Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3594 0 пікір 3 Қазан, 2012 сағат 09:43

«Билік референдумға кедергі жасаса, мұның арты төңкеріске айналады»

25-нші қыркүйек күні Алматыда өткен Еуразиялық одаққа кіру мәселесінде жалпыхалықтық референдум өткiзу жөнiндегi бастамашыл топ жиынында зиялы қауым, сарапшылар, оппозиция өкілдерінің сөйлеген сөздерін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

«Abai.kz»

Болат ӘБІЛЕВ, «Азат» ЖСДП‑ның тең төрағасы:

-  Еуразиялық одақ жайлы пікір таластырмас бұрын оның тарихы неден және қалай бастау алғанына  көз жүгірткен жөн. Бұл идеяны саяси деңгейде алғаш рет президент Назарбаев 1994 жылы МГУ-де сөйлеген сөзінде көтергені белгілі. Сол сөзін президент былай тәмамдаған еді: «Батыс Еуропада саясаткерлер бірлестіктердің алдында жүрсе, халық одан артта қалған. Ал ТМД-да керісінше, халықтар біріккісі келгенімен, саясаткерлер бұған әлі жете қойған жоқ. Еуразиялық одаққа бірігуді Қазақстан мен Ресей бастай алар еді».

25-нші қыркүйек күні Алматыда өткен Еуразиялық одаққа кіру мәселесінде жалпыхалықтық референдум өткiзу жөнiндегi бастамашыл топ жиынында зиялы қауым, сарапшылар, оппозиция өкілдерінің сөйлеген сөздерін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

«Abai.kz»

Болат ӘБІЛЕВ, «Азат» ЖСДП‑ның тең төрағасы:

-  Еуразиялық одақ жайлы пікір таластырмас бұрын оның тарихы неден және қалай бастау алғанына  көз жүгірткен жөн. Бұл идеяны саяси деңгейде алғаш рет президент Назарбаев 1994 жылы МГУ-де сөйлеген сөзінде көтергені белгілі. Сол сөзін президент былай тәмамдаған еді: «Батыс Еуропада саясаткерлер бірлестіктердің алдында жүрсе, халық одан артта қалған. Ал ТМД-да керісінше, халықтар біріккісі келгенімен, саясаткерлер бұған әлі жете қойған жоқ. Еуразиялық одаққа бірігуді Қазақстан мен Ресей бастай алар еді».

«Тыныш жатқан жыланның құйрығын баспа» деген мақал бар. Путин өзінің үшінші президенттік мерзіміне дайындықты бастап кетіп, державалық «жер жинаушы» кейпіне енбейінше, алаңсыз өмір сүрдік. Бірақ, былтырғы жылдың 3 қазанында «Известия» газетінде Путиннің «Еуразия үшін жаңа интеграциялық жоба - бүгіннен басталатын болашақ» атты мақаласы жарық көрді. Бұл уақытта Кедендік одаққа еніп кеткен Ресей, Беларусь пен Қазақстан аталған мақалада Еуразиялық одақтың қатысушылары деп атап көрсетілді. Осы пиғылды айнытпай қайталаған «Единая Россия» жетекшісі Борис Грызлов «Независимая газетаға» берген сұхбатында: «Еуразиялық одақты құру Ресейге тағы бір әлемдік ықпал ету полюсіне айналуға мүмкіндік береді», - деген еді.

Мұндай мәлімдемелерден соң Ақордада өзін мемлекетшіл санайтын тұлғалар ел егемендігіне қауіп төнді деп дабыл қақты ма? Олардың шырылдағаны  рас. Бірақ оған мүлде басқа себеп түрткі болды. Олар Путин біздің президенттің сонша жыл бойы айтып жүрген сүйікті идеясын ұрлап алды деп аттан салды. Назарбаев та қарап қалған жоқ. 2011 жылдың 25 қазанында сол баяғы «Известия» басылымында оның «Еуразиялық одақ: идеядан болашақ тарихына дейін» атты мақаласы басылды. Бұл мақалада ол өз авторлығын еске салып қана қоймай, қосымша жаңа жобалар ұсынды. Мұны әсіресе мақаладағы: «...таяу болашақта барлық пікірталас біздің елдердің парламентарийлерін біріктіретін ұлттық жоғары орган - Еуразиялық ассамблея мінберінен жүргізілетін болады», - деген сөйлемдерден-ақ байқауға болады. Көп ұзамай «Казправда» басылымы да «Еуразиялық интеграцияның парламенттік аспектісі» атты бағдарламаны жария етті.

Сондықтан биылғы жылдың мамырында теледидардан көрсетілген оқиғаға таңғалудың қажеті жоқ. Путинмен кездесуде Мемлекеттік дума спикері Нарышкин «күн тәртібінде Еуразиялық одақ парламентін құру мәселесі тұрғанын» айтып, жұмыс тобын құру керектігін жеткізеді. Путин бұған келісім беріп, процесті жеделдетуді тапсырды.

Осылайша екі президенттің даңғойлығы мен даңғазалығы елімізді бұрын-соңды болмаған үлкен қауіп-қатерге әкеп тіреді. Қазақстан Еуразиялық одақ деп аталатын жоғары ұлттық саяси құрылымға кіріп, өз тарихында тұңғыш рет қол жеткізген тәуелсіздігінен айырылудың аз-ақ алдында тұр.

Қазақстандықтар шешім қабылдаудан шеттетілгені былай тұрсын, қандай да бір ақпарат білуден де мақұрым. Президент те, үкімет те, билік партиясы да құдды бір ауыздарына құм толтырып алғандай. 16 миллион азамат қашаға айдап тығылған тілсіз жануар тәрізді өз тағдырынан бейхабар.

Үкімет бізге екі жыл бойы Ресей және Беларусьпен тек қана экономикалық интеграция және Кедендік одақ жайлы келіссөздер жүргізіліп жатыр деп келді. Алайда еліміздің экономикалық құрылымы артта қалған, шағын және орта кәсібі мен ауыл шаруашылығы бәсекеге қабілетсіз және қорғансыз, қалт-құлт күй кешуде. Сондықтан Кедендік одаққа ену экономика мен шағын және орта бизнесті одан әрі тұралатты.

Алғашқы жарты жылдықта Беларусьтің Кедендік одақ елдеріне экспорты 22 пайызға, Ресейдікі 28 пайызға өсті. Тек Қазақстан ғана өз экспортын 30 пайызға төмендетті. Бүгінде өзара сауда-саттықтың үштен екісі Ресейге, төрттен бір бөлігі Беларуське тиесілі. Ал Қазақстан үлесі небәрі 9 пайыз ғана. Бұл көрсеткіштің өзі төмендеу үстінде. Сарапшылар мұны «Кедендік одақ нарығындағы қазақстандық экспорттың сұранысқа ие еместігімен» түсіндіреді. Үш елдің нарығында бәрінен де өнеркәсіп өнімдері анағұрлым көп сұранысқа ие. Демек, Кедендік одақ ең алдымен Беларусь, сонан кейін Ресей үшін тиімді. Қысқасы, сыртқа тасымалданатын шикізаты бүкіл ұлттық тауар экспортының 90 пайызына тең Қазақстан ғана ұтылды. Сонда Кедендік одақ шын мәнінде кімге керек болған?

Бір қарағанда, Кедендік одақ үкіметіміз сөз еткен экономикалық интеграцияны қамтамасыз етіп, мәселе осымен жылы жабылуы керек еді. Бірақ Мәскеу өзге тәуелсіз мемлекеттерге қарата айтқан жабайы мәлімдемелерін қайталаудан таяр емес. Кремль бірде ортақ валюта туралы сөз қозғаса, енді бірде тап бір ертең соғыс немесе әскери төңкеріс болатындай ортақ парламентке сайлау мерзімін белгілейді. Ал Ресейдің биліктің сөзін сөйлейтін басылымдары Еуразиялық одақ шекарасы кеңейіп, оған басқа посткеңестік мемлекеттер енеді деп болжам жасай бастады. Осының бәрінен бұл бірлестік ең алдымен саяси мәнге ие екенін көруге болады.

Мәселен, «Википедияның» ресейлік нұсқасы былай деп жазады: «Еуразиялық одақ - саяси, экономикалық, әскери, кедендік, гуманитарлы және мәдени кеңістігі бірыңғай мемлекеттердің конфедеративті одағының жобасы.

Өкілетті саяси органы - Еуразиялық парламент.

Ресми тілдері - орыс, беларусь, қазақ».

Ал мына сөйлемдер тіпті таңғалдырады: «Еуразиялық одақ құру идеясымен қатар саяси дискурста Үлкен Еуразиялық одақ идеясы да бар. «Жер жинауға» барып тірелетін алғашқы одақтан айырмасы, екінші одақ Қытай, Үндістан мен Иранмен интеграцияны көздейді».

Бұл кімнің «қоғамдық дискурсындағы» сандырақ? Қазақстан азаматы ретінде өз мемлекетіме қатысы бар мұндай ақпаратқа түбегейлі қарсылық білдіремін. Өз басым ешкіммен біріккім келмейді, мен үшін Иран және Үндістанмен интеграцияның еш қажеті жоқ. Өз елімде бейбіт, сенімді және лайықты өмір сүргім келеді.

Осы мысалдарға қарап-ақ Ресей саяси, ақпараттық және экономикалық мүмкіншіліктерін пайдаланып, Еуразиялық одақ құру жоспарын іске асырып жатқанын көреміз. Мәскеудің Еуразиялық одақтың саяси мәнін бүркемелеп, жасырып-жабатыны рас. Бірақ бұл ешкімді де адастырмауға тиіс.

Біріншіден, Ресей экономикасы Қазақстандікінен 10 есе үлкен. Екіншіден, Ресей халқының саны біздікінен 9 есе көп. Үшіншіден, Кремль біздің көз алдымызда өзінің алыпдержавалық «дәстүрлерін» қайта жаңғыртып, онысын көршілерге қарсы агрессия мен бопсалау арқылы бекіте түсуде. Украина, Грузия, Молдова, Беларусь, Балтық мемлекеттері - Ресейдің жымысқы пиғылын бастан өткерген елдердің бір парасы ғана.

Алда-жалда басқа күн туа қалса, Ресей бұл саясатын Қазақстанға қолданады дегенге ешкім күмән келтірмейді. Бұған көз жеткізу үшін алысқа барудың қажеті жоқ. Христенко басқаратын Еуразиялық экономикалық комиссияның 80 пайызы ресейліктерден тұратынын ескерсек те жеткілікті. Болашақ ортақ валюта қалай аталатынына қарамастан, Ресей Еуразиялық одақтың ақша басып шығаратын баспа станогын өз уысында ұстайтыны белгілі.

Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан өзінің тәуелсіз саяси өкілетін Ресей басымдығы айқын жоғары ұлттық органдарға табыстауы мемлекеттік тәуелсіздіктен біртіндеп айырылуға және Мәскеу басқаратын кеңестік провинция кебін киюге әкеп соқтырады.

Сондықтан Еуразиялық және Кеңес Одағының арасы  20 жыл демесеңіз, екеуі де бірдей құбылыс. Осы уақыттың ішінде билеушілер кеңес өкіметінің шекпенінен шыға алмағанын өмірдің өзі көрсетті.

Қазақстан халқының басым бөлігі кешегі тарихқа қайтып оралғысы келмейді. Халық күн өткен сайын бұлай өмір сүруге болмайтынын, әрекет ету керектігін түсінуде. Сондықтан азаматтардың бір тобы жалпыхалықтық референдум өткізу жөніндегі бастамашыл топ құрып, елде пісіп-жетілген ең маңызды үш мәселені күн тәртібіне қоймақ. Бұлар - Қазақстанның Еуразиялық одаққа қатыспауы, заңсыз жекешелендірілген стратегиялық кәсіпорындарды халыққа қайтару және әкімдерді сайлау. Бізді көптеген белгілі ұйымдар мен саясаткерлер, танымал адамдар қолдады.

Біз референдум өткізу «қолдан басқару» кесірінен әбден зәрезап болған еліміз үшін өте маңызды деп есептейміз. Бұл референдум билеушілері өз елдерін тарихи тұйыққа тіреп, кешегі қараңғы тұңғиыққа оралуға мәжбүрлеп жатқан Ресей және Беларусь халықтары үшін де өте қажет.

Біз бұл халықтарға авторитарлы режимдерге қарсы бірігейік, ұрлық пен өтірік, жауапсыздық пен авантюризмге қарсы бірге күресейік дейміз. Кешегіге қайтып оралуға мәжбүрлейтін кез келген әрекет, тарихтан сабақ алмау үнемі қантөгіске апарып соқтырады. Олай болса, тек ілгері қарай жылжиық.

Досым СӘТБАЕВ, саясаттанушы, «Тәуекелдерді бағалау» тобының жетекшісі:

- Қандай да бір аймақтық жобаларды талқыламас бұрын ең алдымен ұғымдардың ара-жігін ажыратып алған жөн. Әлемде мемлекетаралық және жоғары ұлттық бірлестіктер бар.

Біріншіден, мемлекетаралық бірлестіктер мемлекеттердің тәуелсіздігін шектемейді, себебі интеграция аясында емес, кооперация аясында әрекет етеді. Қазіргі кезде олар сапалық және сандық жағынан өсу үстінде. Айта кететіні, мұндай бірлестіктер әлемде көптеп саналады. Мәселен, Латын Америкасы, Таяу Шығыс, Африка және т.б. Олар алдағы уақытта да пайда бола бермек. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, аймақтану. Ғаламдық бәсекелестік күшейген сайын әлемде жекелеген мемлекеттер емес, аймақтық бірлестіктер мен трансұлттық компаниялар басты ойыншыларға айналады. Трансұлттық компаниялар ықпалы жағынан жеке-дара мемлекет түгіл, аймақтық бірлестіктерден асып түседі.

Мысалы, британдық Brand Finance британдық компаниясы әлемдегі 100 мемлекеттің елдік брендісіне баға берді. Сонда «Қазақстан» бренді бар-жоғы 87 миллиард долларға бағаланды. Ал Apple компаниясының бренді 183 миллиард долларға бағаланды. Демек, қазіргі әлемде ақыл-ой мұнай, газ және өзге шикізатқа қарағанда анағұрлым құнды деген сөз.

Екіншіден, әртүрлі аймақтық бірлестіктердің пайда болу себебі неде? Көптеген аймақтық, субаймақтық және ғаламдық проблемалар мемлекетаралық әрекеттесуді талап етеді. Бұл біздің мемлекетке де қатысты нәрсе. Себебі дербес мемлекет көп ретте өз бетінше проблеманы шеше алмайды. Аймақтық бірлесу тұрғысынан алғанда, Қазақстан Ресей не Беларуське мойын бұрмай, Орталық Азия елдеріне басымдық бергені дұрыс. Бұлар - біздің көршілер және өзіміз орналасқан аумақ. Бұл аймақтағы қордаланған мәселелер ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін. Алысқа бармай-ақ Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың «көрші мемлекеттердің су саясатындағы мүдделер қақтығысы салдарынан әскери іс-қимылдар жүргізілуі мүмкін» деген мәлімдемесін мысалға алсақ та жеткілікті. Осының өзі аймақта ерте ме, кеш пе, бәрібір бұрқ етіп жарылатын проблемалар Қазақстанға орта мерзімде тікелей әсер ететінін көрсетеді. Батысқа бет бұрып, Шығыста не болып жатқанын мүлде елемейтін қазақ билігінің көрсоқырлығы болашақта өзімізге соққы болып тиеді. Қазақстан мен Орталық Азия елдерін ең бірінші кезекте су мәселесі алаңдатуы тиіс. Алдағы 10-15 жылда су мәселесі әбден асқынады, шегіне жетеді, оның жанында Ресей және Беларусьпен арадағы интеграция ойыншық болып қалары анық.

Бірігудің екінші түрі - жоғары мемлекеттік (жоғары ұлттық) бірлестіктер. Ресей ұсынған одақ  бірлестіктің осы түріне жатады. Бірігудің бұл түрі мемлекет тәуелсіздігін шектейді, себебі оған мүше елдер өз өкілетілігінің бір бөлігін ерікті түрде халықаралық ұйымның атқарушы органына тапсырады.  Әлемде ондай бірлестіктердің саны аз. Көпшілік бұған Еуроодақты мысал ретінде келтіреді. Бірақ еуропалықтардың өздері «біз мемлекетаралық және жоғары мемлекеттік бірлестіктердің аралығында тұрмыз. Өйткені әр мемлекеттің үкіметі өз бетінше шешім қабылдап, еркін әрекет ете алады» дейді. Десек те осы Еуроодақтың өзі бірден пайда бола салған жоқ. Бірігудің алғашқы нышандары пайда болғаннан кейінгі 40 жылдан соң құрылды. Алайда Еуропадағы қазіргі дағдарыс кезінде «осы Еуроодақтың болашағы бар ма?» деген сұрақтың басы қылтиып, пікірталасқа жол ашты.  Еуропалық қауымдастықтың идеологиялық ақпарат құралы - «Евроньюс» арнасынан «Еуроодақ керек пе?Оның еуропалықтарға не пайдасы бар?» деген сұраққа жауап берген Еурокомиссия басшысы Жозе Баррозу: «Еуроодақты ұлттық мемлекеттердің федерациясына айналдырайық» деді. Оның бұл мәлімдемесі Еуропа саясаткерлері тарапынан сынға ұшырады. Еуропаның кейбір мемлекеттерінің жекелеген аймақтары тәуелсіздік алып, одақтан бөлініп шығамыз деп көтеріліп жатқанда, қандай федерация туралы сөз қозғауға болады? Испанияның Каталония үкіметінің басшысы билікке тәуелсіздік жөніндегі референдум өткіземін деп сес көрсеткені осының бір мысалы.

Алайда Кедендік және Еуразиялық одаққа келсек, оның әрбір мүшесі әртүрлі мәзір туралы сөз қозғап жатқан тәрізді. Ресей өзінің бас аспазшы болсам деген дәмесін жасырмайды. Мұны Путин, Лукашенко және Назарбаевтың Кедендік одақ болашағы жайын сөз еткен мақалаларынан-ақ байқауға болады.

Бейресми тұрғыдан алғанда, интеграциялық жобалар мемлекет басшысының сыртқы саяси беделін орнықтырудың тәсілі іспетті. Ал ресми деңгейдегі мәлімдемелер қазақстандық компаниялар үшін 170 миллион халқы бар нарық есігін айқара ашты деп жақауратады. Дегенмен соңғы кездері билікке жақын саясаткерлердің өзі, мәселенки, Азат Перуашев  «қазақстандық өнімдер Ресей нарығынан ығыстырылуда» деп байбалам сала бастады.  Сарапшылар мен кәсіпкерлердің өзі о баста-ақ  Ресей бағаны реттеудің тарифтік емес әдістерін қолданады деп ескерткен болатын. Кедендік одақ аясында Қазақстан экспорты қысқарады деген әңгімелер де талай айтылған. Биылғы жылдың алғашқы жарты жылдығы бойынша жасалған Кедендік одақ мемлекеттерінің өзара сауда‑саттық көрсеткіштеріне сүйенсек, Ресей үлесі 66 пайыздан асқан, Беларусьтікі 24 пайызға жеткен, ал Қазақстандікі бар‑жоғы  9,6 пайызға тең. Осылайша Қазақстан Кедендік одаққа мүше елдерге құны 3,3 миллиард долларға жететін  өнім сатса, Ресей 22,5 миллиард доллардың тауарын сатты, Беларусь сауда‑саттықтан 8,1 миллиард доллар пайда түсірді. Демек, экономикалық тиімділік туралы шенеуніктердің сөзі желге ұшты.

Ресми деңгейде Кедендік одақты ақтап алу үшін «Кедендік одақ пен Бірыңғай экономикалық кеңістік Қазақстанның Бүкіләлемдік сауда ұйымына мүше болмас бұрын жүргізген дайындығы» деген мәлімдемелер де жиі айтылады. Бірақ бұл дайындық Қазақстанның мемлекеттік даму бағдарламаларына, оның ішінде индустриалды‑инновациялық даму бағдарламасына қарама‑қайшы екенін атап өту керек. Біз Ресей мен Беларуське негізінен шикізат сатамыз. Сонан кейін валютаға олардан өзіміздің шикізаттан өндірілген дайын өнімдер - ЖЖМ, мәшинелер мен құрал‑жабдықтар, тамақ өнімдері, металл бұйымдары және т.б. сатып аламыз. Демек, әлемдік экономиканың шикізат тәуелділіктен арылмаған бөлігі болғанымыз аздай, енді Кедендік одаққа да шикізат тасымалдаушыға айналдық.

Ресейге тоқталар болсақ, бұл ел үшін Кедендік одақ пен Бірыңғай экономикалық кеңістік - экономикалық емес, геосаяси жоба. Осы жерде РАО «ЕЭС» басқарма төрағасы Анатолий Чубайстың «Ресей либералды империяға айналуға тиіс» деп 2003 жылы айтқан мәлімдемесін келтірсек те жеткілікті. Осы кездің өзінде ресейлік элита субаймақтық державаға айналуды көкседі.

