшуімен бірге орта ғасырларда қазіргі Жетісу жеріне одан Қаратаудың күнгейі мен теріскейін жайлай отырып, Сырдарияға дейін көшіп-қонып тұрмыс кешкен. Бір бөлігі Шайбани ұлысындағы Алшын тайпалық қауымдастығына кірген, бір бөлігі қыпшақ қауымдастығымен бірге Сарыарқаны да жайлаған, қазіргі мекендері де осы жерлер. Тамалардың Алтайда тұрғаны туралы археологиялық деректер мол, бейіттердегі тастарда түркілердің таңбаларымен бірге тамалардың таңбалары кездесіп отырады.
Қарахан мемлекетін құрған ұлыстардың ішінде де Тама тайпасы аталады, Қара Бураның бір аты Бурахан, түрікше Боғрахан, аңыздар Қарахан жеріне алғаш барған дін өкілі ретінде осы Боғраханды мегзейді, дінбасы әрі жауынгер болған Қарабура Таманың ұранына айналады. Тама тайпасы Алтын Орданың ыдырауынан кейін түрлі тарихи дүрбелеңдерді бастан өткерді, Жошы билігінің күші әлсіреген соң дербес хандықтар құрылды, Тамалар соның салдарынан өзбек, башқұрт сияқты туысқан халықтардың құрамына кірді. ХІҮ ғасырдың соңында Жайық пен Жем өзендерінің аралығында Ноғай Ордасы құрылды, оның басында Қоңырат тайпасының Маңғыт руынан шыққан Едіге би болды, Ноғай ордасы Алтын Орда ханы Тоқтамыстан дербес өмір сүруге тырысты, салық та төлемеуге бел буды. Осы егестің соңы Алтын Орданың шаңырағын шайқалтқаны белгілі, Едіге Ақсақ Темірмен одақтаса отырып Алтын Орданың күйреуіне ықпал етті, Кавказдағы қыпшақтар мен Осман түріктері де осы егестің құрбанына айналды, осы азаматтық қырғыннан кейін түрік ұрпағы қайта бас көтере алмады, өзара қырқыстың кесірі орыстың бодандығына алып келгені тарихтан белгілі. Алты жұрттан тұратын алаштың бірлігі келмеске кетті, қазақ пен ноғайдың бүлгені бір ұлттың екіге айрылғаны болды, ноғайлының да қазақтың да жұрты (руы, атасы) бір болатын.
Ә.Қоңыратбаев «Ноғайлы жұрты кімдер?» атты мақаласында ноғайды төртке бөледі:
Сары ноғайлар -бұлар 1380 жылы батысқа көшіп Қазан, Қырым, Касимов (Еділ) хандығын жасаған, олар өздерін татар деп атаған.
Қара ноғайлар -ХҮІ ғасырда бұлар он сан ноғай хандығын орнатқан, Орманбет би қазақтардың қолынан өліп, қазақ пен ноғай айырылысқан, олардың елі -Барабы татарлары.
Маңғыт ноғайлары -бұлар Маңғыстау, Дағыстан, Жайық, Жем, Сағыз, Ойыл жерлерін қоныстанған. Әз Жәнібектің тұсында маңғыт Орақ батыр Қыпшақ Қобыландыны өлтірген соң қазақтан бөлінген. Бұл жөнінде:
Қазақ пен Ноғай айрылды,
Қазақ сартқа қайрылды.
Ноғайлының ну елі
Күңіренді, қайғырды...
Жылау, жылау, жылау күй,
Жылаған зарлы мынау күй -
деген эпикалық өлең сақталған. Асан қайғының «Ел айрылған» күйі осы өлеңнің буындарына сай келеді, күй мен өлең ертеде қосыла орындалуы да мүмкін, болмаса жыр болуы да ғажап емес.
