Сенбі, 23 Қараша 2024
Арылу 5437 66 пікір 16 Ақпан, 2022 сағат 14:10

20 мың терроршыңыз - уаххабилік-салафилік топтар

Қаңтар оқиғасынан сабақ алдық па?

Қазақ тарихына қаралы күн болып енген қаңтар оқиғаларына да біршама уақыт болды. Содан бері бұл оқиға қазақ қоғамындағы жиі талқыланатын  мәселеге айналды.

Талқылауларды саралайтын болсақ, қазіргі қазақ қоғамының бұл оқиғалардан әлі сабақ алмағанын көруге болады. Егерде талқылаулар бұдан ары қарай осы бағытта жалғаса беретін болса, кешегі қаңтар оқиғаларынан да қатерлі де қасіретті оқиғаларға ұрындыруы мүмкін екендігін ешкім ойлап та, ойланып та жүрген жоқ. Ең бастысы осы қаңтар оқиғаларына себепкер болған негізгі кінәлілер мүлде ұмытылып, бар кінәні Президент Қ.Тоқаевтың басына үйіп-төгуге халық бел шеше кіріскен сияқты. Алғашқы күндері ел ішінде бүліншілікті шығарған топ белгілі болатын.

Халықтың наразылығын пайдаланып, мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған топтың кімдер екені, олардың қандай күштерге арқа сүйегені бәрі айқын, бәрі белгілі болатын. Президент Қ.Тоқаев: «Елге 20 мың террорист басып кірді. Мемлекетті қорғауымыз керек», - дегені жай сөз емес еді. Шындық болатын!

Елімізде уаххабилік-салафилік ағым өкілдерінің ұйымдасқан қатерлі күшке айналғанын көріп те, біліп те жүрдік. Олардың күндердің күнінде ел ішінде бүлік салып, қанды қырғын жасайтынын саясаттан аз-кем хабары барлардың барлығы дерлік сезді, сезінді десек, артық айтқандық емес. Осы мәселемен ұзақ жылдар бойына айналысып, зерттеген маман ретінде кешегі қаңтар оқиғаларының басты қозғаушы күші сол уаххабилік-салафилік бағыттағы арнайы дайындалған топтар болғандығына күмәнданбаймын. Ал, олардың артында осы уаххабилік-салафилік бағыттағы күштерге арқа сүйеп, мемлекет билігін басып алуды көздеген топтың болғандығын ешкім жоққа шығара алмайды. Ал, олардың кімдер екендігін саусақпен көрсетудің қажеті жоқ. Барлығы кешегі Елбасының айналасына топтасқан биліктен де, байлықтан да айрылмауды мақсат еткен топ екендігі жасырын емес.

Ең бастысы – Президент Қ.Тоқаевқа «Елге 20 мың қарулы жасақ кіргіздік, орыныңды босат»,- деп, шарт (ултиматум) қойған да осы билік пен байлықты қолына шоғырландырған топтың өкілі болғандығына менің күмәнім жоқ. Әйтпесе, Президент елге 20 мың террористің басып кіргенін қайдан біледі? Мәселе осындай жағдайда, Президенттің шегінбей соңына дейін күресуге бел байлағандығын ол кісінің мәлімдемесінен көрдік. Елде төтенше жағдай жариялап, ескертусіз атуға бұйрық беруі – сол қатерлі сәттің талабы десек артық айтқандық емес. Оның үстіне күштік құрылымдардың сол кезеңде Президент жарлығына бағынбай, байкот жариялағанын да көрдік. Бұл Президентті шет елден көмек сұрауға мәжбүр етті. Өкінішке орай, осы оқиғаларға әр бір қазақ куә болды.

Мен есітпедім, көрмедім деп айта ешкім айта алмайды. Осы қаңтар қырғынын бастаған негізгі кінәлілер бола тұра, оларды ысырып тастап, қоғамның басты кінәні бір Президент Қ.Тоқаевтың басына артуы ешқандай қисынға сыймайды. Ең өкініштісі, халықтың ақ пен қараны ажыратудан қалған сауатсыздығы, тәртіпке мойынұсынбауы болғандығына ешкім көңіл бөлетін емес. Бауыржан Момышұлы атамыздың: «Тәртіпке бағынған ел қор болмайды, Тәртіпке бағынбаған жұрт ел болмайды», деген аталы сөзінің осы жерде қаншалықты маңызы барлығын  әлі де болса, түсінбеуіміз, болашақта ел болып қала аламыз ба деген күдікті ойлардың туындауына мәжбүр етеді.

