Арон Атабекті ақтау: Ақорда неге жауап бермей отыр?
Марқұм диссидент ақын Арон Атабекті ақтау туралы петицияға Президент әкімшілігі жауап бермей отыр. Бұл туралы марқұмның қызы Алма Нұтышева Алматыда өткен баспасөз жиынында хабарлады.
Оның айтуынша, петицияның хат түріндегі нұсқасын Ақорда қабылдап алған. Бірақ әзірге үнсіз.
«Бұл хат жоғалып кеткен жоқ. Кіріс нөмірін алдым. 3 маусымға дейін президент әкімшілігі Шаңырақ оқиғасы мен ақтау ісі бойынша жауап беруі керек. Әкемнің қолын сындырды, ұрып-соқты. Қамауда дұрыс тамақ бермеді. Осы мазақтың бәрі жаңадан шығатын кітапта баяндалады»,-деді Алма Нұтышева.
Жақында Арон Атабектің қамауда отырғанда жазған шығармалары кітап болып басылып шығады. Egov.press сайтында президенттің атына жарияланған Арон Атабекті ақтау туралы петицияға 2395 адам қолдау білдіріп, қол қойған. Қоғам белсенділері бұл мәселені жекелеген тұлғалар ғана емес, қоғам болып көтеру қажетін айтты. Олар президент Тоқаев бастаған билік «кінәлілерді тауып, жазаға тартсын», деп талап етіп отыр.
Арон Атабек 15 жылдан астам уақыт түрмеде отырды. Ол 2006 жылғы "Шаңырақ" оқиғасынан кейін 18 жылға сотталған. Сот Атабекті "Шаңырақ" оқиғасы кезінде қаза тапқан полиция қызметкерінің өліміне айыпты деп таныған.
Abai.kz