Кавказ ноғайлары -бұлар адыгей, қарашай, пешен (печенег), бұлғар, абхаз, құмық, Дербент мамлюктері мен аланның бір тобынан құралған қауымдастық, түбі маңғыттан тарайды. Әрине мұндағы маңғыттардың тамаға туыстығы жоқ, дегенмен кіші жүздің көп қанаты ноғай ордасына кіргені рас. Бұл бізге ХҮІ ғасырда тамалардың Еділді қоныстанғанынан мәлімет бере алады. Ауыз әдебиетіндегі деректердің ішінде Асан қайғыға байланысты аңыздардың қайсысы болмасын тарихи шындыққа жанаса келеді, Әз Жәнібек қарадан (ноғайдан) қатын алған соң билік қайын жұрттың қолына көшеді, олар кіші жүз руларын топтастырып оны дешті қыпшақтан дербес ордаға айналдыру мүддесін көздейді, соған назаланған Асан қайғы шығыстан қоныс іздейді, жерұйық деген ұғым осы кезде шыққан. Асан қайғы «желмаясына мініп» (осы аттас күйі де бар) Дешті Қыпшақтың билеушісі, тарихта Ақ Орда деген атпен қалған мемлекеттің негізін қалаған Орда Ежен ханға (Шайбани ханның ағасы) барады. Ақ Орданың сол кездегі астанасы - Ертіс өзенінің жоғарғы ағысы бойында, Алакөлдің маңында болды. Орда Ежен хан Сарысу, Шу бойынан маңғыт пен тама тайпаларына жер беріп қайырлы іс қылады. Асан қайғының «Ел айрылған» күйі осы бір дүрбелеңнің ескерткіші. Асан қайғының жерұйықты іздеген аңызы да осы дәуірдің фольклоры, Асан қайғы қазақ пен ноғайға бірдей беделді би болғандықтан елдің бүлінгенін қаламайды, «Құйрығы жоқ, жалы жоқ, құлан қайтіп күн көрер?» деп зарланады. Оның соңына ерген тайпалардың ішінде тамалардың көп болуы заңдылық, себебі ол кезеңде олар өздерінің шежіресін ноғайлы жұртынан таратқанға ұқсайды. «Шора» эпосының Мұрын жыраудан жазылып алынған (1942 жылы М.Хәкімжанова жазып алған) нұсқасында қалмақтың ханы Мұсаханға Шора өзін былай деп таныстырады:
Ноғайлының ішінде
Асылым артық Арғынмын
Осы жырда тағы да мынадай тіркестер бар:
Менің елім сұрасаң
Ноғайлы деген ел еді
Ал «Тама батыр» жырында (Мұрын жыраудың нұсқасы) Көкістің батыр ұлы Тама өзі туралы:
Мен бір ноғай баламын,
Иесімін даланың...
- дейді. Ал «Арғынмын» деген сөздің мағынасы арқылы ноғай ордасында арғын мен таманың бір қауымдастықта болғанын болжауға болады.Саяси құрылым ретінде ноғайлы ордасына қараған рулардың бәрі өздерін ноғаймыз деп есептеген, сондықтан эпостағы келтірілген жыр тіркестері тамалардың генеологиялық дарағын анықтайтын фактор бола алмайды. Ноғайлы ыдырағанмен Тама тайпасының тұтастығы сақталып қалғаны тарихтан белгілі. Яғни Тама тайпасы орта ғасырдан тарихта белгілі болған іргелі ру, ал ноғайлы атауы тек Алтын Орда Ақ Орда мен Көк Ордаға бөлінген кезеңде Ноғайлы ордасының құрылуына байланысты пайда болған.
Қазақ аңыздары мен эпостарындағы деректер тамалардың алғашқы астанасы Қазан қаласы дегенге саяды, шындығында Сібір хандығының қарамағында болған Қазан қаласында тамалардың болғаны рас, ол татар-башқұрт тарихының деректерінде нақты көрсетілген. Ықыластың «Қазан» күйі сол заманның трагедиясынан қалған мұра. Дегенмен онда тамалармен бірге қыпшақтар да, арғындар мен жалайырлар да болды, сондықтан таманың жеке ордасы болды деп ұйғаруға болмайды, себебі олар «Қазанды кәпір алған» кезеңде ресми ноғай ордасына қараған.
