С И М Б О Н
Бір сәт қолдан жасап алған биігімізден жерге түсіп, бәріміздің жанымызға жақынырақ әңгіме айтуға тырысып көрейікші. Әйтпесе, «әр кәллада бір гәптің» керін келтіріп, мың сан пенде өзінің аңсары мен арманын соға беретін уақыт шіркінге тап болғанымыз жасырын емес қой. Бет-бетімізге безірейе берсек, мына тұтас қазақияның қамын кім ойлайды?
Құдды сол баяғы аңшының әңгімесіндегідей. Екеуі оттың жалынына қақталып отырып, аңшылықтың жайын сөйлеп, ақыр аяғында бірінің шойнаңдап жүретін қызы, екіншісінің сылтып басатын ұлы бар екенін айтып мұңдасушы еді ғой. Есіңізде шығар, сол сапардағы екі әкенің уәдесі бойынша ымыртта, қараша үйдің іргесінде кездескен әлі екі мұңлық - бір аяғын сылтып басатын қыз бен бала күнінде аттан құлап, тізесі бүгуге келмей қақиып қалған ұлын қосып тынбаушы ма еді?
Әлқисса, содан оңашаланып, қыр асып бара жатқан қыз жігітке жамбасының ақауын білдірмейін деп әр шойнаңдаған сайын «Ой, шұқыр. Ой, шұқыр...» деп қилымси қисаңдаса, ізінен сүмеңдеп келе жатқан үмітті, ол да илікпейтін, қара ағаштай қақиып қалған тізесінің кемістігін білдіргісі келмей, аяқты қайырып, былғап ұрып, «Шұқырыңды аттап өтемін. Шұқырыңды аттап өтемін..» деп өңмеңдейтінге ұқсайды.
Мына біз өмір сүріп жатқан бүгінгі қоғамның сиқы да тап сол уақиғадан айнымайды. Иә, бізге мүлдем адам ұнамайтын болған. Тіпті кейде бір сәт өзіңе де ұнамсыз тип ретінде күмәнмен қарайтыныңа шүбәм жоқ. Олай дейміз, былай дейміз, әйтеуір ретін тауып ақыр аяғында кім-кімді де осырған сиырдай қылып, ту-талақайын шығарып тынамыз. Сонда бізге осы, әсіресе ел тұтқасына ие болатын басшы ретінде кім керек, біздің аңсар нені, кімді қалайды?
Адам баласының табиғаты қызық әрі мүлдем түсініксіз. Жұмыр жердің бетінде, нақты уақыт өлшемімен өмір сүріп жатып, қиялында, ту сана түкпіріндегі көне қатпарларды тірілтіп алып, соның әсерлі жетегінде жүре беретінін көпаса өзі де аңдамай қалады. Қай нәрсені де ғылым аясында қарастыруға қалып алған қасқа болғандықтан, мәселенің сол жағын күйттеңкіреп кететініміз жасырын емес.
Бүгін менің ойыма мына бір жайт түсті. Батыс Африканың байырғы салт-санасынан мызғымастай орын тепкен, сөз өнерін ерекше орынға қойған қазақ сияқты, аңшылық кәсіпті пір тұтқан Бамбара космогониясында Симбон деген ерекше тұлға бар. Айтпақшы, бұлардың аңыз-әпсанада сақталған көне түсінігін тарқата бастасаң, біздің ауылдың әңгімесін айтып отырғандай әсерге бөленесің.
Қош сонымен, олардың дүниетанымында Адам - Құдай - Табиғат деген үштік жүйенің дәнекері Симбон - кемел адам, жартылай адам, жартылай аң текті жаратылыс, магиялық күштердің жинақтаушы (аккумулятор), шығарушы (генератор) һәм таратушысы (распорядитель). Өмір мен өлім арасында тұратын, үнемі өз басын қауып-қатерге тігумен жүретін жартылай тірі, жартылай өлі құбылыс. Бір бойына құдайлық, адамдық һәм аюанға тән жиынтық қасиеттерді сидыра отырып, қоғам мен адамға қатар қызмет жасап, оларды қорғап, асырап, көптің қолдауы мен құрметіне ие бола алатын тұлға.
Тап қазіргі уақытта біздің арамызда осындай тұлғалар бар ма? Әрине бар, болғанда қандай! Шын іздесең табасың, екінің бірі сондай - адам баласының бойында адамдық, құдайлық һәм аюанға тән сипаттар тұнып тұр. Тіптті, сол ерек қасиеттерді жеке-дара ұлықтап, терісіне симай үпініп, күпініп, ісініп, кеуіп жүргендер қаншама? Бірақ сіз ойлағандай, күні-түні қақсап, сағыгып, іздей беретін ақ қанатты періште жоқ, ондайлар ешқашан болмаған екен, түйсік алдамаса, енді болмайды да.
Олай болса, сенің де құр сағымға алданбай-ақ қойғаның дұрыс шығар, бауырым. Сіз бенен бізге Жаратушы ғұмыр бергенмен өмір сүруді үйреткен жоқ. Қашан басталғаны белгісіз мына аспан астының жазылмаған заңы солай екен. Әлемді қанша кезсең де Симбон сипаттыдан артық ешкімді таппайсың. Менің «хабаршым» солай дейді.
Берік Жүсіпов
Abai.kz