Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 6015 11 пікір 20 Сәуір, 2022 сағат 13:57

Байларды жою салдары - қазақ қоғамының қасіреті

Тарихтағы қазақ қоғамының рухани өмірінде зиялылар қызметі (байлар мен діни тұлғалардың да) әрдайым жоғары болған. Олар бастарын бәйгеге тігіп, қандай қиыншылық болса да мойымастан елді сақтауда, үлкен міндеттерді (тарих, ұрпақ алдындағы) өздеріне жүктеп отырған еді. Әсіресе, 1928 жылы мал-мүлкі тәркіленген байлардың көбісі болыс, би, сот қызметтерін атқаруда ел болашағы үшін патша билігімен белгілі бір дәрежеде келісімге де бара білгендігін көреміз. Келісімге келуде зиялыларымыз көп жағдайда пайданы ел мүддесіне орай шешіп отырған.

Өңірлердегі Алаш Орда қызметін зерттеу барысында байлардың рөлін ескеру қажет. Мәселен, 1929-31 жылдары Ырғыз, Торғай өңірлерінде (елдің басқа да өңірлерінде) орын алған көтерілістерде Алаш Орда отрядтарының өкілдері көп болған. Көзі ашық адамдардың азаттық үшін алаш милициясының құрамына кіргендігі байқалады. Ақтөбе облысының Ырғыз, Ойыл аудандарында Алаш Орда милициясы құрамында болған кісілер кейін мектепте мұғалім болып жүрген кезінде ұсталып кеткен. Олардың қатарында (Алаш милициясының) дін өкілдері де көп болған.

Кеңес үкіметі байлардың мал-мүлкін тәркілеуден бұрын Алаш Орданың бөлімшелері болған аудандардағы мешіт-медреселерді жаба бастаған. 1929-30 жылдары орын алған көтерілістерге қасақана жердің, рудың атауы берілді. Мәселен, Ақтөбе облысында орын алған (кеңес билігінің қысымына қарсы) көтерілістер «Батбаққара», «Ырғыз», «Тоқа», «Табын», «Назар», «Адай» көтерілісі деген атаумен қалған. Шын мәнінде бұлар зиялылар қатысқан ұлттық сипаттағы көтеріліс болған. Осы көтерілістерге қатысқан адамдарды қуғындаудағы большевиктердің әрекетіне қатысты Мұстафа Шоқай былай деген: «Түркістанда қанды террор жүріп жатыр. Кеңес, оның ішінде Түркістан кеңес газеттері партиядан шығарылғандар, қамауға алынғандар, жер аударылғандар және өлім жазасына үкім етілгендер туралы материалдарға толы. Сот үкімдеріне, қаралау материалдарына қарасаңыз, ең алдымен көзге түсетіні – айыпталушының өз кінәсі емес, оның баяғыда өліп қалған атасының бай, саудагер, ғұлама, яғни кезінде іс басында болғаны немесе айыпталушының өзінің көне медреселерде оқығаны тәрізді нәрселер» [1. 433 б.]. Кеңес билігі ұлт зиялыларын жоюда түрлі айла тәсілдермен қатар түрлі жаланы да ойлап тауып отырғандығын байқаймыз.

