Жұма, 22 Қараша 2024
Әдебиет 4713 6 пікір 30 Мамыр, 2022 сағат 15:15

Әскердегі жігіттің қаладағы қалыңдығы

(әңгіме)

Мамыр айында Алматы шымқай көк нілге оранады. Мамыр айы Алматының ажарын аша түседі ғой. Біз Сейфуллин көшесімен төмендеп келе жатып, Сәтбаев көшесіне бұрылдық та, еңселі, биік үйдің ауласында, балалардың әткеншегіне мықындарын батыра жайғасқан қос құрбыны көріп, тоқтай қалдық. Көктем – жас адамның көңілін желікке жетелеп жүретін мезгіл, біз де ол кезде жанарымыздағы жылтты ғана ойнатып, тілсіз түсінісетінбіз.

« – Екі бойжеткен, – деді Дамирдың қарашығы тұнық кішіректеу көздері күлмеңдеп, – жүр, барайық, бәлкім, ілестіріп, іле кетерміз».

« – Екеуі де әдемі екен, балақайлардың әткеншегінде балмұздақ жалап, тербетіліп текке отырмаса керек. Біздей қағындылардың жолына қарайлаған қалқалардың нақ өзі».

Менің ыржалақтаған түрім мен ұшқын атқан көздерімнен осы сөздерді оқып үлгерген Дамир күліп жіберді:

– Үйде бес жұлдызды «Қазақстан» коньягі мен қырмызы шарап бар.

Дамирдың пәтері үнемі бос болатын. Оның бір бөлмесі кәдімгі ботаникалық бақ сияқты – гүлдерге толып тұрушы еді. Ол гүлдеріне су құя жүріп, қолына кітап ұстап оқығанды ұнатады. Тұтас бір қабырғаны алған кітаптар мен гүлдердің ортасында өзгешелеу өмір сүргенді қалайтын Дамир, кей түндері сол кітаптар мен гүлдердің ортасында ашық-шашық масаң күй кешіп жататын. Бұндай кезде пәтерінің қоңырауы жиі безілдеп, есігі біз өкше туфли киген бейтаныс әйелдердің бірін кірігізіп, енді бірін шығарып салып, ашылып-жабылудан тынбайтын көңілшек есікке айналушы еді.

Ілкіде, қоңыр күздің ұзаққа созылған мизам шуақты күндерінің бірінде екеуміз балконда сыра сораптап отырдық. Бал күрең сыраның шымырлап, асықпай тарайтын уыты бойды ала бергенде ол маған: «Қона кет, – деп жабысты. – Үй – мынау, екеумізге жетеді. Сен түпкі бөлмеге жайғас. Түнде шылым шеккің келсе, міне, балкон дайын. Қона кет, менің жанымды жалғыздық жүдетіп бітті».

Қызуы бәсең, жұмсақ ішімдік денемді балқыта бастаған... Мен келісіп бас изедім. Ол шұңғыл керсендегі сыраны бір-ақ сіміріп салды да, дүкенге тартты.

Содан кейін Дамирдың пәтеріне әредік қонып қалу менің әдетіме айналып, екеуміз қыз-қырқынды шақырып, гүлдер мен кітаптардың арасында талай ойнақ салдық. Дамир кітаптардың адамға еркінен тыс ешқандай әдеп пен ұятты таңбайтын еркіндігін мадақтап, мен гүлдердің жаныңды аялап, сезіміңді оятатын сиқыры барын айтып, сылқым меймандарымызды еліктіріп бағатынбыз. Бірақ біз өмірді өмірдің өзінен үйреніп, білімді кітаптан ғана іздейтін ұрпақтардың сойынан едік: қонақ қыздардың күлкісі сейіліп, қызық тарқаған соң әлдебір көне мәтіндер жайында әңгімемізді жалғастыра беретінбіз.

– Сәлем, қыздар!

– Сәлем!

– Бүгін күн сондай керемет болып тұр, ә?

– Сағат сұрап танысу сәннен қалған ба?

Екі қыз таныстыққа жол іздеп тұрған бізді бір мұқатып алдық па дегендей өз сөздеріне өздері мәз бола күлді. Бұндай кезде ілесе күлу керек. Күлдік.

