Зерделі ойдың зергері
Сағат Әшімбаев әдеби сыншы ғана емес үлкен зерттеуші де. Солардың арасынан Ғабит Мүсірепов туралы жазған триптих мақаласы өзінін формалық, мазмұндық, идеялық-көркемдік, талғамдық тұрғысынан оқшау көрінеді. Оның ішкі архитектоникасы мен фәлсафалық ой-тұжырымдары қандай? Осыған зер салып көрелікші...
1972 жылы «Лениншіл жас» газетінің 17 наурыздағы санында Сағат Әшімбаевтың «Ғабит ағамен 227 минут...» деген сұхбаты жарияланды.
Оқырман үшін бәрі қызық, бәрі қымбат. Ғабең – жай жазушы емес, ол-классик, ол-сырбаз жазушы. Ол туралы аңыз бен ақиқаты аралас оқиғалар халық арасында кеңінен тарап кеткен. Кейіпкердің түр-тұлғасынан бастап, жүріс-тұрысына, мінезіңе дейін жұртты қатты қызықтыратын. Сондықтан да жазушының әлемі туралы жұрт көбірек білгісі келетін.
Бұл сұхбат білімпаз, оқыған, тоқығаны көп 27 жастағы Әшімбаевтың да өре биігін көрсетті. Өйткені қойылған сұрақтардың мән-мазмұнынан жас Сағат пен дана Ғабеңнің тұлғасын тануға мүмкіндік аласын.
Архитектоникасын ашсақ, әуелі Ғабеңнің жұмыс кабинетінің суреті көз алдына келеді. «Жазу столының он жақ шетіндегі сауытта бір топ ұшталған қарындаштар тұр екен. Ашылған, ашылмаған сигарет қораптары жатыр. Ертеңгі газеттермен қатар, авторы кім екенін біле алмадым, роман-газеттің ортасына дейін оқылған бір нөмірі алдында жатты. Оның сол ашылған бетінде асты сызылған сөйлемдер көрінеді. Терезелері тау жаққа қараған жазушының бөлмесі әрі жарық, әрі тап-тұйнақтай жинақы екен».
Қазір кез-келгеніміз осы суреттеме жолдарды оқығанда Ғабеңнің жанды бейнесін көз алдымызға елестете аламыз. Ал суретші болса, осыны оқып-ақ, ұлы жазушы Ғабеңнің портретін айнытпай салар еді ғой деп ойлаймын.
Аты әлемге танылған классик жазушымен сұхбат алу үшін Сағаттың ерекше дайындық жасағанын білесің. Алғашқы сұраққа назар аударып көрелікші:
- Сіздің творчествоңызды зерттеуші ғалымдар 1925 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланған «Едіге» атты әңгімеңізді, 1927 жылы жазылған «Тулаған толқындар» повесіңізді жазушылық өнеріңіздің алғашқы беташары деп бағалап жүр. Осылардың алдында жазғандарыңыз болып па еді?
Біз қазақ әдебиеті тарихы үшін құнды мәлімет алдық. Қаламгер алдында өлең жазғанын, бірақ оны ешқайда жарияламағанын айтады. Мұхтар Әуезов те сондай. Бірақ мақалалар жазып, қаламын ұштағанын білеміз. Алғашқы «Қан-қамау» деген әңгімесі «Лениншіл жаста» жарияланыпты. Дерек пе – дерек, керек пе- керек. «Қан-қамау» деген шахматтың баламасы екен. Мүмкін терминологтар шахмат сөздерімен қоса осы «Қан-қамау» сөзін де кірістіру туралы өз ойларын айтар.
Одан кейінгі әңгіме қазақ әдебиетінің даму тенденциялары туралы және оның Шекспирді, Гогольді, Горькийді көп оқығанынан хабардар боламыз. Осылай әңгіме өрби келе әдебиеттің проблемаларына ауысады. Ғабеннің ой-тұжырымдарын даралап берелік.
Ғабит Мүсірепов:
- «Мені моральдық және азаматтық проблемалар көп мазалайды. Біз қазір адамдағы ең көп ішкі байлық – жан сұлулығы мен ар тазалығы, азаматтық міндеттер туралы әңгіме қозғаудан көп жағдайда бұрылып өтіп немесе бұғып отыруға әдеттеніп бара жатқан жоқпыз ба деген ой көнілімнен де, көкейімнен де кесе көлденендеп кетпей жүр. Заман жақсы, бәрі жақсы, бәрі жеткілікті, бәрі бар. Алайда жеке бастың мүддесін, қара бастың қамын ойлаушылыққа жол болсын».