Тамалардың батыстан шығысқа көшуінің шежіресін Асан қайғы заманынан басталған деп санауымызға негіз бар. Асан қайғыға еріп шығысқа келген Маңғыт пен Таманың атақонысы қазіргі кезеңде бір өлке болып саналады, ол заманда да бірге еді, мысалы Қарабура да Едіге де Қаратау бауырындағы Созақ өңірінде туылған, негізінен Ұлытау жері мен Оңтүстіктегі ірі қалаларды орта жүз бен кіші жүз рулары жайлады. Ноғайлы мемелекетінің құрамында арғын, найман, қоңырат, қыпшақ руларының болғаны белгілі, соған қарағанда ол кезеңде жүздік, рулық бірлестіктен тайпалық бірлестіктің белсенді болғаны байқалады. Шаш пен Самарқанда Шайбани заманынан бері билік құрып келген Алшындар (Жалаңтөс баһадүрдің Самарқанды билеген кезеңі) ноғайлылардың әсіресе Маңғыт пен Таманың шығысқа көшкен тайпаларының күшеюіне мүдделі болды. Кейіннен Тамалар Алшындармен мықты қауымдастық құрды, және Сыр мен Әмудің бойында ықпалды тайпалық одақ қалыптастырды. Ноғайлы Ордасының негізгі тайпасы Маңғыт пен Тама болуы да кездейсоқтық емес, Едігенің туған жері Жылыбұлақ (қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Құмкент ауылы) пен Созақтан Сарыарқаға дейін жайлаған тамалардың жаз жайлауы мен қыс қыстауы бірге болған, кейін Едіге өлгеннен кейін Таманың бір бөлігінің мекені Сарыарқа болса, бір бөлігінің мекені батыстағы Елек өзенінің бойы болды. Ноғай Ордасының Әбілхайыр хандығымен болған қырқысынан кейін Тамалар Маңғыттармен бірге аталған хандықтың (Сібір хандығы) құрамына кіруге мәжбүр болды. Ноғайлыда бұлардан басқа арғын, қоңырат, алшын, қыпшақ, жалайыр, үйсін, керейіт, найман сияқты рулар да болды. Ноғай ордасының ұйытқы руы болған Тамалардың бір бөлігі Қазан мен Қырым жеріне дейін барды, кейіннен Қазақ хандығы күшейіп Ноғай ордасы әлсірегенде Тамалар бірнеше ұлыстың құрамына бөлініп кетті және сол ұлыстардың негізін қалаған белді рулардың біріне айналды. Қазір тамалар Қырым татарлары, Дағыстан ноғайлары, Орал мен Жайық башқұрттары ішінде көп кездеседі, өзбек пен тәжік жерінде де бар.
Таманың байырғы ұраны «Тұтыя» екенін жоғарыда келтірдік, ал ноғайлы кезеңінен осы уақытқа дейін сақталған ұраны -Қарабура, «Қырымның қырық батыры» қиссасында Қарабура атының қаһарман ретінде де ұран ретінде де аталып отыратыны бізге ноғайлы кезеңінде тамалардың дербес ру болып қалыптасқандығын көрсетеді. Бұрынғы таңбасы ілгек болса қазіргі таңбасы ІІ (қос жебе). Ең көп тараған шежіре бойынша Таманың генеологиясы былай тарқатылады: Кіші жүз, Жетіру, Тама, Қарабура, Нәрік, Шора, Бурахан (Қарабура). Бураханнан Әліп пен Жөгі туады. Патшалық Ресей кезіндегі болыстық санағының жазбаларына сүйенсек, Шымкент пен Әулиеата уездеріндегі Тамалардың шежіресінде аздаған өзгешелік бар, осы кезеңдегі шежіре бойынша Сүгірдің руы Бұзау Тама былай таратылады: Тама, Қарабура, Нәрік, Шора, Шотқара, Есенкелді, Дәулеткелді, Дербіс, Бұзау.
Сүгірдің шежіресі алты ата Әліптен тарайды, Әліптен Дәулеткелді, одан Бұзау ата болып бөлінеді. ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырларда Дәулеткелді руы Ақмола округіне қарасты Тоқырауын, Сарысу өзендерінің бойын жайлады, қазіргі Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданының территориясы Дәулеткелдінің байырғы қонысы болып саналады. Ал Шу өзені арқылы олар мал қыстату үшін Бетпақдаланы тіке кесіп Созақты қыстайтын болған. ХІХ ғасырдың басында патша үкіметінің болыстық санағында Дәулеткелді руының қоныстанған жерлері - Батыс Қазақстандағы Бөкей Ордасы және Ақтөбе уезі деп көрсетіледі, Дәулеткелділер ол жақта Ноғай ордасының кезеңінде қоныс тепкен, жалпы тама руының Ноғайлы дәуірінде Жайықты жайлағаны тарихтан белгілі.
Әліптің бір тармағы Қызылқұрттан тараған атақты Тіней бақсы (ХҮІІ ғ.) Дәулеткелдіге де ортақ тұлға болып саналады, Тіней бақсы туыстығы жағынан Сүгірге Сүттіабыздан тарайтын Ықыластан да жақын болады, ал Ықылас Тіней бақсыны өзінің пірі санаған деген аңыз әңгіме ел арасында әлі бар. Олай болса Сүгірдің де Тіней бақсының тұлғасын құрмет тұтқанын жоққа шығара алмаймыз. Байырғы бақсылар Қорқыт, Домбауыл, Қойлыбай сарындары Ықыласқа үлгі болса Сүгір де кезегінде сол үрдісті жалғастырушы болып қалғанын оның шығармашылығынан байқауға болады.
