Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2864 0 пікір 1 Қараша, 2012 сағат 13:29

«ТАЗ КЕПЕШТІ» ТАСТАЙТЫН ТҮРІМІЗ ЖОҚ

Осы күні жұртшылықтың жанын жегідей жеп жүрген бір мәселе бар. Неге екені түсініксіз, қазіргі таңда сүйікті қаламыз Алматыны - «Алма-Ата» деп атайтындар көбейіп барады. Әсіресе, орыстілді көптеген журналистер қаланың атын мейлінше осылай табандап айтуға құштар. Неге? Мұнда бір ғана саясат жатыр. Бұл - қаланың тарихи атауын бұрмалаудың нақты көрінісі.

Осы күні жұртшылықтың жанын жегідей жеп жүрген бір мәселе бар. Неге екені түсініксіз, қазіргі таңда сүйікті қаламыз Алматыны - «Алма-Ата» деп атайтындар көбейіп барады. Әсіресе, орыстілді көптеген журналистер қаланың атын мейлінше осылай табандап айтуға құштар. Неге? Мұнда бір ғана саясат жатыр. Бұл - қаланың тарихи атауын бұрмалаудың нақты көрінісі.

Әрі бұған кейбір басшылардың «Алматыны - «Алма-Ата» деп атау өте жағымды естіледі» деген пікірі әсер еткен шығар, кім білсін?! Әйтеуір, қоғамда соңғы уақытта «Алма-Ата» деген атауды қайта тірілту белең алып бара жатқаны анық.
Бір жылдары қазақтың ұлтжанды азаматы Мақсұт Оразай «Аргументы и факты» апталығымен Алматы атауын «Алма-Ата» деп жазғаны үшiн соттасты. Ол табандылығының арқасында сотта жеңдi де. Сөйтіп жүргенде бiр күнi ақын Олжас Сүлейменовтің баспасөзде: «Алматыны орыс құжаттарында «Алма-Ата» деп жазса болады, қазақша Алма­ты дей берсiн» деген пiкірі жарияланды. Ол ол ма, «Экспресс-К» газетіне («Истинная культура нации зиждется на благородном сочетании Знания и Веры», №128, 17.07.2012) сұхбат берген Сүлейменов орыстілді басылымның ығына жығылайын деді ме, әлде өзінің шын ойы солай ма, әйтеуір «Алматы» мен «Алма-Атаның» қайсысын қолданған жөн деген сауалға: «Қостілді ортада қала атауының екі нұсқасын да қолдану қажет. Ондай мысалдарды әлемнен мыңдап табуға болады. Сонымен қатар, біздің елде де ондай мысалдар кездеседі. Мәселен Қарағандының орысша нұсқасы «Караганда» орыстілді ортада «қайта қалпына» келтірілуде. Сол секілді Алматы - Алма-Ата болып қала беруіне болады», - деп тағыда өзгелерге кеңес беріп, көсілте жауап беріпті. 
Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы өкі­лі,­ әлемдік деңгейдегі ақыны Олжас Сүлей­ме­новтің қаланың тарихи атауының Алматы екендігін біле тұра, оның орыстілді ортада «Алма-Ата» деп аталғанын құп көруі бүгінгі тілбұзарларға азық болып келеді. Әсіресе, телеарнадағы кейбір орыстілді журналистердің сөз саптауына құлақ түрсеңіз, «Алма-Ата» дегенді жиі естисіз. Бәлкім, олар «Алма-Ата» Алматының орыс тіліндегі нұсқасы дейтін шығар. Жоқ, олай емес. 1993 жылы тәуелсіз мемлекетімізде қайтарылған Алматы атауын бұрмалап айтуға ешкімнің де қақысы жоқ. Көптеген лауазымды шенеуніктер мен мемлекеттік қызметкерлер де осылай айтуға құмар. Тіпті ондайлар қаладағы көшелердің жаңаша аталатынын білмейтін де сияқты. 
Алайда осыны білсе де білмегенситіндер Алматы қаласында жыл сайын «Алма-Ата - моя первая любовь» ретро-фестивалін ұйымдастырып келеді. Осымен 13 мәрте өткен бұл думанды шараның басы-қасында жүргендер - келмеске кеткен Кеңес үкіметін ерекше сағынышпен еске алып, аңсайтындар. Оған мол қаржы бөлініп жатқаны былай тұрсын, бұл фестиваль - қазақстандық элитаның көңіл көтеретін ойын-сауық «отау­ы­на» айналып кеткен. Шетелден келген әншілермен бірге сол өтпелі кезеңнің әндерін қоса шырқап, мәз-мейрам болысады-ай. Мейлі, шетелден қонақтар шақыра берсін. Онсыз да еліміздің