Дэн Сяопин және Қытайдың әскери стратегиясы (соңы)
Басы: Дэн Сяопин және Қытайдың әскери стратегиясы
Жалғасы: Дэн Сяопин және Қытайдың әскери стратегиясы
Қорғаныс өнеркәсібі мен қорғаныс ғылым–техникасын тұтас мемлекеттік жоспарға енгізу керек
Әлемдік бейбітшілік мәңгілікке орнамайынша, мемлекеттік қорғаныс күн тәртібінен түспек емес. Ал мемлекеттік қорғанысты қалай бекемдеу керек? Әлем елдері түрлі-түсті бағыт ұстанады. АҚШ - әлемдегі әскери қуаты ең ғаламат мемлекет. Бірақ ода дербес әскери өнеркәсіп деген болмайды. Тап-таза әскери қажеттіліктерді дайындайтын арнайы завод та жоқ. Ал оның әскери өнеркәсіп өндірісі жалпы халықтық өнеркәсіппен біте қайнасып кеткен. Мысалға, атақты «Форд» автомобиль серіктестігі автомобильдің түр-түрін өндіруден тыс танк, ұшақ, соғыс кемелеріне арналған зеңбіректер, тіпті ғарыш кемесіне дейін өндіре береді. АҚШ-тың тағы бір кереметі оның қорғаныс ғылымы үкімет, армия, кәсіпорын және жоғары оқу орындарының ғылыми потенциалы бірлесіп атқарады. Ал олардың ғылыми жетістіктері тек әскери өнеркәсіпте ғана қолданылмайды, сонымен бір уақытта қоғамдық қажеттіліктерді өтеуге де қолданылады. АҚШ-тың мемлекеттік қорғанысына жұмсалатын ғылыми зерттеуге арналған шығындары мемлекеттік қорғаныс бюджетінің 10% иелегенімен, оның ғылыми тапқырлықтары халық игілігіне жұмсалған кезде 5-7 еседен аса экономикалық табыс әкеледі. Бір ғана ғарыш технологиясының өзі коммерциялық мақсаттағы жер серіктерін ұшырып, ХХ ғасырдың соңына дейін 25 млрд АҚШ доллары табыс әкелген.
Қытайлар өзінің ежелгі тарихында Хан патшалығының армиясы шекара аймақтарда тың игеріп, ауыл шаруашылығымен айналысқан көрінеді. Бұдан тыс ҚХР құрылғаннан кейін Қытайдың Синь Цзянь аймағында «өндіріс құрылыс армиясы» деген құрылған болатын. Олар жайшылықта тың игеріп, ауыл шаруашылығымен айналысудан тыс, негізгі миссиясы сеператизмге қарсы тұру мен мемлекеттік қорғанысқа қолғабыс ету болды. Ал ресми мемлекеттік қорғаныс өнеркәсібі мен қорғаныс ғылым-техникасы мемлекеттің ерекше құпия салаларына жатады. Былайша айтқанда, сыртқы әлемге мүлде жабық. Халық шаруашылығымен үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Осындай томаға-тұйық жағдайдың кесірінен Қытай ядролық қарулы елдердің қатарына ерте қосылып, атом бомбасы, сутегі бомбасы қатарлы ядролық қаруларды ерте өндіргенімен, оның атом-электр станциясы құрылысы мүлде кенжелеп қалды. Қытай әлемде өзі жасанды серік ұшырған үшінші мемлекет. Бірақ оның жасанды серіктері халықтың қажетіне арналмағандықтан, олимпиадалық жарыстардың өзін тікелей эфирде тарату кезінде ұшан-теңіз қаржымен халықаралық байланыс каналдарын жалдауға мәжбүр болатын.
Басқа әлемнен мүлде оқшауланған, құпия, сырлы дүние өз-өзіне тұсау салудан басқа түк емес екендігін Дэн Сяопин терең сезіп-білді. Ол аталған саланың мүлде оқшауланған, томаға-тұйық дәуірін аяқтап, мемлекеттік қорғаныс өнеркәсібі мен қорғаныс ғылым-техникасын тұтас мемлекеттік жоспардың аясында қарастыру қажет деп шешті. Ондағы ең басты мақсат «әскери сала барлық жағынан мемлекеттік құрылысқа қалай көмектесу және белсенді қатысу мәселесін ойласып, шешуге тиіс» деген тұжырымнан бастау алады. Мұндағы көмектесу дегенде қорғаныс саласы жалпы жағдайды назарға ала отырып, өзінің запас күштерін халық шаруашылығын дамытуға жұмсауға міндетті деген сөз. Мысалға, әскери әуе күштері өз әуежайларын халықтық авиацияға бірлесіп пайдалануға беріп, халықтық авиацияның дамуына көмек көрсету керек. Теңіз армиясы өз әскери порттарын да бірлесіп пайдалануға беріп, мемлекеттік теңіз порттарының тасымал көлемін арттыруға үлес қосуға тиіс. Армия бір бөлім қосындарды мемлекеттің аса маңызды түйінді құрылыстарын салуға жұмсауға болады. Бұл бір қырынан мемлекеттік құрылысқа көмек болса, екінші қырынан армия мен халықтың ара-қатынасын жақсарта түседі.