Әйтпесе, төтенше жағдай жарияланғаннан кейін көшеге шығу – адамның өз басын қатерге тігу екендігін есі дұрыс адам түсінуі керек еді. Бұл жерде халықтың Қазақ мемлекеті қабылдаған заңдарды аяққа таптауы анық көрініп тұр. Осы жерде елімізде ұзақ жылдар өмір сүріп, зерттеген бір шетелдік азаматтың қазақ қоғамына берген бағасына қарап, кешегі қаңтар оқиғаларындағы болған қырғын қоғам санасында қалыптасып қалған заңға деген көзқарасымызбен сабақтас екендігіне көз жеткізесің.

Ол кісіден: «Сен Америка мен Қазақстан халықтары арасындағы айырмашылықты қысқаша сипаттап берші», - деген сауалға ол былай деп жауап беріпті: «Американдық қанша қысым, қиыншылық көрсем де, заңды бұзбадым», - деп мақтанады. Ал, қазақстандық болса, заңды қайтіп бұзғанымен, қалай жазадан құтылғанын айтып мақтанады. Міне, кешегі қаңтар оқиғаларындағы қаншама адамның өмірінің қиылуы осы заңға мойынұсынбаумен тікелей байланысты екендігін ешкім мойындағысы жоқ.

Елде төтеншге жағдай жарияланды ма? Жарияланды. Сол жарлыққа бағыну, мойынұсыну керек еді. Бағынудың орнына, керісінше, «Біз террорист емеспіз», - деп плакат жазып, алаңға қайта шықты. Сол қаралы күндері адам өлімінің көп болуына алдымен халықты үгіттеп, алаңға шығарған, заңға, жарлыққа мойынұсынбаған белсенділер кінәлі. Заңды, жарлықты аяққа таптау тек адам емес, Құдай алдында да кешірілмейтін күнә. Өйткені, адамзат қоғамы түгіл, бар он сегіз мың ғалам белгілі заңдылықтар бойынша қозғалады. Егерде әлемнің заңдылық жүйесі бұзылатын болса, онда мына әлем былай үйлесімділікте қозғала алмаған болар еді. Ол түгіл әр бір адам ағзасындағы клеткалар сол заңдылықтарға бағынып әрекет жасайды. Бір адам ағзасында 100 млрд клетка бар және олардың әрқайсысы өзіне тиісті қызметін атқарады. Ал, адам баласына бізді жаратқан Құдірет Иесі Рухты, оған қоса, ақыл мен сезімді бергенде, Адам мына жердегі бар жаратылысқа иелік етіп, басшылық қылсын, деп жіберген болатын. Әр ұлт пен ұлысқа өзіне сай әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін бере отырып, олардың генетикалық кодын қалыптастырды. Одан ары қарайғы қоғамды басқару жүйесін белгілі заңдылықтар негізінде қажетіне қарай ойластырып, жасау адамзаттың өзіне қалдырды. Сондықтан адам баласы бұл заңға да Құдайдың заңына қалай мойынсұнса, солай мойынұсынуы қажет болды.

Ал біздің қоғам өзімізді жаратқан Тәңір Тағаланың да, өзіміз қалыптастырған Қазақстан Республикасының заңын да белінен басып, аяққа таптауды әдетке айналдырғанбыз. Кешегі қаңтар оқиғасындағы адам өлімінің көп болуы – сол заңдылықтардың сақталмауына жіберген Тәңір Тағаланың жазасы деп түсінгеніміз абзал. Сол қанды қырғында дүниеден өткен боздақтардың әруақтарына салауат айтып, алдарының жарық болуын тілейік. Одан басқа ол әруақтарға басқа көмек жасай алмаймыз. Бұл айтылғандардан шығатын қорытынды – қаңтар оқиғаларында адам шығынының көп болуына Президент Тоқаевтың: «Ескертусіз атыңдар», - деген жарлығы емес, заңға бағынбай, көшеге шығып, ереуілдеткендер кінәлі. Қанша ащы, қанша ауыр болса да осыны мойындауымыз керек.