Қазіргі кезде Ресей әскери‑саяси майданда Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарты ұйымы арқылы, ал экономикалық майданда Кедендік одақ арқылы өз позициясын бекіте түскісі келеді. Мәскеудің түпкі мақсаты - Еуразиялық экономикалық одаққа Украинаны қосу дегенмен толық келісуге болар. Дегенмен Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарты ұйымы мен Кедендік одақ аясында тәуелсіздікті шектеу әрекеттері бой көрсете бастады. Мәселен, жақында Мәскеу ҰҚКҰ аясында осындай норманы енгізді. Оған сәйкес, ҰҚКҰ‑ға мүше кез келген елдің аумағында үшінші мемлекеттің әскери инфрақұрылымын орналастыру үшін осы үйымға мүше әр елдің жазбаша рұқсаты керек. Мұны сыртқы және ішкі саясаттағы тәуелсіздіктің шектелуі деп есептеген Ташкент бұл ұйымдағы өз мүшелігін тоқтатты.

Сол тәрізді Кедендік одақ аясында Еуразиялық экономикалық комиссияны құру туралы мәмілеге қол қойылды. Посткеңестік кеңістіктегі тұңғыш жоғары ұлттық органға біртіндеп ұлттық өкілеттіліктер өтпек. 2015 жылға қарай оған 175 ұлттық өкілеттілік берілетін көрінеді. Ресей сондай‑ақ ортақ валютаны ендіруге де асық. Таяуда Дмитрий Медведев Кедендік одақ аясындағы ортақ валюта жайлы 2015  жылдан кейін ойланалық деп ұсыныс тастады.

Сөзді түйіндесек, саяси және экономикалық интеграцияның екі негізгі ережесі бар. Біріншіден, мықты және әлсіз ойыншылардың арасында теңқұқылы одақ құру мүмкін емес. Одаққа қатысушылардың тең экономикалық параметрлері мен ортақ саяси құндылықтары болуға тиіс. Бұл ретте «авторитарлы режимдер бір‑бірімен интеграцияға қабілетті ме?» деген сұрақтың басы қылтияды. Қазақстан және Беларусьте билік ауысқан соң бұл елдердің одақтағы тағдыры бұлыңғыр тартпақ. Назарбаев және Лукашенко кеткеннен кейін екі елдің сыртқы саясатында дәл осы бағыт сақталады деп ешкім кепілдік бере алмайды.

Екіншіден, өзара бәсекелестер, әсіресе экономикасы тек қана шикізат экспортына негізделген  мемлекеттер жұмыс істеуші одаққа біріге алмайды. Екі теріс мән бұл ретте бір оң мәнге ие бола алмайды. Асқынған жемқорлық, мемлекеттің экономикаға шектен тыс араласуы, лепірме бюрократиялық аппарат, толыққанды нарықтық экономиканың жоқтығы - Кедендік одаққа мүше мемлекеттердің әрқайсысында бар проблема бұл. Демек, саяси шешімдер бір бөлек те, толыққанды экономикалық инфрақұрылым бір бөлек. Саяси шешімдер экономикалық инфрақұрылыммен бекітілмеген.

Бұдан шығатын қорытынды: Қазақстанның геосаяси ахуалы мен аймақтану тренді елдің әртүрлі мемлекетаралық жобаларға қатысуына сұраныс тудырады. Бірақ бұл экономикалық және саяси мүдделер іске асқан жағдайда ғана өзін ақтайды. Бұл - бір. Екіншіден, Қазақстан кез келген жоғары мемлекеттік (жоғары ұлттық) бірлестіктерге қатысуға дайын емес. Бұған ұлттық тәуелсіздіктен толық айырылу қауіп‑қатері, бәсекеге қабілеттіліктің төмен деңгейі мен жемқорлықтың жоғары деңгейі себеп. Ықтимал қауіп‑қатердің алдын алу үшін Қазақстан Орталық Азия елдерімен бірігуді басымдық етіп белгілегені жөн.

Айдос Сарым, саясаттанушы:

-Қоғамдық сана интеграцияның балама сценарийлерін қош көрмейді. Рас, Қазақстан Ресеймен арада ұзақмерзімді қарым‑қатынас орнататын да шығар. Бірақ, меніңше, оған жету үшін кемінде 20-30 жыл уақыт керек. Ол үшін Ресейдің өзі өзгеріп, басқа мемлекетке айналуға тиіс. Ресейлік саясаткерлер «жұмсақ күш» жайлы мәлімдемелерді тегіннен‑тегін айтып жатқан жоқ. Бүгінде Ресейдің ұлы әдебиетінен басқа ешқандай күші жоқ. Бірақ әлемнің ең үздік авторларын оқу мүмкіндігі туған қазіргі кезеңде, орыс әдебиеті де көмескілене бастады.

Ресейлік көзі ашық, көкірегі ояу, ойлы адамдары мен сарапшылары бізбен «үлкен көкеміз» болып сөйлесе бастады. 20 жыл - өткен тарихты ұмыттыру үшін жеткілікті уақыт деп ойлау ең үлкен қателік.

Еуразиялық интеграция бұл тұтас ұлттың жасаған таңдауы дегенді естиміз. Бірақ, шын мәнінде, бұл - ұлттың азғантай тобының жасаған таңдауы ғана. Бұл - ештеңені айқындамайтын таңдау. Осы тұрғыдан алғанда, Кедендік одақ, Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарты ұйымы, Еуразиялық интеграция - мұның бәрі халықты алдаудың бір түрі. Бұл - әлдеқашан күйреген Кеңес одағының жаңғырығы. Бейбіт түрде қош айтысу үшін мына нәрсені ұғынған жөн. Біз өмір сүріп жатқан кеңістікте бюрократтар немесе жең ұшынан жалғасқан жемқорлық біріге алмайды. Ұлттар мен халықтар ғана бірігуге қақылы.

Бұл жерде нағыз шынайы интеграцияға бірігу туралы сөз қозғалып жатқан жоқ. Сондықтан біз тағы бір мәрте екінші сортты ұлтқа айналғымыз келмейді. Біз өз тағдырымыз бен ақыл‑ойымызды, ар‑намысымызды өзге елге қолдан бергіміз келмейді. Тіпті ол жақын, бауырлас ел болса да. Бұған ешуақытта жол бермейміз. Бүгінде референдум туралы бастама көтеріліп жатқанда оны қос қолмен қолдау керек. Қоғам басқаша әрекет ете алмайтынын көрсетуіміз қажет.

Өкінішке қарай, қазіргі кезде қоғамда ел тәуелсіздігін жоғалтып алу туралы  қауіп басым. Бірақ бұл қауіптің алдын алуға біздің мүмкіндігіміз бар. Мемлекетіміз сыртқы қарызынан құтылып, Кедендік одақ пен Еуразиялық экономикалық кеңістіктен де шығамыз. Сондықтан ең алдымен не істейтініміз туралы  ақылдасып, ортақ келісім-пікірге келуіміз керек.  Мәселен, ресейлік нарыққа Қазақстанды шығару арқылы Ресейдің көксегені не екенін анықтап алуымыз қажет. Сондықтан  Қазақстан мен Ресей арасындағы одақтың келешегі туралы қоғам болып көтеріп, ресейліктермен бұл жөнінде пікір алмасқан дұрыс деп ойлаймын. Қазақ елін төс қалтасының түбіне салып алдым деп санаса, Ресей билігі қатты қателеседі. Өйткені қазір қоғам да, ондағы көзқарас, түсінік те бұрынғыдай емес, өзгерген. Кешегі балалар бүгін ел тізгінін ұстауға жарап қалды. Бұл дегеніңіз өз елінің тәуелсіздігін Қазақ қоғамы оңайшылықпен  бере қоймайтынын көрсетеді.  Жаңа көзқарастағы, жаңаша ойлайтын  осындай ұрпақтың буыны елінің ертеңі үшін жауапты екенін біледі. Ұлттың, мемлекеттің мәселесін Ресей мен Қазақстан билік өкілдерінің өзара келіссөздері емес, тек қана осы жаңа ұрпақ буыны шешуге тиіс. Қалай десек те, қоғамның айтқаны мен әрбір азаматтың  таңдауы ескеріліп, биліктің мұнымен санасатынына күмән жоқ. Сол себепті соңғы сөзді қоғам болып өзіміз  айтуымыз керек. Сол үшін бірлесе, ынтымақта болып, билікке қатаң талап қоюға тиіспіз!

Мұхтар ТАЙЖАН, экономист:

- Кедендік одақ пен Еуразиялық экономикалық кеңістіктің экономикамызға тигізер зияны ұшан-теңіз. Кедендік одаққа дейін-ақ Ресейдің нарығы Қазақстанға қолжетімді болған. 170 миллион халқы бар мемлекетке мұндай одақтың тиімді тұстары өте көп. Ал ешқандай дайын өнім өндірмейтін, экспортқа шикізаттан басқа шығаратын тауары жоқ біздің елде ішкі нарықта бәсекелестік те жоқ. Сырттан келген тауар өнімдерінің бағасы артып, халықтың әлеуметтік тұрмысы төмендейтіні сөзсіз. Әрине, Кедендік одаққа мүше болудың пайдалы тұстары да жоқ емес. Мәселен, инвестицияның сапасы мен саны артады, Қытай экспансиясынан Ресеймен одақтасу арқылы құтылу сияқты мәселелерді айтуға болады. Десек те, Қазақстанның тәуелсіздігін сақтап қалуға мұндай одақтар кепілдік бола алмайды. Сондықтан осыған орай мемлекетіміздің де өзіндік талаптары болғаны дұрыс. Біріншіден, интеграцияланатын елдердің экономикалық даму деңгейінің бірдей болуы. Екіншіден, одаққа мүше барлық мемлекеттер өзара экономикалық, саяси-әлеуметтік жағынан ұқсас болып қана қоймай, шаруашылық даму дәрежесінде де жоғары көрсеткішке ие болуы керек. Үшіншіден, аймақтық интеграциялық одағын дамыту үшін еркін сауда аймағын, Кедендік одақты, жалпы нарық, экономикалық одақ және саяси одақ мәселелері бойынша талаптар қатаң сақталуға тиіс. Төртіншіден, мұндай бірігуге, одақтасуға әрбір мемлекет өзара тиімді жағын қарастырып, келісіммен, қалауымен кіруі керек.

Әлемде интеграциялық кеңістікке біріккен елдер бар. Алайда Қазақстан сол одақтасқан елдердің кейбір қателіктерін сараптап, сабақ алған дұрыс. Мәселен, экономикалық даму деңгейі өзара қабыспайтын, бірінен‑бірі өзгеше мемлекеттердің арасындағы одақтастық тұтас мемлекетке төнген қауіп екенін ескерейік. Еуропада экономикалық кеңістікті интеграциялау жиі кездеседі. Ол жақта бірнеше экономикалық және демографиялық күші басым мемлекеттер бар. Мұндай елдердің арасындағы экономикалық байланыс екі жаққа да пайда беріп, ішкі бәсекелестіктің бірігуі өндірушіге де, тұтынушыға да  тиімді.