Шындап келгенде, Қытай неше ондаған жылдан бері барлық тапқан-тергенін армияның аузына тосып, қорғаныс саласына ең озық жабдықтарды, үздік мамандарды, таңдаулы ғалымдарды топтаған болатын. Егер осыншалық мол ресурстарды халық шаруашылығына бұратын болса, ғаламат табыс әкелетіндігін Дэн Сяопин көреген саясаткер ретінде бірден түсінді. Бұл туралы Дэн Сяопин: «Бұлай істеудің сан-салалы пайдасы бар. Бірде-бір зияны болмайды», - деп бір-ақ кескен болатын. Расында, Қытайдың әскери өнеркәсібі салыстырмалы түрде озық, түрлі-түсті жойғыш ұшақтар мен бомбалау ұшақтарды өндіре алады. Не себепті осындай дайын тұрған мүмкіндікті халық қажетіне арналған ұшақтарды өндіруге пайдаланбасқа?! Қытайдың ұшқыштары шет елден сатып алынған ұшақтарды ұршықша иіріп жүр. Ал Қытайдың өз ұшақ өнеркәсібі тек әскери қажеттілікке ғана арналған. Олардың қарапайым халықтың өлген-тірілгенімен шаруасы жоқ. Оған қоса Қытайдың мемлекеттік қорғаныс өнеркәсібі айтарлықтай сапалы танктер мен бронетехникалар өндіруге қабілетті. Не себепті олар осы технологияны пайдаланып сапалы автомобильдер өндіріп, оны халықаралық базарларға сатпайды?! Ал шет елдің автокөліктері Қытай жолдарында құмырсқаша қаптап жүр. Осындай сұрақтар Дэн Сяопинді қатты мазалайтын. Сол себепті де ол осындай дайын тұрған ерекше мүмкіндікті халық қажетіне және өндірістің дамуына пайдалану қажет деп шешті.
Көмектесу дегенде, бір жақты ғана қарым-қатынас емес. Оның пайдасы шаш етектен. Және екі жаққа да тиімді. Мысалға 1985 жылдың өзінде әскери технологияны халық қажетіне жұмсаудың 20,000 факті тіркелді. Ал тапсырыс көлемі 1 млрд юаньді құрады. Демек бұл 1 млрд әскери шығынды қорғаныс өнеркәсібі өз есебінен жапты деген сөз. Әдетте технологияны өткермелеуден түсетін экономикалық өнімділік 1:7-1:10 бойынша есептеледі. Бұл деген сөз әскери технологияны халық игілігіне жұмсаудан мемлекетке 7-10 млрд экономикалық табыс кіреді деген сөз. Мемлекеттік қазынаның қоржыны толған сайын, мемлекет өз армиясын қаруландыруға да мол мүмкіндік алады. Міне, бұл Дэн Сяопиннің «Бұлай істеудің сан-салалы пайдасы бар. Бірде-бір зияны болмайды» деген тұжырымының айқын дәлелі болатын.
Әрине, Дэн Сяопиннің бұл тұжырымы Қытай үшін жаңалық болғанымен, озық елдер үшін қалыпты құбылыс болып саналатын. Мысалға, АҚШ-тың әскери және халықтық өнеркәсіптерінде мемлекеттік тапсырысқа сай әскери қажеттілік түрліше деңгейде қалыптасқан. Мысалға, АҚШ-тың әскери-өнеркәсібі «Локхид Мартин» корпорациясының өзі 80% әскери қажеттіліктерді өндірсе, 20% халық тұтынатын өнімдер өндіруге жұмсайды. «General Dynamics Government Systems Group» корпорациясы 67% әскери өнімдерді өндірсе, 33% халық тұтынатын тауарлар өндіреді. «Боинг» америкалық корпорациясы 54% әскери ұшақтар, 46% халық авицация ұшақтарын өндіреді. Бірақ Қытай бұл қадамға тым кеш барғанымен, Дэн Сяопиннің пәрменді саясатының арқасында АҚШ-ты басып озуға мүмкіндік алды. Мысалға, ХХ ғасырдың 90-жылдарының басында мемлекеттік қорғаныс өнеркәсібі өндірген халық тұтынатын өнімдердің үлесі 65% асты. АҚШ қырғиқабақ соғыс аяқталғаннан кейін, аса ауқымды әскери өнеркәсіп құрылымдарын халық тұтынатын өндіріске қарай бейімдей бастады. Ал Қытай 1980 жылдардың өзінде нөлден бастаса да, АҚШ-тан он жыл бұрын бұл жұмысты қолға алып, алпауыт ел АҚШ-тың өзін шаң қаптырып кетті.
