Сенбі, 23 Қараша 2024
Айбын 2548 0 пікір 26 Наурыз, 2022 сағат 12:57

Дэн Сяопин және Қытайдың әскери стратегиясы (жалғасы)

Басы: Дэн Сяопин және Қытайдың әскери стратегиясы

Әскери машық әдетке айналуға тиіс

Ескі Қытай мәтелінде «Әскерді мың күн бағу бір күндік соғыс үшін», «Мың күндік бейбітшілік болса да, әскерді бір күн машықсыз қалдыруға болмайды» деген сияқты ақыл-нақылдары көп болады. Дэн Сяопинмен майдан даласында ұзақ жыл әріптес болған маршал Лиу Бочын: «Жай күндері әскерді машықтыра білмеген адам соғыс кезінде әскерді істете де білмейді. Бұл қолында берекесі жоқ, ақша жинай алмайтын адамның үнемі соқыр тиынсыз жүретіндігімен бірдей», - деген болатын.

Дэн Сяопин әскери тәрбие мен әскери жаттығуды стратегиялық маңызды деңгейге қойып, ерекше ыждаһатпен іске асыра білді. Бұл үшін де пәлендей данышпандықтың керегі жоқ еді. Бейбіт заманда армияны соғысқа сақадай сай ету үшін жайшылықта соғыс қимылдары болмаған соң, тек машығу-жаттығу арқылы ғана әскерді соғысқа дайындауға болады. Бейбіт заман болған соң, көптеген билеушілер бұл жағдайға салғырт қарауды әдетке айналдырады. Мысалға, қазақ хандығы дәуірінде Тәуке хан билеген заманда қазақ 38 жыл бойы көршілерімен ұрыс-керіссіз, бейбіт күн кешіпті. Бейбітшіліктің қымбат екендігі дау тудырмайды, әрине, бірақ айналаңдағы анталаған жаумен күндердің күнінде қорамсаққа қол салып, егеулі найза қолға алып, майдандасуың да әбден мүмкін ғой. Міне, Тәукедей әділ де данышпан ханның өзі осыдан қателесті. Қазақтан әлденеше есе аз жоңғардың өзі 1723 жылы қазақ даласын қанға батырды. Бейбіт заманға әбден еті үйренген қазақ сарбаздары сайланған жаумен сайысуға дайын болмай шықты. Біздің қазақтың қанында бар жаугершілік қашан да бір жерден тесіп шығары хақ. Сол себепті қазақтар ең соңында өз ата жауы жоңғарды жер жастандырып, қазақ даласын басқыншы жаудан тазарта алды. Байырғы азат қазақ «Малым - жанымның садағасы, жаным - арымның садағасы» деп, құлдық қамытын кигенше, өлгенім артық деп білетін. Бірақ Қытай тарихын жетік білетін адам қытайдың сондай жауынгер халық емес екендігін жақсы біледі. Ежелгі Қытай мақалында «Қатыгез жаумен қарсыласып, ажал құшқанша,  итшелеп болса да өмір сүр», деп үйретеді өз баласын. Мүмкін, олардың көптігі осындай итшелеп өмір сүру жолын таңдағаннан да шығар. Тарихта көшпенді ұлттарға сан мәрте бодан болған қытайлар солардың билеуінде жүріп-ақ, сол билеуші халықтарды өзіне сіңіріп әкетті. Дэн Сяопин де өз халқын өте жақсы біледі. Халқы соғысқа қалай қараса, армиясы да солай. Сондықтан да қытай армиясы құдіретті қорғаныс қабілетіне ие болу үшін оны рухани жақтан шыңдаумен бірге әскери әдіс-тәсілдерді де шебер меңгерген қосынға айландыру керек. Бұл туралы Дэн Сяопин: «Егер армияны жаттықтыруға дұрыс мән бермейтін болсақ, кемінде соғыстың алғашқы кезеңінің өзінде масқара жағдайда жеңіліс табарымыз сөзсіз», - деген болатын. Бұл жерде Дэн Сяопиннің «кемінде» дегені қытай армиясы соғыс қимылдары арқылы әскери өнерді меңгергенге дейін ұшан-теңіз бодау береді дегендегісі еді. Миллиард халықты түп-түгел бодан етіп ешкімнің де ұшпаққа шықпайтындығы ең алдымен Дэн Сяопиннің өзіне түсінікті болатын. Бірақ саны көп, сапасы жоқ қалың тобыр қорғаныс қосындары өз халқын қорғамақ түгілі,  өз басын да қорғап жарытпайтын. 1979 жылғы Вьетнаммен соғыс қытай армиясының әуселесін бүкіл әлемге аймандай етіп әшкерелеген болатын.