Қазақстанның Ресеймен экономикалық интеграциясы  электр, газ, теміржол т.б. салаларда бірыңғай баға базасын жасауды талап етеді. Ортақ валюта, макроэкономика саясатын бірлесе келісу арқылы жасау, бюджет тапшылығы, мемлекеттік қарыз, инфляция сияқты  мәселелер пайда болатыны даусыз. Мұнан басқа да көптеген кедергілер мен келеңсіздіктер туындайды. Өкінішке қарай, Қазақстан тарабы осы проблемаларды түбегейлі шешіп алмай жатып, одаққа мүше болуға асығыс қадам жасады. Әрине, біз әлемдік экономикалық қауымдастық интегрциясын қолдаймыз. Көршілес мемлекеттермен әріптестік қарым-қатынаста болуға, біріге жұмыс істеуге қарсы емеспіз. Алайда бір одақтың аясына бағындыратын мұндай саяси қитұрқылықты қолдамаймыз. Себебі, интеграция процесін кейбір жағдайда тоқтатпаса, оның ақыры саяси интеграцияға айналуы әбден мүмкін. Бұл - тәуелсіздігімізді жоғалту деген сөз. Қазақстан мен Ресейдің арасында тең дәрежедегі одақ болуы мүмкін емес. Өйткені екі әріптес мемлекеттің ара салмағы тең емес. Іс жүзінде күші басым мемлекеттің әлсіз, кішкентай мемлекетті жұтатынына талай куә болдық емес пе?

Халықаралық интеграция индустриалды экономикаға тиімді. Ал Қазақстан - шикізат өндіретін бір жақты мемлекет. Сондықтан ең алдымен экономика саласын, өнеркәсіп салаларын дамытып алмайынша, халықаралық интеграция мәселесіне ұмтылу - үлкен қателік әрі тиімсіз.

Еуразиялық одаққа қосылудың тиімді-тиімсіз жақтарына келер болсақ, Қазақстан бұл одаққа кіру мерзімін 2015 жылға жоспарлап отыр. Егер референдум өткізу барысында жеткілікті қол жинай алсақ, халықтың басым көпшілігі қолдап, дауыс берсе, еліміздің бұл одақтан бас тартатыны сөзсіз. Ал егер керісінше болып, халықтың аз ғана даусын жинасақ, тәуелсіздігімізді сақтап қалуға мүмкіндік қалмайды. Бізге осы керек пе? Меніңше, Еуразиялық одаққа кіру мәселесінен бұрын жалпыхалықтық референдумда ең алдымен Кедендік одақтан шығуды талап етуіміз керек. Себебі, егер референдум кезінде халықтың басым көпшілігі Кедендік одақтан шығу керектігін жақтап, дауыс берсе, Еуразиялық одақтың мәселесі оп-оңай шешіледі. Тіпті, өзіміз күткен нәтижеге қол жеткізе алмасақ та, ұтылмаймыз. Өйткені Кедендік одаққа қарсы күрестерімізді жалғастыра береміз және Еуразиялық одаққа қосылуға тосқауыл жасай аламыз. Екінші тақырып, яғни ел байлығын мемлекет меншігіне қайтару мәселесіне қатысты кейбір нәрселерді анықтап алғанымыз жөн. Егер жер байлықтары мемлекет жағдайына қайтарылар болса, қандай шартпен қайтарылады деген сұраққа нақты жауабымыз дайын болуы керек.

Мұхтар Шаханов, ақын:

- Біз бұрын‑соңды болмаған қиын жағдайда тұрмыз. Егемендігіміз о дүниеге кеткелі тұр. Еуразиялық одақ - біздің егемендікке, азаттыққа ұмтылған арман-мақсатымызды күл-талқан етпек.

Біз ең алдымен жұртқа түсінікті тілмен жазылған ортақ хат дайындайық. Оның үш тілде болғаны дұрыс. Біздің ойымызды шетелде де білсін. Мәселен, кезінде «қазақстандық ұлтқа» қарсы дауыс көтергенімізде әртүрлі ой-пікір болды, халыққа жеткізудің түрлі нұсқалары болды. Біз сараптап, талдап, жұрттың ойына, санасына жететіндей етіп хат жаздық. Соның арқасында бүкіл елді ояттық. Тіпті, биліктің  өзін кешірім сұрауға дейін апардық. Осындай қадам жасағанымыз дұрыс болар еді.

Егемендігімізді билік қиын жағдайға алып келді. Биліктегілердің әрқайсысы өз мүддесінен басқа ешнәрсе ойламайды. Ел, ұлт, жер туралы бас қатырмайды. Сондықтан бәріміз жұдырық болмасақ, егемендіктен айырыламыз! Мұны басқа да адамдарға, зиялы қауымға жеткізу керек. Бірақ зиялы қауымның да шаруасы бітіп барады. Өзіміз мықты топ құрып, оған әртүрлі мықты кадрларды тартуымыз керек. Егер бүгін біріге алмасақ, бәріміздің құнымыз көк тиын болады!

Қанат БЕРЕНТАЕВ, экономист:

- Кедендік одақтың құрылуы және Бірыңғай экономикалық кеңістіктің іске қосылуы бірқатар методологиялық, ұйымдастырушылық‑әдістемелік және институционалды проблемалардың бетін ашты. Бұл мәселелер шешімін таппаса, онда ол посткеңестік кеңістіктегі аймақтық интеграцияның тиімділігіне кері әсерін тигізбек. Тіпті бұл осы күйінше қала берсе, онда интеграцияның тереңдеуіне қауіп төнеді әрі бұл Еуразиялық одақ идеясына сенімсіздік ұялатып, оны теріске шығарады.

Былтырғы жылы «Известия» газетінде жарық көрген Путин, Лукашенко мен Назарбаевтың мақалаларында Еуразиялық одақтың мақсат‑міндеті және негізгі принциптері ашып көрсетілді. ҚР президенті Н.Назарбаев атап көрсеткендей, Еуразиялық одақ құрудың негізгі шарты - бұл интеграцияға ерікті түрде кіру. Беларусь президенті А.Лукашенко да осы пікірді қуаттаған болатын.

Бірақ посткеңестік интеграция іске аса бастағаны сол еді, бұл қоғамдық ортада дау тудырды. Кедендік одақ пен Бірыңғай экономикалық кеңістікке қарсы шығушылардың келтіретін негізгі дәлелдері мыналар:

Кедендік одақ пен Бірыңғай экономикалық кеңістік құрылған соң Қазақстан сыртқы сауда саясатын өз бетінше жүргізу мүмкіндігінен айырылды.

Кедендік одақтың жалғыз нақты нәтижесі - ішкі нарықтағы бағаның қымбаттауы. Елдегі бағалар Ресейдікімен теңесті, ал Қытайдың арзан импорты баж салығы көтерілгендіктен қымбаттап кетті.

Еуразиялық одақтың құрылуы тәуелсіздіктен айырылуға әкеп соқырмақ. Елдің сыртқы және ішкі саясатын жоғары ұлттық орган белгілемек, ал ортақ валютаны ендіру ақша‑несие және салық‑бюджет саясатын жаңадан құрылатын органдар айқындамақ. Бұл саясатты жүргізуде басымдық Ресей жағында болатыны анық.

Ресей, Беларусь және Қазақстан одағы - бұл артта қалған мемлекеттердің бірлестігі. Қазақстанның ұзақмерзімді дамуы тұрғысынан алғанда еліміз үшін Бүкіләлемдік сауда ұйымына ену анағұрлым тиімді болар еді.

Осы дәлелдерді келтіретіндер Кедендік одақ жұмысын тым болмағанда бес жылға тоқтата тұрып, шағын және орта кәсіптің дамуына жағдай жасауды сұрайды. Бүкіләлемдік сауда ұйымына мүше болу мен әлемдік қоғамдастыққа  интеграциялану процесін жеделдетуді ұсынады.

Посткеңестік интеграцияға қарсы екі жақтан шабуыл ұйымдастырылуда:

Алғашқысы - Орталық Азия экономикалық әріптестігі, ТМД және «Беларусь - Ресей одақтық мемлекеті» тәрізді аймақтық бірлестіктердің сәтсіз нәтижесін алға тартатын батысшыл топтар тарапынан жасалды.

Кейінгісі - посткеңестік кеңістіктегі аймақтық бірлестіктер ұлттық тәуелсіздікке қатер төндіреді, бұрынғы КСРО немесе Ресей империясын қайта жаңғыртады дейтін ұлтшыл бағыттағы топтар тарапынан жасалды.

Меніңше, посткеңестік интеграцияға қарсы шығушылар әсіреқызбалыққа салынды. Әрі бұл Қазақстан тәуелсіздігін сақтауға бағытталмаған, керісінше ұлттық егемендікке қауіп төндіреді. Өйткені соңғы жарты ғасырда әлемдік шаруашылық жүйесіндегі сапалық өзгерістерді ескермейді.

Қазіргі әлемдік шаруашылық жүйесінде ұлттық экономикалардың өзара әрекет ету сипаты өзгерді. Трансұлттық компаниялар, трансұлттық банктер, халықаралық үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдардың ықпалы артты. Бұл әлемдік қауымдастықтың жаңа архитектурасын қалыптастырды. Сонымен, қазіргі кезде бірде‑бір ұлттық экономика әлемдік шаруашылық процесіне белсенді түрде қатыспаса, дами алмайтын жағдайға жетті. Мұндай жағдайда бір‑біріне қарама‑қайшы екі модель қалыптасты. Алғашқы тенденция - бұл ғаламданудың  бірполярлы  моделінің жеңісі. Ол АҚШ мүддесін көздейді әрі АҚШ, Трансұлттық компаниялар мен Трансұлттық банктер басымдық ететін Америкалық империя моделін қалыптастыруға бағытталған.  Мұндай модель үшін мықты және табысты елдер қажет емес, халықаралық монополиялардың мүддесін оңайлықпен таңуға болатын шағын және әлсіз мемлекеттер ыңғайлы. Мұндай модельде тәуелсіз елдер ұлттық, конфессионалды және басқа да нышандары бойынша ыдыратылады.

Соңғы 40-50 жыл ішінде осы тенденция басымдыққа ие. Кеңес одағының құлауы, социалистік жүйенің күйреуі, Югославия мен Чехославакия тәрізді егемен мемлекеттердің жік‑жікке бөлінуі - осы тенденцияның салдары. Ендігі жерде Иран, Орталық Азия, Ресей мен Қазақстан фрагменттеуінің эскалациясы басталуы мүмкін. Егер осы модель жеңіске жетсе, АҚШ, ТҰК мен ТҰБ үстемдік ететін жаңа әлемдік тәртіп орнатылмақ. Әлемнің ірі елдерінен өзге ұлттық мемлекеттер өз экономикасының модернизациясын өз бетінше жүргізе алмайтын жағдайға жетеді.