Армияны тұтасымен адам баулитын мектепке айналдыру саясаты
Армияны оқытып, тәрбиелеу мен жаттықтыру мәселесінде Дэн Сяопин: «Армияны оқытып-тәрбиелеуде тек соғыс өнерін ғана үйрету жеткіліксіз. Сол себепті офицерлер мен сарбаздардың әскер қатарынан шегініп, өз ауылдарына барғаннан кейінгі тіршілігін де ойласуға тиіспіз», - деген болатын. Бұл деген сөз армия әскери қимылдардың қажетінен тыс өндірістік қажеттіліктерге де бейім болуы керек дегенді білдіреді. Бұл туралы Дэн Сяопин: «Барлық күш-жігерімізді жұмсап, армиямызды соғыс қимылдарын жүргізе алатын және социалистік құрылысқа да қатыса алатын әмбебап әскерді дайындауымыз керек», - деген еді. 1980 жылдың басында әскерді қысқартып, армияны сұрыптау науқаны кезінде жүздеген мың сардарлар жергілікті орындарға қайтып, тіршілік қамын іздей бастады. Бұл аса бір күрделі шақ болатын. Осы бір толқын өткеннен кейін де әр жылы көптеген сардарлар әскер қатарынан босап, жергілікті орындарда жұмыс іздейтін болды. Сол кездегі тәртіпке сәйкес әскери офицерлер жергілікті орынға барған соң да өз дәрежесіне сәйкес жұмысқа орналасуға тиіс. Олай болмағанда, әскерилердің көңілін орнықтыруға кері әсері болады. Шынында, ең шалғай шекаралық аймақтарда ауыздықпен су ішіп, етігімен су кешіп жүрген жас сардарды ауылына қайтқан соң, далаға лақтырып тастау әділетсіздік болар еді. Олай болғанда Отаны үшін от кешпесе де, ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген ел қорғандарын қорлау болып шығар еді. Бірақ көп өтпей-ақ үлкен бір қайшылықтың басы қылтиды. Олардың көбі саналы, тәртіпті жандар болғанымен,экономикалық қимылдардан мақрұм келеді екен. Өмірде, әсіресе, нарықтық қатынастар мықтап орнаған елде адамдар жұмысқа тек қана тәртіп үшін қабылданбайды ғой. Белгілі ерекшелігі, өнері, шеберлігі болуы керек деген сияқты. Бір бөлімін мемлекеттік мекемелерге әкімшілік бұйрықпен орналастырған күннің өзінде де, жергілікті жағдайға бірден бейімделіп кете алмайтындығы айқын көрінді. Оның үстіне штаттық шектеулердің салдарынан жергілікті орындарда да әкімшілік құрылымдарды қысқартып, штатты тежеу науқаны жүріп жатқандықтан, әскерден қайтқан адамның соқа басын сыйдыру оңайға түспейді екен. Енді қайту керек? Олардың болашақ тағдырын шешудегі әмбебап әдіс біреу ғана – оларды армия қатарында жүрген кезден бастап мақсатты түрде арнайы кәсіптерге баулып, болашақта жұмыс табуына кең жол ашу керек. Сол себепті Дэн Сяопин армиядағыларды оқытып, тәрбиелеп, соғыс өнеріне де жаттықтырумен бірге түрлі-түсті кәсіпке баулып, шеберліктерін шыңдауға да ерекше ден қойды. Бұл туралы Дэн Сяопин: «Біздің сарбаздарымыз осы заманғы соғыс өнерін шебер меңгеріп қалмастан осы заманғы ғылыми білімдер мен өндірістік білімдерді де қатар үйренуге міндетті. Олар саяси қызметтерді жетік меңгерумен қатар, басқару өнерін де үйренуге тиіс», - деп тапсырды. Демек, біздің бүгінгі ұғымымызбен алғанда, ол шебер менеджер де бола білуі керек. Ол және: «Осылай істегенде ғана біздің әскери сарбаздарымыз армия құрылысында өз міндетін абыроймен орындаудан тыс жергілікті орындарға қайтып барғаннан кейін де жарамды тұлға болып қалыптасуы керек. Соғыс қимылдары бола қалса, соғысқа сақадай сай болуға, былайша айтқанда, әскери қажеттілік пен тіршіліктің қажетіне бірдей сай болуға тиіс», - деп толықтырды. Ол қатардағы сарбаздардың әскери өнер, тәртіп пен саясатты меңгеруден тыс тіршілікке қажетті технологияларды меңгеруге, физика, математика, химия қатарлы жаратылыстық ғылымдардан да сауатты болуға, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылық өнерін игеруге қарым-қабілеті жетіп жатса, шет тілдерін де меңгеруге мүмкіндік жасауды қатаң қадағалайтын. Себебі, армия қатарынан қайтқан әрбір сардар мен сарбаз ертең-ақ қайнаған өмірге қайтып оралады. Отбасын құрып, бала өсіреді, қатын-баланың қамын ойлайды дегендей.
