Ресей мен Қытай бомбалаушы ұшақтарын бірлесе ұшырды
«Ақ үйдің пайымдауынша, Ресей Шығыс және Оңтүстік Қытай теңіздеріндегі көршілерімен аумақтық дауларда Қытайды қолдайды,-деп жазды golosameriki.com сайты.
«Ресейлік және қытайлық стратегиялық бомбалаушылардың Шығыс Азияға біріккен ұшу жаттығуларын өткізуі екі елдің қарым— қатынасының қаншалықты берік екенін көрсетеді", - деді АҚШ әкімшілігінің өкілі.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, Ресей Қорғаныс Министрлігі 13 сағат бойы Жапон және Шығыс Қытай теңіздерінің үстінен Қытаймен бірлескен аспан патрульдерін ұшырған. Патрульге ресейлік Стратегиялық Ту-95 және қытайлық Xian H-6 бомбалаушы ұшақтары қатысты. Жапон және Оңтүстік Корея әуе күштерінің ұшақтары олардың соңынан ере ұшты.
Ресей мен Қытайдың стратегиялық авиациясының бірлескен мүмкіндіктерін көрсету АҚШ президенті Джо Байденнің осы аймаққа сапарымен тұспа-тұс келді. Сейсенбіде ол Токиода Жапонияның, Австралияның және Үндістанның көшбасшыларымен төрт жақты қауіпсіздік диалогы (the Quadrilateral Security Dialogue) аясында кездесті, оның мақсаттарының бірі - Қытайдың аймақтағы өсіп келе жатқан күшіне қарсы тұру.
Бұл Байденнің Азияға президент ретіндегі алғашқы сапары. Президент Оңтүстік Корея мен Жапонияға барды. Сапар барысында Ақ үй басшысы АҚШ одақтастарымен және серіктестерімен бірге Үнді-Тынық мұхиты аймағын құруға ұмтылатынын айтты. Қытай мен Ресей бұған дейін стратегиялық бомбалаушылардың бірлескен жаттығуларын өткізген болатын. Ал, бұл жолғысы Ресейдің Украинаға шабуылынан кейін алғаш рет өткізіліп тұр.
"Бұл Қытай мен Ресейдің әскери салада да бірге тығыз жұмыс істеуге ынталы екенін білдіреді. Қытай Ресейден алшақтаған емес. Қытайдың Ресейге шығыс жағынан көмектесуге дайын екенін көруге болады",-деді АҚШ өкілі. Сонымен бірге, ол бомбалаушы жаттығулар Ресейдің Шығыс және Оңтүстік Қытай теңіздеріндегі көршілерімен аумақтық дауларында Қытайды қолдайтынын көрсетті деп санайды.
Бейжің мен Мәскеу Путин Украинаға қарсы соғысты бастағанға дейін бірнеше апта бұрын "шексіз" серіктестікке келіскендері туралы жариялады. Ал, Қытай Ресейдің агрессиясын айыптаудан бас тартты.
Тамыз айында Ресей Федерациясы мен ҚХР 10 000-нан астам әскери қызметшілердің қатысуымен ауқымды әскери жаттығулар өткізді.
АҚШ шенеуніктері әзірге Қытайдың Украинадағы соғыста Ресейге материалдық қолдау көрсетіп жатқандығы туралы ақпарат жоқ екенін айтады. АҚШ ресми Бейжіңге бұл қадамы арқылы Қытайға қарсы үлкен санкцияларға жол ашатынын бірнеше рет ескерткен болатын.
Abai.kz