Екінші тенденция - әлемдік экономиканың аймақтануы, әлемдік қауымдастықтың ірі акторлары ретінде қарастырылатын аймақтық блоктардың құрылуы. Олар АҚШ және халықаралық монополияларға төтеп бере алады. Іс жүзінде мұнда негізгі акторлары капиталистік немесе социалистік жүйе болатын әлемнің көпполюсті моделінің ақыры туралы сөз болып тұр. Бұл тенденцияда АҚШ, Қытай, Үндістан, Бразилия, сондай‑ақ Латын Америкасы елдерінің бірлестігі, Оңтүстік Шығыс Азия елдері мен Еурозона тәрізді ірі экономикалар негізгі акторларға айналады. Бұл әлемдік қауымдастықтың бірполюсті моделіне төтеп береді, модельге кіретін әр мемлекеттің тәуелсіздігіне нұқсан келтірмейді.

Екінші тенденция жеңіске жеткен жағдайда әлемдік қауымдастықтың құрылымы айтарлықтай өзгермек. Әр аймақтық блок өз валютасын ендіреді, бұл өз кезегінде халықаралық қаржының архитектурасына өзгеріс әкеледі. Халықаралық валюта қоры, Бүкіләлемдік банк, БҰҰ мен Бүкіләлемдік сауда ұйымы тәрізді халықаралық ұйымдар реформаны бастан өткереді, бұл ұйымдарда шешуші рөлді жекелеген мемлекеттер емес, аймақтық блоктар атқаратын болады.

Посткеңестік кеңістіктегі аймақтық интеграция осы екінші үлгіге сай келеді. Оның үстіне әлемдік қауымдастықтың бірполярлы моделін жеңе алатын бірден‑бір модель ретінде қарастырылады.

Осы себепті посткеңестік кеңістіктегі аймақтық интеграция - АҚШ үстемдік ететін әлемдік шаруашылық жүйесіндегі модельге төтеп беретін жалғыз жол. Қазақстан тәрізді шағын мемлекеттер үшін ұлттық тәуелсіздіктің сақталуын қамтамасыз етудің шарты да осы.

Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ, жазушы:

- Путин саясатқа, билікке келгелі Ресей өзінің империялық мақсат-мүддесін, империялық идеологиясын жасырмай айтып келеді. ХХ ғасырдың соңындағы біздің тарихымыздағы ең үлкен қателік КСРО-ны тарату болды, біз сол қателіктің орнын толтырып, қалпына келтіруіміз керек деген сыңайдағы сөздерін осыдан төрт-бес жыл бұрын бір басылымнан оқып білгенім бар. Сол айтқандарын В.Путин бүгінде бірте-бірте іске асырып келе жатқаны жасырын емес. Ресей - империялық мемлекет. Алайда сол елдің айтағына біздің биліктегілердің алашапқын болуы түсінікті. Кеден одағы, Еуразиялық одақ, Еуразиялық парламенттің ақыры ортақ шекара, ортақ әскер құратыны сөзсіз. Ал бұл дегеніңіз баяғы орыс империясының боданына қайта айналу болмағанда, не болады? Біздің шенеуніктердің Ресейге жалтақтауының себебі, олар әу бастан Қазақ елінің тәуелсіздігін қадір тұтып, бағалаған емес. Естеріңізде болса, еліміздің тәуелсіздік таңы шығыстан емес, батыстан атты емес пе? Балтық жағалауындағы елдер бастап, Кавказды  басып өтіп, Орта Азияға жылжыған тәуелсіздікті біздер ұзақ күттік. Тамыздың 30-ы өзбектер, ал қыркүйектің 1-і күні қырғыздар өз егемендігін алды. Сол тәуелсіздікті біздің халық аттай үш ай күтті. Империя тарап кеткен желтоқсанның 8-і күнінен кейін де жалтақтап тағы сегіз күн күттік. Ақырында он бес републиканың барлығы тарап кеткен соң, 16 желтоқсанда амалсыз тәуелсіздік жариялауға тура келді. Өйткені олай етпесек, Қазақстанды өзгелер мемлекет ретінде танымайтын еді. Міне, осылай келген тәуелсіздігіміз қарапайым халыққа емес, билік басындағылардың оң жамбасына қарай келді. Мемлекет мүлкін, ел қазынасы мен жер байлықтарын талан-таражға түсіріп, қалтасын толтырған қазіргі биліктегілер бодандық қаупі туралы бас қатырмайды да. Себебі, олар әлдеқашан болашағын шетелде жасап қойған. Олардың Қазақстанға күні қарап тұрған да жоқ. Сорлайтын халық қана. Меніңше, біздің басшылар Қазақстанды Ресейге қосып береміз деген міндеттеме алған сияқты көрінеді. Әйтпесе, Кедендік, Еуразиялық одақтарға кіруге мемлекетіміздің ешбір мұқтаждығы жоқ қой? 1992 жылы түріктің президенті Тұрғыт Өзалдың: «Қазақстан - өзін-өзі барлық жағынан толық қамтамасыз ете алатын мемлекет. Ешкімге кіріптар болатын мәжбүрлігі жоқ ел»,- дегенін өзім де естіп едім. Алайда осы бір сөздердің парқын түсініп, соған қарай қызмет етуге шенеуніктеріміз құлшыныс танытпады. Еуразиялық экономикалық кеңістік дегеніміз - интернационалдықтың, бодандықтың синонимі. Сондықтан мұндай одақтарға қосылудың, еліміздің жұтылуының алдын алуымыз керек. Ол үшін әрине, ең бірінші халықтың санасын оятып, көзін ашу керек. Белгілі бір амал-тәсілдердің тетігін қосып, белсене іске кірісуге тиіспіз. Халыққа біздердің үнімізді жеткізетін ақпарат құралдары көбірек болса, осынау жалпыхалықтық референдум бастамасының да жемісін көруге болады.

Құрманғазы РАХМЕТОВ, желтоқсаншы:

- Отарсыздандыру туралы  заңды қолға алу керек, көтеру керек осы мәселені. Осы заңның ішінде әртүрлі одақтармен одақтастар жайында толықтай айтылып, жазылуға тиіс. Орыстармен ғана емес, Қытай, АҚШ т.б. сол сияқты мемлекеттермен одақ құру туралы бұл заңда нақты көрсетілуі керек. Осы мәселе шешілгенде ғана көтеріп отырған сұрақтарымызға  жауап таба аламыз. Дәл осындай сұрақты С.Мәмбеталиннің ұсынысымен ұштастырса, халық жағынан толықтай қолдау таба аламыз. Халқымыздың тапталып жатқан рухын көтеру үшін де, бізге жеңіс керек!

Талғат АЙТБАЙҰЛЫ, жазушы:

- Ұлттық мүдде, халыққа қатысты мәселенің бәрінде, «қайран, Алаштың арыстары-ай!» дейсің, еріксіз соларды іздейсің. Осыдан тоқсан жылдай бұрын «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланған Ахмет Байтұрсыновтың «Қалам қайраткерлерінің жайынан» дейтін мақаласындағы мына жолдарға қараңызшы: «Өзгеріс кімге жағымды, кімге жағымсыз болып шыққаны көзі бар адам адамдар  көрерлік, ісі бар адамдар білерлік болды. Өзгерістің негізі... күн көруге ептілер, дүние жиюға құмар адамдарға жағымды болғанымен, момындарға... ақкөңіл, аңқауларға жағымсыз болғаны шексіз»,-деп Ахаң жарықтық дәл бүгін ортамызда отырғандай күңірене үн қатады...

Алаштың арыстары нені көксеп, нені мақсат тұтса, соған қол жеткізетін жағдай өзі-ақ келіп еді. Өкініштісі, тәуелсіздіктің қадірін білмейтін коммунистік жүйенің интернационал әнін шырқағыш қазақстандық көсемдері бүгінгідей аянышты күйге жеткізді. Түбі осылай болатынын қазақ мүддесін көздейтін саясаткерлер де, ғалым қайраткерлер де анық сезді, қарап қалмай өз сөздерін айтты. Солардың бірі «Казахская правда» газетінің бас редакторы, профессор Алдан Айымбетов ағамыз «Жас Алаш» газетінің 1997 жылғы 8 қарашадағы санында «Құлдық психологиядан қашан құтыламыз?» деген сауалнамаға берген жауабында: «... Қазақ өз жеріне, өз еліне қожа болып отыр ма? Маған қазіргі жағдайымыз бұрынғыдан да қорқынышты. Бұрын біреуге бағынышты едік, бүгін әлемге бағынышты болып отырмыз ғой. Өйткені, жерді, өндірісті солардың қолына тегін бердік. Жарылқағаны қане, кейінгі ұрпақ оны қайтара ала ма? Гәп сонда. Мұның өзі әлемдік саяси империяға тәуелділік деген сөз. Бүтіндей бір халық, бір ұлт тәуелді болып отыр...» дейді.

Осы тәуелділікке әкелген кім? Ол - президенттік билік, осы билік құрған жүйе. «Хан жақсы болса, өзі талапайға түседі; хан жаман болса, халқы талапайға түседі». Бүгінде тұтастай халық талапайлы тағдыр кешуде. Жұмыссыз, үй-күйсіз, жастардың болашағы бұлыңғыр... Тіліміздің түрі мынау, билік те, оның сойылын соғатындар да басқа бір мемлекеттің мемлекеттік тілінде сөйлейді.  Енді осыдан құтқаратын жол бар ма? Бар! Ол, түсіне білсек, осы жалпыхалықтық референдумнан бастау алуы тиіс. Ынталы топ алға қойған үш мәселе де аса маңызды міндеттердің ауыр жүгін күн тәртібіне қойып отыр. Егер осыны жүзеге асыруға жұртшылықты жұмылдырып, қалың елдің қозғаушысы болса алсақ, онда біз халық пен Қазақ елі алдындағы перзенттік парызымызды қылаусыз өтей аламыз.