Бұл жердегі жаттығу, әскери машық дегенде бұрынғыдай найзаласу, қарауылды көздеп ату, граната лақтыру емес еді. Дәстүрлі соғыс қимылдарының күні баяғыда өткен. Осы заманғы соғыстың кемінде екі түрлі ерекшелігі бар. Оның біріншісі жоғары технологияның соғыс қимылдарында қолданылуы. Екіншісі – түрлі әскери құрамалардың соғыс қимылдарында шебер сәйкесуі. Ал сол кездегі қытай армиясында дәл осы екі мүмкіндік те жоқ болатын. Сол себепті Дэн Сяопин әскери тәрбие мен армияны жаттықтыруды алпауыт елдердің армиясымен арадағы осы алшақтықты жоюға барын салды. Дэн Сяопиннің бұл еңбегі кешікпей-ақ өз нәтижесін берді. Сол арқылы қытай армиясының соғыс қабілеті үш түрлі үлкен бетбұрысты іске асыра алды. Олар, біріншіден, бұрынғыдай жеке-дара әскери шеберлікке машықтанудан түрліше әскери құрамалардың соғыс қимылдарында өзара сәйкесуіне бағытталды. Екіншіден, бұрынғыдай жаяу әскердің соғысқа жаттығуынан осы заманғы соғыс техникасына қарай бетбұруды жүзеге асырды. Үшіншіден, бұрын сарбаздардың машықтануына көбірек көңіл бөлінсе, енді осы заманғы соғыс техникасын меңгерген сардарлардың соғыс қимылдарына жаттығуын басты орынға қойды.

Армияны жаттықтыру осы заманғы соғыстың қажеттілігіне өз деңгейінде жауап бере алатындай болды-ау деген мезгілде Дэн Сяопин қытай армиясының нақты әскери маневрлерімен айналысуға айрықша мән берді. Дэн Сяопин өзі орталық әскери істер комиетінің төрағалығы міндетін мойнына алған соң, істеген алғашқы қимылдарының бірі 1981 жылдың күзінде солтүстік Қытайда ауқымды әскери маневр өткізді. Әскери маневр ауқымына байланысты дайындық мезгілінде ірі, орта және шағын тұрпатты әскери маневр өткізудің үш түрлі жобасы дайындалған болатын. Әрине, жоба дайындаушылардың көздегені экономикалық реформа енді ғана басталып жатқан алмағайып заманда әскери қаражатты барынша үнемдесек деген жоспардан туындаған болатын. Бірақ Дэн Сяопин ұсынылған жобалардың ішіндегі ең ауқымдысын таңдап алды. Ол жоба авторларына: «Ондай шығынды жұмсауға дайын болайық. Қытай армиясының да ешкімнен кем-қор жаралмағандығын күллі әлем білсін», - деп кесіп айтты.

Осы реткі әскери маневрге қатысқан Қытай мен шет елдің әскери сарапшылары  мұндай әскери маневрдің ауқымы жағынан әлемде сирек кездесетіндігін, Қытай тарихында мүлдем болып көрмегендігін айтады. Әскери маневрге Қытайдағы барлық әскери округтердің түрліше әскери құрамалары қатысты. Маневр әуе кеңістіктерінде, жер бетінде және жер астында  жүргізілді. Тек қана теңіз күштері қатысқан жоқ. Маневрдің мақсаты осы заманғы соғыс қимылдарының қажеттілігіне байланысты Қытай қорғаныс күштерінің әскери қуатына жасалған бір реткі жалпы тәжірибе болды. Бұл туралы Дэн Сяопин: «Мұндай әскери маневрдің қажеттілігі дау тудырмайды. Бұл біздің әскери қосындарымызды іс жүзінде шынықтырады. Біз осы арқылы өз армиямыздың жаттығу деңгейін көре аламыз. Бұл күллі қытай армиясын шабыттандырады. Халқымыздың да қытай армиясының қарым-қабілетіне деген сенімін арттыра түседі», - деген болатын. Шынында, мұндай көлемдегі әскери қимыл бұрын-соңды Қытай тарихында болған да емес. Дэн Сяопин осы арқылы Қытай армиясының ұйымдық құрылымының қандай деңгейге өскендігін көргісі келген болатын.

Әскери маневр ерекше табысты болды. Дэн Сяопиннің қуанышында да шек болған жоқ. Оның әр қимылын қалт жібермей бақылап отырған сарапшылар оның әр 10 минут сайын қуана қол соғып отырғандығын көргендігін айтады. Сол кезде маневрді көруге шақырылған шығыс Еуропа елдерінің бес әскери атташесі мұндай дәрежедегі әскери маневрдің шығыс Еуропа елдерінен әлдеқайда асып түскендігін тамсана айтыпты деседі.

