«Менің Қазақстаным» әні осылай жазылған...

Жұмекен Нәжімеденов – санқырлы суреткер
ӨМІР, ӨНЕР ЖОЛЫ
Биыл қазақ әдебиетінің классигі, ХХ ғасырдың ұлы ақыны, жауһар жазушы, тәжірибелі тәржіман, керемет күйші, егемен еліміздің жаңа әнұранының авторларларының бірі, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты Жұмекен Сабыржанұлы Нәжімеденовтің 90 жылдық мерейтойы атап өтіледі. Осыған орай республикалық «Бір ел - бір кітап» акциясына жазушы, ақын, сыншы, аудармашы, суреткер Тәкен Әлімқұлов пен Жұмекен Нәжімеденовтің шығармалары еніп отырғаны қандай ғанибет.
Ж. Нәжімеденов 1935 жылы 28 қарашада Атырау облысының Құрманғазы ауданындағы Қошалақ құмының Ашақ елді мекенінде дүниеге келген. Руы – Қоңыр бөрік алаша. Арғы аталары: Қалматай – Тоқпан – Берлібай – Қартпенбет (жырау) – Таңқай – Стамғазы – Нәжімеден – Сабыржан – Жұмекен болып келеді. Осы әулеттің жалғыз ұлы. Әкесі –Сабыржан 1939 жылы 15 мамырда 25 жасында әскерге алынып, 1941-1942 жылдары соғысқа түсіп, содан хабарсыз кеткен. Анасы – Мүслима Айдынқызы Жұмекен, Сәбила, Жаңылсын есімді үш баламен ата-енесінің қолында қалған.
1954 жылы Нұржау кеңесіне қарасты Ленин атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін Жұмекен «Жас қайрат» сегізжылдық мектебінде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген. Алматыға оқуға келген ол мектепте озат оқып жүрген қазақ әдебиетінен екілік баға алған. Суық қолдың араласқанын сезсе де дәлелдейтін дәрмен таба алмай арыққа аяғын малып, налып отырған баланы көшеде кетіп бара жатқан қазақ офицері Ғұбайдолла Ержанов байқап қалған. Бұрылып келіп, жағдайын біліп, үйіне апарып, Қарағандыға жұмысқа алынып жатқандардың қатарына іліктірген. Осылайша Қошалақтан қоңыр мұңын, қоңыр домбырасын қолтықтап аттанған жігіт Алматыда аз-кем аялдап, Қарағандыға аттанған. Ол 1955-1956 жылдары Қарағандыдағы №33/34 шахтада комбайншының көмекшісі болып істеген. Кішкентайынан күй тартатын баланың жұмыстан бос уақытта домбыра шертіп отырғанын Майқұдық шахтасындағы кәсіподақ ұйымының басшысы Әукебай Кенжин көрген. Көркемөнер үйірмесіне, кеншілердің ән-би ансамбліне қосып, кәсіподақтардың Бүкілодақтық байқауына жіберткен. Мәскеудегі Үлкен театрда өнер көрсетіп, жүлделі оралған жігіттің «обалына қалмайық» деп арнайы жолдама әперген. Сөйтіп, Жұмекен Алматы консерваториясына оқуға түсуге келген.
Ақын орындауындағы күйлер ескі, ірі күйлер болып келетін. Мәселен, «Нарату», Абылдың өзі аттас күйі, Мәменнің «Қайғылы қара», «Баламайсан», «Ақшолпан» күйлерін асқан шеберлікпен орындайтын. Әсіресе Дәулеткерейдің «Ақжелең», Аңшылық», «Қосішек», «Топан» күйлерін және Тәттімбеттің «Сылқылдағы» мен «Сарыжайлауын» қалың жұртшылық тыңдай бергісі келетін.
1956-1959 жылдары Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясының халық аспаптар бөлімінде дәріс алған. Жеті жыл Алматының төрт бұрышын түгендеп, пәтер жалдап жүрген.