Келесі Президентке тағылып жатқан айыптың бірі – «20 мың террорист қайда? Көшеге шыққандар ешқандай террорист емес, бейбіт тұрғындар еді. Президент соларды атуға бұйрық берді», - деп таққан айыбы да бір жақты. Олай дейтінім – қазіргі менің қолымда жинақталған мәліметтер сол ереуілшілер қатарында уаххаби-салафилердің болғанын дәлелдейді. Және олар біреу-екеу емес, топталып жүргенін сол ереуіл кезінде түсірілген видеолардан көруге болады. Мысалы, Ұлттық музейге басып кірген топтың барлығы уаххаби-салафилер болғандығын сол жерде болған музей қызметкерлері баяндап берген жоқ па? Қаруларын қасына қойып, намаз оқып жатқан содырлардың да видеосы жүр. Немесе аэропортты басып алу ереуілшілерге не үшін қажет болды? Мемлекеттік төңкеріс жасаушылар үшін болмаса, ондай әрекетке ереуілшілердің бармасы анық. Келуге тиісті қарулы жасақтардың келуіне кедергі келтірген Президент Қ.Тоқаевтың ҰҚШҰ әскерлерін шақыруы болса керек.

Одан басқа да сол ереуілге қатысқан куәгерлердің айтуынша араларында сақалдылардың болғанын жоққа шығармайды. Бір Алматының өзінде 2500 түрмеден жаңа босатылған салафилер, желтоқсанның басынан бастап тәуліктік пәтерлерде осы оқиғаны күтіп жатқан. Алдымен 16 желтоқсанды күткен, одан кейін жаңа жылдың басын күткен. Солардың барлығы қаңтар оқиғаларына белсене араласқанына күмән жоқ. Оның үстіне олардың көзге түспей, бірден жоқ болып кетуінің өзі күдік тудырады. Бұған қоса Ресейдің сыртқы барлау қызметінің басшысы Нарышкин: «Барлау қызметінде Қазақстанда бір сұмдықтың дайындалып жатқаны жайлы ақпараттар болды ма?», деген сұраққа, ол былай деп жауап берді: «Әрине болды. Ең алдымен Сириядағы ДАИШ содырлары талқандалған соң, Орталық Азияға келгенін білдік. Бұл бізге де, өзге елдерге де құпия емес ақпарат еді. Олардың келуі кімнің жасырып-қолпаштауымен іске асырғаны да белгілі болды. Бұл мәселе бойынша аймақтағы барлық елдер алаңдаушылық танытты. Біз бұл ақпараттармен ҰҚШҰ құрамындағы елдермен бөлістік, әрине Қазақстанмен де».

Демек, бұл төңкеріс операциясы өте ыждақаттылықпен дайындалып, іске асырылған. Операция сәтсіздікке ұшыраған жағдайда «сақалдылардың» аман қалу жолдары да жіті ойластырғандығы байқалады. Сонымен бірге, Алматы, Тараз, Талдықорған қалаларында ҰҚК қызметкерлерінің өз қызмет орындарын тастап, қару-жарақтарын сол күйінде қалдыруы жәйдан-жай емес, ойластырылған іс-әрекет болғанын жоққа шығара алмайды. Оның үстіне ҰҚК мен ІІМ-нің жоғарғы шенді бірнеше қызметкерлерінің өздеріне қол салуы да көп нәрседен хабар береді. Жалпы БАҚ-тардың хабарлауынша, 3600-дан аса қару қолды болса, сол қару-жарақтың бары-жоғы 900 ғана табылыпты. Ал, қалған қару-жарақ қайда? Олар елімізде ертеңгі күні қайталануға тиіс келесі бүлікті күтіп жатыр деген сөз.

Келесі мәселе жазықсыз жандардың түрмелерге қамалып, жапа шегуі де заңды. Халықты қалайда Президент Қ.Тоқаевқа қарсы қоюдың ойластырылған жоспары деп қараған абзал. Ең бастысы олардың қолында бұрыннан белсенділік танытып, шырылдап жүрген патриоттардың тізімі бар. Соларды жиып алып, қинап, қысым көрсетсе, олар мойнына алады деген сенімде болды. Олай болған жағдайда полиция екі қоянды бір оқпен ататын еді. Біріншісі, Президент Қ.Тоқаевқа қарсы халықтың наразылығын күшейтеді. Екіншісі, уаххаби-салафилердің бұл оқиғаға ешқандай қатысы болмағандығын дәлелдейді. Өйткені, ҰҚК мен ІІМ қызметкерлері әркезде Назарбаевтар әулетіне беріле қызмет етті. Есесіне бұл органдардың қызметкерлері жалғанды жалпағынан басты. Әулет өкілдерінің билікке келуі олардың молшылықтағы өмірін ары қарай жалғастыруға мүмкіндік беретін еді. Сондықтан бұл органдардың қызметі үшін әлі Қ.Тоқаев жауап бере алмайды. Егерде қарамағындағы күштік құрылымдар сенімді болғанда ҰҚШҰ-нан көмек сұрар ма еді? Жоқ.