Маневр аяқталғаннан кейін Бейжің әскери округінің қолбасшысы генерал Чин Живей маневрге қатысқан жоғары дәрежелі әскери қолбасшылар мен жоғары мәртебелі қонақтарға арнап арнайы қонақасы ұйымдастырған болатын. Өз еңбегінің жемісіне ерекше толқып, шат-шадыман болған Дэн Сяопин генералдармен арақты шалқып ішіпті. Оның денсаулығын бақылап, үнемі қасынан қалмай жүретін туған қызы оның денсаулығынан алаңдап, оның ішуіне кедергі келтірген көрінеді. Бірақ Дэн Сяопин осы қонақасыда 10 тостаған арақты еш қымсынбай алып қойыпты деседі.

Осы реткі әскери маневрге қатысқан он мыңдаған қытай армиясының құрмет маршын қабылдаған Дэн Сяопин қытай армиясының құдіретті осы заманғы әскери қосынға айналып бара жатқандығын жан дүниесімен сезінді.

Армияны жөнге салуды әскери оқу орындарынан бастау керек

«Армияны жөнге салуды әскери оқу орындарынан бастау керек» деген бұл сөз Дэн Сяопиннің ескі әріптесі, жауынгер досы маршал Лиу Бочынның қанатты сөзі болатын. Бұған Дэн Сяопин әскерді қысқартып, құрылымдарды азайтсақ та, әскери оқу орындарын көбейтіп, сарбаздарымызды жүйелі оқытайық деп толықтырған болатын.

ҚХР құрылып, соғыс қимылдары толастаған сәтте маршал Лиу Бочын орталық үкіметке Нанжиң әскери академиясын құру жөнінде ұсыныс жасайды. Осыдан бастау алған Қытайдың әскери оқу орындары жүздеп саналатын. Өкінішке қарай, мәдениет төңкерісінде осы оқу орындарының бәрі жабылып қалды. Бұған да сол Мао Цзэдуңның соғыс өнерінін соғыс қимылдарынан үйрену керек деген сөзі сеп болыпты. Бірақ Дэн Сяопин бұл туралы: «Бұрын соғыс өнерін, соғыс қимылдарын да үйренгеніміз шындық. Бірақ қазір заман мүлде басқаша. Тіпті, қазір соғыс қимылдары жүріп жатқан күннің өзінде де жүйелі білімді оқу орнынан алмай болмайды», - деп кесіп айтты. Бұрын қытай армиясы қара мылтық, қара қазанмен күллі қытайды бағындырған болатын. Бірақ бұл дәуір өтті. Қазіргі соғыс жаңа әскери технолгиялар мен озық қарулардың бәсекесінен тұрады. Қазіргі рота командирінің өзі бұрынғыдай қолындағы бір автоматымен қоластындағыларды бастап жауға атой сала алмайды. Егер сол ротаға бірнеше танк беріп, зеңбірек ротасымен сәйкесе қимылдайсың, аспандағылармен де хабарласып отырасың, ол үшін осы заманғы байланыс құралдарын жетік меңгерген болуы тиіс десе не бетіңді айтасың?! «Жоқ, ондайдан хабарым жоқ» деп қарап отырасың ба? Қатал соғыстың тәртібі ондайды көтермейді. Жап-жас рота командирінің жағдайы осындай болғанда одан жоғары батальон, полк, дивизия, корпус командирлерінің жағдайы одан бетер мүшкіл болуы мүмкін. Бұл туралы Дэн Сяопин: «Осы заманғы соғыс қимылдарына жетекшілік ету үшін біздің қарт генералдарымыздан бастап қарым-қабілеті жеткіліксіздік етеді. Мен осы бір шындықты ашық мойындаймын. Біз өз көзімізді өзіміз көлегейлеп алмауға тиіспіз», - деп кесіп айтты. Ол және: «Біздің қол басы сардарлар осы заманғы соғыс өнерін меңгерудегі қарым-қабілеті айтарлықтай төмен екендігі талассыз ақиқат. Ал саяси комиссарлардың деңгейі де жетісіп тұрған жоқ», - деген болатын. Дэн Сяопин қытай армиясындағы осы бір олқылықтардың орнын толтыру үшін армия сардарлары осы заманғы соғыс өнерін жетік  біліп қана қоймай, армияда шынайы тәртіп орнату үшін әскери комиссарлардың да деңгейін көтеріп, ең білімді, ең таңдаулы жас зиялыларды жүйелі тәрбиелеп, әскерлер арасындағы әлімжеттік пен тәртіпсіздікке қатаң шектеу қоюды тапсырды. Шынында, қытай армиясының осы заманғы соғыс өнерін қандай деңгейде меңгергендігін өз басым дөп басып айта алмаймын. Себебі, әскери сала мүлдем жабық тақырып болғандықтан нақты бір нәрсе айту өте қиын. Бірақ, бір нәрсені кесіп айтуға болады. Қытайда армияның ішкі тәртібі мақтауға тұрарлық. Бұлай дейтініміз, біздің жас кезімізде үш те төрт жыл армия қатарында болып келген жастар мүлде басқа адам болып оралатын. Онда да жақсы жағынан. Әрине, олардың білім деңгейі жоғары және арнаулы оқу орындарына жетпегенімен, тәрбие, тәртіп және кісілік қарым-қатынаста толысқан азамат болып оралатын. «Әскерде әлімжеттік болыпты», «пәленбай сарбаз өзіне қол жұмсапты» деген сияқты қауесеттер атымен болмайтын. Табытпен оралған қазақ сарбазын Қытайда өткен 30 жылға жуық өмірімде естіп көрмеппін.

