Ресми жауап: Қазақстан Украинаға әскер жібере ме?
Қазақстан Республикасы парламенті сенатының кулуарында спикер Мәулен Әшімбаев Украинадағы соғыс қимылдарына қатысуға қазақстандық бітімгершілік күштері жіберілуі мүмкін бе деген сұраққа жауап берді.
"Бұл жағдайда біз мынаны ескеруіміз керек – Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының – ҰҚШҰ-ның мүшесі. Осыған байланысты қақтығыс аймағына қазақстандық бітімгерлерді жіберу мүмкін бе деген сұрақ туындайды. Бұл жерде де біздің ұстанымымыз айқын. Біріккен ұлттар ұйымының Жарғысы мен басқа да құжаттарға сәйкес, Қазақстан біздің бітімгершілік күштерімізді ҰҚШҰ елдерінен тысқары жерлерге тек БҰҰ мандатына сәйкес қана жібере алады.
Қақтығыс аймағы қатысушы елдердің аумағына кірмейді, сондықтан бізде осы шарттар мен ратификацияланған келісімдерге сәйкес, ҰҚШҰ шеңберінде бітімгершілік күштерді қақтығысқа жіберуге құқымыз жоқ. Бірақ қандай да бір жағдай туындап, БҰҰ-ның мандаты аясында БҰҰ деңгейінде шешім қабылданса, шешім болған жағдайда Қазақстан әлемнің кез келген нүктесіне бітімгершілік күштерін жібере алады", -дейді Мәулен Әшімбаев.
Abai.kz