ақшасы осындай пайдасы жоқ сауық кештеріне кетіп жатқан жоқ па?! Біздегі бір тілек - ретро-фестивальдің атын «Алматы - менің алғашқы махаббатым» десе, жараспай ма? Әлде, жеті мыңдай көрермен «Алма-Ата» деп атамадыңдар деп келмей қала ма? Әрине, бұлай десе жәй сылтау болар еді. Шын мәнінде, 1999 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан ретро-фестивальдің көксегені не? Бәлкім, мұның астарында Алматыға «Алма-Ата» атауын қайтарып алу саясаты жатқан шығар, кім білсін? «Алма-Ата» деп атаудың құлаққа жағымды екенін ауық-ауық айтатындардың қарасы көбейгені де сондықтан шығар. Қалай десек те, картада «Алма-Ата» деген атау жоқ! Еліміздің ақпараттық кеңістігі КСРО-ны еріксіз еске салатын ретро-фестивальдар мен бағдарламаларға толы болса да, Алматы атауын қалайда қорғап қалуға тиіспіз. Қарағанды мен Өскемен атауын да. Оларды орысшалап бұрмалауға жол беруіміз келер ұрпақ алдындағы кешірілмес күнә болмақ. 
Ақпараттық кеңістік дегеннен шығады, «ОРТ-Еуразия» телеарнасы да осы «таз кепешті» қайта киді. Жексенбі сайын эфирден көрсетіліп жүрген «Добрый вечер, Казахстан!» шоуы да кеңестік кезеңдегі орыстың ретро әндерін қайта жаңғыртуға арналған сияқты. Қазақ көрерменін кеңестік әндердің табынушысы көре ме, оған ресейлік әншілерді де арнайы қатыстырып бағуда. Ал біздің эстрада әншілері де олардан қалыспайды. Есте жоқ ескі замандағы орыстың әндерін ақтарып, қайта жаңғыртқандарына мәз. Басынан аяғына дейін тек орыс тілінде. Әншейінде қазақ тілінде сөйлеп жүрген қыз-жігіттер де орысша зырылдап жүр. Көріп отырып, ызаң келеді. Бұлар қазақ тілінің тасын өрге домалатпақ түгіл, керісінше аясын тарылтып жүргендей көрінеді. «Таз кепешті» тастамай жүргеніміздің тағы бір белгісі, енді елімізде баяғы «Советский спорт» газеті қайтадан шығарылып, кең таратыла бастады. Тағы да Ресей спортшыларын, солардың жетістіктерін жаппай насихаттаудың тайғанақ жолына түстік.
Сол сияқты «31 телеарна» мен «7 арна» да ресейлік фильмдер мен бағдарламаларды көшіріп көрсетуге құштар. Тіпті «күзгі мау­сымда көрермендерімізді жаңа жобалармен қуанттық» деп жүрген бұл телеарнадағы «отандық өнімдердің» өзі таза көшірме. Бұған дейін «Наша казаша», «Камэди клаб» сынды жобаларда қазаққа қарсы қыңыр әңгімелерімен таныс Нұртас Адамбаев бастаған топ бұл мақсатын енді «7 арнада» «Побег из аула-2» атты жобада жалғастырып жүр. Әлгі Нұртас қазақ енді «шала қазақтың» образына еніп алыпты. Ауылдан келген атасы қазақша сөйлеп жатса, «шала қазақ» әйелінен «Атам не деп жатыр?» деп орысша сұрайды ғой. Сонда әйелі оған бәрін орыс тілінде түсіндіріп әлек болуда. Бұл не масқара? Бұл ақпараттық кеңістігімізге өзіміз қожа, өзіміз би бола алмай жатқанымызды анық дәлелдемей ме? 
«Іштен шыққан жауларымыз» Алматыны «Алма-Ата» деп әспеттеуін қоймай жүргенде, олардан қоғамдық көлік жүргізушілері мен кондукторлары да қалысар емес. Әлі күнге көше атауларын баяғы атымен айту қалмай келеді. Тіпті болмаса, бұрынғы мен қазіргі атын қосамжарлайды кеп. Ол ол ма, қазақ ұлтының қамы үшін қамыққан зиялыларымыздың аты-жөнін орысша хабарлап, «әйел затына» айналдырып жібердік емес пе? Бұл сонда кімге керек? Мұны қадағалауы тиіс Алматы қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы қайда қарап отыр? Біз қашан санамызды кеңестік сарқыншақтардан аршып алуға асығар екенбіз?!

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

"Түркістан" газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371