Болашақты болжаған кемел еңбек
Былтырғы жылдың қоңыр күзінде, яғни ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында бір топ депутат 1 желтоқсанды Тұңғыш Президент күні ретінде мемлекеттік мерекелер санатына қосу туралы бастама көтерген болатын. Депутаттар өз ұсыныстарының мәнін Тұңғыш Президенттің дәл сол 1 желтоқсанда сайланып, Қазақстан Республикасында президенттік институтқа қадам дәл осы күні басылғанымен түсіндірген еді. Осылайша «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңға тиісті қосымша енгізіліп, 1 желтоқсан ресми негізде Тұңғыш Президент күні болып белгіленсе, жалпы мұның әлемде бар үрдіс болып табылатынын айрықша атап көрсеткен орынды.
Сонымен, 2012 жылдың 1 желтоқсаны елімізде алғаш рет Тұңғыш Президент күні ретінде атап өтіледі. Бұған Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы, оның бірлігін қамтамасыз етуші, ел Конституциясын, адам мен азаматтың құқы мен бостандығын қорғаушы ретіндегі рөлі негіз етіп алынған. Шын мәнінде, Елбасының елімізді аяғынан нық тұрғызып, әлемге танытудағы еңбегі ұшан-теңіз.
Төменде Тұңғыш Президент күніне орай жазылған алғашқы материал жарияланып отыр.
Былтырғы жылдың қоңыр күзінде, яғни ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында бір топ депутат 1 желтоқсанды Тұңғыш Президент күні ретінде мемлекеттік мерекелер санатына қосу туралы бастама көтерген болатын. Депутаттар өз ұсыныстарының мәнін Тұңғыш Президенттің дәл сол 1 желтоқсанда сайланып, Қазақстан Республикасында президенттік институтқа қадам дәл осы күні басылғанымен түсіндірген еді. Осылайша «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңға тиісті қосымша енгізіліп, 1 желтоқсан ресми негізде Тұңғыш Президент күні болып белгіленсе, жалпы мұның әлемде бар үрдіс болып табылатынын айрықша атап көрсеткен орынды.
Сонымен, 2012 жылдың 1 желтоқсаны елімізде алғаш рет Тұңғыш Президент күні ретінде атап өтіледі. Бұған Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы, оның бірлігін қамтамасыз етуші, ел Конституциясын, адам мен азаматтың құқы мен бостандығын қорғаушы ретіндегі рөлі негіз етіп алынған. Шын мәнінде, Елбасының елімізді аяғынан нық тұрғызып, әлемге танытудағы еңбегі ұшан-теңіз.
Төменде Тұңғыш Президент күніне орай жазылған алғашқы материал жарияланып отыр.
Қазіргі Қазақстан қоғамының қай саласына болмасын көз жүгіртсек, түбегейлі өзгерістерді, жаңа белестерге жетелеген жобаларды, әлемдік дода мен бәйгеден жүлде алуды мақсат тұтқан қажырлы ұмтылыстарды көреміз. Білім мен ғылымда, экономика мен әлеуметтік салаларда, халықаралық қатынастар мен сыртқы саясатта діттеген межеге жетіп, ендігі көздегеніміз бәсекеге барынша қабілетті елдер қатарынан орын тебу екенін бүкпесіз ашық айтатын дәрежеге көтерілдік. Өмір салтымыз бен қоғамдық санадағы осынау жаңа құндылыққа алғашқы қадам мемлекеттік тәуелсіздікті жариялаған күні жасалса, интеллектуалдық іргетасы тәуелсіздіктің алтыншы айында қаланды. Әңгіме Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қаламынан туған «Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы» туралы болғалы отыр.
Көлемі бір баспа табаққа жетер-жетпес бұл мақала 1992 жылғы 16 мамырда «Егеменді Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») бетінде «Газет ішіндегі кітап» айдарымен жарияланды. Орысшасын «Казахстанская правда» басты.