Қазақ хандығының құрылуында және мемлекетіміздің қалыптасып, нығаюында да хандардың қызметінің ерекше орынға ие екендігі бәрімізге белгілі. Қазақ хандығы құрылған уақыттан бастап  мемлекеттің стратегиялық идеясы қалыптасты. Жәнібек ханның қазақ қоғамындағы билердің институтын қалыптастыру саясатынан ұлттың интеллектуалдық болмысын қалыптастыруға, сол арқылы елдің мәдениетін күшейтуге бағытталған ұлттың идеяны көреміз. Осы қазақ хандарының тұсында түркілік мәдениеттегі қалалардың да ізі сақталды. Түркілердің ұлттық идеясы, «Жерұйық» ұғымымен зерделеніп, «Алаш» идеясымен жалғасып отырды. Кез - келген мемлекеттің барлық игіліктерін біріктіріп, кейінгі уақытқа (ұрпаққа) табыстап отыратын тұғырының (рухани және әлеуметтік негіздегі) болатындығы анық. Қазақ мемлекетінің тарихында оның ішкі әлеуметтік құрылымы тұлғалардың қызметі арқылы жалғасса, ал осы қоғамға тән барлық қоғамдық сананың формалары алдыменен тарихи санаға, тіл мен дінге, мәдениет пен билер даналығына және ұлттың шаруашылық жүргізу тәсілдеріне келіп тіреледі. Сол себептен, қазақ қоғамында (тарихи өмірінде) бай мен кедей деген түсініктер хандар билігі тарапынан саясиланған жоқ. Би, ақын, жырау, батыр, халыққа діннің білімін үйрететін имамның қызметі ел мүддесіне сіңірген еңбегі, кемелділігімен шынайы бағаланып, халықтың зердесі арқылы танылып отырған. Кез - келген зиялы адам білімімен қоса дәулеттің де иесі бола алады, болуы тиіс. Елдің тұтастығы алдыменен ұлт зиялыларының әлеуметтік танымындағы ұлттық мүддеге қызмет ету ісінің ортақтығымен тереңдейді. Сондықтан да, дәулет кез - келген адамның байлық иесі атануымен қана шектелмей, жер мен елді жаудан қорғап отыруда ұрпақтың өмірлік ұстанымының негізіне айналып отырған.

1930 жылы өңірлердегі партия отырыстарында қазақ байларын тап ретінде тегістей жою мәселесі қайта-қайта қозғалған. Бұндай деректер мұрағаттағы партия отырыстарының хаттамаларында жиі кездеседі. Байлардың өзін бірнеше түрге бөліп, олардың әлеуметтік институт ретіндегі алдыңғы қатарын толығымен жою көзделсе, қалғандарын қудалау, қоғамнан шеттету көзделді. Сол кездегі партияның жабық түрде өткен отырыстарының хаттамаларында: «Казакстане разделяется на две категории баев: мелкие встречающие в каждом ауле и крупные имеюшие тысячные стада – потомки ханов и султанов... Мы будем бороться с обем группами баев, но сильная борба требуется против крупных баев. Необходимо применять к ним революционные меры...» - деп жазылған[2. 32-п.]. Бұнымен қоса Голощекин 1930 жылы 5 қаңтарда Ақтөбе округтік комитетіне арнайы хат жолдаған. Бұнда да ірі байларды жоюға қатысты шаралар (серіктік, артел, колхоздарды құрудағы мақсат) айтылған: «связи реорганизацией системы с/х коперации зпт перевода простейших кооперативных обединении тип поселкового производственного обединения жестко проводит  изоляцию, байства зпт кулачества  категорически воспретив доступ их простейшие кооперативны обединения .... является первой ступенью колхозу» [3.2-п.].

