Жұма, 22 Қараша 2024
2279 1 пікір 29 Сәуір, 2022 сағат 12:00

Қайрат Құдайбергенге қысым жасалған ба?

Алматы қаласының прокуратурасы мәслихат депутаты Қайрат Құдайбергеннің қысым жайлы шағымын тексеретінін мәлімдеді. Қаңтар оқиғасына байланысты өткен аптада ұсталған қалалық мәслихат депутаты тергеу сотымен бір айға қамалған еді. 

Жуырда ақпарат құралдары күдіктінің адвокатына сүйене отырып, тергеу органдары Құдайбергеннен "тергеуге қажет жауап алу үшін" қысым жасап жатқанын хабарлаған.

Прокуратура мәліметінше, әлеуметтік желілерде "Құдайбергеннің құқық қорғау органдарының қысымына шағымданған мәлімдемесі" тараған. Прокуратура өкілдерінің айтуынша, "тергеу шаралары қылмыстық-процессуалдық заңнамаға сәйкес" қатаң жүріп жатыр. "Бұған қоса, айтылған айғақтар құқықтық баға беру жағынан тексеріледі" деді прокуратура өкілдері.

Шағымда автор бас прокурор Берік Асыловтан "ведомствоаралық тергеу-жедел тобының құрамына енген" бір тұлғаны жауапқа тартуды сұраған. Автордың сөзіне қарағанда, аталған қызметкер адвокат жоқ кезде "жалған куәлік алу үшін" күдіктіге психологиялық және моральдық қысым жасаған.

Хаттағы мәліметке сүйенсек, оқиға 26 сәуірде шамамен сағат 10-30-да болған.

Әлеуметтік желілерде сонымен бірге Қайрат Құдайбергенді қолдау петициясы да пайда болды. Оны күдіктінің анасы Бибігүл Қабдолдина бастаған деп айтылады. Петиция авторлары қамалған депутаттың қаңтардағы тәртіпсіздікке қатысы жоғын айтып, "Құдайбергенді дереу босату" қажеттігін айтқан.

Қайрат Құдайбергеннің ұсталғаны 22 сәуірде белгілі болған. Алматы прокуратурасының мәлімдеуінше, Қаңтар оқиғасы кезінде Құдайберген қамауда отырған "Дикий Арман" деп аталып кеткен Арман Жұмагелдиевтің жанында болған, "Қазақстан" қонақ үйіне адамдарды жинап, "жаппай тәртіпсіздікке қатысқан". Қаңтар оқиғасы кезінде түсірілген видеолардан Құдайберген мен Жұмагелдиевтің жүргендері байқалады. Ақпанда аты-жөнін айтқысы келмеген ер адам Азаттыққа "Қазақстан" қонақ үйінде соққыға жығылғанын айтып, депутаттың әрекетін тергеуге үндеген.

Ақпан айында Қайрат Құдайбергеннің өзі "Арманмен таныстығы жоғын, тәртіпсіздік кезінде алаңда көргенін, ол жаққа халықты басу үшін барғанын" айтқан.

Қайрат Құдайберген 2021 жылы Алматы қаласы мәслихатының депутаты болып сайланған.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5333