Украинадан 1.5 млн адам босып кетті
Ресей Украинаға қарсы соғыс агрессиясын бастаған 10 күн ішінде босқындардың саны 1,5 миллионға жетті. Бұл туралы БҰҰ Босқындар істері бойынша жоғарғы комиссары Филиппо Гранди мәлімдеді.
Оның сөзінше, "бұл Екінші дүниежүзілік соғыстан бергі Еуропадағы миграциялық дағдарыс".
Украинаның Жоғарғы радасының Адам құқықтары бойынша арнайы өкілі Людмила Денисова "Луганск халықтық республикасы" (ЛХР) деп аталған жікшіл аймақтың бақылауына өткен жергілікті тұрғындарға ЛХР төлқұжатын алуға мәжбүрлеп жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, тұрғындардың украиналық төлқұжатын күшпен тартып алып жатыр. Әзірге бұл мәліметті басқа бұлақтардан растауға мүмкін болмады.
Осы ортада орыс армиясының қоршауында қалған Мариуполь қаласының халқын шығарып алу әрекеті іске аспай жатқаны хабарланды. Ресей қолдап отырған жікшілдер мен украин билігі гуманитарлық дәлізге жағдай жасамай жатыр деп бірін бірі кінәлап жатыр. 400-дей адамды эвакуациялау жексенбі түстен кейін жалғасу керек болған.
Халықаралық "Шекарасыз дәрігерлер" ұйымы Мариупольдағы гуманитарлық жағдайды апат деп атады – қалада су, электр энергиясы және жылу жоқ.
Abai.kz