– Сағат сұрау сәннен қалғаннан кейін, ауа райын айтып далбасалаған түріміз ғой. Біз алыс ауылдан келіп едік, – деді Дамир. Кейінгі үлгімен киініп, тығыз бұйра шашын маңдайынан кері қайырып тарайтын Дамирге ақманар қыз жақтырмай қарады. Өтімді қалжыңға құлай кететін қыздар  өтірікті сүймейді.

– Дамир дұрыс айтады, – дедім мен, – біз расында алыс ауылдын келгенбіз. Бірақ қазір қалалықпыз. Мысалы, Дамир екі бөлмелі пәтерде тұрады. Пәтер және басыбүтін өзінікі.

Осыны айтып бола бере ішімнен, «Құрыдық! – дедім, – Пәтер жалдап, не туған-туыстарының үйін паналап жүрген жартылай қалалық қыздар сенің сәл мақтан сөзіңнің өзін ауыр қабылдайды. Жақтырмайды».

– Маған «ауылдың баласымын» деп қол созғандар ұнамайды, – деді бағанағы қабағына кірбің ілген қыз бұртиып, – қалаға келіп сіңіп кеткендер қайдан шыққандарын ұмытып, ауылдың аңғал баласын мазақ қылады.

Дамир екеуміздің көзіміз түйісті: «Сөзіміз жараспайтын сияқты ма, қалай?».

« – Солай сияқты. Жөнімізбен кеттік пе?».

« – Тоқта, әлі де айналдырып көрейік. Мынандай қос керімді қалай қиып кетесің?».

« – Екеуі де қаз омырау... Менің де қиып кеткім жоқ».

Ақманар қыздың есімі Лия болып шықты. Жүзіне әдемі күлкі үйіріп, көз қарашығының бояуы қоңырдан көкке, көктен қоңырға өзгеріп тұратын бидай өңді ақсары бойжеткен өзін Гулвира деп таныстырды.

– Лия, Гулвира! Есімдеріңді ұйқастырып ақын қойған ба? –  деп қадалды  Дамир.

– Расында солай екен-ау, иә? Біз соны байқамаппыз, – деді Гулвира.

Дауысы  тұнық екен. Тілінде тәтті еркелік бар. Сірә, арғы тегі татар, иә, ноғай тұқымынан болар. Әлде нағашы жұрты – татар мен ноғайдың бірі. Гулвира маған таныс өлкедегі табиғаты тамылжыған, көркем жерде туып-өсіпті.

Біз Сәтбаев көшесінен такси ұстадық та, Дамирдың үйін бетке алдық. Дамир  жүргізушінің қасында. Ол көшедегі көлденең көлікке аяқ артса да, кимелеп барып алдыңғы орынға отыратын, кеудесін үнемі алға салып жүретін жігіт.

Менің қасымда – Лия. Күлегеш, ерке Гулвира сол қапталдағы есіктің жақтауына білегін артып, көңілді келеді. Лияның иығымен жанасқан иығымнан жылу өтіп, алпыс екі тамырымды иітіп, әкетіп барады. Кенет, ұшы ептеп ақжемделген қоңыр туфлиіме көзім түсті де, өзімді біртүрлі қораш сезініп, көшеге, көшедегі жүргіншілерге ойсыз-мәнсіз қарап отыра бердім. Машинасының екпінін тежей алмаған жүргізуші жолдың ойығынан айналып өткенде толқып кетіп, Лияның аппақ балтыры менің көнетоздау джинсы шалбарымның балағына кеп үйкелді. Мен ығыса түстім. Туфлиімнің ақжемделген тұмсығын, тізесі  қалталанған шалбарымның көнетоздығын Лия көрмесе, байқамаса екен деймін. Жұпыны киім адамды жұтатып көрсетеді. Киім де адамды қорлайды. Мені енді қораштану ғана емес, қорлану сияқты көңіл күй құлазытты да, мына екі қызға жаным аши бастады. Екеуін тіпті іштей аяп та кеттім. Көңілдің құлазуы алдымен өзіңе, содан кейін өзгелерге де аяныш сезімін оятады.