1959-1965 жылдары «Жазушы» баспасында кіші редактор, 1965-1966 жылдары «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газеті әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі, 1966-1971 жылдыры Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші болып қызмет атқарған.
1971-1973 жылдары Мәскеудегі Алексей Максимович Горький (Максим Пешков) атындағы Жоғарғы Әдеби курста оқыған. 1974-1978 жылдары Қазақ мемлекеттік кітап саудасы жөніндегі комитетінде редактор, 1978-1983 жылдары «Мектеп» баспасы тарих және георафия бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істеген.
Ақын 1963 жылы Мәскеуде өткен Жас жазушылардың IV конференциясына делегат болып қатысқан. 1967 жылы «Жоқ, ұмытуға болмайды!» деген дастандар жинағы үшін Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты атанған.
Ж. Нәжімеданов артына бес томдық жыр және дастандар жинағын, үш романын, көптеген хикаяттар мен әңгімелерін, аудармаларын қалдырған. 1966 жылы Шығыстың жеті жұлдызынан Сағдидің «Бустан» дастанын, 1973 жылы Түркия ақындарының өлеңдерін, 1980 жылы Александр Александрович Блоктың «Зауал» дастанын, ақын, жазушы, драматург, суретші Михаил Юрьевич Лермонтов пен адуын ақын Владимир Владимирович Маяковскийдің көптеген өлеңдерін, 1981 жылы Андрей Андреевич Вознесенскийдің шығармалар жинағын қазақ тіліне аударған. Николай Альбертович Куннің «Грек аңыздарын» тәржімалауға қатысқан. Ақынның өлеңдері шетелдерде де басылған.
Дүниеде ақын жүрегінен нәзік, бұдан сезімтал, жараланғыш, жәбірленгіш жаратылыс жоқ. Қаншама салқынқанды данышпан болғанымен Абайдың да, қаншама адуынды батыр болғанымен Махамбеттің де жүректері соншама нәзік, әлжуаз тұғын. Жалпы, өзге жұмысбасты пенделерден нағыз ақындардың екі түрлі айырмасы, ерекшелігі бар: оның біріншісі - ақынның жүрегі, екіншісі - ақынның қиялы. Жүрек пен қиял үндескенде ғана дүниеге ғажайып жырлар келетіні айқын. Шын ақындардың өмірі мен өлеңінің арасында кереғарлық болмайтыны сондықтан. Ж. Нәжімеденов үш рет инфаркт алған. 1983 жылғы 22 қарашада 48 жасында жүрек сырқатынан бақилық болған.
Сол жылдың жазында Жұмекен алдағы 50 жасына орай «Жазушы» баспасынан қостомдық таңдамалы шығармалар жинағын шығаруды сұранғанымен, олар маңына жолатпай қойған. Әупіріммен 15 баспатабақ жаңа кітабын жоспарға кіргізген екен.
Қаламгердің жарық көрген кітаптары: «Балауса» (1961), «Сыбызғы сыры» (1962), «Өз көзіммен» (1964), «Жоқ, ұмытуға болмайды!» (1965, екі жылдан кейін осы жыр жинағы үшін Қазақстан Жастар одағының сыйлығын алған), «Жарық пен жылу» (1966), «Күй кітабы» (1967), «Мезгіл әуендері» (1968), «Весенние ветры» (1969), «Ұлым, саған айтам» (1970), «Қызғалдақ жайлы баллада» (1971), «Мен туған күн» (1972), «Ақ шағыл» (роман, 1973), «Кішкентай» (роман, 1975), «Даңқ пен дақпырт» (роман, 1977), «Жеті бояу» (1979), «Шуақ» (1980), «Ашық аспан» (1981), «Темірқазық» (таңдамалы жыр жинағы), «Мое рождение» (1982), «Қыран-қия» (1984), «Менің топырағым» (Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған, бірақ ала алмаған жыр жинағы, 1985), «Тебе говорю, потомок» (1986), «Ұрпағым, саған айтам» (1988), «Солнцеворот» (1994), үш томдық жырлар мен дастандар жинағы (1996-1997), «Мен - тамырмын» (2001), «Қасірет пен қайсарлық» (2001), «Жұмекен» - (Атырау ақын-жазушыларының кітапханасы, 2002), «Жаңғырық», «Я есть» (2003), «Менің Қазақстаным», қостомдық жыр жинағы, «Аспан шақырады» (2005).
