Украина: Қырым, Луганск және Донецк бойынша келісе алмаймыз
НАТО таяу 5-10 жыл ішінде Украинаны өз қатарына қосып алу мәселесін талқылауға дайын емес. Киев болса әскери альянсқа "кіру үшін күреспейді".
Бұл туралы Рададағы "Халық қызметшісі" фракциясының лидері, орыс-украин келіссөзінде Украина делегациясының құрамында болған Давид Арахамия мәлімдеді.
"Орыс тараппен келіспей тұрған бір ғана мәселе — бұл Қырымды Ресейдікі деп тану және "Донецк халықтық республикасы" (ДХР) мен "Луганск халықтық республикасы" (ЛХР) деп аталған жікшіл аймақтардың егемендігін тану",- деді Арахамия.
Ол бұдан бөлек Украина басшылығының шетелге шығып кеткені жайындағы әңгімелерге пікір білдірді.
"Біз бірнеше күн бұрын сөйлесіп, соңғы минөттерге дейін Украинада қалу жөнінде шешім қабылдағанбыз. Біз құрбан болсақ та, символ болып қаламыз, украин халқы қасық қаны қалғанша, күреседі", - деді Арахамия.
Өз кезегінде Ресей президенті Владимир Путин жексенбі күні Франция лидері Эммануэль Макронмен және Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесті. Онда Путин кезекті рет "әскери операцияны" тоқтату үшін Киев Ресейдің барлық талаптарын орындап, орыс әскерлеріне қарсы соғыс әрекеттерін тоқтату керек екенін, болмаса операция соңына дейін жалғасады деген.
Ресей әскері Путиннің бұйрығымен Украинаға 24 ақпанда басып кірді.
Ресей Украинадан НАТО-ға кіруден бас тарту, Қырымды Ресейдің бір бөлігі деп тану, сонымен бірге "ДХР" және "ЛХР" аймақтарының егемендігін танудан бөлек, "денацификация" мен "демилитаризацияны" да талап етіп жатыр.
Abai.kz