«Мені әскердегі жігітім тастап кетті», – деп оңашада Лия әңгіме бастағанда әлгінде ғана оны аяған сезімім ұштала түсті. Әйел затына жаным ашып,  аясам болды, көз алдыма балауса қыз бейнесі елестейтін. Лияны да уыз қалпында көріп отырдым. Оның маған мүлде бейтаныс әкесіне еркелегені, шешесінің әлде бірдеңеге кейіп ұрысқаны, сол кезде сәби Лияның көзінен бейкүнә жастың ыршып аққаны, алғашқы ағат ісіне ұялып, қымсынғаны, қорыққаны, қуанғаны – бәрі-бәрі мына сұлу қыздың соңында қол бұлғап қалып қойғаны анық. Бәлкім оған біреулер әлімжеттік жасаған да шығар...

– Жігітім әскерге аттанар күні мені шығарып салу кешіне шақырды, – деді Лия. – Әрине, мен бардым. Шығарып салу кешіне баруды өзіме парыз санадым. Ол менің – сүйгенім. Сүйгенімнің үйі болашақта өз үйім болатындықтан тартынған жоқпын. Құрбы қыздармен бірге күні ертең табалдырығыннан аттайтын үйдің адамдарына жақындығымды сездіріп, жігітімнің есімі Ернар еді, Ернардың қасында сызылып қана отырдым. Ернардың туыстары маған жылыұшырай қарайды. Үзілісте шешесі шақырып алып, маңдайымнан иіскеген. Соны көре қалған жастар шулап: «Ернар, құсыңды құтты орнына қондырып кетсеңші!» – деп шулады. Рюмкесін толтырып тілек айтқан бір масаңдау аға: «Осы күнгі армия армия ма, әкесін... Бүгін – кетесің, ертең – келесің. Көзді ашып-жұмғанша бір жыл деген зу ете қалады. Армия деп мына біздің кезіміздегі армияны айт! Екі жыл... бақандай екі жыл сүйретесің солдаттың кирзовый етігін. Моряктар үш жыл үйдің бетін көрмейтін. Так что, Ернар бауырым, уақытты текке өткізбе, Лияны бауырыңа басып қал! Кім біледі, сен келгенше, біреу-міреу бүлдіріп қоя ма, қайтеді?» – деді тілі күрмеліп. Алдындағы ішімдіктен тартынбай сілтеп отырған Ернар әлгінің сөзін ести салысымен маған ежірейе бір қарап алды да: «Қазір би басталғанда былай шығып сөйлесейікші», –  дегенді құлағыма сыбырлады.

Би басталғанда Ернар екеуміз ауыл етегін орап ағатын өзеннің жағалауын жапқан тоғай ішіне ендік. Әредік дабырласа сөйлескен адамдардың дауысы, шалқыған музыка үні естіледі. Аз-кем сәтке оңашалана қалсақ, қойныма қолын сұғып, алқымымнан өбіп, қос анарымды алақанында аунатып  естанды қылатын Ернар ен тоғайда көйлегімнің етегін түріп, еркін кетті. Қарсыластым. Бойымды ала қаштым. Тіпті, бетіне бірді-екілі шапалағым да тиді. Қарулы еркек қарсылығыңа қарай ма, бауырына бүктеп басты. Мен  жалынуға көштім:

– Ернар, жаным, шыдашы. Ие болшы өзіңе. Бір жыл ғой, бір-ақ жыл. Күтемін сені. Ешкімге қармаймын. Қажет десең, артыңнан іздеп барып тұрайын. Жалынамын... қойшы... ауырттың.

– Бір жыл – он екі ай, – деді Ернар ысылдап, – тым ұзақ уақыт. Қазір ұшқары заман: бәрі тез, жылдам болуы керек. Жаңағы ағам айтқандай, кім біледі, қайтып оралғанымша, сені біреу-міреу бүлдіріп қоя ма, қайтеді? Сондықтан етегіңді өзім түруім керек. Әлде, менен бұрын басқа адам... неғылып па еді? Олай болса, шыныңды айт!

– Жоқ-а, о не дегенің? Мен саған дейін ешкіммен сүйісіп те көрмеппін.

– Соқпа өтірікті! Тіліңнің ұшын беріп, тілімді көмейіңе тартып керемет сүйісесің. Күмәнім бар пәктігіңе.

– Пәкпін.

– Дәлелде.

– Әскерден аман-есен орал, көресің, көзің жетеді.

– Оралмасам,  қайтесің? Өліп қалсам ше?