2006 жылы Алматыдағы «Білім» баспасынан «Әдеби мемуарлар» сериясымен «Жұмекеннің жүрегі» деп аталатын Жұмекен Нәжімеденов туралы естеліктер жинағы шыққан. Саида Жұмекенқызы Нәжімеденова құрастырған бұл кітапқа ақын жайлы естеліктер, арнау өлеңдер мен мақалалар енген.
2021 жылдан бері Алматыда республикалық «Жұмекен» әдеби-танымдық журналы жарық көріп келеді. Ақылдастар алқасының төрағасы - мемлекет және қоғам қайраткері, саяси ғылым докторы Иманғали Тасмағамбетов. Құрылтайшы әрі Бас редакторы - «Болат Медиа» мекемесінің директоры Болат Батыр.
«МЕНІҢ ҚАЗАҚСТАНЫМ» ӘНІ ОСЫЛАЙ ЖАЗЫЛҒАН...
«Менің Қазақстаным» - қазақ халқының ұлтық патриоттық рухын, туған жерге деген сүйіспеншілікті паш ететін әйгілі ән. Бұл әннің сөзі Жұмекен Нәжімеденовке, ал әуені Шәмші Қалдаяқовқа тиесілі. 1956 жылы жазылған бұл туынды алғаш рет халыққа ұсынылған сәттен бастап кең танымалдыққа ие болған. Әнде Қазақстанның кең-байтақ жері мен табиғаты, ұлттық мақтаныш пен елдің болашағына деген сенім шынайы түрде сипатталған.
Арада 50 жыл өткеннен кейін, дәлірегі 2006 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әннің мәтініне өзгерістер енгізіп, ресми түрде Қазақстанның Мемлекеттік әнұраны ретінде қабылданған. Осылайша «Менің Қазақстаным» - тек патриоттық ән ретінде ғана еес, елдің Мемлекеттік рәміздерінің бірі ретінде үлкен мәртебеге ие болып отыр.
1956 жылы Ж. Нәжімеденов Алматыға келген. Оның жағдайына әбден қаныққан жебеушісі - қазақ офицері Ғ. Ержанов бұрыннан пәлендей таныс-білістігі жоқ атақты академик Ахмет Жұбановтың тура өзіне ертіп апарған. Сол жерде оның екі-үш күйін тыңдап көрген Ахаң бірден қарауындағы жігіттеріне пәрмен беріп, бұрынғы құдықшы, кешегі шахтер жігітті Құрманғазы атындағы әйгілі консерваторияға оқуға қабылдаттырған екен. Сөйтіп, оны ұлт аспаптар оркестрінің дирижері болуға дайындап жүрген.
Ақын Жұмекен консерваторияда оқып жүріп курстас досы Шәмші Қалдаяқовпен бірігіп 1956 жылы атақты «Менің Қазақстаным» әнін шығарған. Зайыбы Несіп Мұстахованың айтуынша, ақын бұл өлеңін екі сағаттың ішінде жазып тастаған көрінеді. Ал саз өнерінің «шаппай бері» Шәмші жөнінде сөз басқа.
Бұл әннің шығу тарихы қызық. Сол кезеңде Қазақстанның солтүстік облыстарын - теріскейдің астықты өлкелері мен батыстың мұнайлы өңірлерін біржола Ресейге, Маңғыстауды Түркіменстанға апарып қосып жібереді екен деген саяси өсек бұрқ ете қалған. Оның алдында ғана Оңтүстік Қазақстан облысының едәуір жері көршілес Өзбекстанға өтіп кеткендіктен, мұның жәй қауесет емес, көп ұзамай шындыққа айналатыны бұрынғы Ақмоланың басына Целиноград қалпағын кигізіп, Тың өлкесі құрылғаннан-ақ белгілі болып қалғандай тұғын. Бірақ сол тұста тырп етіп, тұяқ серпер шама жоқ тұғын.
