Нұрлы жол: дүниеге дүрбі салып қарасақ
Бүгінде әлемнің төрттен бірін қамтитын мұсылман жамағатының жаҺандық қауымдастықтағы орны ерекше. Өйткені, сан ғасырлық тарих дінмен, иманмен, сеніммен басталатын жолдың әрқашанда нұрлы болатындығын дәлелдеп берді. Осынау ұлағатты ұстанымды Алланың шексіз шарапаты, ауыр жолмен келген асыл қазына ретінде бағалауымыз керек. Сонымен бірге, бұл тәуелсіздікке қол жеткізген қазақстандық қауымға, діни бірлестіктерге, мұсылман жұртшылығына қосымша міндеттер жүктейді.
Бүгінде әлемнің төрттен бірін қамтитын мұсылман жамағатының жаҺандық қауымдастықтағы орны ерекше. Өйткені, сан ғасырлық тарих дінмен, иманмен, сеніммен басталатын жолдың әрқашанда нұрлы болатындығын дәлелдеп берді. Осынау ұлағатты ұстанымды Алланың шексіз шарапаты, ауыр жолмен келген асыл қазына ретінде бағалауымыз керек. Сонымен бірге, бұл тәуелсіздікке қол жеткізген қазақстандық қауымға, діни бірлестіктерге, мұсылман жұртшылығына қосымша міндеттер жүктейді. Өйткені, қазіргі таңда Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына төрағалық жасау құрметіне ие болған Қазақстанымыздың өнегелі үлгісі еселене түсетіні белгілі.
Қазақстан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының заман талабындағы толғанысты мәселелерді зерделеген төрт съезін өткізді. Бұл - бұрын-соңды болмаған өте маңызды бастама. Сондықтан, елімізде «Дінің тұрсын дін аман» қағидатынан нәрленетін шаралардан тармақталған жұмыстарымыз да ұлан-ғайыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осыдан тура бір жыл бұрын қол қойған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заң діни қауымдастық қызметіне өркениеттікке негізделген серпін қосты. Қазақстан мұсылмандарының кезектен тыс VІ құрылтайында ҚМДБ Жарғысына біздің тарихи ерекшеліктерімізге сәйкес Әбу Ханифа мәзҺабы насихатталатындығы жөніндегі өзгеріс енгізілді. Бұл діни істің жинақылығы мен айқындығын, ата-баба аманатына адалдық ұстанымдарын нықтай түсті. Түйіндеп сөйлесек, жаңа заң мен жарғы ел бірлігі мен ынтымағын, достығы мен ұйымшылдығын сақтап, оны одан әрі күшейте түсуге қызмет етеді.
Қазақстандық зайырлы қоғамда өміріміздің барлық саласын қамтыған құндылықтарды, оның ішінде діни ұлағаттар көкжиегін кеңейтуге қолайлы мүмкіндіктер туды. Әсіресе, мемлекеттік саясаттың толеранттылықты сақтауға, нығайтуға және насихаттауға бағытталғандығы қоғамдық белсенділікті қанаттандырды. Діни ортада, ауыл мешіттерінде жастардың қарасы қалыңдап, игі уағыздар көтеріліп жатқандығы қуантады. Себебі, дін-ислам тарихымызды қалыптастыруға, мәдениетіміз бен өркениетімізді нықтауда шешуші тұтқа болғандығы айқын.
Кешегі кеңес кезінде дінге қарсы сұмдық шабуыл жасалғанымен, ел-жұрт тағдыр ауыртпалығын құрыштай қайрат-төзіммен, салиқалы сабырмен жеңе білді, ешқашан сеніміне селкеу түсірген жоқ. Ол мүмкін де емес еді. Өйткені, адамзат баласының тарихы баршаны жақсылыққа жетелеген пайғамбарлардың нұрлы жолынан басталады. Ізгілікке құштар адамзат Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) аманаттарын іске асыруға мысқалдай болса да үлес қосуды өзінің ең ұлық парызы санайтыны бүгінгі күні барынша көрініс табуда. Мешіттердің ашылуы жоғары деңгейдегі оқиға, қуанышты мереке ретінде атап өтілетіндігі келер күндердің жақсылығын молайтумен байланыстырылады.
Осындай жағдайда дін тұтқасын ұстаушыларға, ислам ұлағаттарын уағыздаушыларға қойылар талап ешқандай безбенге салуға келмейтіндей дәрежеде болуға тиістілігі түсінікті. Қасиетті Құранның алғашқы аяты: «Сен жаратқан Раббыңның атымен оқы!» деп басталатыны ғанибет. Себебі, Ислам - озық ой мен биік өркениет діні. Біздің өңіріміздегі имамдар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан жыл сайын аттестаттаудан өтіп тұрады. Қойылар талап өте күшті және солай болуы да керек.