Мемлекеттің негізгі тірегі  - халық. Байлар тарихта халықтың арқасында ұлттың мүддесін қорғайтын институтқа айналып отырған. Бұның себебі уақыттың талабына сай халықтың әрекет етуінде жатыр. Хандар билігі жойылғаннан кейін патша заманынан бастап (елдің өз билігі өзінен кеткен соң) барлық талап, міндеттің халықтың өзіне жүктелгені белгілі. Осы себептен 1930 жылдарда кеңес үкіметі қазақ қоғамындағы байлардың институтын тамырымен жою үшін (олардың мал-мүлкін тәркілеу, коперация, серіктік, ұжымдастыру, колхоз құру сияқты уақытша,  тұрақсыз шаруашылық жүргізу тәртібін күштеп енгізуде) оны үшке бөлген: біріншісі: кедей, батрактар, средняктар, екіншісі: бай-кулактар, үшіншісі: нағыз байлар. Большевиктер тарапынан бірінші топтағы адамдарды дәріптеп, оларды барлық салада пайдалану көзделінді. Бай-кулактарга да кеңес үкіметіне мойынсұнған жағдайда кеңестік қоғамда өмір сүруге мүмкіндік берілді. Ал, қазақтың ірі байлары өз еріктерімен мал-мүліктерін үкіметке тапсырса да оларға ешқандай мүмкіндік берілген жоқ. Аштықтың кезінде де бала шағасымен азық-түліктей берілетін көмектен шеттетілді. Бұнымен қоса сол кездегі партияның жиылыстарында нағыз қазақ байларын дәуелеті, беделімен қоса, хандар мен билердің ұрпағы деген көзқараста қоғамнан аластату керектігі айтылған. Құжаттарда былай жазылған: «Правительство Казакстана раздат конфискации скот крупных баев в первую очредь батракам и работникам не имеюшим ни одного лошады ни одного коровы. Батрак, бедняк работник аула пора просыпаться, подниматься. Ест пословица «Чью кошмы, того и сильны суставы». Время твое. Ты больше всех положил упорного труда в уходе байского скота, ты днем его пас, поил, а ночью неспавши караулил. Получи свою долю! Правительство Казакстана отдает конфискованный скот тебе. Не бойся, не поддавайся, постарайся в свое время получить свою долю [2. 24-п.]. Осы жерде ескеруді қажет ететін нәрсе, облыстық мұрағаттарда кездесетін кеңес үкіметінің байлардың мал мүлкін тәркілеу, ұжымдастыруға қатысты партия отырыстары мен ОГПУ, НКВД хаттамаларындағы деректер (бай мен кедейге қатысты) екі түрлі көзқараста, пікірде келеді. Партия отырыстарында кедей, батрактардың саны қоғамда көп деп тұжырымдалған. Ал ОГПУ, НКВД-ның жабық түрде өткізген отырыстарында (сол кезде құпия деп есептелген құжаттарда) байлардың беделінің күшті екендігі, сол себептен оларды қоғамнан (халықтан) бөлудің қиын болып жатқандығы жазылған, олармен күресу үшін басқа да түрлі қатаң шешімдер қабылданған. Мал-мүлкін тәркілеуде арнайы коммунист жасақтарын құрып, қолдарына қару берген. Мәселен 1928 жылы Ақтөбе облысында мал-мүлкі тәркіленіп Қарқаралыға жер аударылған байлардың жеке істерінде олардың ең көп дегенде 5 жұмысшы ұстағандығы көрсетілген. Бұл адамдардың (жұмысшылардың) барлығы да байлардың туысы, ең жақын адамдары болған. Осы деректерге қарап, қазан төңкерісіне дейін қазақ қоғамында халықтың барлығында мал басының болғандығын көруге болады. Ал «кедей», «батрак», «бедняк» деген теңеу қазақ қоғамын бөлшектеп, ішкі құрылымын жою үшін қасақана енгізілген «ұғымдар» екендігін түсіну қиын емес. Бөлшектеу саясатының қазақ қоғамына қайшы келетіндігін алаш зиялылары да жазды. Жүсіпбек Аймауытов: «Кәсібі мал баққан, әлеуметі ру басыға бағынған жұртта тап жігі, байлар, кедейлер табы деген нәрсе анық болмайды» деген еді[4. 404 б.].

1930 жылы сәуірдегі Ақтөбе округтік комитетінің жабық түрде өткізілген отырысында Ырғыз ауданында «Кедей» қоғамын құру мен ұжымдастыруға қатысты жұмыстардың дұрыс жүргізілмей жатқандығы, сондай - ақ байлар мен діни қайраткерлердің халық арасындағы ықпалының басымдылығы, әлі де сейілмей отырғандығы қатты сынға алынған. Деректерге кезек берсек: «Иргизе ауыльные ячейки потеряли свое политические лицо. Несомтиря на решение ЦК от 10 и 15 марта, статьи тов. Сталина, директив крайкома и решений окружкома, не осознал свойх ошибок и должных мер их исправлению непринял...