Армия сарбаздарының осы заманғы озық елдермен иық тіресуіне және осы заманғы соғыс өнерін жетік меңгеруіне Дэн Сяопин талабы айтарлықтай ауыр болды. Армияның өз ішінде жаттығу, оқыту, тәрбиелеу осы заманғы соғыс өнерін игеруге мүлде жеткіліксіз болатын. Сол себепті әскери оқу орындарын құрып, осы заманғы соғыстың жоғары технологиясын меңгеру, кәсіби өресін өсіру үшін талантты және талапты жастарды қаршадайынан қатаң тәрбиелеу арқылы ғана қол жеткізу мүмкін болады. Дэн Сяопиннің бұл саладағы жоспары, ең алдымен, әскери сардарларды тек әскери мектептерде ғана тәрбиелеп жетілдіру керек. Әскери оқу орындары екі үлкен салаға бөлінуге тиіс. Оның біріншісі 70% әскери білім, 30% саяси біліммен ұштасуға тиіс. Ал екінші саласы саяси кадрларды тәрбиелейтін арнайы әскери оқу орындары. Оның оқу бағдарламасында 60% саясат  және басқа да қоғамдық білімдер, ал 40% әскери білім болуға тиіс. Бұның бәрін де болашақ генералдар әскери оқу орындарының қабырғасында меңгеруге міндетті.

Осы жерде бізді мына бір ой мазалай береді. Қазақстан Қарулы Күштерінде тәуелсіз Қазақстанда оқып-жетілген жас офицерлердің қатары аз емес. Әрине, олар талапқа сай осы заманғы соғыс өнерін жетік меңгерген болуы әбден мүмкін. Бірақ, саяси сана-сезімі, қоғамдық білім саласындағы қарым-қабілеті көңіл көншітпейді-ау деп қорқамын. Егер біз де өз қарулы күштерімізге саяси комиссарлар институтын енгізсек, мүмкін, армиядағы әлімжеттік пен тәртіпсіздік азаяр ма еді? Уыздай жас сарбаздарымыз өз ауылына табытпен оралатын жағдайды көрмес пе едік деп ойлаймын. Соғыс өнері мен тәртібі ұштасқан армия ғана шын мәнінде ел қорғаны бола алады. Жау жоқ жерде өз туысқандарымызды өзіміз әлімжеттікпен азаптап өлтіріп жатсақ, мұндай жасақтан не пайда, не қайыр?! Сыртқы жаудан Алла аман сақтасын деп тілейік.

Бұрын қытайдың әскери оқу орындары санаулы болғандықтан, онда білімін жетілдіретіндердің көбісі дивизия командирлерінен жоғары қолбасылар болатын. Онда ең үздік деген полк командирлерінің өзі 20% аспайтын. Кейін Дэн Сяопин жоғары шенді офицерлерді оқытудан тыс біртіндеп негізгі саты офицерлерінің өзін кәсіби әскер кадрлардан жасақтауды бұйырды. Сөйтіп, взвод командирлерінен жоғары барлық әскери кадрлар әскери оқу орындарының түлектерінен жасақталатын болды.

1979 жылдан бастап Қытайда ілгерінді-кейінді жүздеген әскери оқу орындары бой көтерді. Қазір Қытайдың 2 млн 300 мың тұрақты армиясының 37% жоғары білімді. Ал офицерлердің жоғары білім деңгейі 100% жетті. 1982 жылы дивизия командирлерінен жоғары қолбасшылардың жоғары білім деңгейі небәрі 1,6% болатын. Осыдан-ақ Дэн Сяопиннің әскери оқу орындарын құру стратегиясы Қытай армиясының осы замандану және жүйелену үрдісінде ерекше рөл атқарғандығын көруге болады.

Жалғасы бар...

Рақым Айыпұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394