ҚМДБ тарапынан имамдардың, мешіт қызметкерлері мен намазхандардың білімі мен біліктілігін көтеріп отыруға айрықша назар аударылады. Аудан имамдарының барлығы Алматыдағы ислам институтының төрт айлық курсында оқып, дипломдар алған. Қазір төрт ай сайын кемінде екі ауыл имамын аталған институтқа жіберіп келеміз. Аудандық және тұрғындар жиі қоныстанған ауыл мешіттерінде сауат ашу курстары жұмыс істейді. Тілек білдірушілер әдебиетпен қамтамасыз етіліп, сабақты тиімді жүргізуге қатысты барлық қолайлы жағдайлар қарастырылған. Насихат жұмыстары Әбу Ханифа мәзҺабы жүйесімен жүргізіледі. Өңірімізде сондай-ақ діни білім байқаулары, Құранды жатқа айтушылар сайысы, басқа да танымдық шаралар өткізіліп тұрады. Көкшетаудағы орталық мешіттің уағыз және насихат бөлімі, жергілікті имамдар мен ұстаздар осы жұмыстарды үйлестіріп отырады. Мұнда ғаламтор, ақпараттық жүйенің озық түрлері де пайдаланыла бастады.
Ислам діні орасан зор ауқымдағы ықпалға, күш-қарымға ие бола тұра, оның өн-бойы риясыз адалдыққа, кіршіксіз тазалыққа, нәзіктікке толы. Сондықтан, оны игеріп, игілікке жаратуда, оның шынайы мазмұнын ашып көрсетуде, ағайындарымыздың наным-сенімдерін жақсылыққа бағыттауда асқан табандылық пен ыждағаттылық қажет. Берекет буынының барлығы да бекем болуы керек. Қазіргі талап оны қайта-қайта еске салуды алға тартуда. Өйткені, бүгінгі күнгі ғаламат жаҺандану діни ұстындарды қатаң сынға салғанын айтқанымыз жөн. Олай дейтініміз, кемел дініміздің кеңшілігін басқа мақсатқа бағыттау әрекеттері, жат қылықтармен жұртшылықтың тыныштығын бұзуға ұмтылушылық көріністері баршамызды назаландырады. Тараздағы, еліміздің батысындағы бұрындары танымымызда болмаған террористік оқиғалар етек-жеңді жинауға, сақтық шараларын қатайтуға, қоғамның ортақ идеологиясын күшейтуге мәжбүрлейді.
Осы орайда мәртебелі Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлінің елімізге теріс ағымдардың қалайша енгендігіне және оның салдарларына қаратып айтқан сөздері ойға оралады. «Салафилік идеология Кеңес өкіметі құлағаннан кейін Орталық Азияға, соның ішінде қазақ жеріне де келе бастады. Олар елімізде алғашқы кезде қайырымдылық қорларын, сауат ашу курстарын ашып, араб тілін үйретеміз деген желеумен бірқатар жастарды адастырды. Қала берді орыс тіліне аударылған тегін діни әдебиеттер таратумен діни сауаты жоқ қандастарымызды қатарларына тарта білді. Тоқсаныншы жылдары көптеген жастар діни білім алу мақсатымен мұсылман жұрттарына барды. Соның ішінде осы идеологияның шырмауына іліккендер оқуын тәмамдап, елге оралған соң, сол діни ағым ұстанымдарын жаюға кірісті», дейді хазірет.
Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы елдегі мешіттерді қайта тіркеуден өткізуді қолға алғаны құптарлық қадам болды. Осыған байланысты қыруар сараптамалық тексеріс жүргізілді. Өз ішімізді тазартуға мүмкіндік тудырылды. Қазіргі күні аудандық деңгейдегі, басқа да ірі 77 мешіт тіркеуден өткізілді. Сондай-ақ біздегі намазхана есебіндегі 77 діни ұя болса, соның 30-ға жуығы арнайы салынған мешіттер. Біз Алла үйін тұрғызған жанашырларымызға, кәсіпкер бауырларымызға алғысымызды айтамыз. Қазір бұлардың құжаттары дайындалу үстінде. Содан кейін ҚМДБ филиалы ретінде тіркеліп, заңды түрде жұмысын бастайды.
Ұлық мерекеміз - Құрбан айт күндері орталық мешіт ұжымы дәстүрлі шараларын жалғастырып, биыл Көкшетау қаласындағы «Балдырған» балалар орталығында сәбилерді аналарымен бірге мерекелік дастарқанға шақырдық. Жетімдер үйі бар аудандарда сол өңір имамдарының жетекшілігімен қайырымдылық шаралары өткізілді. Зираттар тәртіпке келтіріліп, аруақтарға Құран бағышталды. Сондай-ақ, облыс тұрғындарын Астанада жаңадан салынған, еліміздегі ең үлкен «Әзірет сұлтан» мешіті үлкен қуанышқа бөледі. Аталған мешіт ұжымы Целиноград, Шортанды және Қорғалжын аудандарында Айт намазын өткізіп, 250 отбасына арнайы сый-сауғалар таратты.
Ислам діні дүниеге көзқарастың нұрлы жолын мақсұт санайтын ақжарылқап ағымды әспеттейді және сол жолдан таймайды. Ол діни төзімділік негізінде өзге дәстүрлі дін өкілдерімен жарастықта өмір сүріп, тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайтуға қызмет ете бермек.
Қанат МҰҚАНҒАЛИҰЛЫ,
Науан хазірет атындағы
орталық мешіттің наиб имамы.
КӨКШЕТАУ.
"Абай-ақпарат"