Қазақстанның Еуразиялық одаққа қатыспауы - іргеміздегі империялық мақсат-мүддесін басты мәселе етіп қойған отаршыл елді бізбен санасуға мәжбүр етеді;

Тоқсаныншы жылдары халықтың еркінен тыс жекешелендірілген стратегиялық маңызы зор кәсіпорындарды мемлекетке қайтару - халықтың байлығын өзіне қайтару, сөйтіп елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға қадам басу деп білемін;

Барлық деңгейдегі әкімдерді сайлау жүйесін жүзеге асыру - билікті қарапайым халықтың мүддесімен санасуға мәжбүрлейтін шешуші тетік болары күмәнсіз. Әйтпесе, билік халықтан бөлінді, әкімдіктер - аз ғана топтың жағдайын жасайтын, солардың сөзін сөйлеп, жөнін жөндейтін ыңғайлы қызмет орнына айналды. Момын ел бейшара күйге түсті. Сондықтан, ойланайық, референдум алға қойған мәселелерді шешуге күш жұмылдырайық. Бұл бүгінгі сіз үшін емес, сіздің кіндігіңізден тарайтын ұрпақтардың өмірі үшін керек. Ақиқаты - осы!

Ораз ЖАНДОСОВ, экономист:

- Ұлт болып, саяси жүйесі толықтай демократиялық бағытқа беттемеген, мемлекетінің іргесі бекімеген біздің елге мемлекетаралық әлдебір одақтарға кіру тиімсіз және қисынсыз.

Гүлжан ЕРҒАЛИЕВА, тәуелсіз журналист:

- Интеграцияға қатысты идеяны президент Н.Назарбаев кеше не бүгін емес, 1994 жылы көтерді. 1994 жылдары берген сұхбатында интеграциялық идеялар туралы  сөз қозғап, КСРО-ның тарауын тарихтағы үлкен қателік және күндердің күнінде баяғы одақтас елдердің бір одаққа айналатынын айтып сендіргені бар. Ал интеграциялық идеяның екінші жақтаушысы - В.Путин Кедендік одақ аясына Қазақстан және Беларусь мемлекеттерін бекер топтастырмады. Қазіргі біздің болашағы бұлыңғыр, кететін күні жақындаған билікке Ресей тарапынан ұсынылған одақтарға кіру тиімді-ақ. Ал бұл қосылудың ақыры жақсылыққа соқпасы анық. Сондықтан  ел болашағы үшін бүгін күресіп, халық болып мәселелерді референдумда көтеруіміз керек. Әрине, бұл бастаманың іске асуына биліктің жағдай жасамасын бәріміз білеміз. Жоғарыдағылар референдум мәселесін қолдаған сыңай танытып, өткізуге мүмкіндік беруі де ықтимал. Бірақ халықтың дауыс санын осыған дейінгі сайлаулардағы секілді өздері санап, керекті сандарды шимайлай салуы әбден мүмкін. Сол себепті, осындай «тұзаққа» түсіп қалмас үшін, жалпыхалықтық референдум өткізудің басқа да жолдарын қарастырғанымыз жөн шығар. Референдум - парламентті сайлау емес,ол  «иә» немесе «жоқ» деуді талап ететін, халықтың жеке таңдау жасауына мүмкіндік беретін бірден-бір тиімді жол. Сондықтан референдум өткізу барысын  қазақстандық билік емес, халықаралық ұйымдардың өкілдері бақылауына алғаны дұрыс болар еді. Сайлау кезінде дауыстардың қалай ұрланатынын талай көрдік. Сондықтан бұл референдумды талапқа сай өткізу үшін сырттан бақылаушының болғаны дұрыс. Осы мәселені билікке жеткізіп, референдум жөніндегі заңнамаға өзгеріс енгізу ұсынысын көтеру керек шығар. Қалай болғанда да, қоғамда өзгеріс болуы үшін осындай халықтық талап керек!

Михаил СИЗОВ, «Алға» тіркелмеген партиясының өкілі:

- Қазақстан бәсекеге қабілетті мықты мемлекет болмайынша, әлдебір одақтарға қосылып, интеграциялардың жетегінде кетпегені дұрыс.  Кез келген интеграциялық мәселелер достық қарым-қатынаста немесе бейбітшілік аясында шешілуі керек. Ал тұтас мемлекеттің экономикасына, саясатына үстемдік ету арқылы әлдебір интеграцияны жасау мүмкін емес. Ал тәуелсіздікке қауіп төндіретін мұндай бастамалардың нәтижесі жақсы болмайды. Қоғамда саяси сауаты мен экономикалық білімі таяз азаматтар және биліктің саясатына немқұрайдылар көбейгені жоғарыдағыларға өте тиімді. Осы әлсіз тұсы арқылы қоғамды өздерінің айтқанына көндіріп, айдауына жүргізе алатынын биліктегілер жақсы біледі. Халықтың пікіріне құлақ салып, оларға өз ойын жеткізетін ашық алаң ұсына білсек, таңдауымен санассақ қана діттеген мақсатымызға жете аламыз деп ойлаймын. Ол үшін мінберлерден тек қана халық өкілдері пікір айтып, ұсыныс білдіретін жағдай жасауымыз керек.

Софы СМАТАЕВ, жазушы:

-  Төрдегілер мен жердегілердің (билік пен халықты айтып отыр) арасы алшақтағаны соншалық, төрдегілер осыдан жиырма жыл бұрын мойнымыздан шешіп тастаған тұзақты қайта киюімізге мәжбүрлеп отыр. Еуразиялық одақ ең алдымен Ресейге пайдалы. Сондай-ақ біздің төрдегілерге пайдалы. Себебі осыған дейін халықтың несібесінен қалтасына басқан байлығын сақтап қалу үшін Путиннің артына жасырынбақшы. Халық болып қалыптаспаған қазақстандықтарға Еуразиялық одақтан зиян болмаса, пайда жоқ. Сондықтан ең бірінші Кедендік одақтан шығуды талап етіп, жалпыхалықтық референдум өткізуіміз керек. Және референдумның әділ өтуін шетелдік ұйымдар бақылағаны жөн. Референдум  халықты тығырықтан шығаратын бірден бір жол.

Темірхан МЕДЕТБЕК, ақын:

- Өз басым Қазақстанның Еуразиялық одаққа қатыспауы туралы; 1990 жылдары заңсыз жекешелендірілген стратегиялық кәсіпорындарды мемлекетке қайтару туралы; барлық деңгейдегі әкімдерді сайлау жүйесін енгізу туралы; жалпыхалықтық референдум өткізу керек деген ынталы топтың мәлімдемесіне қол қойдым. Референдум өте қалған жағдайда, ол референдумның сол баяғы әкімшілік, күш көрсету, алдау мен арбау, бюллетеньдерді өтірік толтыру сияқты сұрқиялық ресурстарын барынша пайдаланатынын алдын ала біле тұра, референдум өткізу керек!

Егер біз Еуразиялық одаққа кіретін болсақ, біз Ресейге қайтадан тек саяси, экономикалық бодандыққа ғана емес, рухани да бодандыққа түсетініміз хақ. Яғни, бұл жолды біздің ұлт ретінде жойылып кетуімізге бірден-бір алып баратын жол деп білуіміз керек.

Өздеріңіз жақсы білесіздер, Кеңес одағы кезінде Қазақстан халықтар достығының зертханасы аталды. Ол зертханада қазақ халқына қарсы сұмдық зымиян тәжірибелер жасалды. Жүздеген қазақ мектептері жабылды. Интернационализмнің тілі орыс тілі деп танылды. Орыс тілін білмесе дұрыс өмір сүре алмайтын халге жетті. Солтүстік облыстардағы тың игеруді желеу етіп, мүлде басып алды. Қазақ халқы адам айтқысыз рухани күйреу мен күйзеліске ұшырады. Қазақ халқының тарихы оқытылмады. Оның ұлттық құндылықтары елеусіз, ескерусіз қалды. «Қарақыпшақ Қобыланды», «Алпамыс» сияқты батырлар жырлары рухани айналыстан мүлде алынып тасталды. Мұндай сұмпайы келеңсіздіктерді санай берсең, шашың жетпейді. Ақырында, әлгі халықтар достығының зертханасы өзінің «жемісін» берді. Қаншама ұрпақ ұлттық санадан, тарихи тамырынан айырылды. Қазір ол ұрпақтардан өрген ұрпақтар ата-бабаларының, яғни өзінің ұлтының тамырына балта шабатын үлкен күшке, яғни рухани янычарларға айналып барады. Олар өз ұлтын мансұқтайтын космополиттік жат рухты ұран етіп көтеруге кірісті. Бұл - ұлтымызға жақындап келе жатқан трагедия.

Ол күштермен біз тәуелсіздік алған бойда күресуіміз керек еді. Яғни, олардың беттерін бері қайтаруға күш салуымыз керек еді. Бірақ біз олай етпедік. Өткеннен сабақ алудың орнына, Қазақстанда халықтар достығының сұмпайы зертханасын қайта аштық. Сөйтіп, кеткен Кеңес одағының идеологиясын қайта орнықтырдық. «Қазақстандық ұлт» деген сұмдықты тауып алдық. Енді, міне, «үш тілдік» деген пәлені іске қостық. Бұлардың бәрі де қазақ халқының қабырғасын күтірлетіп сындырып, омыртқасын омырып, опырып жіберу үшін жасалынып жатқан әрекеттер.

Қорыта айтарым, егер біз Еуразиялық одаққа кіретін болсақ, онда қазақ халқы әлгі сұмпайы зертхананың тәжірибе жасайтын тағы да үй қоянына айналады. Оның соңы халық ретінде де, ұлт ретінде де құру, мүлде жойылу. Есіңді жи, еңсеңді көтер, ағайын! Ол үшін сен де референдум өткізуді талап ет!

Иран‑ҒАЙЫП, ақын:

-  Тәуелсіздікті сақтап қаламыз деп жүрген біздер ынтымақта болып, бөлінуге жол бермеуіміз керек. Себебі, біз бөлінсек, бізге сенген халықтың күйі не болмақ? Ең өкініштісі, Ресейде де, Қазақстанда да билік басында мектепте дұрыс білім алмаған адамдар отыр. Олар қоғамтану заңдылықтарын оқыған болса, осыған дейінгі қаншама империялардың болғанын және олардың қалай күйрегенін білер еді. Империялардың күні әлдеқашан өткен. Солай болса да империялық идеяның жетегіне еріп, елін, жұртын бодандыққа сүйреушілер көп. Халықтың осы күйге түсуіне жоғарыдағылар тікелей жауапты. Алайда халықтың тұтастығын, еліміздің тәуелсіздігін сақтап қалуға біздер атсалысуымыз керек. Қоғамның нақты дерті туралы көп айтылуда. Қоғамға бұл дерттен келер қауіп те белгілі. Бірақ сол дерттің емін дөп басып таба алмай отырмыз. Сондықтан ең алдымен қоғамды дертінен айықтыруға күш салуымыз керек. Еуразиялық одаққа қосылу деген - екі жаққа да пайдасы жоқ, қоян мен аюдың үйленуі сияқты нәрсе. Ал бұған жол бермеу үшін билік басына Досым, Айдос, Мұхтар сияқты азаматтарымыз баруы керек. Ол үшін тікелей билікпен күресуге тиіспіз. Осы жолда басымызды құрбандыққа тігу де артық емес. Биліктің түрмесіне түскенше,мәңгілік тыныш түрмеге, яғни көрге түскеніміз әлдеқайда ұтымды.