Окружком призивает всех коммунстов ройонную партиную организацию на разяснение политики партии и советской власти  по работе в ауле и на основе такого разяснения добиться мобилизаций обшественного мнения широких слоев трудящихся  масс аула на преодоление стояших перед районом хозяйственных трудностей в разрешении проблем реконструкций животноводстве...»[3. 43 п.]. Байларды қудалау, елдің тұрмысын қыспаққа алудың ақыры аштыққа әкеліп соқтырғандығын түсіну қиын емес. Мәселен, 1936 жылы желтоқсанда Ақтөбе обкомына баяндама түрінде жолданған хатта да Ырғыз ауданы бойынша 6160 қожалықтың ішінде 40-50 пайыз серіктіктің астық дайындауда өнім ала алмай отырғандығы жазылған.  Олардың ішінде тең жартысына жуығы, яғни 2400 қожалықта (әр қожалықта) 1 сиырдан ұстап отырғаны, 1000-ға жуық қожалықта түк мал қалмағандығы көрсетілген: «В серктиках Нуринской части Иргизского района слишком тяжелое положение, болшинство хозяйств не имеют для зимовки ни одной избушкии...  Большинство членов серктика не имеют не только одежды, но нет и никаких постельных принадлежностей, спят на земле – без постели... В одном серктике «Чожер»  ввиду отсутствия одежды дети в школу не ходят (в одном только ауле 16 детей). Население поголовно занято охотой на пушнину, по те которые не имеют лошадей пешком далеко ходит не могут, плюс к этому отсутствие одежду»[5. 31 п.]. 1929-31 жылдары көтерілістер болған аудандарда 1936 жылдары да аштықтың сейілмегені байқалады.

1931-33 жылдары аштықтың орын алуының негізгі себебі - байлардың мал-мүлкі тәркіленіп, елдің бетке ұстайтын, тәжірибелі кісілерінің жаппай қуғындалуында. 1930 жылдың өзінде Ақтөбе облысының кейбір аудандарында қыста байланыс болмай аштыққа ұшыраған ауылдар саны аз болмаған. Осының барлығын байыппен қарайтын болсақ, ашаршылықтың орын алуына қатысты әлі де жан-жақты зерттеуді қажет ететін мәселе көп екендігі анық. Ал, 1933 жылы 25 наурызда ОГПУ-дың Ақтөбе облыстық бөлімінің жабық түрде өткізген отырысында, облыста Ойыл, Торғай, Батбаққара, Темір, Шалқар, Табын және басқа да аудандарында аштыққа ұшырап жатқан адамдарды азық - түлікпен тегістей қамтамасыз ету мүмкін болмай отырғандығы айтылған: «Продзатруднениями особенно остро поражены нижеследующие районы Актюбинской области: Уйлский, Тургайский, Батбаккаринский, Темрский, Табынский, Челкарский и частично остальные районы  области.

Далеко не полные данные собранные нашим райотделениями и райаппаратами но в отдельным пораженным участкам  продзатруднениями  характеризурует чрезвычайно тяжелое положение в отмеченных районах» [6. 4 п.]. Ет, астық дайындау деген желеумен егіннің шығуы қиын аймақтарға халыққа күштеп астық еккізген. Қарапайым ауыл адамдары (оларды сол кездегі билік шаруалар деп атаған – С.Ү.) астықты себуде өнім ала алмады, елге үлкен салмақ түсті, бұған қарамастан техникасы жоқ, барлық ауылдарға бөлінген 150-90 гектар жерге қолдап тары, бидай себу жүктелді. Ал халықтың осындай ауқымды жерді атпен немесе өгіз соқамен жыртып, мол өнім алуы мүмкін емес еді. Оның үстіне егіннің шықпауында табиғатқа тәуелді себептер тағы бар. Шағын ауылдардың өзіне халықтан тартып алынған малдың көбі сыртқа кетіп, қалғанын 14-15 адамнан құралған серіктіктер ұстай алмаған. Қызылдар билігі ет дайындау мен астық өндіруге қатысты науқандардың оң нәтиже бермеуін тағы да байлардан көрді. Халықтың аштықтан басқа жаққа қоныс адаруына соларды кінәлі қылып көрсетуге тырысты. Большевиктердің байлардың соңына түскені соншалықты, тіпті 1933 жылы Қарақалпақстанға ауа көшкен қазақтардың ішінде 350-ге жуық адам қуғындалып, ұсталған. Бұларды «бұрынғы байлар», халықты басқа жаққа қоныс аударуға бастаушы адамдар» деп атайды: «За время 1 15/1 – по 1/ІІІ – 33 г. Нашей оперативной группой изято в Каракалпакии руководейтелей откочевок, баев 55 человек. Кроме того выявлено 291 человек, которое свойми к-р действиями препятствуют успешному проведению работу по возврашению в Казахстан...» [6.11-п.].