Мақала мемлекеттану тұрғысынан келгенде ғылыми-зерттеу жанрына жатады, ел ертеңі жайлы толғаныстары бойынша Президенттің саяси тұғырнамасын бейнелейді, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуі өтпелі кезең шырғалаңынан шығудың бағыт-бағдарын анықтайды, халықаралық қатынастар ұстанымы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді көздейді. Демек, бұл еңбекті саяси-идеологиялық ізденістің, ғылыми-практикалық пайымдар мен ұсыныстардың кемел кеніші мәртебесімен қабылдаған жөн. Уақыт өте келе мақаладағы іргелі идеялар нақты жобаларға - «Қазақстан-2030» стратегиялық даму бағдарламасына, бәсекеге қабілетті Қазақстан, интеллектуалдық ұлт, «Мәдени мұра», индустриялық-инновациялық даму болашағына айналды, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына, Ислам Конференциясы Ұйымына Қазақстанның төрағалығымен дәйектелді. Алайда, Тәуелсіз еліміздің тарихын таразылаған зерттеулерде, күнделікті саяси идеологияда әр жылдарғы Жолдаулар, Елбасының салтанатты іс-шаралардағы сөздері жиі аталып, «Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы» лайықты бағасын ала бермейтінін мойындауымыз керек. Интеллектуалдық ізашар еңбектің Қазақстан болашағын дәйектеудегі тарихи маңызын ашуға септесер деген ниетпен қолға қалам алдық.
Мақала шағын кіріспемен басталады. Одан кейін «Қазақстанның дамуының стратегиялық мақсаттары мен концептуалдық үлгісі», «Ішкі саясат саласындағы стратегия», «Сыртқы саясат және ұлттық қауіпсіздік саласындағы стратегия» атаулы бөлімдер берілген. Қысқаша қорытынды бар.
Шешімін күткен тарихи міндеттер салмағы мен жауапкершілігі орасан зор екені алдымен ауызға алынған. Кіріспе бөлімнің: «Қиын толғаныстар мен шешімдер, өмірді түбегейлі қайта өзгерту уақыты тағдырдың жазуымен біздің үлесімізге тиіп отыр», деген жолдармен басталуы осыған айғақ-дәлел. КСРО-ның күйреуін бірінші кезекте адам факторымен байланыстырған автор көптеген адамдар бүгінде таныс бағдарынан айырылып қалған жолаушыдай, дейді.
Мақаланың өн бойында болашақты ғылыми болжаудың, дағдарысқа душар болған қоғамды алға жетелеудің, өркендеуге апаратын жолдар мен іс-әрекет жүйесін табудың күрделілігі мен өзектілігі әлденеше қайталанып отырады. Мұнсыз қоғамдық азғындау басталатыны, айтылған сөз айтылған жерде бос сөз болып қала беретіні қаперге салынған.
Саясат саласындағы стратегиялық мақсатқа күшті президенттік республика құру жатқызылды. Егер Қазақстанда президенттік билік институты 1990 жылғы 24 сәуірде енгізілгенін, бүкілхалықтық президент сайлауы тұңғыш рет 1991 жылғы 1 желтоқсанда өткенін ескерсек, 1992 жылдың көктемінде ұсынылған «күшті президенттік республика» идеясы барлық қазақстандықтар ұғымына, танымы мен санасына бірден жете қалды деуден аулақпыз. Президенттік билік институтын толық қалыптастыру үшін Қазақстан Республикасының екі Конституциясын қабылдауға тура келді. 1993 жылғы Конституция Президентті ел ішіндегі және халықаралық қатынастардағы Республика өкілі дегеніне қарамастан Жоғарғы Кеңесті Қазақстан Республикасының ең жоғарғы өкілді органы деп жариялады. Осылайша елде «қосбиліктік» ахуал қалыптасты. 1993 жылғы қазан айында Мәскеуде орын алған билік арасындағы жанжал тұсында Қазақстандағы екі билік тармағы текетірестен алыс емес екені айқын байқалды. Ресейдегі конституциялық дағдарыс Қазақстан Президенті мен Жоғарғы Кеңесі тарапынан өз бағасын алды: екі билік екі түрлі позицияны ұстанды. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев өз мәлімдемесінде Ресей президентіне қолдау көрсетсе, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің төрағасы С.Әбділдин «Российская газета» басылымына берген сұхбатында Мемлекеттік Дума депутаттарын қолдап, Ресей президенті Б.Ельцин саясатын ашық кінәлаған ұстанымын жариялады.