Қасым АМАНЖОЛ, журналист:

- Менің ойымша, референдум керек пе, жоқ па деген басты мәселе анықталған. Мен М.Тайжанның «Кедендік одақтан шығу» идеясын қолдаймын. Яғни, Еуразиялық одақ мәселесінен гөрі, осыған дейінгі экономикалық, рухани, психололгиялық тұрғыда ұтылған тұстарды анықтау керек. Кедендік одақ құрылғаннан кейін Халық арасында ояна бастаған наразы күштерді көріп отырмыз. Сондықтан алдымен Кедендік одақтан шығу мәселесін қоюды дұрыс деп есептеймін. Осы арада тағы келесі мәселеге тоқталғым келеді. Референдум өткізудің жолы, механизмі, мерзімі қандай болады? Назарбаев режимі осыған дейін әлі бірде-бір рет әділ сайлау өткізіп көрген жоқ. Қазақстанның орталық сайлау комиссиясында қандай механизм жұмыс істейтінін білеміз. Оның жүйесі өз орнын тауып, өз жолына түсіп алған. Кез келген уақытта сайлауды немесе референдумды өз ыңғайына бұрып, өзіне ыңғайлы дауысты жасап бере алады. Сондықтан меніңше, алдымен орталық сайлау комиссиясының құрамына демократиялық күштерден өкіл енгізу мәселесін қолға алған жөн.

Референдум өткізуді әр қазақ қолдайды.

Референдум барысында бізге кедергі болатын басты мәселелер не? Ең алдымен, әрине, әкімшілік ресурс. Демократиялық күштердің қолында жеткілікті ақпарат құралдары жоқ. Аздаған интернет ресурстары, газеттер ғана бар. Бірақ жеткіліксіз.

Келесі сұрақ «кімдермен жұмыс жасау керек?» дегенге келіп тоқтайды. Алдымен ұлтшылдардың, қазақтардың арасында көп жүру керек. Тәуелсіздік үшін күрескен кім? 86 жылы кімдер күресті? Ұлтшылдар. Қазір де қазақтың егемендігі, азаттығы үшін күресе алатын қазақ қауымы бар. Бірақ олар қайда? Олар үш жерде: біреуі - ауылда күн кешіп жүргендер; екіншісі - Алматы, Астана сияқты үлкен қалалардың маңайындағы пәтер жалдап тұрып жатқан, «Думан», «Шаңырақ» сияқты жерлерде тұрып жатқан халық; соңғысы студенттер. Осы мәселелер төңірегінде қатты ойлану керек.

Болат ДҮЙСЕНБІ, экономист:

- Референдум - бұл өте маңызды тақырып. Заң бойынша референдум өткізуге рұқсат беретін тек қана президент. Сондықтан бұл қиын күрес болғалы тұр.

Әр ауданда қатаң жұмыс істемесек, жұмыс өнбейді. Қалай өткіземіз? Митингілерден ештеңе шықпайды. Қазақстан мемлекеттің болашағын қорғайтын - қазақтар. Қалаларда емес, аудандарда көбірек жұмыс істеу керек. Сондай-ақ, Ресейдің ұлтшылдарымен бірігіп жұмыс істеген дұрыс деп санаймын. Яғни, Қазақстандағы шовинистік пиғылдағы емес, Ресейдің өзіндегі ұлтшылдармен. Солармен қарым-қатынасты жақсартқанымыз жөн. Олардың да арасында Еуразиялық одақты қолдамағаны үшін қуғын көріп жатқандары бар. Демек, оған халық кінәлі емес, біздің саясаткерлер мен ресейлік саясаткерлер кінәлі бұған.

Алпамыс БЕКТҰРҒАНОВ, жазушы:

- Қазір «біз елімізде екінші сортты ұлт болып қаламыз ба?» деген сұрақ туындап жатыр. Шын мәнінде, біз қазір үшінші сортты елміз. Өз елімізде. Өз жерімізде. Бүгінгі айтылғандардың бәрі елге жету керек. Алматы мен Астанада отырып алып, сөз сапырғаннан түк шықпайды. Саяси партияларға халықтың сенімі аз. 20 жылдан бері бір сарынды дүниелер. Елді ұмытып кеттік. Төмендегі халық көп нәрсе бермейді.

Қазіргі кезде өзіміз іздеп жүріп оқитын газеттер жасырын сатылады. Көрсетілмейді. Билік сатқызбайды. Ал ұлттық мәселені айтатын жігіттер, талдайтын жігіттер бар. Бірақ елге жеткізетіндер аз. Халыққа жеткізу үшін жергілікті жерде мықты ұйым болуы керек. Сонда халық қолдайды. Біз Кедендік одақтан шығуымыз керек.

Бауыржан ҚАРАБЕК, ақын:

- Ресей - өте нашар ел. Владивостоктағы саммитте әлемдік экономикасы дамыған елдердің алдында өздерінің шарасыздығын көрсетті. Путин бүкіл әлем алдында масқара болды. Дәрменсіздігін көрсетіп, бірде-бір сұраққа жауап бере алмады. Экономикасы нашар. Оны қорықпай айтуымыз керек.

Біздің халық өте енжар. Ендігі кезекте әр азамат өз тағдырына өзі жауап беретінін сезінуі керек. Елдің тағдырымен, өзінің тағдырымен бетпе-бет келеді. Сондықтан қорықпай референдумға баруымыз керек.

Мариана ГУРИНА, «Ұлағатты жанұя» қоғамдық қорының жетекшісі:

- Референдум әр адамға өз пікірін білдіруге мүмкіндік береді. Біз өзіміздің даусымыздың маңызды екенін сезінуіміз керек. Мен бұл елді, халықты жақсы көремін. Өзімді қазақпын деп санаймын. Бұл референдум барлық адамға өз ойын, көзқарасын білдіруге көмектеседі. Сондай-ақ, билік пен қоғамның арасында үлкен көпір болары анық. «Біз Кедендік одаққа кірдік» деп жариялады. «Біз» деген ол «мен» дегенді де білдіреді. Яғни, «мен Кедендік одаққа кірдім» деген сөз. Бірақ шын мәнінде мен өз басым ешқандай одаққа кірмедім. Бұл жөнінде билікті айыптауға құқығым бар.

Нұрлан ӘМІРЕҚҰЛОВ, саясаттанушы:

- 90-жылдары жекеменшікке өткізу кезінде экономикалық капитуляция болса, қазір тәуелсіздіктің 20 жылында саяси капитуляцияға көштік. Яғни, тәуелсіздікті басқаның қолына өткізе бастадық. Ерікті түрде отарлыққа кіріп барамыз. Бұл арада М.Тайжанмен келісемін. Кедендік одақтан шығу қажет. Және тек қазақтарды ғана емес, барлық елді, барша жұртты жұмылдыру керек.

Мәселен, Ресей Қытаймен бірікті делік. Ресейге 10 пайыздық үлес беріледі. Ресей ондайға көне ме, осындайға бара ма? Әрине жоқ. Демек,бұл саяси мәні бар үлкен жоба. Оған қазақтар бармауы керек.

Николай КУЗЬМИН, саясаттанушы:

- Мен Еуразиялық одақтан ешқандай қорқыныш пен үрей көріп тұрған жоқпын. Кіммен тауар айналымы жақсы - сонымен бірігетін болсақ, онда бізге Қытаймен бірігуге тура келер еді. Ресеймен тауар айналымы жақсарған жоқ. Беларусьпен де тауар айналымы әлі оңалмады. Керісінше, Қытаймен тауар айналымы артып барады. Дегенмен, бәрі - Қазақстан президентінің таңдауы. Референдум тақырыптарына келер болсақ, мұнда сын көп. Билік басқаны айтады, оппозиция  мүлде өзге дүниені айтады. Алайда қазір кімнің қолында билік бар болса, сонікі ғана дұрыс.

 

Ермек НАРЫМБАЕВ, саясаткер:

- «Фейсбук» әлеуметтік желісінде бірнеше сұрақ бойынша сауалнама жүргізілді. Сонда 48 мәселені халықтың өзі көтерді. Қазіргі біз көтеріп отырған Еуразиялық одақ мәселесі  маңыздылығы жөнінен 5-орында. Әкімдерді сайлау мәселесі - төртінші, митинг еркіндігі -  үшінші, мемлекеттендіру екінші орынға тұрақтады. Сот органдарындағы жемқорлық мәселесі бірінші орынға шықты. Осындай мәселелерді де қоғам назарына ұсынған жөн деп санаймын.

Осы референдумның өзі оппозицияны біріктіретін механизм. Бірігу керек. Және бізге жеңіс қажет.

 

Рысбек Сәрсенбайұлы, «Жас Алаш» газетінің бас редакторы:

- Бізде мемлекет үшін жауапты адам біреу-ақ.  Ол - президент Н.Назарбаев.  Қалғаны үкіметтің, парламенттің басшысы атанғанымен, сол бір кісінің айтқанына көніп, айдағанына жүретіндер. Ең өкініштісі, қазақ қоғамы өзінің мемлекеттік жүйесін осылай қалыптастырды.  Мұның әрқилы зардабын тартып келе жатқанымыз аздай, енді  тәуелсіз елдің дербестігіне қатер төнді. Терезесі тең емес одақ барымыздан айырады: қазба байлықтан да,  елді дербес басқарудан да, азаматтық еркіндіктен де, ұлттық болмыстан да. Азаттықты аңсаған бабалар рухына, қан төгіп, жан беріскен ерліктеріне жасалатын қиянат бұл. Жетпіс жылдан астам уақытта едәуір бөлігі ұлттық құндылықтардан ажырап, мәңгүрттеніп үлгерген қазақтың сорының зоры енді келе жатыр. Ал мұны сол бір кісі білмей ме?

Күллі билікті бір кісінің қолына беріп қою үлкен қатер екенін, оның түбінде мемлекетті жарға тақайтынын Алтынбек Сәрсенбайұлы кезінде ескерткен еді. Авантюристік идея көңіліне нық орныққан басшының басында бомба жатады.  «Әлемнің езілген таптарын» коммунизм идеясымен төңкеріске - қантөгіске бастаған Ленинді еске түсіріңіз. Коммунизмге тезірек жеткізу үшін орыс тілінен басқаны ұмыттырып, барша ұлттардан бір ғана «кеңес халқын» жасауға құлшынған Сталин мен Хрущевті де ұмытпайық. Бұлардың идеясы бомбадан кем бе еді? Қауіптілігі жағынан. Жарылыс кезіндегі - идеяны іске асыру барысындағы сойқанды салдары - миллиондаған адамның өшкен өмірі.  «Еуразиялық Одақ идеясын бірінші болып мен көтердім» деп сол үшін таласқан пенде - президент басында «бомба» жатқандай көрінеді маған.

