Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Құйылсын көшің 5473 3 пікір 20 Сәуір, 2022 сағат 13:53

Нағыз Алашшылдарға!

Бір кезде қазақтың нағыз зиялылары, ұлттың ұлы тұлғалары, Алаш арыстары шетелдерде қазақтың ұлғаусар бір бөлігі жатқанын әрдайым естерінен шығармаған және олар үшін қолдарынан келгенше әрекет еткен. Оларды көре қалған кейінгі буын ағалар да күні кеше тәуелсіздік алғанға дейін  сыртта қазақ барын ел тізгінін ұстаған азаматтардың есіне салып отырды.

Егер тәуелсіздік жылдарында сырттағы ағайынның елге оралуына байланысты қандайда бір мемлекеттік саясат жолға қойылса, бұл солардың ерік-жігерінің арқасы дер едім. Қазір олардың көбінің көзі кетті, қалғандары қартайып қалды. Қазақстанның билік басына енді жаңа буын жас азаматтар келіп жатыр. Жаңа Қазақстан жаңа ұрпақпен жаңаруда.

Осы жаңа буын, бәрінен бұрын қазіргі түрлі сын-қатерлерге төтеп беретін, елімізді нағыз тәуелсіздікке бастайтын әлеуетті топ болса екен деп тілейміз. Сол сияқты, олар алғы буын ағалар секілді сырттағы қазақты да ұмытпаса екен дейміз. Өкінішке орай, осы соңғы буынның арасынан қандастар мәселесін мемлекеттік деңгейде көтеретін азаматтар кездеспей тұр. Мен олардың біразының Алаш идеясын ту етіп көтеріп жүргенін, өздерін Алаш арыстарының ізбасары қатарына қойғысы келетіндерін жақсы білемін. Олардың алды Парламентке, үкіметке, тіпті, Президенттің маңына дейін барды. Біразы салалық басшылық қызметтерде отыр. Бас қосып, пікірлесіп, әрекет етсе қазақ халқы үшін біраз мәселелерді еңсеріп тастайтын дер шақтары. Бірақ олар шеттерінен қыздан зият, сақ, сөз-әрекеттері майдан қылшық суырғандай. Қашан да өз ойларын іркіп қалуға әдеттенген. Елдің ұл-қыздары Отанын қорғау үшін күні-түні ас ішпей, бел шешпей, сыз окоп пен иен далада қу толағай бастанып, жәйі келсе құрбандықтар беріп жатқанда біздің азды –көпті атқарған істеріміз неге тұрар тәйірі. Алашшылдық тек Алаш арыстары, олардың жолы, мұраты, болмысы туралы айтып тамсану ғана емес, олардың күрескерлік дәстірін жалғастыру, ұлт мұратын ту ету. Алаш қайраткерлері ұстанған ұлт мұраты – ата-баба жолымен бар қазақтың басын қосу, Жапония секілді өнеркәсіптенген ұлттық мемлекет құру емес пе еді! Сол үшін Ахмет Байтұрсынұлы сонау 1918 жылы көктемде Шынжаң қазақтарының арасына барып, ондағы ағайынның мән-жайын біліп қайтып еді. Әлихан Бөкейхан бар қазақты бір қазақ деп ойлағандықтан, 1944 жылы Оспан Батыр бастаған Өр Алтай көтерісшілері оны «Қазақтың көсемі» деп атап, Кеңес үкіметінің адамдарынан оның құнын даулаған еді. Қазақтың олардан кейінгі талай арыстары Кеңес Одағының қылышынан қан тамып тұрған кездің өзінде де, бастарына төнген қауіп-қатерге қарамай шеттегі ағайындарын іздеп еді. Шетелдегі ағайын естісін, оқысын деп радио хабарларын таратып, оларға арнап газет-журналдар, кітаптар шығарып еді... Ендеше, олар соншама елеңдеп, тілеуін тілердей сол шеттегі қазақтар кім еді? Әбіштің (Кекілбаев) сөзімен айтқанда олар бір кездері  қиыр жайлап, шет қонған, біздің жырымызды, шежіремізді, Құдайдан басқаға айтпайтын сырымызды сақтаған бір туған бауырларымыз еді. Олай болса, Алаш дегеніміз бүгінгі Қазақстанды қамтыған барша қазақ баласы! Алаш идеясы Алаш мұраты бүгінгі Қазақстанмен ғана шектелмейді. Алаш - күллі қазақтың тарихы, көз жасы, мұңлы мұраттары бір-бірімен қабаттасқан қасиетті ұғымдар жиынтығы. Бар қазақты бауыр көру, олардың қуанышы мен қайғысына ортақ болу, бір тудың астына бірігу, тұғыры биік ел құру – Алаш идеясының өзегі. Егер кімде кім өзін алашшылмын десе алдымен осы миссияға дайын болуы керек.

Тәуелсіздіктің алғашқы 15 жылында алғы буын ағаларымыз бастаған қазақ көші кейінгі 15 жылда ішкі-сыртқы себептерге байланысты тоқтап қалғанын қоғам жақсы біледі. Мүндағы ішкі себеп, біздің биліктің қандастарды орнықсыздық факторы ретінде сипаттап, жолына бөгет қоюы болса, сыртқы себеп - шығыстағы көршіміздің оларды трансшекаралық терроризмнің тасымалдаушысы ретінде қарап, ағайынның көшіп-қонуына тиым салғандығы болды. Осы екі себеп те, түптеп келгенде, бірін бірі негативті түрде нақтылайды және толықтайды. Бұл дегеніңіз  көршінің «шығыстан айғай беріп, батыстан соққылау» тәсілі. Сөйтіп, қазақтың бірлігіне қарсы күштер іш пен сырттан сәйкесе отырып, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары басталған ұлы көшке тұсау салды. Ағайындар қиналды. Осындай  қиын-қыстау кездерде біздің алашшылдар үнсіз қалды.  Тым болмаса, олардың күшімен көші-қон үдерісінің елімізге қатысты тұстарын ретке келтіруге болар еді,  ол болмады.