Аштықтың салдары адам шығынымен қоса ел ішінде түрлі ауыр оқиғалардың орын алуына әкеліп соқтырғандығын көреміз. Малы тартып алынған кейбір кісілер шолақ белсенділердің қолдан жасап отырған қателігіне шыдамады. Мал союға рұқсат берілмеді. Ең соңында ет тапсыру науқанында белгіленген жоспардың орнын толтыру үшін қарапайым адамдардан да мал алына бастады. Байлардың тізімі қайта жасақталып мал басы бар адамдар қара тізімге ілікті. Осындай жағдай бұрынғы байлар түгілі кеңес үкіметіне сенген адамдардың да пікірні өзгерте бастады. Ірі байларды қуғындаумен қатар «бай», «атқа мінер» деген теңеу кез - келген бас көтерген адамға жала болып жабылды. Мәселен Шалқар ауданында №23 ауыл тұрғыны Жұбаниязов Қыдырғали деген кісі (бұл кісі діни адам болған) Қарақалпақстанға қоныс аударған қазақтарға айтқан ақыл-кеңесі үшін қудаланған. Ол 1932 жылы 17 қыркүйектегі кедейлерге азық түліктей көмектесу жөніндегі қаулыны бекерге шығарып, қазақтарға әзірге сол жақта болуын немесе Түркіменстанға қоныс аудару керектігін айтқан. Осындай жанашыр сөздері үшін байлар мен діни адамдар «банда, бандалық топ жетекшісі» атанғандығын көреміз. Молда Жұбаниязов Қыдырғалиға қатысты ОГПУ мәліметтерінде былай делінген: «В связи с опубликованием постановления от 17 сентября 1932 г. среди бедноты возникло возвращенческое движение в целях препятствования этому мулла 23 аула Челкарского р-на Жубаниязов Кыдыргали как сам, так и через посредство баев повел работу против возврашения. В свой агитации они заявляли: «декрет от 17 сентября и продпомощь это лавушка из которой вам потом не выбраться разорениеначинается вновь как только население немного окрепнет, достаточно и того крабежа и издевательства которое вы перенесли, мобилизуйте силы на продолжение откочевки в Туркуменстан, для соединения с народом который нас гостеприимно примет» [6. 11 п.].

Халықтың ғасырлар қойнауынан жалғасын тапқан өмір сүру салты, өмір сүру қалпы қасақана ескерілмеген. Бұның әділетсіз екенін айтқан адамдар бірден халық жауы деп танылды. 1933 жылы қыркүйектегі ОГПУ-дың Ақтөбе облыстық бөлімінің арнайы жазбаларында ауыл адамдарының да колхоздастыруға қарсы пікірлері қаралған. Қарапайым адамдарың «өмір сүрудің өзі қиындап барады, біз де Қарақалпақстанға қоныс аударуды ойлап жүрміз, ол жақта әйтеуір нан тауып, өмір сүруге болады дейді», «Кеңес үкіметінің заңдары халықты алдауға бағытталған, кедейлердің заңы дейді, бірақ сол кедейлердің өзі аштықтан өліп жатырған жоқпа?» деген сөздері үшін айыпталғандығын көреміз [7. 2 п.]

Сауатсыз адамдардың белсенді әрекеттері ұлттың тағдырына үлкен қауіп төндіргендіктен, бұрынғы байлар аштықта бай-кедей, большевик басқа деп қарамай адамдардың өмірін сақтап қалу керектігін ортасына түсіндірді. Колхоздағы адамдарға ықпалы жүрді (бірін-бірі бұрыннан білетін болғандықтан). Бұрынғы байлардың көпшілігі осылайша ауыл адамдарын аштықтан аман алып қалуға тырысқан. Ал, осы халықты ашаршылықтан аман алып қалуға тырысқан кісілердің барлығы кейін қудаланды. Атылып кеткендері де бар. Олардың ауылдастары да солармен бірге репрессияға ілігіп отырған. Мәселен, сол кезде Ақтөбе облысының аудандарында аштықтан әлсіреп, өліп жатқан адамдарға көмектесіп, азғана мөлшерде тары мен ұн тараттырған, кейін «банды», «шайка» деген жаламен қудаланған адамдардың аты-жөндерін айтсақ: Батбаққара ауданында Абдрахманов Құнанбай, Ергалиев Жармагамбет, Алмаганбетов Мұсағали,  Токбулатов А., Мукашев  Қасым, Нурмагамбетов Омар, Ергалиев Кабыланбек, Галиев Сейтбек, Шынбергенов, Торғай ауданы бойынша Бойбосынов Қанқожа, Оспанов Ергазы, Курмалаев Жулен, Текебаев Т., Абилкасымов Алан. Арал ауданы бойынша Кульжанов, Жубаназаров, Азизов және т.б. кісілер «астықты жымқырды», «үстінен пайда көрді», «байларға көмектесті», «байлардың жағында болды», - деген айыптауларға іліккен. [6. 18 п.].

