Сенбі, 23 Қараша 2024
Айқай 5273 15 пікір 25 Мамыр, 2022 сағат 14:24

Назарбаевтың кадрлары қазір қайда жүр?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жанынан орын табылмаған лауазымды шенеуніктер қазір қайда жүр? Жуырда Orda.kz ұжымы терең қалталы, дөңшеке мырзалардың бірсыпарасына іздеу салыпты. Біз де «экс» атанған ескі басшы кадрлерінің қайда жүргендігін Abai.kz оқырмандарына ұсынуды жөн санадық.

Асқар Мамин

Асқар Мамин 2019 жылы ақпанда Қазақстанның премьер-министрі қызметіне келді. Бір жылдан кейін елді каронавирус пандемиясы жайлап, жағдай қиындады. 2022 жылы «Қаңтар оқиғасының» екпінімен алғашқы екеудің брі болып қызметінен қуылды. 5 қаңтарда орнын босатты.

Қазір ол «QazaqGeography» РҚБ төрағасы қызметін атқарып жүр. Табиғат, қоғам және мәдениетті зерттейтін 11 аймақтық өкілдігі бар қоғамдық ұйымды басқарады. Қоғамдық ұйымның баспасөз хатшылығы Маминнің жұмыс кестесі еркін, бірақ ол жұмысқа келіп-кететінін айтады. Мамин Төрағалық үшін жалақы алмайды екен.

Бақытжан Сағынтаев

Бұрынғы премьер-министр және Алматы әкімі болған Бақытжан Сағынтаев Асқар Маминнің жолын жалғап, «Қаңтар оқиғасынан» кейін қызметінен кетті. Содан бері ол туралы хабар жоқ. Instagram парақшасына 3 қаңтарда соңғы рет жазба жариялаған. 31 қаңтарда Facebook желісінде алматылықтармен қоштасты.

«Бүгін мен өз лауазымымды жаңа әкімге тапсырамын. Осыдан тура 720 күн бұрын Президент маған Алматы әкімдігін басқаруды сеніп тапсырды. Бұл үшін Мемлекет басшысына ризамын.

Мен сіздермен үнемі бірге болдым. Қала өмірін жақсартуға бар күш-жігерімді арнадым... Менің әрбір жұмыс күнім сіздердің көз алдыларыңызда өтті. Өздеріңізбен әрдайым кездесіп, ақылдасып отырдық. Апта сайын Akimat Live тікелей эфиріне шықтым. Атқарылған шаралар туралы үнемі хабардар болдыңыздар. Бірге атқарылған жұмыс үшін алматылықтарға алғыс айтамын! Қаламызға және барша алматылықтарға бақытты ғұмыр тілеймін! Алматы мәңгі менің жүрегімде», - деп жазды ол.

Ақпан айында Сағынтаев Жамбыл облысының әкімі болып сайлануы мүмкін деген сыбыс шықты. Бірақ тағайындалған жоқ. Кейін Сағынтаевтың Ресейге елші болып баратыны жайлы да ақпарат айтылған. Бұл да әлі ресми расталған жоқ.

Қырымбек Көшербаев

Қырымбек Көшербаев 1980 жылдардан бастап түрлі мемлекеттік қызметтерді атқарған, саясатта ұзақ жүрген азаматтың бірі. Соңғы қызметі – мемлекеттік хатшылықтан 2022 жылы 5 қаңтарда босатылды. Қызметтен кету себебі, зейнет жасына толуына байланысты делінеді.

Ғабидолла Әбдірахымов

Ғабидолла Әбдірахымов Шымкент қаласының әкімі болып екі рет сайланды: 2015-2017 және 2018-2019 жылдары әкім болып қызмет етті. Әбдірахымов әкім болып тұрған шағында «ерекше» сөздерімен есте қалды. Әсіресе Лондонға қызметтік сапары кезінде «жұртқа қалай өмір сүру керегін түсіндіріп әрі Елбасыға алғыс айтқан» видеосы қоғамда қатты талқыланды.

«Лондонннан сәлем. Таңғы астан кейін Гайд-паркке қыдыруды жөн деп шештім. Лондон - әлемнің астанасы. Оны дәлелдеудің керегі жоқ, бірақ мен бәрібір Қазақстанды жақсы көрем. Қазақстанда жұмыс істеп, өмір сүру керек. Әлем елдеріне демалу үшін келу керек. Бақыт деген сонда секілді. Балаларымызға, патриот ұрпағымызға Қазақстанда табысты жұмыс істеп, бәріне қол жеткізіп, әлем елдерінде демалуды тілеймін. Мұның негізі 1993 жылы Президент «Болашақ» туралы Жарлыққа қол қойған кезде басталды. Мен бізге түрлі салаларды, лауазымдарды тапсырған, кеңесін берген аға буынға, Елбасына, елімізге ризашылығымды білдіремін. Менің ойымша, Қазақстанның болашағы зор, мен соған сенемін», - деді ол.

