Шамбаланың шындығы қайсы?
Адамзат мәңгілік өмір туралы сонау ықылым заманнан бері толғанып келеді. Өйткені мына жарық дүниені ешкім қиып кеткісі жоқ. Содан болар мәңгілік өмірге жол ашатын кілтті табу кімнің де болсын арманы. Жеке адам тұрмақ «бәленбай деген жерде, түгенбай деген таудың астында мәңгіліктің кілті сақтаулы екен» деп, аты дардай мемлекеттер де арнайы экспедиция шығарып, іздеу салды. Бірақ «таптық» деген ешкім жоқ. Сондай бір жұмбақ мекен - Шамбала бар дегенге адамдар әлі де иланады. Үмітін үзбейді. Осы саланы зерттеп жүрген ғалымдардың айтқанына қарағанда, жер бетінде ондай мекен жоқ емес. Бар. Тіпті біреу де емес, жетеу. Олар дүниенің төрт түкпірінде шашыраңқы орналасқан. Әзірге ғалымдар ондай мекендердің бесеуін анықтады. Біреуі - Тибетте. Лхасы қаласынан 50 шақырым жерде. Екіншісі - Мысырда. Нақтылай түсетін болсақ, Асуан ГЭС-і орналасқан ауданда. Үшіншісі - Ресейдің Кольск жарты аралында (Луяврурт), тағы бірі - Антарктидада, соңғы бесіншісі - Перудегі тылсым көл - Титикакада.
Адамзат мәңгілік өмір туралы сонау ықылым заманнан бері толғанып келеді. Өйткені мына жарық дүниені ешкім қиып кеткісі жоқ. Содан болар мәңгілік өмірге жол ашатын кілтті табу кімнің де болсын арманы. Жеке адам тұрмақ «бәленбай деген жерде, түгенбай деген таудың астында мәңгіліктің кілті сақтаулы екен» деп, аты дардай мемлекеттер де арнайы экспедиция шығарып, іздеу салды. Бірақ «таптық» деген ешкім жоқ. Сондай бір жұмбақ мекен - Шамбала бар дегенге адамдар әлі де иланады. Үмітін үзбейді. Осы саланы зерттеп жүрген ғалымдардың айтқанына қарағанда, жер бетінде ондай мекен жоқ емес. Бар. Тіпті біреу де емес, жетеу. Олар дүниенің төрт түкпірінде шашыраңқы орналасқан. Әзірге ғалымдар ондай мекендердің бесеуін анықтады. Біреуі - Тибетте. Лхасы қаласынан 50 шақырым жерде. Екіншісі - Мысырда. Нақтылай түсетін болсақ, Асуан ГЭС-і орналасқан ауданда. Үшіншісі - Ресейдің Кольск жарты аралында (Луяврурт), тағы бірі - Антарктидада, соңғы бесіншісі - Перудегі тылсым көл - Титикакада.
Біздің әңгіме еткелі отырғанымыз, Ресейдің Кольск жарты аралындағы жұмбақ мекен жөнінде болмақ. Ленин басында тұрған Кеңес мемлекеті елдің алды болып 1922 жылы тылсым күшке ие мекенді іздеу үшін арнайы құпия бөлім жасақтады. Әрине, оған қарапайым адам алынған жоқ. Тек ғалымдар мен жердің қыртысын зерттеуші саланың адамдары енді. Мақсат - Кольск жарты аралындағы таулы Луяврурт ауданын зерттеу. Экспедицияны биолог, географ, геолог, тарихшы әрі жазушы Александр Барченко басқарды. Ал орынбасары болып астролог, астроном және бірнеше тілді жетік (үнді, жапон, қытай) білетін Александр Кондиайн тағайындалды.
Кремль қожайындары экспедицияның алдына, қалайда жарты аралдағы құпия мекенді тауып, ол жерде бізге дейін өткен өркениеттің қалдырған қоймасынан ерте заман білімін, яғни атом қаруын және психотрондық қаруды қалай жасаудың жазбаларын алып келу міндетін қойды. 1921 жылы экспедиция Мурманск қаласында жасақталды. Әрине, бәрі құпия түрде жүргізілді. Жалпақ жұртқа бұл топ Кольск жарты аралынан пайдалы қазбаларды іздеуге аттандырылды деп түсіндірілді.
1922 жылы қыркүйек айында экспедиция діттеген мекенге жетті. Одан ары жағдай қалай болды? Арнайы топ іздегендерін тапты ма? Бұл әлі күнге жұмбақ. Себебі осы экспедициядан оралған топтың мүшелерінің бәрі 30- жылдары белгісіз себептермен ату жазасына кесілді. Одан құтылған ешкім жоқ. Не үшін? Себебі айтылмайды. Демек, экспедиция мүшелері үлкен құпияның бетін ашқан болып тұр...