Ғабең бұл сөзді осыдан 48 жыл бұрын айтыпты. Заман өзгерді, қоғам өзгерді, қоғамдық құрылыс өзгерді. Өзгермеген бірақ нәрсе - ол, Ғабең айтқан «жеке бастың мүддесін, қара бастың қамын" ойлаушылардың халықтың емес, жоғары биліктің кеселіне айналып кеткендігі.
Сағат Әшімбаев енді Ғабеңе тіл туралы сұрақ қояды. Ғабең айтады «интернационалдық терминерден жөнсіз қашпауымыз, «архаизм» деп айдар тағылып, архивке кеткен кейбір сөздерден үрке «қашпай, олардың мағынасын, мәнін жаңғыртып, жарқыратып қолдана білу керек». Сұхбат мазмұны біртіндеп, жазушы шығармашылығына қарай ойысады. «Кездеспей кеткен бір бейнені» оқымаған қазақ жоқ шығар. Ол повесть те, хикаят та емес, ол-поэма. Кеңестік дәуірде өмірге келген жаңа әдеби стиль. Түйінгеніміз - мынау. Жазушы ұзақ ойланып, мың толғанып шығарманың бүкіл литмотивін ойда қорытады екен. Ғабең «Кездеспей кеткен бір бейнені» де, «Қозы көрпеш» пен «Ақан сері» пьесаларын да 2 аптада жазып бітіріпті.
Осындай сұрақ қойылмаса, қазақ әдебиетіндегі мәңгілік рухани, мәдени жәдігерлеріне айналған шығармалардың сырын білер ме едік?! Өйткені Еуропа мен Батыста ұлы қаламгер өмірінің әр сәті, әр минуты тарих үшін өте қымбат. Әрі Ғабеңнің өз аузынан айтылған сөз тарихи дерек ретінде өте құнды емес пе?!
Сағат Әшімбаев оқырманға қызықты деректерді суыртпақтап жеткізеді. Осы арқылы Ғабеңнің шығармашылық өнімді еңбек ететін тұсы күз бен қыс екенін, кейде жазу столында 10 сағатқа дейін табжылмай отыратынын білер ме едік?
Оның үстіне Ғабит Мүсірепов шығармаларының көбін түнде, өткір ұшталған қара қарындашпен жазады екен. 227 минут дегенің, 3 сағат 47 минут екен ғой. Осы уақыттың ішінде қанша ма сұрақтар қойылды, қанша ма жауап алынды.
Бұл сұхбат Мүсіреповтанудың бастауы болды ғой деп ойлаймын. 1977 жылы Ғабеңнің 75 жылдығына орай Сағат Әшімбаев Ғабит Мүсірепов шығармашылығына қайта оралады. Сол мақаланың эпигрофына назар аударалықшы. Бұл орыстың атақты жазушысы Короленконың Глеб Иванович Успенский туралы жазған мақаласының бір сөйлемі болатын.
«Он был один, сам по себе, ни на кого не был похож, и никто не был похож на него. Это был уникум человеческой породы, редкой красоты и редкого нравственного достойнства».
Осы екі сөйлемде В.Г. Короленко Г.И. Успенский туралы бүкіл ой толғағын жеткізген. С. Әшімбаев та осы асыл сөздердің астарынан Ғабит Мүсіреповтың бүкіл табиғи пайым- болмысы мен рухани биіктігін көрсетуді өзіне эталон етіп алады. Мақаланың алғашқы жолдардан мысал келтірейік.
«Қазақ совет әдебиеті және Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов! Бұлар ақ алмастай асыл да, аяулы, балталасаң да басы бөлінбес, еншілес-егіз ұғымдар. Бірін-екіншісінсіз немесе керісінше жағдайда ешбір елестетуге болмас еді. Демек екеуі бір-бірінің етене жақын синоним символдары».