Алайда бәрінен озғаны – жасы ересектеу, тәжірибесі молдау қос студенттің бірден ауыздан-ауызға тарап кеткен «Менің Қазақстаным» атты екпінді әні болатын. Жұмекен мен Шәмшінің «Менің Қазақстаным» әні -мейлінше жуасып бара жатқан қазақ рухын дүр сілкіндіру мақсатында туған зерделі дүние дер едік. Сонымен қатар ақын Жұбан Молдағалиевтің «Мен - қазақпын!» атты құдіретті дастаны - осы құйтұрқы саясатқа берілген халық жауабы болатын.
Туған ел басына тағы да қатер төнген 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы күндерінде Алматыдағы Брежнев (қазіргі Республика) алаңында бүгінгі азаттық үшін қан төккен қазақ жастарының аузынан Жұмекен мен Шәмшінің «Менің Қазақстаным» әнінің айтылуы тегіннен тегін емес тұғын. Бұл жайт ұлтжандылық рухқа шақыратын әсем әуенді ән ғұмырының мәңгілік екенін паш еткендей болған.
ҚАЛАМДАС, ЗАМАНДАСТАРЫ ЖҰМЕКЕН ЖАЙЫНДА...
Ж. Нәжімеденовтің поэзиясы жөнінде әдебиетіміздің көрнекті өкілдері, қарымды қаламгерлер – Әбу Сәрсенбаев, Әбділда Тәжібаев, Ғафу Қайырбеков, Әбіш Кекілбаев, Мұқағали Мақатаев, Зейнолла Серікқалиев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Нұрлан Оразалин, Темірхан Медетбек, Рахымжан Отарбаев, Әділғазы Қайырбеков, Абзал Бөкен, ақын шығармашылығынан «Жұмекен Нәжімеденовтің ақындығы»» тақырыбында докторлық диссертация қорғаған атыраулық Қадыр Юсупов» («Жұмекен Еәжімеденовтің ақындығы», Алматы қаласы, «Ғылым» баспасы, 1995 жыл), тағы басқа ақын-жазушылардың ауызша және жазбаша лебіздері баршылық.
«...Әдеби жыл қорытындысы болды. Әбділда Тәжібаев Қадыр Мырзалиев екеумізді сойып тұрып мақтады. Содан бері менімен жұрт амандаспайды. Мен не істеймін? Оның мақтағанына сеніп жатқан мен жоқ. «Өз көзіммен» (1964) ғой баяғы.
Ал поэмалар туралы ешкім үндемейді. ЦК-ға арыз түсіпті дегенді естідім. (Жұмекен Нәжімеденов соғыстың күлін ғана жырлайды). Бірақ ЦК-дағылар менікін дұрыс деп тауыпты...» (Жұмекен Нәжімеденовтің 1965 жылғы 13 маусымда Оразбек Сәрсенбайға жазған хатынан үзінді).
Сонымен қатар Ж.Нәжімеденов сыншы да. Оның сыни мақалалары дегенде алдымен «Өлеңге қатысты сөз» (Ақын ақын туралы) жадымызға оралады. Онда ол Жұматай Жақыпбаев, Есенғали Раушанов, Ұлықбек Есдәулетов жырларына талдау жасайды.
Ұлтымыздың көркемдік ойына жаңа сөз әкеліп қосқандардың қатарында ақын Жұмекен Нәжімеденовтің бар екеніне бүгінде ешкімнің таласы жоқ шығар.
