Сенбі, 23 Қараша 2024
Айқай 5416 41 пікір 14 Сәуір, 2022 сағат 14:36

Депутаттарға қазақ тілін оқыту. Қоғам не дейді?

Депутаттарға қазақ тілін үйрету үшін бюджеттен 27 миллион теңге бөлінеді. Бұл ақпарат қоғам арасында қызу талқыға түсті. Депутаттардың кейбірі қазақ тілін меңгеруге жұмсалатын қаржы өзін ақтайды деп сенсе, кейбірі билік басында жүргендер өздері ниет білдіріп, өз ақшасына оқуы керек деп санайды. Біз осы мәселеге байланысты қоғам қайраткерлерінен пікір сұрап көрдік.

Үкімет қазақ тіліне қарсы соғысуға дайын

Дос Көшім:

- Мен Еділ Жаңбыршиннің сұхбатын тыңдап көрдім. Ол кісі: «Депутаттар заң дайындаумен айналысады. Сондықтан олар қазақ тілін жетік білуі керек. Заңға байланысты терминдер, өзіне тән сөздер болады. Депутаттар соның бәрін қазақ тілінде біліп тұруы үшін жасалған шара», - дейді. Әрине мұндай қажеттіліктің барын мойындаймын. Заңның өзінің стилистикасы болады. Оны білген дұрыс. Бірақ, менің ойымша, депутаттардың қазақ тілін үйренуі үшін өз ақшаларын жұмсап оқуға мүмкіндіктері жеткілікті. Қазақ тілін білу олардың қызметіне тікелей қатысты, тілді білу міндетті. Сол қызметтері үшін орташа жалақыдан төрт есе көп жалақы алып отыр ғой. Сондықтан қоғамда 27 миллион теңгенің бөлінуі түсінбестік тудырып отыр.

Біздің депутаттарға қазақ тілін білу міндетті деген талап қойылмай отыр. Конституцияда Сенаттың, Мәжілістің басшылары «сөзсіз меңгеру керек» деген сөз тіркесі кездеседі, бірақ ол талап ретінде қойылмаған. Ал, депутаттарға қатысты ондай заң мүлде жоқ. 2008 жылы Қазтест жүйесі жасалды. Тестті тапсырып, кез-келген мемлекеттік қызметке орналасу кезінде қазақ тілінің жоғары деңгейін меңгерген деген сертификат сұралуы керек. Бірақ Қазтесттің барлық құрылымы дайын болса да, Үкімет оны қолданысқа енгізбей отыр. Қазір ол эксперименталды түрде ғана қолданылып жүр. Депутатардан қызметке кірісер кезде қазақ тілін жетік меңгерген деген сертификат сұралуы керек. Мысалы, кез-келген шет елде, Америкада ағылшын тілін білетін, Францияда француз тілін білетін сертификатың болмаса не оқуға, не жұмысқа кіре алмайсың. «Кешіріңіз, қабылдай алмаймыз», деп шығарып салады. Бізде де солай боуы тиіс. Бірақ біздің Үкімет орыстілді, шенеуніктер орыстілді. Сондықтан олар сертификат сұрау жүйесін кіргізуге құлықсыз. Егер кіргізсе Үкімет басындағылардың 60 пайызы, олардың балаларының 80 пайызы жұмыссыз қалайын деп отыр. Сондықтан олар қазақ тіліне қарсы соғысуға дайын.

Қазақ тілін білу анахронизмге айналуға тиіс

Максим Рожин:

Осы уақытқа дейін бюджеттен қазақ тілін дамытуға көп ақша бөлінді. Сол ақшадан жұмсасын. Депутаттар қазақ тілін біліуі керек деген талап қойылуы керек деп айтып жүрдім. Қазақ тілінен тапсырған емтихан нәтижелері есепке алынуы тиіс. Бізде емтихан тапсырғандай сыңай танытып, бірақ ол емтиханның нәтижесі есептелмейді. Президент айтқандай, қазақ тілін білу анахронизмге айналуға тиіс. Яғни, ескіліктің көзіне айналуы керек.

Қазақ тілін білмеген адам депутаттыққа тіркелмеуі керек

Ермұрат Бапи:

Президенттікке кандидаттыққа түскен кезде, тілден емтихан тапсырады. Бұл да сол сияқты болуы керек. Біз қазақ елінде тұрамыз, сондықтан қазақ тілін білмеген адам депутаттыққа кандидат болып тіркелмеуі керек. Егер осындай талаппен іріктеуден өтетен болса, қазір мемлекеттің қаржысын бөліп, оларды оқытып, халықтың есіл еңбегі есебінен тіл үйретпес едік. Қазіргі бөліп жатқан қаржының қаншалықты көп, аз екенін білмеймін, бірақ бұл көзалдаудың мәселесі. Тағы да талан-таражға түсіп кетеді деп ойлаймын.

Бұл да «жұмсақ күштің» бір түрі

Айдос Сарым:

Біріншіден, мен депутаттардың қазақ тілінде баяндама жасап, қазақ тілінде депутаттық сауал жолдағанын қалаймын. Сол үшін әзірге осындай тәсілдермен ол кісілердің қатарға қосылып, жақсы бір үлгі болса екен деймін.

Екіншіден, 27 миллион теңге деген аса көп ақша емес. Бұл біздегі қазақ тілінің 6-7 маманына жыл бойына жұмыс тауып береді деген сөз. Мынадай жұмыссыздық заманында қосымша қаражат алуға, жалақы алуға мүмкіндік береді. Болашақта билікке, өкілетті органдарға баратын азаматтардың мемлекеттік тілді белгілі бір дәрежеде білуі керек деген нормаға келеміз. Шараның түпкілікті мақсаты - осындай тәсілдермен әріптестірімізге үйрету арқылы тілге бетбұрысты қамтамасыз ету ғой. Қазір мысалы, бұрын қазақ тілінде сөйлей бермейтін депутаттар депуттаттық сауалдарын қазақша береді, қазақша сөйлеген кезде бізге келіп: «акцентім дұрыс па?, «қ», «ғ» әріптерін дұрыс оқып жатырмын ба?», деп сұрап, ақылдасып жатады. Бұл да «жұмсақ күштің» бір түрі. Жұмсақ күш арқылы қазақ тілінің әлеуетін кеңейту, тілге қызығушылықты арттыру, талапты арттыруды қамтамасыз ету. Депутаттардың алдына келген әрбір азаматтың мұң-мұқтажын тыңдағанда түсініп отыруын қамтамасыз ету.

Айжан Темірхан

Abai.kz

41 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5502