Осы жолдарды оқығаннан кейін Ғабит Мүсіреповтың тұтастай қазақ әдебиетінің символына, піріне айналғанын ұғынасыз. Одан әрі қарай автор Ғ. Мүсірепов шығармашылығының сырына тереңдеп кіреді. Бұл жерде табиғи метафораны шеңдестіреді. Жалпы табиғатта бояу атаулының түсі көп, бірақ адам көзі оның ақ, қара, көк, жасыл, қызыл, қоңыр, сары сияқты түстерін ғана қабылдайды. Жеті бояу сырының астарында не жатыр? Бұған автордың төмеңдегі ойлары жауап береді.
«... Ғабит Мүсіреповтің творчестволық полотно-палитрасында анау аталған негізгі жеті бояу, одан таралып- тарайтын 77 бояудың бәрі бар».
Сыншы қаламгер осы арқылы Ғабең шығармашылығын тұтас бір дәуірдің келбетіндей сипаттайы. Ғ. Махмұтұлын автор тереңдеп зерттеген. Бұл ретте ол атақты М. Горькийдің Лев Толстой туралы жазған эссесін өзіне үлгі санайды. М. Горький «Егер ол (С.Л. Толстой – У.Қ.) жаратылыс зерттеуші ғалым болған жағдайда да адам баласы естіп көрмеген, сезіп білмеген ұлы жаңалықтар ашып, данышпандық жасаған болар еді»,- деп жазады. Ал Әшімбаев болса, біз күні бүгінге дейін көп біле бермейтін деректі алға тартады. Сөйтсек, Ғабит Махмұтұлы 1927 жылы Омбының ауылшаруашылық академиясының бірінші курсында оқи жүріп, «Әмірхан бидайғы (Американ –У.Қ.) атты ғылыми сипатты кітап шығарыпты. Шынында, Сағат марқұм жазғандай осы жолмен жүре бергенде, Ғабең, Арқаның ақ бидайының «Тамаша бір түрлерін шығарар еді ғой»». Бірақ тағдыр Мүсірепке жазушылық жол берді. «...бүгінгі қазақ сөз өнерінің Мүсіреповсіз бір бүйір орны толмастай олқы тұрар еді ау», - деген С. Әшімбаев жазған жолдар нағыз шындықтың өзі.
Себепсіз салдар болмайтыны сияқты, Ғ.Мүсіреповтың тағдыр тәлейінде сан тарам жолдар жатты. Ол 1927 жылы қызыл партизан құрамында болады, Таузар деген болыстың соғыс бөлімін басқарады. Ал, 1923 жылы Жекекөл деген милиция штабы бастығының орынбасары болады. Бірақ Алла Ғабеңді Сәбит Мұқановпен кездестіреді. Ол Ғабитке Орынбор рабфагіне оқуға түсуге кеңес береді. Бұл жол оны Қазақстан халық комиссарлар советінің председателі Сәкен Сейфуллинмен кездестіреді. Тіпті Ғабең С. Сейфулиннің үйінің бір бөлмесінде жатып оқиды.
Ұлыларды ұлылар танитын заман-ай!
Сағат Әшімбаев 1920 жылдардағы Қазақстандағы жағдайға ерекше назар аударады. Осылай кейіпкердің азаматтық көзқарасына С. Мұқановтың қосқан рөлін Сәбеннің мемуар- естеліктері арқылы береді.
- «Ғабиттің жазушылығын тұтас алғанда өзіне тән бірнеше өзгешеліктері бар: бірінші – бойына сіңбеген тақырыпқа жармаспайды; екінші – бойына сіңірген тақырыбын тез жазып тастауға асықпайды, сондықтан шығармаларының шикісі аз болады; үшінші – жазатын тақырыбына күй тандайды, күйі жетпесе игерген тақырыбын да жаза қоймайды; төртінші – шығармасына өте ұқыпты, сондықтан хал-хадірі жеткенше олпы-солпысыз шығарады; бесінші- тілге үнемшіл, суреттеп отырған оқиғасына жәрдемі жоқ сөзді қолданбайды; алтыншы – жарқылдақ сөздерді көбірек қолданып, шешен сөйлеуге тырысады; жетінші – адам портретін жасауға қазақ жазушыларының ең шеберлерінің бірі», - деген ғой Сәбит Мұқанов.
Ал жас сыншы Сағат Әшімбаев Ғабит Мүсіреповтың шығармашылығын қалай бағалайды?!