«...Жұмекен Нәжімеденов Мұқағали Мақатаев ағасы сияқты «қазақтың күпі киген қара өлеңіне шекпен жауып» әуреленбейді, қазақ жырын Александр Сергеевич Пушкин, ағылшын ақыны Джордж Ноэл Гордон Байрон, неміс ақыны Йоганн Вольфганг фон Гёте ойларымен құдіреттендірген Абай Құнанбаев бабасына жаңа буын өлшемдерін енгізеді. Ақын өлеңдерінің бұл тұстағы өлшемдері бірде он үш, бірде он бес болып, мазмұн талабына лайық құбылып отырады. Ол мазмұнға залал келтірер, сіресіп қалған «темір» ұйқасқа да бармайды. Осы жолмен қазақ поэзиясының географиялық шеңберін ұлғайтып, Американың ұлы демократ ақыны Уолт Уитмен кеңістігіне шығады, күллі адамзатқа ортақ биік мақсатқа қанат қағады. Американ ақыны У. Уитмен мен қазақ ақыны Жұмекен Нәжімеденовтің толғаныстарында тамаша ұқсастық, үндестік бар», - деп тамсанған екен кезінде Әбу (Әбуғали) Сәрсенбаев сынды абыз ақын.
Аға ақынымыз Әбділда Тәжібаев әріптес інісінің 50 жылдық мерейтойына орай жазған мақаласында: «Жұмекен поэзиясы - біздің ұлттық мақтанышымыз, біздің енді ашылар алтын сандығымыздың бірі. Ешкімге ұқсамайтын ақынның әрбір шумағы - тың қазыналар», - деп жазған екен. (Қараңыздар, «Қазақ әдебиеті» газеті, 1985 жылғы 22 қараша).
Жұмекен жайлы ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың: «Жұмекен - жұмбақ ақын. Тамырын тереңге салған, ойға бай, тілге сараң суреткер. Ақын - Жұмекен, жұмбақ - Жұмекен біздің поэзиямыздың бүгінгі де, ертеңгі де қорына мықтап жайғасқан. Ол оқырманы құрымай, өзі де құрымайтын саналы, ақылды жырлардың авторы», - деп айтқаны бар.
«Жұмекен Нәжімеденовтің мағынасы жағынан аса бай мұрасы - қазақ поэзиясының қазынасына айналып үлгерді. Оның шығармашылығы қазақ поэзиясының қазіргі жеткен нысанасы ғана емес, ешуақытта тозу білмейтін мәңгілік қазынасы». (Ғафу Қайырбеков, «Ұлы ақын еді Жұмекен», «Жалын» журналы, №6, 1990 жыл).
«Өмірдің өзіндегідей бояу, өмірдің өзіндегідей әуез-ырғақ - ақынның көркемдік мұраттары. Ол үшін - шындыққа қиянат жасайтын әсіре бояу, әсіре желпіністің бәрі жат. Айқай салып арзандатпа шындықты! Бұл - Жұмекен Нәжімеденовтің азаматтық та, ақындық та кредосы», - деген екен Әбіш Кекілбаев сынды сұңғыла суреткер.
«Жұмекен көзі тірісінде-ақ мықты ақын ретінде мойындалған. Қазақстан Жастар одағы сыйлығының алғашқы лауреаттарының бірі болған, бірақ тереңдік сыры жөндеп танылмаған. Баспасөз бетінде кереғар, қайшылықты қаншама пікірлер айтылды. Жыр жаратылысын ұғыну, қабылдау бағытындағы сол солақай, үстүрт түсініктерге енді бүгінгі зерттеушілер көзқарасы қандай? Ақын жүрегіне ауыр салмақ түсірген жала, айыптарды өтті-кетті деп ескермеуге бола ма? Сұраусыз ешнәрсе қалмайтынын кейінгілерге сездірер сын сабағының бірі осы емес пе? Түптеп келгенде, бұл біздің әдеби талғам, таным әлемінің өзінше бір тарихы болуға тиіс», - деп толғанады сарабдал сыншы Зейнолла Серікқалиев.