Қоғам тарапынан орын алған қандастар тағдырына қатысты осындай енжарлықтар кесірінен ұлттың ұлы мұраты он бес  жылға кешеуілдеді. Осы он бес жылда Қазақстан не бітірді? Қоғам дамып кетті ме? Жоқ. Ұлттық өндіріс өркендеді ме? Жоқ. Қазақ тілінің көсегесі көгерді ме? Жоқ. Есесіне ұлты қазақ, бірақ ана тілін білмейтін 4,5 миллион ұрпақ тәрбиеленді. Мен өз басым ана тілін білмейтін бұл ұрпақты келешекте қазақ тіліне және қандастардың келуіне кедергі келтіретін тұтас бір армия деп есептеймін.

Құдды осы секілді, қазіргі уақытта қаншама қазақтың әлі де шетелдерде өмір сүріп жатқанын білмейтін, олардың тарихынан, қазіргі жай-күйінен хабарсыз, немесе олармен жұмысы жоқ ұлт зиялыларын толыққанды зиялы деуге келмейді. Мен олардың дәл осы қалпында билік тармақтарында ұлт үшін, мемлекет үшін адал қызмет ететініне күмәнім бар. Алаштың аты мен даңқын өздерінің саяси имиджі үшін пайдалатындарға да айтарым, келесі ұрпақ сендерді алған атақтарың мен марапаттарың үшін емес, ұлт үшін, мемлекет үшін істеген нақты істеріңмен бағалайды. Демек, біздің қоғамда алаштанушылар көп те,  алашшылдар жоқтың қасы екен.  Әйтпесе, солардың ішінен біреуі қазақ көшіне шырылдап ара түсер еді.

Қазіргі құбылмалы уақыт қазақ тағдырының әлі де қыл үстінде тұрғанын, Алаш баласы тек өз-өзіне сеніп,  бір-біріне сүйеу болғанда ғана іргелі ел болатындығын әйгіледі. Біз қазір  басқалардың бағалауымен емес, өз қалауымызбен өмір сүретін кезге келдік. Атам қазақ «өзіңнен ұл тумай көгіңнен күн тумайды» дейді. Біз үшін әр қазақтың орны бөлек. Өйткені еліміз үшін адам факторы тағдыршешті мәселе. Еліміздің қауіпсіздігі, экономикалық өсуі, ұлттық зияткерлік әлеуеті адам факторына тікелей байланысты. Бүгінде күнтәртібінен түспей келе жатқан  мемлекеттік тілдің мәселесі де түптеп келгенде  қазақтың көбеюі арқылы шешіледі.

Шетелдегі қандастармен жұмыс, атап айтқанда оларды Қазақ еліне тарту, келе алмайтын ағайынға сол тұрған жерінде қолдау көрсету, оларды сол тұрып жатқан елмен болған  қарым-қатынасты үйлестіруге ұтымды пайдалану біздің  диаспора саясатымыздың басты бағыты болуға тиіс. Қытай отанына оралған қандастарына Халық құрылтайынан тұрақты түрде мандат беріп келеді (1,2 пайыз). Ресей болса, шетелдегі орыстілділердің бәрін өз бұқарасы ретінде қабылдап, олардың құқын қорғайтынын ашық жариялады. Еуропа елдері атасы басқа қаншама босқынға пана болуда...

Олай болса, қабылданғалы отырған ҚР Ата заңының «Адам және азамат» деп аталатын ІІ бөліміне «алыс-жақын шетелдерде тұратын, бір кездері тарихи әділетсіздіктер салдарынан Қазақстан шегінен тыс қалған қазақ халқының өкілдері жалпы қазақ халқының ажырамас бір бөлігі және өзара қандас бауырлар болып табылады»,-деген анықтама, одан соң, «Қазақстан республикасының шегінен тыс жерлерде тұратын этникалық қазақтар басқа мемлекеттің азаматы болғандығына қарамастан жеңілдетілген тәртіппен ҚР азаматтығын алуға құқылы»,-деген норма енгізілуі керек.

Бұл жөнінен Парламенn Cенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы өзінің премьер-министр Ә. А. Сымайыловқа жазған ұсыныс хатында шетелдегі бауырларымыздың тарихи Отанына қоныс аудару құқығын қандайда бір саяси мүдделі күштердің араласуына қарамастан ешқашан шайқалмайтындай етіп Конституцияға кіргізген жөн деп атап көрсетеді. Мінеки, нағыз азамат! «Бұл болып тұрған заман Алаштың азаматына зор жүк»,-деп Ә. Бөкейхан айтқандай, біздің қазіргі зиялы қауым, өзін алашшылмын деп есептейтін, билік дәлізінде  жүрген азаматтар! Аталған ұсыныстың Ата заңға енуіне бәріміз болып атсалысайық. Бұл біздің ұлттың ұлы мұраты жолында қаншалық  алашшыл екеніміз сынға түсетін кез. Өз өмірлеріңде, тым болмаса бірер мәрте, барша қазақ баласын бауырына тартқан Алаш арыстары секілді, қандастар тағдырына үн қататын уақыт бұл. Жасасын Алаш!

Тұрсынхан Зәкен,

Тарих ғылымдарының докторы, профессор

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2053