Әліптің Арқа мен Қаратаудағы тармағы Дәулеткелдіден тарайтын Бұзау тама руынан шыққан беделді адамдар көп болды. «Ел сұраған- Ерубай» атанған Ерубай би мен Тасыбай батыр тарихи тұлғалар болып табылады. Бұзаудан шыққан атышулы адамның бірі - әншілігі мен домбырашылығы ерен болған, көрік ұстаған зергерлігімен аты шыққан Мырзабай деген ұста, ол Сүгірдің туған атасы болып келеді. Созақта «Мырзабай аққоқанның тілін біледі» деген ескі сөз мәтел боп кеткен, аққоқан дегені күмістің ең бағалысы, ақ патша билеген заманда ауқатты ұсталар Созақта алтын мен күмістің кені болғанына қарамастан бағалы металл шикізатын Қоқаннан арнайы алдырып отырған. Қоқанның күмісінен сақина, білезік соққан зергер Мырзабайдың үлкен ұлының аты Әли (ел аузында Әлі деп те атала береді), ол да Арқа мен Созаққа дейінгі елге сыйлы адам болған, негізгі туған жері Бұрынғы Асан қайғы ауданы (Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы). Бұзау таманың атқамінер адамы болған Әли туралы дерек Сүгірдің Мақпузамен (Мафрузамен) күй тартысқан аңызында бар. Сүгірдің шәкірті Ергентай Борсабаевтың айтуынша атастырғаны бола тұра Сүгірдің Мақпузамен шарттасуына (Мақпуза «мені күйден кім жеңсе соған тиемін» деп шарт қойған ) қазақтың құдандалық салты бойынша жол берілмейтін болған, бірақ Әли көптің айтқанына құлақ қоймай баласына батасын беріп наймандар жайлаған Ұлытауға сапарға аттандырады. Кейбір деректерде Әлиді ел ағасы Құлтас би де қолдаған деген аңыз бар. Әли Арқада Жетіқоңырды жайлаған, Шуды қыстаған, төрт түлік малдан түйесі, үйірлі жылқысы мол болған, бақуат тұрмыста өмір кешкен. Баласы Сүгірге құлыны сойысқа түскен биені иіту үшін «телқоңырды» шығаруға ынталандырған осы Әли, бұдан біз оның күйдің құдіретіне бас иетін мәрттік мінезін аңғарамыз, сонымен бірге «аша тұяқ қалдырмаған» коллектив кезінде де малды болғанын байқаймыз. Сүгірдің жас кезінде серілік құрып Ұлытауға барғаны, Түркістандағы күйшілер сайысына қатысқаны, арқадағы Сайдалы сары Тоқаға сапар шеккені әкесінің дөңгеленген дәулеті болғанын көрсетеді. Әли домбыраны әуес етпеген адам, бірақ баласының дарынын ашу үшін маңайдағы күйші-әншілерді үйіне шақырып отыруды дағды қылған. Бала Сүгір түсінде күй дарып оянғанда өріктен домбыра шаптырып берген, «балама күй қонды» деп қауымды шақырып той жасаған.
Сүгірдің қыстауы Мойынқұмдағы Шу өзенінің бойындағы Қазмойын деген жер, бетпақтан Арқаға баратын Текей жолының үстіндегі «Түсіптің ащы құдығын» да қыстаған. Жайлауы Созақтың қасындағы «Талапты» колхозының ескі орны, Ынтымақ ауылы. Сүгір Арқадағы «Жетіқоңырды» да жайлаған, арысы Ұлытауға дейін көшіп қонып жүрген. Кейбір зерттеулерде (А.Сейдімбек, І.Жақанов) Сүгірді Қарағанды облысында туылған деген деректер бар, оның себебі Сүгірдің аталарының арқаны да қоныс еткеніне байланысты, ал Сүгірдің жақын туыстары оның туған жері деп Жетіқоңыр (Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы) жайлауын атауға бейіл. А.Жұбанов Сүгірді Шымкент облысы, Созақ ауданында туылған деп жазды (Ғасырлар пернесі), У.Бекенов те осы дерекке сүйенді Күй табиғаты, ал А.Сейдімбек Сүгірдің туған жері Қарағанды облысы, Жаңаарқада туылған деген дерек келтіреді (Күй шежіре). Сүгірдің туылған жері жайлы нақты дерек ретінде өлкетанушы С.Тәбризовтың зерттеулері шындыққа жақын, себебі автор Сүгірді көзімен көрген, туыстық (шешесі жағынан) қарым қатынасы да бар, оның үстіне Сүгірдің денесін жерге тапсырған, жаназасын шығарған автордың әкесі Тәбриз ишан болған. Созақ тамаларының атамекенін дәл анықтау үшін тарихи-археологиялық еескерткіштерге сүйенген дұрыс сияқты. Бұл жерде Қарабураның денесі жатқанын ескерер болсақ онда Созақ тамалардың орта ғасырлардан жайлаған жері деп болжауға негіз бар.
«Абай-ақпарат»