«Жазғандарында жарық пен жылу, күнгей мен көлеңке, ақыл мен ашу, мінез бен әдеп әркез қатар жүретін Жұмекен-жырдың табиғаты - сөз бен бояуға қанық бейнелі жырдың биігіне көтерілген ойы мен сезімі қатар келіп шарпысқанда жүрек төрінен от өрілген өзгеше көркем құбылыс. Кейінгілерге сездірер сын сабағының бірі осы. (Нұрлан Оразалин, «Жұмекен-жырдың жаратылысы», «Егемен Қазақстан» газеті, 1996 жылғы 10 қаңтар).
«Әзірше бір нәрсені ғана батыл айтуға болады. Жұмекен бұрын қандай ақын болса, қазір де сондай ақын. Бұрын қандай бейнелі болса, қазір де сондай бейнелі. Бұрын қандай күрделі болса, қазір де сондай күрделі. Сақалдарына ақ кіргенше поэзияны сәбидің санамағы көретін жәй сөзқұмарларға Жұмекен Нәжімеденовтің өлеңдерін оқымаса да болады. Оның жыры, әдеби мәдениеті өте жоғары, түсініктері терең, ұғымпаз оқырмандарға арналған», - деген пікірінде көп шындық бар. (Қадыр Мырзалиев, «Сөз сиқыры», Жыр туралы кітап, Алматы қаласы», «Жазушы» баспасы, 1982 жыл).
«Халыққа қызмет ету - талғамға қызмет ету емес. Өйткені нағыз ақын оқырман талғамын ылғи да байыту үшін, ылғи да жаңа биікке көтеру үшін қызмет ететін-ді. Жұмекен Нәжімеденов дәл сондай ақын-ды». (Темірхан Медетбек, «Әр сөзің тасасында асылым бар»).
«...Тұманбай Молдағалиев, Сағи Жиенбаев, Қадыр Мырзалиев пен Жұмекен Нәжімеденов бастаған лекті әдебиетімізге ешкім де бәйгеге салғалы баптап, баулып әкелген жоқ, - депті Мұқағали Мақатаев. - Олар аяқталмаған, аяқталмайтын қазақ дастанының заңды жалғастары. Олар естері кірер-кірместен ел таныған балалықтың балдәурені орнына шаруаның бейнетін тартқан, бесік жырының орнына анасының зарын ұққан, ертегінің орнына елі үшін құрбан болған әкелері мен ағаларының ерліктері жөнінде әңгіме тыңдап өскен, көздерінде жас, көңілдерінде мұң бар саналы ақындар... Олар қазақ жырына сол қалпымен сонысын айтқалы келген-ді». (Әділғазы Қайырбеков).
«Жұрттың бәрі елеске арбалғандай алға ұмтылып, жырдың жұмбақ жағалауын көкжиектің ар жағынан іздеуге шыққанда бұл кейінге мойын бұрып, көз көрмес, қол жетпеске кеткен поэзия қоңыраулы керуенінің ізіне түсті. Әр жұртта қалған қоламтадан неміс ақыны Йоганн Вольфганг фон Гёте шалдың суреткерлігін, ағылшын ақыны Джордж Ноэль Гордон Байронның еркін серілігін, американ ақыны Уолт Уитменнің тереңдігін, Александр Александрович Блоктың күрделілігін тапты. Осы табылғаны қазақы сезім мен ақылдың қойнауына салғанда өнер көшесіне «Нәжімеденов әлемі» дейтін сонылық бой түзеді», - деп жазады Рахымжан Отарбаев.
«Жалпы, Жұмекен Нәжімеденовтің поэзиясында не бар дегеннен гөрі не жоқ деген сауал қойылса игі. Өйткені, ол нағыз поэзияға тән барша соны сипаттарды жетік игерген. Ой, сезім, бояу, деталь, юмор, психология, лиризм, айтқыштық - бәр-бәрінің биігіне самғай көтеріліп кеткен мұндай ақын өз қатарында көп болса екеу, әйтпесе біреу-ақ шығар. Жұмекен айтқанда бәрі жаңа. Жұмекен сипаттағанда бәрі соны. Ол сөйлегенде жансыз деген жаратылыстың (шартты түрде) жан кіріп, қан жүгіріп толқып қоя бермейтін сәті жоқ» (Абзал Бөкен).
