Жұма, 22 Қараша 2024
Бұ не мазақ? 4121 17 пікір 11 Наурыз, 2022 сағат 14:47

Батырлардың есімін қорлаған әкімді әруақ атады!

«Ұлтқа қарсы жұмыс істейтіндердің
 атасына нәлет!»
М.Шаханов

...Бір қазақ бір ауданның құлағын ұстапты дейді. Ұстаған бойда шопырын жіберіп, аулынан әкесін алдырыпты, кабинетін көрсетіпті. Сосын әкесіне қораздана, шекесінен қарап тұрып: «Әке, сіз маған  адам болмайсың» деп ұрса беруші едіңіз, ал, мен, міне, білдей әкім болдым!» деп мақтаныпты. Сонда әкесі кең кабинетке сыймай тұрған ұлына: «Ақымақ, түкке түсінбепсің, мен саған әкім болмайсың деген жоқпын, мен саған адам болмайсың дегенмін!» деп, шығып кетіпті.

Көкшетаудағы Бурабай ауданының әкімі Әсет Мұздыбаев деген де әкім болуды адам болу деп түсінетін, көкірегінің буына нан піскен сауатты наданның бірі болса керек, аты адам болғанмен, заты адамшылықтан мүлдем алыс жатқан жан екенін көрсетіп, саудың тамағын жеп, есалаңның ісін істепті - аудан орталығы Щучинск кентінен Едом (?) көшесіне Бауыржан Момышұлының, Коммунистік көшесіне Рахымжан Қошқарбаевтың, Трудовая көшесіне Талғат Бигелдиновтің аты берілуіне қарсы шығып, көнбей қойыпты: ««Ономастикалық комиссияның оң шешіміне қарамастан бұл талқылау болмайды. Қазір қоғамдық-саяси жағдай бұған мүмкіндік бермейді. Егер көше атын өзгертсек, ол жерге асфальт төселіп, жарық пайда бола ма? Бұл қазір көтеретін мәселе емес»» деп оттапты. «Ұрының аты өзіне сай болады» дейді ғой, қ асында оның сөзін «есть важнее дела, чем переименоваине улиц» деп қоштап, Щучинск қаласының әкімі Ерлан Қаппаров отыр). https://azattyq-ruhy.kz/society/34765-burabaida-audan-kim-kazak-batyrlaryna-koshe-atauyn-beruge-karsy-boldy Негізі жарымаған байқұстар-ай...

Бес күн бұрын осы оқиға жайлы оқығанымда өз көзіме өзім сенбедім. Тіпті, есеңгіреп, табан астында не жазарымды білмедім. Оның үстіне сонау Астанадан құда түсіп, жиен ұлға келіншек әкеліп, беташар-той өткізу қабаттасып кетті. Бәрібір, сыртым күліп жүргенмен, ішкі дүнием ұлып жүрді. Себебі, бұл үш батыр да жай ғана батыр емес, әлемде теңдесі жоқ ерлік жасаған ЕРЕН жандар – Бауыржанның Мәскеуді қорғағандағы даналығы мен батырлығы шет елдердегі әскери академияларда арнайы курс болып оқытылады, ал, Рахымжан Берлинді қоршаған 1,5 млн.әскердің ішінен Рейхстагқа бірінші болып ту тіккен адам, Талғат Бигелдинов Кеңес Одағының Батыры атағын екі рет алған.

Айтпай кетуге болмайтын нәрсе, Бауыржан мен Рахымжанның ерлігін Кеңес Одағының шовинистік орыс билігі лайықты бағаламаған. Берлинді қоршаған 1-Белорус майданының қолбасшысы Г.Жуков соңғы шабуылдың алдында «Рейхстагқа Ту тіккен адамға Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі» деп жариялап тұрып, Рахымжанға шабуыл алдында өз қолымен полк Туын тапсырған полк командирі Шатилов Жуковқа телефон соғып, «аға сержант Қошқарбаев пен қатардағы жауынгер Булатов Рейхстагқа Ту тікті» деп сүйінші сұрағанда Жуков: «Е...мать, каких азиатов ты суешь мне!» деп айқай салса; 1950 жылдары Жұмабек Тәшенов КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумы Төрағасының орынбасары ретінде Баукеңе Батыр атағын беру туралы мәселе көтергенде маршал И.Конев «только через мой труп!» деп отырып алған.