Есімі аталған кісілердің ішінде колхоздарда қоймаға жауапты, ауылдық кеңесте жасайтын адамдар да болған. Бұлар да аштықтан қиналып жатқан ауылдастарына қол ұшын бергені үшін айыпталған. Айыптаулар ашаршылықтан кейін де жалғасып отырған. 1937 жылдары сталиндік репрессияға іліккен адамдардың көбісі осы ашаршылықтың, соның ішінде кеңес үкіметінің жүргізіп отырған саясатының қателігін көзбен көрген адамдар еді. Бай, байдың ұрпағы деген ұғым кейін жала болып жабылды.  Өздері бай болмаса да әкесі, одан бұрынға ата-бабасы бай болған кісілер де репрессия құрбаны болды. Егер мал санымен өлшенетін болса хандар заманында әрбір қазақтың бай болуға құқы бар. Себебі, тарихи өмір, территоряны қорғау, ұлттық мүдде мәселесі кез - келген адамға ұлт шаруашылығын жүргізу құқын міндеттеп отырған. Ал, кеңес билігі тұсында бұл ескерілмей, аштықтың кезінде де олар бұрын бай, діни адам болғаны үшін қоғамнан шеттетілді. Қудаланғандықтан олардың көбі амалсыздан басқа елге кеткен. Айналасындағы адамдар өз еріктерімен оларға ерген.

Мұрағат деректерінде жазықсыз қудаланған адамдар көп. 1930 жылдың өзінде Ойыл, Табын, Темір, Ақтөбе, Ақбұлақ аудандарында кеңес үкіметіне қарсы жасырын ұлттық сипаттағы ұйым құрды деп қудалауға 144 адам іліккен. Олардың ішінде 107 бай, 10 діни адам деп көрсетілген. Қалғандары ауылсовет және т.б. саланың өкілдері. Бұларға кеңес билігінің экономикалық күшін әлсіретіп, аудандардағы халықтың қоныс аударуын күшейтті деген жала жабылған: «Основными задачами организация поставила, путем подрыва экономической моши районов усилить откочевочное двиение и в дальнейшем организоват банддвижение против соввласти. Следствие по делу ведется ОО облотдела»[6. 10 п.].

Кеңес үкіметі жүргізген солақай саясат қазақтың байлары өсірген асыл тұқымды малдарды да жойып жіберді. Қазан төңкерісіне дейін қазақтың байлары асыл тұқымды жылқы, қой өсірген. Халықта да асыл тұқымды мал болған. Сол кездегі байдың ұрпақтары үйірге салатын айғырды құлын кезінен бал беріп, баптап өсірген еді дейді. Қазақтың көшпелі тұрмыстағы мал шаруашылығының жердің құнарын, экологиялық ахуалды бір қалыпта ұстап отыру үшін де сақталғанын ескеру керек. Ал, кеңес билігі құрған совхоз, колхоздар, кейінгі тың игеру жердің тозуына әкелді. Қазір кейбір аймақтарда осы  жердің тозуына қатысты үлкен мәселелер туындау үстінде.

Кез келген елдің мәдениетінің, экономикасының дамуы ең алдыменен оның болмысы мен шаруашылық тәжірибелеріне байланысты. Сол себептен қазақ қоғамында билер мен жыраулар, байлардың дәстүрі тамырын тереңге жайған. Ұлт экономикасын көтеріп, шаруашылықты жүргізудегі тәртіпті сақтап, өрісін кеңейтіп отырған да осы байлар еді. Байлар біріншіден, ұлт шаруашылығын жүргізумен қатар, заман ағымын түсінген адамдар еді.  Қазақ байлары сол заманның өзінде заман ағымына сай сауда, тауар, ақша айналымының жүйелі түрде болуы керектігін білген. Сол үшін олар болыс, сот қызметінде жүріп шаруашылыққа ие болуымен қатар, ауылдардағы білім беретін медреселердің де қызметін күшейтіп, сауданың дамуына әсер етіп,  үлкен жәрменкелер ұйымдастырған.