Осы жолдарды жазып отырған біз де, Барченко басқарған экспедицияның Кольск жарты аралында іздегенін тапты ма, жоқ па, ол жағынан хабарсызбыз. Сондықтан сол жарты аралда орналасқан Солтүстік Шамбаласы деген атқа ие мекен жөнінде өзге деректерді алға тартудан басқа амалымыз жоқ. Алдымен «Солтүстік Шамбаланы» тапқан неміс археологы әрі географы Герман Вирт. Бұл азамат кейіннен (30-жылдары) «Аненербе» атты оккульттық қоғам құрғаны белгілі. Мұның жұмысына Үшінші Рейх аса маңыз беріп, әлемнің әр қиырынан Уақыт кілтін іздеу үшін экспедициялар ұйымдастырғаны белгілі. Бұл - жеке әңгіме. Герман Вирттің тапқан жері Үшінші Рейхқа белгілі болысымен ол мекенді басып алу үшін Германия 1939 жылдан бастап дайындық жүргізе бастады. Осы себепті, Батыс беті аталатын шығанаққа сүңгуір қайықтар тоқтайтын «Базис Норд» деген құпия база салды. Оның басшысы болып «көне білім» маманы атанған генерал Карл Хаусхофер тағайындалды. Ол бұған дейін де Тибеттегі Шамбаланы іздестіру жорықтарына қатысқан болатын.
1941 жылы соғыс басталысымен немістер Луяврурт мекеніне жылжыған. Бірақ Кеңес әскері жолды бөгеді. Сөйтіп, немістердің Солтүстік Шамбаланы басып аламыз деген жоспары жүзеге аспай қалды.
Енді екінші бір дерекке жүгінейік. Бұл маңды ертеден ит пен бұғыны көлік етіп мінген, саам тайпасы мекендеген. Олардың тілінде «Лу» - «буырқанған», «явр» - «көл», «урт» - «тау» деген мағына береді екен. Демек, Буырқанған көлдегі тау деген сөз шығады. Ғалымдардың есебінше, бұл жерде бұдан 300 миллион жыл бұрын сөнген жанартаудың орны жатыр. От-лава төгілген аймақ 550 шаршы шақырымды құрайды. Айналасын қалың орман, Тайга қоршап жатыр. Жанартаудың орта тұсында көлемі 40 шаршы шақырымды құрайтын шұқыр бар. Ол суға толған. Жергілікті жұрт «Қасиетті көл» дейді. Көлге 12 өзен мен көптеген бұлақ құяды. Бір таңғаларлық дүние, көл солтүстіктің 40-50 градус суығында да қатпайтын көрінеді. Көлдің солтүстік-батыс жағалауында әдейі өткір арамен қиып тастаған секілді бір беті айнадай жалтыр үлкен жартас бар. Жартастан адам бейнесіне ұқсаған алып оқшау тас шығып тұр. Биіктігі - 74 метр. Мұны жергілікті тайпа адамдары Куйвы алып адам деп атайды. Олардың ескіден қалған аңыздарында әлгі алып «бөтен ғаламшардан» келгендермен соғысып, жеңген екен. Саамдықтар әлгі жартас маңына баруға қорқады. Келе қалған туристерге де Куйвыны суретке түсірмеңдер, пәлеге ұрынасыңдар деп жатады. Олардың тілін алмаған кейбір туристер бірнеше мәрте жол апатына ұшырап, қаза болған көрінеді. Көне өркениеттен қалған құпия білім сол алып тастың маңайына тығылған деген аңыз бар. Оны тапқан жан мәңгілік өмір сүреді, өткен уақытқа кері оралғысы келсе, оған да мүмкіндігі бар. Әлемнің қожасы бола алады дейді ескі саам аңызы. Кім білсін? Өткен ғасырдың 20-30-жылдары немістердің, ағылшындардың және орыстардың осыны іздеп жер шарын шарлап кетуінің бір ұшы осы әлем қожасы атануда жатыр. Луявруртта әйтеуір бір тылсым күштің жасырылып жатқаны туралы ғалым, зерттеуші, саяхатшы Иоганн Пальм, Рерих және сол жерге арнайы барған экспедицияның бір басшысы болған Александр Кондиайн да күнделігінде жазып қалдырған...
Таңғаларлық тағы бір жайт, атмосфераның әсерінен көлге төнген жартас мүжілгенімен, алып адамға ұқсаған тасқа ешқандай сызат түспеген. Тәкаппар да тік қалпы, алысқа көз тіккен қалыпта тұр. Осының өзі-ақ бұл жартаста бір тылсым күштің бары анық екенін көрсететіндей. Тағы бір дүние, оның маңынан белгісіз аппараттың сынықтары табылған. Зерттеу барысында әлгі заттар жерде сирек кездесетін элементтердан жасалған болып шыққан. Төзімділігі, беріктілігі темірден жүз есе мықты. Ғалымдар бөтен ғаламшардан келгендердің апатқа ұшыраған кемелерінің қалдығы болуы мүмкін деген қорытынды да.
Жалпы, Солтүстік Шамбалаға байланысты алып-қашпа әңгіме көп. Оның бәрін тізіп шығу мүмкін емес.
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ
"Айқын" газеті