– Қайдағы жаман сөзді айтпашы!

– Жоқ, өліп қалсам, қайтесің? Жатасың ба ыңырсып... әлдекімнің құшағында?

– Жаман сөз айтпа дедім ғой саған!

– Анам маңдайыңнан иіскеді. Сені ұнатып қалды, білемін. Сен мендіксің.  Менікісің. Ешкімге бермеймін сені. Бүгін-ақ басыңа жаулық салсын анам. Ли, қалай қарайсың? Сөйтсін бе?

– Кейін. Сен әскерден қайтып кел, сосын бәрі де болады, жаным!

– Жоқ, қазір, тап қазір болуы керек. Мені шын сүйсең, қарсыласпа, беріл.  Бәрібір түбі бір болатын іс қой. Пәктігіңе көзімді жеткізіп кеткім келеді.

...Біз ұзақ алыстық. Ақыры Ернардың дегені болды.

Мен оны әскери комиссариаттан жылап тұрып шығарып салдым. Комиссариаттың ауласында өскен қайыңға сүйеніп солқылдаған бейнем көрген жұрттың көңілін толқытқан шығар-ау... Ернардың анасы: «Сендей келінім болса, арманым не?» – деп келіп құшағына қысты.

Ернар екеуміз үзбей, араға уақыт салмай хабарласып жүрдік. Күндер өткен сайын бір-бірімізге деген сезіміміз күшейіп...

– ...сағынышымыз арта түсті, – деші.

– Лия, – дедім мен сөзімді жалғап, – кешір, жігіті әскерге аттанар алдында бүлініп қалған қыздардың әңгімесі бірыңғай осылай болып келеді. Жігіті қойнына қол салады, содан соң таңертең қалың жауға қасқайып жалғыз шапқандай, майданға... жо-жоқ, әскерге аттанады. Соңында еңіреп, езіліп өзің сияқты сүйгені қалады. Арада жарты жыл, болмаса бір жыл өткен соң, не қыздан, не жігіттен хат үзіледі. Өйткені орталарынан әзәзіл жүгіріп өткен. Жігітке ғашық бір қыз: «Қалыңдығың мына жақта сайранды салып жүр», – деп жалған хат жазады. Жігіт сөзі жалған хаттың ақ-қарасын тексерместен сүйгенінен айниды. Қайғырады. Қайғының қара бұлтын жамылады. Қайсыбірі шатып-бұтып өлең жазып, ән шығарады. Асылып өліп қалатыны да табылады. Қалтасында  – бір жапырақ қағаз. «Қош бол, сүйгенім»... Осы күні осыдан өзге махаббат драмаса жоқ па? Басқа бірдеңе ойлап тапсаңдаршы!

Көрші бөлмеден Гулвираның ләззатқа бөленіп ыңырсыған, Дамирдың құмарлана құмыққан дауысы естілді.

– Дұрыс айтасыз, – деді Лия коньякты рюмкесіне тамызып қойып,  – бірақ сіз сеніңіз, сенбеңіз бүгінгі махаббаттың сиқы – осы. Бірімізді біріміз қайталаумен келе жатырмыз. Соған өзім де таң қаламын.

Мен оған жанарымды тіктеп қарадым. Келбеті келіскен ару. Әнтек сыртқа тепкен сәл түріктеу еріндері сүйіс тілеп, ойға батып отыр. Сол жақ анарының үстінен қызарып барып тарқаған «қызыл өртеңнің» табы байқалады. Әйелдің үлбіреген жұқа тәніне батқан еріннен осындай із қалады.

Ол ештеңе айтпай-ақ, мүлде тіс жармай-ақ отырса да, сұлу, сұқсыр жүзімен әлдебір мұңлы шығарманың тууына шабыт беретін сияқты.

Ымырт үйіріліп, қас қарайған. Бөлменің жарығын қосқым келмеді. Мұқабасы әртүрлі болғанымен, мазмұны адамға  әдеп пен ұятты еріксіз таңбайтын кітаптар мен  жаныңды аялап, сезіміңді қытықтайтын сиқыры бар гүлдердің ортасында ақманар сұлудың бейнесі қарауытады.

Дәурен Қуат

әл-Фараби тұрғын үй кешені

 Алматы

09.04.2022 жыл

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5320