Қаңтар қырғынының адамның жанын ауыртатын тағы бір жері жас сәбилердің құрбан болуы. Ең бастысы олардың шетелдік мергендердің (снайперлердің) оғынан мерт болуы. Олардың қайдан келгені белгілі - Ресейден. Бірақ, олар елге Ресей әскерлерімен бірге келді ме? Әлде, төңкеріс ұйымдастырушылар өздері әкелді ме? Бұл анықтауды қажет ететін мәселе. Сондықтан бар кінәні Президенттің мойнына арта бермей, өзміз де жауапкершілікті мойнымызға алып үйренейік. Ол сәбилерді мергендер үйінде отырғанда атқан жоқ қой. Ата-анасымен көшеде жүргенде атты. Демек, бұл жерде сол халқымыздың құқықтық және саяси мәселеде сауатсыздығы. Көшеде оқ атылып, адам өлімі болып жатқанда жас баламен адам көшеге шығады ма?

Ендігі мәселе қаңтар қырғыны еліміздің болашағына қалай әсер етеді? Өзінің тәуелсіздігін болашақта сақтап қалуға шамасы жетеді ме? Жоқ па? Мәселе осында. Президенттің соңғы күндері Қытай мен Ресейге барған сапарлар сынға алынуда. Әрине, қазіргі күндер Президент үшін өте ауыр. Ең болмаса, соңында тіреп тұрған, сенетін халқы жоқ. Дәл қазіргі күні халықтың көпшілігі жеп қоюға әзір. Оның себептерін жоғарыда санамалап баяндадық. Егерде Президент сол сын сағатта мінез көрсетіп, төтенше жағдай жарияламағанда, төңкерісшілдердің айтқанын істеп елді тастап кеткенде, билік кімнің қолына көшер еді? Ойланып көрдік пе? Сол елбасы әулетінің қолына көшкен болар еді. Қазіргі  наразылық әлеуметтік желілерде осылай жалғаса беретін болса, ертеңгі күні тағы да наразылық шерулері тағы да бұрық ете қалуы мүмкін. Президентті орнынан кетірерміз. Бірақ сол кезде билік кімнің қолына көшеді? Тағы сол уаххабилік-салафилік бағытта арқа сүйеген әулет өкілдерінің қолына тиеді. Олай дейтінім – қазіргі таңда Қазақстанда олардан өзге бірде-бір саяси ұйымдасқан күш жоқ. Қазақ халқының қазіргі күні аты бар да, заты жоқ. Рухани тұтастық туралы айтпасақ та болады. Діни таным негізінда қазіргі қазақ қоғамы тоз-тоз болып бара жатыр. Оны түсінетін адам тағы жоқ. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы сол уаххаби-салафилердің шотын шауып, әруақпен арпалысып әуре. Оларға қарсы тәңіршілдер шеп құруда. Одан басқа қаншама діни, діни емес ағымдар бар. Олардың әрқайсысының соңына ерткен қаншама азаматтары бар. Бір иегова куәгерлерінің, осыдан оншақты жыл бұрын, 500 мың адамы бар делінетін. Осылардың бәрін есепке алатын болсақ, онда қазіргі Президентке қарсы шығу – қалт-құлт етіп тұрған мына мемлекетті күйрету болып табылады. Сондықтан әрбір қазақ екпінімізді басып, ақылға салып, мына мемлекеттің іргесін қайтсек бекітеміз деген мақсатта болуымыз керек. Олай болмайынша біз мемлекет ретінде ұзаққа бармаймыз. Қазақстан мемлекетінің іргесін бекіту үшін алдымен қазақ халқының діни-рухани-мәдени тұтастығын қайтадан қалпына келтіруі керек. Ол үшін түркі халықтарының Темірқазығы болған, Рухани әлем мен адамзат рухын қайта байланыстырып, әлемді ақырзаман апатынан аман сақтап қалған Қожа Ахмет Йасауидің жолына бет бұрғанымыз абзал. Қазақ үшін басқа жол жоқ.

Зікірия Жандарбек

Abai.kz

66 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5525