Сол кездегі Президент Әкімшілігін басқарған Қырымбек Көшербаев Ғабидолла Әбдірахимов туралы: «Оны еліміздегі ең лауазымды әрі жауапты қызметтерге тағайындады. Өкінішке қарай, мұны өзі жеткілікті түрде ұғынған жоқ», - деп пікір білдірген.

Шымкент қаласының әкімі қызметінен босатылғаннан кейін ол біраз уақыт Премьер-министрдің кеңесшісі, содан кейін Мәдениет және спорт вице-министрі болып жұмыс істеді. Әбдірахымов қазір елордада тұрады, 2021 жылғы қыркүйектен бастап жұмыссыз. Бірақ жақында ол мемлекеттік қызмет реформасы туралы өз ойларын білдірген болатын.

Бауыржан Байбек

Бауыржан Байбек бұрынғы «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары қызметінен кеткеннен кейін жым-жырт бола қалды. Кейін 19 сәуірде dostyk.travel компаниясы әлеуметтік желідегі парақшасында Байбектің Меккедегі суретімен жазба жариялады. «Қасиетті Рамазан айында Бауыржан Байбек ағамыз анасымен Умра қажылығын жасады» деп жазды. Байбек өзінің жеке әлеуметтік парақшасында соңғы рет 9 қаңтарда жазба қалдырған.

Қазір Байбек «Болашақ» корпоративтік қорының қамқоршылық кеңесінің мүшесі қызметін жалғастырып жатыр. Сондай-ақ, ол КАЗГЮУ университетіндегі қамқоршылық кеңестің төрағасы қызметінен босату туралы өтініш жазды. Қазір Байбектің қайда екені белгісіз, бірақ оның Дубайда жүргенін әлеуметтік желілерде байқағандар бар екен.

Нұрлан Нығматулин

Нұрлан Нығматулин үш рет Мәжіліс төрағасы болып сайланды. 2022 жылдың 1 ақпанында Мәжіліс төрағасы қызметінен кетті. Көп ұзамай оның шетелге кеткені туралы сыбыс шықты. Артынша Abzhannews телеграм арнасында оның Нұр-Сұлтан қаласындағы кинотеатрларының бірінде жүргені туралы видео шықты.

Ал, сәуір айында ресми емес мәліметтер бойынша оның Бакуге ұшып кеткені жарияланды. Екі айдан бері Нұрлан Нығматулин мен оның ағасы Ерлан Нығматулин Қазақстанда көрінбей кеткен.

Нұртай Әбіқаев

Нұртай Әбіқаев 75 жаста. Ол Нұрсұлтан Назарбаевтың ертеден келе жатқан досы әрі серігі. Саяси өмірінде ол Президент Әкімшілігін басқарды, Парламент Сенатының Төрағасы,  Елші болды, ҰҚК төрағасы және Сенат депутаты болып жұмыс істеді. 2017 жылы саясаттан кетті.

2018 жылдан бастап шетелде тұратын және Қазақстанға оралып жатқан этникалық қазақтарға көмектесетін «Отандастар» қорын басқарды. Саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың айтуынша, Әбіқаев «Отандастар» мен Қазақстан гольф федерациясының президенті қызметінен кеткен. Оның Қазақстан жаратылыстану ғылымдары академиясының төрағасы деген атағы бар.

Иманғали Тасмағамбетов

Иманғали Тасмағамбетовпен Астана мен Алматының әкімі, Қорғаныс министрі және премьер-Министрдің кеңесшісі қызметтерін атқарды. Ол 2017 жылы Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалған кезде саяси алаңнан кетті. 2019 жылы елшілік қызметінен зейнет жасына жеткендіктен босатылды.

2022 жылғы 18 мамырда Тасмағамбетов Қазақстан гольф федерациясының президенті болып сайланды.

Ахметжан Есімов

Елбасының жиені Ахметжан Есімов те элиталық гольф клубының мүшесі. Ол 2008-2015 жылдар аралығында Алматының әкімі болды. 2017-2021 «Самұрық-Қазына» ұлттық қорының Басқарма төрағасы болып қызмет атқарды. 2021 жылғы 21 сәуірден бастап – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің-Елбасының штаттан тыс көмекшісі болып істеп келеді. Ол Қазақстаннан кетпеген.

Арыстанбек Мұхамедиұлы

Қазақстанның бұрынғы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы 2019 жылдың шілде айынан бастап Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайын басқарады. Жақында ол «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрмесін өткізу бойынша Мемлекеттік сатып алу туралы шарт аясында 146 млн теңге сомасында бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді. Осыдан кейін Мұхамедиұлының суицид жасағаны туралы ақпарат пайда болды, бірақ Ұлттық музейдің баспасөз хатшысы Айдар Қырықбайұлы бұл ақпаратты жоққа шығарды. Қазіргі уақытта оның денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.

Айжан Темірхан

Abai.kz

15 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394