«Біріншіден, Ғабеннің әдебиетке келуі кездейсоқтық емес; екіншіден Ғабең творчествосында алғашқы аяқтану кезеңі – 20 жылдарды сөз еткенде, қанаттас қаламдасы, әрі талайым тағдырласы Сәбеңді айтпай, ол кісінің өзіндік рөліне тоқталмай өтуды жөн санамадық; үшіншіден, Ғ.Мүсірепов қаламынан шыққан шығармаларды салмақ- сапасын біз айтпасақ та оқушы қауым жақсы біледі, сондықтан да көбірек сөз бола бермей жүрген, аунап- қунаған ортаға, алдыңғы ағалары және қатарлас қаламдастары мен қарым-қатынасына үңілуді, мүмкіндігінше соларды сөз етуге тырыстық»,- дейді.
Осылай, Сағат Әшімбаев Ғабеңнің әдеби ортасын, олардың қарым-қатынасын ашуға тырысады. Әсіресе, Би аға, Бейімбет Майлинмен таныстық, оның Ғабиттің қаламгершілік жолындағы қамқорлығы тілге тиек етіледі. Ғабеннің өз естелігіне жүгінелік. «...әдебиетіміз жаңа аяқтанып келе жатқан кезінде аға жазушылар жас талантарды іздеуге ерінбейтін».
Иә, Ғабең, Ғабит Мүсірепов та қазақ әдебиетінде жылт етіп көрінген жас қаламгерлерді іздеп, олардың шығармашылығына сәт сапар тілеп жүретіні осындай өнегеден бастау алған екен ғой.
Автор Ғабит Мүсіреповтың «50 жылдан астам уақыт ішінде, қаламынан 250 баспа табаққа жуық әдеби қолжазба дүниеге келіпті де, соның тең жартысына жуығы баспаға шығып, оқушы қолына тиіпті»,- деген дерек келтіреді.
Ғабең айтады: «...Көп жазғанды құптаймын, алайда не жазсаң соңы шығара беруге қарсымын. Көп шығару көлемдіктің ар жағында тиын- тебеннің сиқырлы сылдыры естіліп тұрады...».
Әр заманның өз құндылығы бар, бірақ кесек сөзге, ақиқат сөзге қалай тоқтамассын!
Мақала Ғабит Мүсіреповтың заманының күйі мен жастары әдебиеті және рухани болмыс туралы пікірімен жалғасады.
Ғ. Мүсірепов:
1. «...Қазіргі кезеңде дүниежүзі әдебиетінің кешегі, бүгінгі, ерте дәуірдегі рухани жетістік кемшіліктерін білмей, игермей, зерттемей тұрып, ештеңе жасау мүмкін емес. Өзіміздің Мұқтар да, Сәбит де ұлан- ғайыр білімді, терең жандар еді ғой. Менде Еуропалық жоғары білім алмағам болсам, осынау жетістікке, осы халге жетпеген болар едім...».
2. «...Құлақ салған, ден қойған жастарға аз ғана тілек бар. Жастар қажет деп тапса біздің шығармаларымызды оқыр, көңілдері таппаса оқымас, оған орынсыз сөз жүрмесе керек. Өйткені оқуға да зорлық болмауға тиіс. Егер біз оқитындай кітап жаза алмасақ, күнәміз де сонда деп білемін...».
3. «... Алтыбақан алауыздық пен тоғышарлыққа жол берілмеуі тиіс. Ерте дүниедегі ең қабілетті де, талантты халық латындардың түбіне осы жеткен».
Ойға ой, жүрекке қозғау салатын сөз осы мақаланы Сағат Әшімбаев қалай аяқтайды?
«...Мен жазып отырған қалам, қағазымды жинап жатқанда, ол кісі Алатауға терезеден көз тастап тұрып, іштей күрсінгендей сезілді, Ойыңа не түсті екен...».
Әрине, Ғабең де осы тұста қазақтың тәуелсіз болатын арман- күндерін ойлаған шығар. Бұл форма қайдан алынды? Есіме ұлы Мұхтар Әуезовтің Абай эпопеясы түсті. Роман-эпилогында Мұхтар Әуезов Абайды алыс көкжиекке қарап, ойланып тұрғанын жазған еді.
Әдеби форма сұхбатқа ерекше мазмұн мен көрік береді.
Ойсыз мақала ойландырмайды, толғандырмайды. Ал Сағаттың сыр-сұхбаты тереңнен сыр қозғайды...
Ол зерделі ойдың зергеріне айналды...
Уәлихан Қалижанов,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҰҒА академигі
Abai.kz