Кейінгі оқиғалар - Жоғарғы Кеңестің екі мәрте тарқатылуы, жергілікті кеңестердің өзін өзі тарқатуы, заң шығарушы және атқарушы билік органдарының үйлесімді жұмыс ырғағын таппауы - бәрі Президент болжамының дұрыстығын қуаттады. 1995 жылдың 30 тамызында Қазақстан халқы референдумда республиканың жаңа Конституциясын қабылдады. Ата Заңда жаңа мемлекеттіліктің іргелі негіздері қаланып, қоғамдық дамуды бағыттауға және реттеуге қабілетті билік жүйесі қалыптастырылды.
Қазақстан Республикасы демократиялық, унитарлық, зайырлы, әлеуметтік, құқықтық мемлекет деп жарияланды. Басқару нысаны бойынша Қазақстан мемлекеті президенттік республика деп анықталды. 1993 жылғы Конституцияда Қазақстан республика деп жарияланғанымен, оның қандай басқарудағы республика екені айқын емес еді. Бұл мәселе енді Конституция құрылымынан да көрініс тапты. Президент туралы тарау Парламент туралы тарау алдында берілді. Бұл - биліктік сатыдағы институттар қарым-қатынасының, олардың басымдығын анықтайтын нақты көрініс. 1993 жылғы Конституцияда, керісінше, «Мемлекет, оның органдары және институттар» атты бөлімде Президент туралы тарау Жоғарғы Кеңес туралы тараудан кейін орналасқан еді.
Билікті жүзеге асырудың демократиялық принципі: республикада мемлекеттiк билiк бiртұтас, ол Конституция мен заңдар негiзiнде заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөлiну, олардың тежемелiк әрi тепе-теңдiк жүйесiн пайдалану арқылы, өзара iс-қимыл жасау принципiне сәйкес жүзеге асырылатындығының нақты көрсетілуі өте маңызды болды.
Енді Президент институты 1993 жылғы Конституцияда берілгендей, биліктің атқарушы тармағына қосақталмай, Қазақстан халқының мемлекеттік бірлігін көрсетіп, оны жүзеге асырады. Конституцияның III бөлiмiнiң 40-бабына сәйкес Президент - мемлекет басшысы, мемлекетiмiздiң iшкi және сыртқы саясатының негiзгi бағытын анықтаушы және Қазақстанды ел iшi мен халықаралық қатынаста көрсетушi ең жоғары қызмет иесi бола отырып, бiрiншiден, халық пен мемлекеттiк билiктiң бiрлiгiн бейнелейдi, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепiлi болып табылады, екiншiден, мемлекеттiк билiк тармақтарының өзара үйлесiмдi түрде әрекет етуiн, билiк органдарының Қазақстан халқы алдында жауапкершiлiктi сақтауын қамтамасыз етедi.
Президент үш билік тармағынан жоғары тұрған әділ қазы іспетті әрі соған сай өкілеттіктерге ие. Халық және мемлекет атынан сөйлеуде шексіз құқық Қазақстан Президентіне ғана берілді. Ал Парламент конституциялық өкілеттігіне қарай, шектеулі түрде ғана халық атынан сөйлей алады. Парламент Қазақстан Республикасының заң шығару қызметiн жүзеге асыратын республиканың ең жоғары өкiлдi органы ретінде танылды. Конституцияда өкілді билік құзырына енетін қоғамдық қатынастар мен салалар нақты айқындалған. Ол Конституцияның IV бөлімі, 61-бабының 3-бөлігінде бекітілді. Бірақ бұл заңдарды тек Парламент қабылдамайды. Президенттің де заң күші бар заң актілері мен жарлықтар шығаруға құқы бар.
