Украина: Беларусь әскері де соғысқа араласты
«Шамамен таңғы бесте Украинаның Ресей мен Беларусь аймағындағы мемлекеттік шекарасына Беларусьтің қолдауымен Ресей әскерлері шабуыл жасады. Шекара бөлімшелеріне, шекара құрал-жабдықтарына және бақылау-өткізу пункттеріне шабуыл жасап, артиллерия, ауыр техника және атыс қаруы қолданылуда. Бұл Луганск, Сум, Харьков, Чернигов және Житомир облыстарының аумағында болып жатыр», - делінген Украинаның шекара қызметінің бүгінгі хабарламасында.
Сонымен қатар, Украина әскери күштерінің мәліметінше, шабуыл Қырым аумағынан болып жатыр.
«Сондай-ақ, жаудың диверсиялық-барлау топтарының жұмысы анықталған. Шекара маңындағы учаскелердегі жағдайға байланысты шекарашылар Украинаның қарулы күштері және Украинаның Ұлттық ұланымен бірге жауға оқ жаудыруда. Шекарашылар арасындағы жарақат туралы әзірге нақты ақпарат жоқ», - дейді шекара қызметі.
Бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин Украинада арнайы әскери операция жасау туралы шешім қабылдағанын мәлімдеп, оған қарсы соғыс жариялады. Украинаға басып кіру оның ресейлік теледидар эфиріндегі қойылымы аяқталғанша басталып кетті. Шабуыл теңізден, құрлықтан және ауадан жүзеге асырылып жатыр. Украинада әскери жағдай енгізілді. Қазақстанда Украинадағы соғысқа байланысты авиажолаушылар үшін жедел желі іске қосылды. Сонымен қатар, қазақстандық авиакомпанияларға Украина үстінен ұшуға тыйым салынды. Ресей қарулы қақтығыстар аймағында Украинамен шектесетін барлық елдерге әуе кеңістігін жабуды ұсынды.
Abai.kz