Ал, прозасы - әзірге сыншылардың ресми түрде қаламына іліге қоймаған соны соқпақ. «Сюжеттері пышыраған мен де үш роман», - деп өзі айтқандай, Жұмекен Нәжімеденов прозасы - оның жалпы прозадағы енгізген жаңалығы, ащы юморы, суреттеу тәсілі, көркемдік келбеті, оқиғаларды беру әдісі - арнайы зерттеуге, бір емес, бірнеше монография жазуға татырлық еңбек. Бұл жөнінде қазақтың қара сөзінің майталманы, ұлы суреткер Тахауи Ахтанов: «Әттең, Жұмекен Нәжімеденовтің романдары өз бағасын ала алмай барады», - деп ерекше толғаныспен сыр шертіп, өкінгені бар.
«Жұмекен Нәжімеденов - әдебиетте ежелден үндес, мұңдас, сырлас, қос жанрда бірдей шынайы шеберлік көрсетіп, көркем әдебиеттегі халтура біткенге батыл майдан ашқан қаламгер. Бұл ретте оны орыстың Александр Сергеевич Пушкині мен Михаил Юрьевич Лермонтовына ұқсатамын. Өйткені, қос жанрда бірдей күш сынау - екінің бірінің қолынан келмейді», - деп жазады Төремұрат Марат Ысқақ.
Аудармашы ретінде орыс ақыны, жазушы, драматург, суретші Михаил Юрьевич Лермонтовтың өлеңдерін, ақын Александр Аолександрович Блоктың «Возмездие» («Зауал») поэмасын, ақын Файыз Ахмет Файыздың өлеңдерін, тағы басқаларын қазақ тіліне тәржамалаған.
Мынау бәтуасыз дүниенің өсек-аяңынан безінген Александр Сергеевич Пушкин: «Мы - вольные птицы, пора, брат, пора», - деген жоқ па?
Әулие Абай Құнанбаев: «Көңілім қалды достан да, дұшпаннан да», - деді.
Сайранға да, ойранға да қатар кірген Сергей Александрович Есенин болса: «Не жалею, не зову, не плачу», -деді.
Қасым Аманжолов: «Қайда екен, қайда, Дариға сол қыз?» - деді.
Жұмекен Нәжімеденов: «Ар жағында ұлы ызғар сезіліп тұр,
Жылтырайтын дүниенің беті ғана» - деді.
Мұқағали Мақатаев болса: Жапырақ-жүрек, жас қайың,
Жанымды айырбайтайын», - деді дәрменсіздікпен қол созып.
Жарасқан Әбдірашев: «Өмір деген өрекпіген жүрегімнің,
Жан даусы жаңғырығып жатыр сенде», - деді.
Осы өлең тармақтарының қай-қасысында да мәңгіліктің, бақи дүниенің салқын сызы бар. Жаныңды түршіктіретін, екі айналуға келмейтін бетбұрыс бар. Иә, олар бәрін білді, олар бәрін сезді.
Ақын Жұмекен Нәжімеденовтің отбасылық жағдайы жайлы бірер сөз. Атасы - Нәжімеден Стамғазыұлы, әжесі - Бақытжамал Қайыпқызы, әкесі – Сабыржан Нәжімеденұлы, анасы - Мүслимә Айдынқызы. Қарындастары - Сәбила, Жаңылсын. Зайыбы – Несіп Мұстахова, қыздары - Қарлығаш, Әйкен, Тоғжан, Саида, жалғыз ұлы - Мағжан, немерелері - Талжібек, Ділдә екенін біле жүріңіздер.
Әбдісаттар Әліп,
журналист, ақын, аудармашы, Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі, республикалық «Шымкентім, шырайлым!» журналының Бас директоры – Бас редакторы.
Шымкент қаласы.
Abai.kz