Ал енді сол идея  бір кісіге не үшін керек болды? Шынымен-ақ Қазақстанның экономикасын өрге сүйреп, адамдардың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін бе? Олай бола қоймасын Қазақ ССР-і Министрлер кеңесін басқарған шағында қаражат бөлдіру үшін Кремльдегілердің көңілін табудың тәсілдерін қалай меңгергенін жыр ғып айтқан бір кісі білсе керек еді.  Одаққа кіргіш болсақ, Еуроодақтың өзіне неге ұмтылмаймыз? Батыстың демократия талаптарына татымайтынымыз кедергі ме? Ол жер авторитарлық билік көсемдеріне - Путинге, Лукашенкоға, Назарбаевқа тіпті жайсыз. Н.Назарбаевқа Ресейден ажырамау, соның дегенімен жүру, қолтығына кіріп пана табу маңызды шығар. Өзінің шексіз билігін сақтауы үшін.  Ресей - Беларусь одағына бірде көніп, бірде мөңкіген Лукашенконы оп-оңай жуасытқан орыстардың ақпараттық соғысы емес пе еді? Президенттік сайлау қарсаңында «Батько - 1», «Батько-2» фильмдерін НТВ каналы арқылы жарты әлемге көрсеткен соң-ақ, оның саудасы біте бастаған. Соңы «Батько-3»-пен - үшінші соққымен тынбасын сезген хоккейші Лукашенко тақыр мұзға жалп ете қалған. Мұндайдан сабақ алмайтындай қазақ президенті кеще емес қой, тіпті. «Елбасы - Қазақгейт», «Елбасы - Рахатгейт» сияқты сериалдарға қашанда сылтау табыла кетер...

Горбачевтың Назарбаевты  КСРО-ның немесе конфедерацияның премьер министрі қызметінен дәмелендіріп қойғанын жұртшылық ұмытпаса керек. Қазақстанның республикалар арасында тәуелсіздігін ең соңынан жариялауының себебін содан іздейтіндер қателесе қоймаған секілді. Орындалмай қалған арманға - бір елдің ауқымынан шығып (Қазақстан тақиясына тарлық еткен соң), екі-үш мемлекеттің ортақ билігінің ұшар басына жетсем дейтін құрғыр әуестіктің ынтызарлығы оны осы жолға итермелеген бе? Кім білсін?!

Қалай десек те, Кедендік Одаққа кіргізу арқылы қайтадан бодандыққа бастаған президенттің үлкен қателік жібергенін ашық айтамыз. Шыдамсызданып шамданса да, тыңдағысы келмей тәкаппарланса да. Өйткені, барша халықтың, мемлекеттің тағдырына, елдің тәуелсіздігіне қатысты мәселені жеке дара шешуіне оның құқы жоқ! Он рет әділетсіз сайлау өткізіп, 100 пайыз дауыс алса да!

Назарбек ҚАНАФИН, шоқантанушы:

- Бүгiнде жалпыхалықтық республикалық референдумның өткiзiлуiн жергiлiктi тұрғындардың барынша қолдайтыны - келешекке үмiт арттырады. Қалың ел қара түнектi ысырып тастап, өзiн құлдыққа итермелеген  билiкке қарсы батыл үн көтерiп, өздерiнiң заңды құқықтарын талап  ету үшiн референдум арқылы жер бетiнен құрып кетпеу әрекетiне кiрiспек. Үнiн тыңдамайтын таскереңдерге халық қаһарының жойқын күшiн бейбiт жағдайда заң арқылы дәлелдемек. Соңғы кездерi билiк ойлап тапқан үштұғырлы тiл, Еуразиялық  одақ, кедендiк одақ, соттың шешiмiнсiз халыққа қарсы қару-жарақ қолдану, шетел компанияларына кең жол ашу сияқты ұлттық мүддеге қарсы  бағытталған құпия жоспар, бағдарламалардың елдi ашындыруы референдумның өтуiн талап еттi. Егер билiк зиялы қауым, халық, қоғам ұсынған, оны оппозициялық партиялар, үкiметтiк емес ұйымдар, тұтас ел қолдаған референдумды өткiзуден үрейленiп, оған кедергi жасайтын болса, онда мұның арты аса қауiптi төңкерiске айналады. Ашу-ыза кернеген халық ендi дара билiктiң қорлық-зорлығына шыдамайды. Ерiксiз қантөгiске, өлiспей берiспеске бел буады. Арты жойқын алапатқа айналуы  ықтимал. Қазақтың соңғы серпiлiсi жеңiспен аяқталады.

Алтынбек Сәрсенбайұлы 2005 жылы көрегендiкпен «төңкерiс деген - елдi  басқарып отырған ұлттық элитаның тозғанын көрсетедi» деген едi. Ол төңкерiске жеткiзбеудiң жолын ұсынды. Халық сол өмiршең идеяны қолдап, осы идеяны iс жүзiне асырудың жолы жалпыхалықтық референдум екенiн түсiндi. Бейбiт жағдайда өтетiн тұтас халық қолдаған референдум тәуелсiздiгiмiздi де, мемлекеттiгiмiздi де, азаматтық құқығымызды да сақтап қалатын бiрден-бiр тетiк, ұлы күш болмақ. Референдум - тәуелсiздiгi шайқалған елдiң рухын оятып, көкiрегiне сенiм ұялататын, тарихи атамекенiнiң заңды иегерi болуына негiз қалайтын парасатты жол. Бұған әрбiр адам өте жауапкершiлiкпен қатысуы керек.

Виктор Ямбаев, Алматы кәсіпкерлер қауымдастығының президенті:

- Жастар Қазақстан боданда, отарда болған деп жатыр. Қазақстан ұлы мемлекеттің бір бөлігі болған. Сол ұлы мемлекетпен бірге талай зұлматтарды басынан өткерді. Ресейдің империялық амбициясы туралы сөз айтылуда. Қайдағы «империялық амбиция»? Ешқандай амбиция жоқ. Өйткені қайда бара жатқанын Ресейдің өзі де білмейді. Оның үстіне қазір дүниежүзі бойынша барлық бақылау тетіктері істен шыққан.

Интеграциялық процестердің не үшін құрылып жатқаны әлі ешкімге біліне қойған жоқ. Біздегі ең үлкен интеграция - трансұлттық корпорациялар  мен оффшорлы аймақтар арасында жүріп жатыр. Ресей өзі қайда барарын білмей отыр. Мәселен, Өзбекстан АҚШ-қа жалтақтап жүр. Күндердің күнінде олар да Ресейге қайта айналып келеді. Ал қазіргі интеграциялардың басты проблемасы - элитаның ауыспағанында. Сондықтан интеграция туралы сөз болғанда тек қана экономикалық интеграцияны айтуымыз керек. Қазақстан - 80 пайызға, Ресей - 60 пайызға импортқа тәуелді ел. Біздің проблема - осы. Қазір парасыз шеге қаға алмайтын жағдайға жеттік. Яғни, кеңестік ескі уақытта қалып қойдық. Сондықтан қазақ тілінің, орыс тілінің мәртебесі туралы, империялық амбиция туралы емес, экономикалық проблеманы айту керек. Қайдағы амбиция?

Қай жерде мұнай бар болса, сол жерде өмір бар. Және сол жерде қан төгіледі. Бұл - заңдылық. Интеграция мәселесінде ең басты «Кім үшін?» деген сауалға жауап таба алмадық. Кедендік одақ адамдар үшін бе, әлде адамдар Кедендік одақ үшін бе? Бізге алдымен өз ішімізден интеграция қажет. Ал қазіргі мемлекетаралық интеграциядан әзірге жақсы нәрсе бола қоймады. Және алдағы күндері жаман дүние бола қоймасы анық. Сол үшін референдум керек емес. Біз оған дайын да емеспіз.

Төлеген ЖҮКЕЕВ, мемлекет және қоғам қайраткері:

-  Кедендік одақтан шығу мәселесі оңай нәрсе емес. Парламент қол қойып мақұлдаған Кедендік одаққа бірігу жөніндегі халықаралық келісімшартты аттап кету - мәселені тығырыққа тіреп, қиын жағдайға тап қылуы мүмкін. Кедендік одаққа байланысты шешім қабылданғанша, бұл туралы сын айтып, қарсы пікір білдіргендер түсінікті мәлімдемелер жасамады. Сол кезде ешкім ешкімді референдумға шақырмады, одаққа кірмеу туралы тегеурінді қарсылық танытпады. Енді одақтан шығу мәселесін төтесінен қою бір жағынан патриоттық тұрғыдан дұрыс көрінуі мүмкін. Ал бір жағынан түсініксіздеу көрінетінін ұмытпайық. Өйткені кеше қарсылық білдірмеген мәселеге бүгін референдумға шақырып, қарсылық таныту қалай болады? Әлі келісімге келіп, шешімі қабылданбаған Еуразиялық одаққа және құжат бойынша қабылданып кеткен Кедендік одаққа қарсылық таныту мәселесі жөнінде әлі де ойланған дұрыс шығар?

Мұхтар ТАЙЖАН:

- Бірыңғай экономикалық кеңістік - бұл 170 өкілеттілікті жоғары ұлттық органға ұстату деген сөз. Сондықтан Кедендік одақ пен Бірыңғай экономикалық кеңістіктен шықсақ, Еуразиялық одаққа кірмеу мәселесі өздігінен шешіледі. Егер бұдан жеңіліс тапсақ та, ұтылмаймыз. Осы екі бірлестіктің құрамында қалғанымызбен, Еуразиялық одаққа қарсы күресті ары қарай жалғастырамыз. Халықаралық ұйымдардан шығуға тоқталсақ, 1963 жылғы Вена конвенциясына сүйенуге болады. Ол бойынша мемлекет кез келген халықаралық ұйымнан шығуға құқылы. Тек бұл шешімі жайлы жарты жылдан бұрын немесе келісімшартқа сәйкес хабарлауы керек. ондықтан референдум арқылы  қоятын біздің талап орынды әрі заңды.

Дөңгелек үстелдегі талқылауда арнайы мәлімдеме қабылданды. Оны В.Ямбаев секілді бірен-саран адам қолдамады. Алқалы жиынды жүргізген Б.Әбілев пен Р.Сәрсенбайұлы маңызды мәселені талқылауға белсене қатысқан көпшілікке алғыс айтып, кезектегі тақырыптарды жұртшылық есіне салды.

«Abai.kz»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5373