Осылайша, 1992 жылғы 16 мамырда түйінделген: «Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттілігінің дамуы президенттік басқаруды іс жүзінде іске асыруды қамтамасыз етумен қатар жүретін болады. Республика Президенті Мемлекет басшысы ретінде тиімді басшылық жүргізу үшін барлық қажетті тұтқаларға ие болуы керек. Үкіметті басқара отырып, ол жоғары атқарушы биліктің жұмысымен байланысты мәселелерді шешіп, үкіметте кадрлық тағайындауларды жүргізіп, үкімет пен оның мүшелерінің жауапкершілігін белгілейді», деген пайым үш жылдан аса бере толық орындалды.
Сөз болып отырған мақалада экономика саласына қатысты тың ойлар мен болжамдар молынан берілген. Оларды екі мәселе бойынша топтастыруға негіз бар. Бірі - экономикалық дағдарысты жою, құлдырауды тоқтату, екіншісі - экономикалық қайта түлеудің жолын бастау, әлеуметтік нарықтық экономика құру. Қай мәселені шешуде болмасын басымдық елішілік мүмкіндіктерге берілді. Сыртқы фактор, шетелдік инвестициялар экономикаға игі әсер ететіні де бекерге шығарылған жоқ. Ішкі әлеуетке сүйенудің мынадай артықшылықтары алға тартылды: «Біріншіден, іс жүзінде кез келген өндіріс түріне сенімді шикізат негізі болатын пайдалы қазба байлықтардың көптігі. Екіншіден, жерге қатысты реформаларды жүзеге асырғаннан кейін Қазақстанға тіпті дүниежүзілік аренада азық-түлікті экспортқа шығаруда көзге түсуге мүмкіндік беретін ауылшаруашылық жері мен егістіктің кең көлемі. Үшіншіден, жеткілікті мөлшерде дамыған өндірістік потенциалдың және барлық салаларда сауатты жұмысшылар контингентінің болуы. Төртіншіден, әдеттегі күнделікті ұғым шеңберіне сыймайтын, тәуекелді, барлық жаңалық атаулыны қабылдамайтын тоңмойындық дәстүрлердің өмір сүргіштігінен, өкінішке қарай, әзірге мемлекеттік қолдау таба алмай отырған бұрынғы жүйе кәдімгідей талап етпеген ғылыми идеялардың мол арсеналы, жаңалықтар мен өнертабыстар».
Президент экономикалық үдерістердің алдағы 20 жыл ішіндегі кезеңдерін дәйектеуге үлкен мән берді. Оның ойынша, 1992-1995 жылдары меншікті мемлекет иелігінен белсенді түрде алу, оны жекешелендіру және тұтыну рыногын тауарлармен толтыру жүзеге асуы керек. Екінші кезеңде (1996-2005 жылдар) экономика интенсивті дамуға көшеді.
Үшінші кезең 2012 жылмен аяқталады, Қазақстанның әлемдік саудадағы айқындамасының нығаюымен және дүние жүзіндегі жаңа индустриялы елдер қатарына кіруімен сипатталатын болады.
Тұтастай алғанда, экономикалық болжам дұрыс болып шықты. Экономиканың интенсивті дамуы 1996 жылы байқалмаса да, 2001 жылдан нақты орын алды. Демек, ауытқу дәлдігі бес-ақ жылды құрайды.
Кеңестік экономикалық жүйе жұмыс істеуден қалған 1992 жылы оптимизмге толы осынау идеяларды алға тарту үшін кемел білім ғана емес, бет қаратпас ерік-жігер мен жолбарыс жүрек те керек қой.
