18 наурызда Алматыда студенттер фестивалі өтеді
16 наурыз күні Алматы белсенділерінің ұйымдастыруымен “Жаңа Қазақстан” тақырыбында жастар қозғалысын ұйымдастыру туралы отырыс өтті.
Іс-шараға қоғам белсендісі, меценат Сырымбек Тау, шығармашыл жастар өкілі Оңдасын Кұлымбет, G-38 студенттік қозғалысының негізін қалаушы Айсұлу Ерниязова, спорт шебері Жанқош Тұраров, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ проректоры Әлия Масалимова, Абай атындағы ҚазҰПУ проректоры Шыңғыс Нұрланов, ҚБТУ проректоры Екатерина Смолякова, ХБК проректоры Қайыржан Меңдіғалиев және өзге де ЖОО-дардың өкілдері қатысты.
Шара барысында спикерлер жастар мен студенттердің белсенділігін арттыру мақсатында қоғам белсенділері тарапынан қандай жұмыс атқарылу керектігін айтты. 18 наурыз күні сағат 14:00-де Алматы жастарына жақсы серпіліс беру үшін «Алматы аренада» жеке кәсіпкерлердің қолдауымен концерт өтетінін хабарлады. Бұл концертке танымал өнер жұлдыздары мен атаулы азаматтар қатысады, олар мерекелік бағдарламамен қоса, өнегелі әңгіме айтып, өз тәжірбиесімен бөліседі.
«Соңғы уақытта айналамыз негативке толып кетті. Студенттеріміз онлайн оқу форматына көшкелі бері, қоғамдық істерге белсенді ат салыса алмай жүр. Сондықтан біз жастарға жақсы көңіл-күй сыйлап, оларға өз тәжірбиемізбен бөліссек деген ниеттеміз. Мақсатымыз партия құрып, саяси мансап бастау емес. Азаматтық әрі ағалық жауапкершілігімізді сезініп, жастарды жақсы істердің басында біріктірмекпіз – деді осы отырыстың ұйымдастырушысы Сырымбек Тау.
ЖОО-дардың проректорлары жеке кәсіпкерлердің мұндай ниет білдіріп, қоғамға пайдалы іс ұйымдастыруын студенттердің қуана қарсы алқанын хабарлады:
«Жастарды қолдауға бағытталған бұл шараны біздің студенттер жақсы қабылдады. Қазірдің өзінде 10-нан астам ЖОО басшылығы айтылған жұмыстарға үлес қосуға өз ниеттіліктерін білдірді. Осы отырысты ұйымдастырудың мақсат-мүддесі бүгінгі президент жолдауына айтылған мәселелермен тұспа-тұс келеді. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Қазақстан бізден басқа ешкімге керек жоқ» деді. Үкімет тапсырмасынан бөлек қоғам белсенділерінің бірігіп ел дамуына қадам жасауы, президент сөздерін дұрыс түсінуіміздің белгісі – деді ХБК проректоры Қайыржан Меңдіғалиев.
Шара ұйымдастырушылары бұдан кейін де жастарды қолдауға арналған өзге де жұмыс атқару жоспарда бар екенін хабарлады.