Бұл жерде Дэн Сяопинді ерекше толғандырған мәселелердің бірі жас сарбаздардың көбі жоғары білімді, оларды қосымша мамандандыру да қиын түспейді. Армия қатарынан қайтқан соң, мемлекет әлеуметтік жақтан аздап демеп жіберсе, тіршілік жолына тез бейімделіп кетеді. Ал қатардағы сарбаздар ше? Әрине, олардың көбі ауылдық жерлерден келетін болған соң, әскери міндеті аяқталғаннан кейін табиғи түрде ауылына қайтады. Ауылында егетін жері, бағатын малы бар дегендей. Бірақ, дәл осылай ойлаудың өзі тым жеткіліксіз екендігін Дэн Сяопин іштей сезіп-білетін. Олар бірнеше жыл армия қатарында болып, өз мемлекеті үшін ақы-пұлсыз адал қызмет етті. Оның ішінде ерекше еңбек сіңіргендері де бар. Олардың әскер қатарына өтініш беруі де өз өмірін өзгертудің қажеттілігінен туындаған болатын. Ал олар сол баяғы үйреншікті өмірге қайтып оралса, үмітсізденіп торығатындығы даусыз. Оның үстіне олар өз ауылына алыстап, сыртқы әлеммен танысып, көргені көбейіп, көз аясы кеңіп қалған жастар. Тағы бір қырынан олар қару өнерін еркін меңгеріп қайтады. Егер олардың өмірінде ешбір өзгеріс болмаса, іздегенін таппаса, арманына жетпесе, біреудің келемеж-мазағына ұшыраса, қылмыс әлеміне оңай беттеп кетуі мүмкін. Бір кездері Вьетнамдағы соғыстан қайтқан АҚШ сарбаздары құрама штатта дәл осындай күй кешіп, талай-талай қантөгістерге себеп болған болатын.
Дэн Сяопиннің армияны тұтас бір адам баулитын мектепке айналдыру саясаты әрбір сардарлар мен сарбаздарға әскери өнерден тыс технология мен өнер үйрету ерекше маңызды шешім болды. Қатардағы сарбаздардың көбі орта білімі бар, белгілі деңгейде сауатты жастар болғандықтан, оларға күнделікті жаттығудан тыс мал бағу, түрліше техникалардың тілін еркін меңгеру, жылыжайларды баптап, көкөністерді өсіру сияқты күндегі тіршілікке қажетті өнер мен білім меңгеріп, шеберлік пен кәсіптерге жаттығу еш қиындық тудырмайды. Бұрындары ауылдың үздік жастарының армия қатарына өтудегі арманы партия қатарына өтіп, мансапты болуға талпынатын. Қазір оларға тағы бір өмір есігі айқара ашылғандай болды. Олар әскердегі орайлы сәтті пайдаланып, тіршіліктің түрлі жолын үйренеді, білімін шыңдап, тәжірибесін жетілдіреді. Содан ауылына қайтқан соң, бір кәсіптің басын ұстап, өз шаруашылығын дөңгелетіп әкетуіне әбден мүмкіндігі болады. Осы жолмен неше ондаған жылдардан бері миллиондаған кәсіптік отбасылар өмірге келді. Кейбіреулер өз әулетін баю жолына бастаса, тұтас бір ауылды дөңгелетіп отырғандар да шетінен кездеседі.
Мұндай тәжірибе қазақ даласы үшін де жат болмауға тиіс. Біз кәсіби білімді жоғары және арнаулы оқу орындарынан, колледждерден үйренуге әдеттенгенбіз. Егер, жоғарылап оқуда жолы болмай, армия қатарына шақырылған қазақ жастарын әскерилермен қоса осылайша кәсіпке баулысақ, қазақ жастарының таланты мен талабы ешкімнен сорлы емес. Олар да өз ауылдарына қайтқан соң, өз кәсібін дөңгелетіп әкетеріне өз басым бек сенімдімін. Тек Қорғаныс Министрлігі Білім Министрлігімен бірлесе отырып, осындай реформаны қолға алса, дау жоқ, табысты болар еді.
Рақым Айыпұлы
Abai.kz