Сыртқы саясат бойынша түзілген болжамдар мен міндеттер бүгінде толығымен дәлелденді һәм атқарылды. Ресеймен және Қытаймен өзара тиімді достастық қатынас бар, ядролық қару-жарақтан бас тартқан Қазақстан аумақтық тұтастық пен тиіспеушілік кепілдігіне ие болды, сыртқы экономикалық саясатта «ТМД», «Азия-Тынық мұхит аймағы», «Азия», «Еуропа», «Америка» бағыттары даму үстінде, қалыптасқан шекаралардың бұзылмауы жөнінде іргелес мемлекеттермен ресми келісім-шартқа қол жетті, беделді халықаралық ұйымдар мен бизнес алпауыттары елімізбен санасып отыр. Осыдан 20 жыл бұрын алыс шетелге шыққан Президенттің ұшағына жанар май құюдың әлемдік ережесін де білмейтін біздің дипломаттарымыз бүгінде АҚШ, Қытай, Германия, Үндістан сияқты ірі-ірі мемлекеттермен кез келген тақырыпқа келіссөздер жүргізуге даяр.
Президент еңбегінде жас мемлекет Қазақстанның әлемдік үдерістерге жасқанбай, кемел парасатпен кірігуі керектігі міндеттелген. Осы орайда барлық ұлттық бағдарламаларды АҚШ-тың тәжірибесі бойынша Қазақстан Республикасының жекелеген заңдары түрінде хаттау қажеттілігі айтылды, жедел экономикалық өсу стратегиясын ойдағыдай жүзеге асырған Германия, Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур, Тайвань, Гонконг сияқты елдерден үлгі алуға шақырды, Қазақстан өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі Пәкстандағыдан, Тайландтағыдан, Түркиядағыдан, Ирандағыдан төмен деуімен бойдағы намысты жаныды. «Ғылым, жаңа технологиялар мен басқару, интеграция, дүниежүзілік шаруашылық байланыстары саласындағы мегатенденциялардың күшеюін ескере отырып, Қазақстанның жаңа жағдайға өтуі мерзімін 15-20 жылға дейін қысқартуға болады», деген ой-түйін болашаққа кемел бойлаудың озық үлгісі екен. Интеллектуалдық ұлы ізденіс күндіз отырмаған, түнде ұйықтамаған инновациялық іс-әрекетпен толыққандықтан, таңғажайып нәтижелермен көмкерілгені рас. Мәселен, соңғы 20 жыл ішінде жан басына шаққандағы жиынтық өнім Оңтүстік Кореяда 3 есе ұлғайса, Малайзияда - 2 есе, Сингапурде 4 есе өскен екен, ал бізде ол 16 есе көбейді. Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдық салтанатында Елбасымыз Н.Назарбаев айтқандай, «дүние жүзі тарихында ешбір мемлекет азаттығының алғашқы 20 жылында осыншама қарқынды өрлеу үлгісін көрсете алған емес».
«Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы» тәуелсіздік тәжірибесі мардымсыз әрі қиын-қыстау кезеңде жазылды. Ондағы кейбір болжамдар мерзімінен ерте орындалып жатса, екіншілері әлі өз кезегін күтуде. Мәселен, Н.Назарбаев ұлттық валютаны енгізу экономика дағдарыстан шыққаннан кейін немесе тұрақтанған соң жүзеге асырылады, дей келе, экономиканың тұрақтануын күтпей-ақ ұлттық валютаны енгізуге қарай қадам жасау мүмкіндігін жоққа шығармады, яғни екіұдай позицияда тұрғанын байқатты.
20 жыл қария тарих үшін қас-қағым сәт қана. Үш ғасырға жуық жат қолына телмірген Қазақстан үшін 20 жыл ғасырларға бергісіз уақыт болып шықты. Білгенімізден білмегеніміз көп 1992 жылы-ақ алдағы кезеңді бейбітшілік пен жасампаздық үдерісіне айналдыруға болатынын кемелдікпен дәйектеген Нұрсұлтан Назарбаевты қалайша тәңірдің таңғажайып құбылысы мен сыйы демейсің!
Ханкелді ӘБЖАНОВ,
тарих ғылымдарының докторы, профессор,
Гүлшат НҰРЫМБЕТОВА,
саяси ғылымдар докторы, профессор.
"Абай-ақпарат"