Кеңес өкіметі осыну ерлердің ері - екі ЕРЕНДІ  өздерінің көзі тірісінде бір қорласа (Ресейдегі Г.Булатов Рейхстагқа Ту тіккендігіне лайық Жұлдызы болмаған соң ауылдастарына шын батыр екенін дәлелдей алмаған қорлыққа күйініп, ішімдікке салынып өлген), Тәуелсіз Қазақстандағы аудан әкімі енді, оларға Т.Бигелдиновты қоса, олардың  әруағын қорлап отыр.  Өткенде Қостанайда, өзінің көзі тірісінде-ақ «қазақтың Рухани көсемі» атанған Ақаңа  мемориалдық кешен салуға қарсы шыққан Ескендирова, Өтебаева деген депутатсымақтардың қылығы анау. Бұрын би-шешен, ақын-жырау бабаларымыз келемеждеп бата сұраған бай-бағыландардың ит терісін басына қаптайды екен. Ол - жалынан ұстатпайтын, басынан сөз асырмайтын асау қазақтың дені сау кезі еді. Бүгінгі қазақ - арғы жағын айтпағанда жетпіс жыл екінші сортты ұлт еткен кеңестік дәуірден, зардабы одан жетпіс есе тасып түскен, өзін қор тұтқан, өзгені зор тұтқан, қазақты үшінші сортты ұлтқа айналдырған, «сен құл болмасаң күл бол, менің құлағым тыныш болса болды» деген отыз жылдық назарбаевтық дәуірден кейін рухы енді ғана қайта тірілген қазақ. Бұрынғы қазақ бұндайларды елден аластар еді - ол кезде елден қуылу (отаншыл қазақ рудың өзін елге теңеп, танысқанда «елің не? деп сұрайды) ең ауыр жаза еді - бүгінгі билік тізгінін ұстағандар Мұздыбаевты ел түгіл жұмысынан қуатынына да үміт аз. Ендеше, үшеуін де «Ұлттың ұстыны» деп атауға әбден болатын батырларымызды бұлардай шіріген жұмыртқаларға қорлатып қалай қарап отырамыз, қолымызда билік болмаса да, аузымызда тіліміз бар ғой, ата-баба жолымен «теріс батамызды» берейік!

«Аллаға жазсаң – оңарсың,
Әруаққа жазсаң - оңбайсың!»
Деген сөзін қазақтың,
Өмірі естіп-білмеген,
Естісе де құлағына ілмеген.
Әкеден тәлім көрмеген,
Анадан тәрбие алмаған.
Қазақ болған соң ғана,
Қонжиғанын әкім боп,
Түсінуге мыйы жетпеген,
Мұздыбайдың Әсеті!
Адамдық жоқ қасиеті,
(Мың-мыңдаған әсеттер)
Құлағыңа құйып ал,
Мынау – қазақтың өсиеті:
«Ер мәнісін білмеген,
Ел мәнісін білмейді!
Ел мәнісін білмеген,
Жер мәнісін білмейді».
Қазағымның сені жері ұрсын!
Сол жерде өскен наны ұрсын!
Тұзы, барлық дәмі ұрсын!
Сен қорлаған ерлердің,
Әруағының бәрі ұрсын!
Әулиекөл, Жасыбай,
Көлдерімнің суы ұрсын!
Балқарағай орманның,
Дертке шипа нуы ұрсын!
Жетпіс бенен тоқсаннан,
Асып өлген үш Ердің,
Сақалының ағы ұрсын!
Үш Батырдың бағы ұрсын!
Арам боп шығып досың да,
Айналып келіп тағы ұрсын!
Күнің өтсін тарығып,
Жылың өтсін зарығып,
Жылауменен, зарлаумен,
Бармағыңды шайнаумен,
Өмірің өтсін торығып!

Өмірзақ Ақжігіт

Abai.kz

17 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1453
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3216
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5255