Сейсенбі, 29 Қазан 2024
Алаң 2678 6 пікір 8 Сәуір, 2022 сағат 12:39

Министр Тілеуберді: Біз санкцияларға қосылмаймыз!

Cыртқы Істер министрі Мұхтар Тілеуберді «Хабар 24» арнасына қысқаша сұхбат берді. Сыртқы саясатты қамтыған сұхбатта ол Қазақстанның Украинаға қатысты позициясын да нақтылай кетті.

«Қазақстан ядролық қарудан бас тартқан бейбітшілікті жақтайтын мемлекет екенін айтқым келеді. Біз халықаралық қатынастағы барлық жанжалды бейбіт шешуді қолдаймыз. Біздің еліміз Ресей-Украина қақтығысының келісім арқылы, дипломатия негізінде шешілгенін қалайды. Қақтығыстың алғашқы күндерінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президентіне және Украина президентіне хабарласып, қақтығысты бейбіт форматта, келісім арқылы шешуге шақырған болатын. Қазақстан жалпы теңдік пен қауіпсіздікті қолдайды және 2010 жылы ЕҚЫҰ саммиті бойынша Астана декларациясында жазылған принциптерді ұстанады. Қазақстанның Ресеймен тарихи, мәдени, гуманитарлық байланысы тығыз. Әлемдегі ең ұзын құрлық шекарасы арқылы біз экономикалық және гуманитарлық байланыстарды сақтауға, дамытуға ниеттіміз. Саяси және құқықтық тұрғыдан біз серіктес және әріптеспіз. Қақтығыс аяқталған соң біз Украинамен тығыз байланысымызды жандандыратын боламыз. Бұл екі елдің әскери қақтығысы біздің отандастарымыз үшін ауыр күрсініспен қабыл алынды. Сондықтан біз Киев пен Мәскеу жақын аралықта бұл қақтығысты бейбіт жолмен шешудің жолын табатын шығар деп үміттенеміз», - дейді министр.

Журналисттің «Киев пен Мәскеу арасындағы келіссөздер қалай аяқталуы мүмкін» деген сұрағына министр былай деп жауап қатты: «Біз келіссөздер барысын мұқият қарап отырмыз және қандай да бір келісім жасау мүмкіндігіне қол ұшын бергіміз келеді. Қазақстан бұл қақтығысты бейбіт шешуді қолдай отырып, халықаралық қауымдастықтың мүшесі ретінде гуманитарлық мәселелер шешілуін, қақтығыстың аяқталуын қалайды. Түркия ұйымдастырған форматты қолдаймыз. Келіссөздер Донбасс статусын анықтап, санкцияларды алып тастауға, қақтығыстың ары өршімей, келісімге әкеледі деп сенеміз».

Санкцияларға қатысты министрдің ойы келесідей: «Біздің еліміз халықаралық қатынаста санкцияларды қысым көрсету күші ретінде қолдануға қарсы, әрине оған БҰҰ қарары арқылы салынған санкциялар жатпайды. Экономикалық немесе саяси санкциялар халықаралық аренада қақтығыстар мен дауларды реттеудің тиімді жолы еместігін көріп отырмыз. Сондықтан Қазақстан Ресейге салынатын санкцияларға қосылуға ниетті емес. Өз мемлекеттік мүддеміз тарапынан бұл санкциялардың біздің экономикамызға кері әсері тимеуі үшін шаралар қабылдап жатырмыз. Қазақстан Үкіметі қазір осы мәселе бойынша Батыстық әріптестерімізбен келіссөздер жүргізуде. Жанама санкциялар салынбау үшін Қазақстан өз аумағынан санкцияларды айналып өтуге жол бермейді. ЕЭО мүшесі ретінде, ДСҰ мүшесі ретінде Қазақстан Ресеймен де, өзге елдермен де тауар және сауда қатынасын дамыта бермек. Әрине, әлемдегі ірі экономиканың бірі саналатын Ресей экономикасының оқшаулануы әлемдік экономикаға кері әсерін тигізеді».

Бұған дейін де Қазақстан билігі Ресейге салынған санкцияларды біздің аумақ ретінде айналып өтуге жол берілмейтінін атап өткен болатын.

Асхат Қасенғали

Abai.kz

6 пікір