Кешегі сталиндік саясаттың құрбаны болған байлардың тағылымынан байқайтынымыз, қоғамда капиталистік қатынастарды қалыптастыру үшін алдыменен ұлттың шаруашылығымен байланысты кәсіпті түрлендіру қажет. Бұны қазіргі тілмен айтқанда технология дейміз. Асыл тұқымды мал санын көбейту, малды асылдандыру, азық-түлік өнімдерін шығару және тағыда басқа міндеттер сол кездің өзінде қазақ қоғамының алдында тұрған. Өкінішке орай бұлардың жүзеге асырылуына патша үкіметінің, одан кейінгі большевиктердің саясаты үлкен кедергі, бөгет болған. Осы кедергілерді жоя алмаса да алаш зиялылары, қазақтың сол кездегі байлары түбінде кеңестік қоғамның іштей үгітіліп, түбі жаңа әрі дұрыс бағыттағы экономиканың күш алатындығын жетік білген. Осы себептен Мұстафа Шоқай қазақ қоғамындағы ұлт зиялыларын қудалаудың ешқандай қисынға келмейтіндігін айта отырып былай деп жазып кеткен: «Лениннің өзі орыс патшалық түзімі шенеунигінің ұлы еді. Сталин Грузиядағы рухани семинарияда оқыды. Оны әке-шешесі ортодокс клисасының попы болуға дайындаған.. Осыншама қамалып, атылып жатқан түркістандықтар арасында сол Лениннің атасындай патшадан жер алып, ілтипатына бөленген бірде-бір адам жоқ....» [1. 434 б.].

Патша заманында қазақ байлары елдің тірегі болғандықтан да халық олардың айналасына шоғырланды. Патша заманында да сыртқа кететін мал шығыны көп болса да, елдің тұрмысы мен шаруашылығын барынша сақтау үшін өздері бай болды. Олардан бай болуды сол кездегі уақыт, саясат, ел мүддесі талап етті. Яғни, хандар мен билер дәстүрі кеткен соң елдің ішкі тұтастығы мен тұрмысын байлар осылайша сақтап отырған. Ішкі тұтастық дегенде ұлттың бірлігі ерекше көзге түседі. Осы бірлікті сақтауда кешегі «банды» атанған қазақтың байлары шынымен де кемел, тәжірибесі мол ізгі адам болып шығады. Олардың иелік еткені ұлтының, ата-бабасының кіндік қаны тамған жері -  атамекен болатын.

Әдебиет.

  1. Шоқай М. Таңдамалы. – Алматы: Қайнар. – Т.1. – 1998. – 512 бет.
  2. Ақтөбе ОММ. - 63-қ.; 2-т., 7-іс. -23-32-пп.
  3. Протоколы закрытых заседании бюро и секретариата Акюбинского окружного комитета ВКП(б) // Ақтөбе ОММ.- 9-қ.; 1-т., 446-іс.-1-43 пп.
  4. Жұмабаев М. Шығармалары: өлеңдер, поэмалар, қара сөздер. – Алматы: Жазушы, 1989. – 448 бет.
  5. Докладные записки о состоянии политико – массовой работы, состояние партинных и комсомольских организаций // Ақтөбе ОММ.- 13-қ.;5-т., 550-іс.- 30- 32-пп.
  6. Спецсводки о состоянии обшественного питания и рабочего снабжения // Ақтөбе ОММ.- 13-қ.; 21-т., 282-іс.- 4 – 11 пп.
  7. Спец-записка о состоянии откочевочною движение в области // Ақтөбе ОММ.- 13-қ.; 2-т., 458-іс.-1-26 пп.

Сәрсембин Үмбетқан Қуандықұлы,

философия ғылымдарының кандидаты, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің кафедра меңгерушісі

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394